Жапония Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынбақ
Ақ үйдің мәліметінше, Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаити Токиода АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу барысында оны Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынатынын айтты.
Бұл туралы сейсенбі, 28 қазан күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт хабарлады.
Такаити кездесуде Трамптың «қысқа мерзім ішінде әлемде бейбітшілікті күшейтуге қосқан үлесіне» тәнті болғанын жеткізді.
Бұған дейінгі қолдаулар
Кейінгі жылдары Трамп бірнеше рет Нобель сыйлығына ұсынылған. Атап айтқанда, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғысты тоқтатуға бағытталған әрекеттеріне сілтеме жасап, АҚШ президентін марапаттауға шақырған. Осыған ұқсас бастаманы Пәкістан билігі де қолдады, ал Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Трампты ұсынатынын мәлімдеген.
Трамптың пікірі
Трамп өзінің Нобель сыйлығына лайық екеніне бұрыннан сенетінін бірнеше рет айтқан. Оның сөзінше, 2025 жылғы екінші мерзімі басталғалы бері Үндістан–Пәкістан, Египет–Эфиопия, Сербия–Косово, Армения–Әзербайжан қақтығыстары мен Таяу Шығыстағы дағдарысты тоқтатуға күш салған.
БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы кезінде Украина президенті Зеленский DW тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, егер Трамп Ресей бастаған соғысты тоқтата алса, оны Нобель сыйлығына ұсынатынын айтқан.
Биылғы лауреат және Ақ үйдің реакциясы
2025 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Венесуэлла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадо алды — ол «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғаудағы тынымсыз еңбегі» үшін марапатталды. Бұған байланысты Ақ үй Нобель комитеті «бейбітшіліктен гөрі саясатты жоғары қойды» деп сын айтты.