Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:53

Жапонияда магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі болды

Сілкінісі
Фото: ашық дереккөз

Сейсенбі күні Жапонияның батысындағы Симанэ және Тоттори префектураларында бірқатар жер сілкіністері тіркелді. Алғашқы жерасты дүмпуінің магнитудасы 6,2 болған.

Алайда елдің Метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, цунами қаупіне қатысты ескерту жарияланған жоқ.

Сонымен бірге Жапонияның Метеорологиялық агенттігі сақ болуға шақырып, аймақта сейсмикалық белсенділік әлі де жоғары екенін және алдағы бір апта ішінде осыған ұқсас күшті жер сілкіністері қайталануы мүмкін екенін ескерткен.

"Жер сілкінісінің эпицентрі орналасқан аумақта бұрын да осындай күшті жерасты дүмпулері бірінен соң бірі болған жағдайлар тіркелген, - деді агенттіктің жер сілкінісі мен цунами мониторингі бөлімінің басшысы Аятака Эбита баспасөз мәслихатында.

Kyodo агенттігінің хабарлауынша, таңғы сағат 10:18-де болған жер сілкінісі Симанэ префектурасының шығыс бөлігін қамтыған. Одан кейін қысқа уақыт аралығында бірнеше афтершок тіркелді, оның ішінде сағат 10:28-де магнитудасы 5,1, ал 10:37-де магнитудасы 5,4 болатын жер сілкіністері болған.

Жергілікті биліктің мәліметінше, таңғы 11:00-ге дейін Тоттори префектурасында зардап шеккендер немесе мүліктің бүлінуі туралы ақпарат түспеген.

Алғашқы жер сілкінісінен кейін электр қуатының үзілуіне байланысты Жапонияның батысындағы жоғары жылдамдықты пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ Йонаго жылдам тасжолының Хирудзен – Йонаго учаскесінде және Санин жылдам тасжолының Йонаго-Ниси – Ясуги бөлігінде қозғалыс шектелген.