Жапонияның билік партиясы тарихи жеңіске жетті
Жапонияда билік жүргізіп отырған Либерал-демократиялық партия (ЛДП) елдің тұңғыш әйел премьер-министрі Санаэ Такаити басшылығымен парламенттегі 465 орынның 316-сын иеленді. Бұл – партия тарихындағы ең жоғары нәтиже.
Жапония парламентінің Өкілдер палатасына (төменгі палата) мерзімінен бұрын өткен сайлауда Санаэ Такаити жетекшілік ететін ЛДП айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл туралы 8 ақпанда елдің NHK телеарнасы exit poll деректеріне сүйене отырып хабарлады.
Ал Reuters агенттігінің нақтылауынша, ЛДП 465 мандаттың 316-сын алған. Бұл – партия тарихындағы рекорд және 64 жастағы Санаэ Такаити үшін ірі саяси жеңіс.
Жапонияның тұңғыш әйел премьер-министрі бұған дейін өзінің жоғары рейтингіне сүйене отырып, кезектен тыс сайлау өткізуді өзі ұсынған. Ол 2025 жылдың соңында билік партиясының төрайымы болып тағайындалғаннан бері кең қолдауға ие болған.
Сайлауға барлығы 1 284 үміткер қатысты. Оның ішінде 289 орын бірмандаттық округтер арқылы, ал 176 орын партиялық тізім бойынша бөлінді.
Санаэ Такаити 2025 жылдың қазан айында Жапония премьер-министрі қызметіне кірісті. Бұған дейін ЛДП-ның бұрынғы жетекшісі Сигэру Исиба өз еркімен отставкаға кеткен. Журналистер оның кетуін 2024 жылғы сайлаудағы партиялық жеңіліс пен ЛДП ішіндегі алауыздық қаупінің күшеюімен байланыстырады.
Такаити оңшыл көзқарастарымен танымал. Оны қатаң консерватор, ұлтшыл және 2022 жылы (премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін) қастандықпен өлтірілген Синдзо Абэ-нің саяси мұрагері деп атайды. Бұған дейін ол екі рет ішкі істер және коммуникациялар министрі болған.
Үкімет басшысы ретінде Такаити:
Жапонияның қауіпсіздік және қорғаныс саясатын қайта қарауды,
елдің әскери әлеуетін арттыруды,
қару-жарақ экспорттауға қойылған тыйымды алып тастауды,
сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан пацифистік ұстанымдардан бас тартуды уәде етті.
Сонымен қатар ол миграциялық заңнаманы қатаңдатуды да ұсынды.
Санаэ Такаити Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер-ді үлгі тұтады және өзін жапониялық «Темір ханым» деп атайды. Қызметке кіріскеннен кейін ол АҚШ президенті Дональд Трамп-пен тығыз байланыс орнатты. Алайда оның Қытай Халық Республикасы тарапынан Тайвань-ға қатысты ықтимал шабуыл жөніндегі мәлімдемелері қоғамда сынға ұшырады.