Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:12

Жапонияда қалың қар жауып, 40-тан астам адам қаза тапты: Тоқаев көңіл айтты

Жапония қар
Фото: Ховар

Жапонияда қаңтардың 20-сынан бері толассыз жауған қалың қар салдарынан кемінде 45 адам қаза тауып, 500-ден астамы жарақат алды. Зардап шеккендердің көпшілігінің жағдайы ауыр.

Ең көп адам шығыны Ниигата, Акита, Хоккайдо, Ямагата және Аомори префектураларында тіркелген. Куәгерлердің айтуынша, адамдар негізінен қар тазалау кезінде көз жұмған: кейбірі шатырдан құлап, кейбірі қатты аязда есінен танып, енді біреулері қардың салмағынан құлаған құрылымдардың астында қалған.

Бірқатар қалаларда қалың қар тұрғын үйлерді қиратып, шатырларды бүлдірген. Соның салдарынан көптеген адам баспанасыз қалды. Ең кқиын жағдай елдің солтүстігінде және Жапон теңізі жағалауында қалыптасқан.

Синоптиктер кей өңірлерде қар қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жеткенін хабарлап, тұрғын үйлердің құлау қаупі әлі де жоғары екенін ескерткен. Табиғи апат салдарын жою жұмыстарына әскерилер тартылып, олар құтқару қызметтерімен бірге күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Жергілікті билік халықты мүмкіндігінше үйден шықпауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жағдай әлі де ушығып тұр. Мамандардың болжамынша, қар жаууы алдағы демалыс күндері де жалғасады. Бұл күндерге, соның ішінде 8 ақпанға — парламенттің төменгі палатасына өтетін сайлау күніне де сәйкес келіп отыр.

Айта кетейік, Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити 23 қаңтарда парламенттің төменгі палатасын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін жариялаған болатын.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония халқына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы жапон халқына қолдау білдіріп, қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.