Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Жапонияда парламент таратылғаннан кейін мерзімінен бұрын сайлау өтіп жатыр

Сайлау Жапония
Фото: Kim Kyung-Hoon/REUTERS

Жапонияда жексенбі, 8 ақпанда, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау басталды.

 Сарапшылардың пікірінше, бұл дауыс беру ұлттық-консерваторлардың билігін күшейтуі мүмкін. Қазіргі премьер-министр Санаэ Такаити бастаған билікшіл күштерге қарсы оппозиция әлі де бытыраңқы, сондықтан айтарлықтай бәсеке көрсете алмай отыр.

Жарияланым сәтіне дейін дауыс беру барысында елеулі заңбұзушылықтар тіркелмеген. Дегенмен елдің солтүстігінде сайлау қарсаңында қалың қар жауғаны кейбір аудандарда дауыс беру мен дауыстарды санауды қиындатуы мүмкін.

Сайлау алдындағы сауалнамаларға сәйкес, Либерал-демократиялық партия (ЛДП) мен «Жапонияны жаңарту қоғамы» коалициясы парламенттегі 465 орынның шамамен 300-ін алуы ықтимал.

Associated Press агенттігінің бағалауынша, Жапония оппозициясы жаңа центристік альянс құрып, ультраоңшыл күштердің рейтингі өскенімен, консерваторлардан құралған билік коалициясына нақты қауіп төндіретін деңгейге жете алған жоқ.

Такаити жеке рейтингіне сүйеніп, ЛДП позициясын күшейтпек

Мерзімінен бұрын сайлау туралы шешім ақпан айының ортасында, премьер-министр Санаэ Такаити парламентті тарату жөнінде мәлімдегеннен кейін белгілі болды. Бұған дейін билік коалициясында жік пайда болған: оңшыл-центристік «Комэйто» партиясы ЛДП және «Жапонияны жаңарту қоғамымен» ынтымақтастықтан бас тартқан.

Такаити Жапонияда өте танымал саясаткер саналады және ол өз жеке рейтингін ЛДП-ның парламенттегі позициясын күшейту үшін пайдаланатынын жасырмайды. Оның айтуынша, кезектен тыс сайлау азаматтардың ел басқаруды өзіне сеніп тапсыруға дайын екенін айқындауы тиіс.

«Егер ЛДП жеткілікті дауыс жинай ала алмаса, мен отставкаға кетемін», — деді премьер-министр.

64 жастағы Санаэ Такаити Жапонияның премьер-министрі қызметіне 2025 жылдың қазанында тағайындалды. Бұған дейін ЛДП көшбасшысы болған Сигэру Исиба өз еркімен отставкаға кеткен. Журналистер оның кетуін 2024 жылғы сайлаудағы жеңіліс және партия ішіндегі келіспеушіліктермен байланыстырады.

Такаити қатаң консервативті, ұлттық бағыттағы көзқарастарымен танымал. Оны 2022 жылы қастандық салдарынан қаза тапқан экс-премьер Синдзо Абэнің саяси мұрагері деп те атайды. Бұған дейін Такаити екі рет ішкі істер және коммуникациялар министрі болған.

Қызметке кіріскен соң ол қауіпсіздік пен қорғаныс саясатын қайта қарауға, елдің шабуылдық әскери мүмкіндіктерін күшейтуге, қару-жарақ экспортындағы шектеулерді алып тастауға уәде берді. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан пацифистік қағидаттардан біртіндеп бас тарту қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, Такаити мигранттарға қатысты заңнаманы қатаңдатуды қолдайды.

Такаити Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчерді үлгі тұтып, өзін «жапонның темір ханымы» деп атайды. Премьер қызметіне келгеннен кейін ол АҚШ президенті Дональд Трамппен тығыз байланыс орнатты. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасын Тайваньға ықтимал шабуыл туралы мәлімдемелерімен сынға алған.