Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 01 Ақпан 2022

Жаппай сыбайластық өмірдің өзегіне айналды

None
None

Жылдың басында елімізде орын алған «қаралы қаңтар» оқиғасы көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматты бей-жәй қалдырмағаны анық.

Бір күнде 30 жылдық тарихымыз артта қалып, біз жаңа өмірге аяқ бастық. Сол алдағы өміріміздің қандай болатындығы, ең алдымен, сол қанды оқиғадан қандай сабақ, қандай тәлім алатынымызға тікелей байланысты. Қазір қаңтардағы қанды қырғын туралы қалам тербемеген адам кемде кем. Сол жазбалардың ішінен белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың пікірі көңілге қонымды көрінді. Сонымен, Ермек бауырымыз не дейді?

 – Біздің бастан кешіргеніміз алдын ала болжаланған дүние. Ол үшін Нострадамус болудың қажеті жоқ. Бұл жөнінде мен соңғы он-он екі жыл бойы айтып келдім.

«Ой өрісі шектеулі адамдардың қолындағы шексіз биліктің» қайғылы жағдайға ұрындыратыны, бір адамның жігеріне ғана тәуелді халықтың дербес, толыққанды ел бола алмайтыны туралы мен талай рет айтқан едім.

Сондай-ақ мәдениет және білім саласындағы түйіткілдердің ұлттық қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты екенін де талай рет тілге тиек еткен болатынмын. Шынын айтқанда, жаппай сыбайластық біздің өміріміздің өзегіне айналып, ұлттық идея деңгейіне дейін көтерілді. Өзін жарымжан адам  ретінде сезіну тек жеке тұлғаларға ғана емес, сондай-ақ дербес мемлекеттерге де тән болады екен, біз соның жарқын және масқара мысалы болдық.  Біздің ешкімге қажет емес және өте қымбат дүниелерді көрсетуге деген әуестігіміз ментальдық жарымжандығымыздың жарқын дәлелі.

Ермек бауырымыздың айтуынша, біз өзімізді әлемнің шалғайында қалған ел ретінде сезінуді доғаруымыз керек. Екінші кезектегі мәселелер төңірегіндегі дауды қойып, елімізге, халқымызға қажетті дүиелерді қолға алғанымыз жөн.

Тарихымыздағы жеңісті күндерімізді парақтағанды қойып, кімнің атасы мықтырақ болды дегенді талқылағанды доғарғанымыз дұрыс болады. Кез келген елдің тарихы жыртықты жамауға емес, өткеннен сабақ алу үшін жазылады. Әкімдерге, депутаттарға, шенеуніктерге және басқа да шенді-шекпенділерге ел алдында өз халқына деген махаббатын білдіру бойынша жарысты доғарып, нақты мәселелерді шешумен айналысу қажеттігін айтқан болатынмын. Ал егер ол қолдарынан келмесе, орындарын босатсын!

Режиссердің айтуынша, қоғам тек «түскі асы тәбетінен көп және түскі асы жоқ болса да тәбеті өте күшті» (Шамфор) екі таптан тұратын болса, бұл өте қауіпті.

Бұл орасан айырмашылық елдің наразылығын тудырады. Бұл теріс, жағымсыз энергия күш жинайды және күндердің күнінде сыртқа шығады. Біз тыныш тұрмыс пен бейбіт өмірді қабаған иттер емес, аңқылдаған құдайы көршілеріміздің қамтамасыз ететінін ұғынуымыз керек. Халықты автоматтар мен пулеметтер емес, тұрақты тұрмыс пен ертеңгі күнге деген сенімділік тыныштандырады. Біз көзбояушылықпен айналысып, жағымды келбетімізді қалыптастыруға бас қатырмай, бар күш-жігерімізді толыққанды мемлекет құруға бағыттауымыз керек. Тұрсынов біздің бағыттан адасып, көсем басқаратын ортағасырлық қарым-қатынастарға оралғанымызды тілге тиек етіпті. 

– Сіз біздің «элитаға» қараңызшы, бейне бір паноптикум. Сайқымазақтар шеруі. Негізінен, олар өздерінің бейшаралығын қымбат киімнің астына жасырған плебейлер. Үндемесе, олар кәдімгі азамат сыңайлы. Бірақ аузын ашса немесе Құдай сақтасын, өлең айта бастаса...

Бізге теледидарды, жалпы, ақпараттық кеңістігімізді ретке келтіру қажет. Интернетті де ойластырған жөн. Оны жәй ғана өшірген дұрыс емес. Олай жасауға болмайды. Бір нәрсені көргіңіз келмесе, ол үшін жарықты сөндірудің қандай қажеті бар? Ол күлкілі дүние емес пе! Оның үстіне, қараңғыда барлығы үлкен және қорқынышты болып көрінеді. Ақпараттың болмауы, беймәлімдік түрлі қауесеттер мен өсек-аяң тудырады.

Отандық БАҚ-на келетін болсақ, олардың қаншалықты «тиімді» екеніне көзіміз жетті. Біз «бөтен» біреулерді оқыдық және тыңдадық. Ендеше, оларға сонша ақшаны не үшін төлейміз? Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Ал мазмұнға келетін болсақ, цензура енгізетін кезең келген сыңайлы. Әрине коммунистер кезіндегідей, қасаң түрдегі емес, заманымызға сай, өркениетті түрдегісін. Шынын айтсақ, сіз балаларыңызға дөрекі анекдоттар айтпайсыз ғой. Ал әлемжелі айтады, тіпті көрсетеді.

Ал теледидарға келетін болсақ, ол қазір сананы аздыратын қылмыстық  ұйымға айналған. Елімізде эфирден «Қалаулым», «Қосылайық» сияқты  көргенсіз бағдарламаларды алып тастайтын азамат бар ма?! Өлең айтып, би билейтін той-бағдарламалардың, тым болмаса, уақытша үнін өшіретін адам табыла ма? Шынымен, бізде бірде бір дені дұрыс арна қалмаған ба?! Арнаны айтпағанда, – бағдарлама қалды ма?! Мәдени, білімді, ағартушылық. Әлде оларды жасайтын мамандар қалмады ма? Не масқара болғанда, оларды көрсететін аудитория қалмады ма?

Қысқасы, алда тұрған мәселе бастан асады. Олар шешімін күтіп тұр. Атап айтарлығы, біз санамалағандар, тек алғашқы қадам. Ол, әрине оңай шаруа емес. Алайда президент сол қадамдарды жасауға дайын болса, ары қарай басқа да өзекті мәселелерді көтеруге болады. Алайда қазір мен қозғап отырған мәселелерді кешіктірмей, жүзеге асыру қажет. Мүмкін, мен бір нәрсені дұрыс айтпаған шығармын, бірақ бүгінгі жағдайды дәл осылай көріп отырмын.

Әйтпесе… Барлығы тарих шерткендей болады. Ал ол жерде мысалдар жетіп артылады римдік патрицийлер бастап, кеңес заманындағы партия басшыларына дейін. Түбінде не болды. Орын алған оқиғаларды, шын мәніндегі, революция деп атауға аузым бармайды. Қалай десек те, басында ол бейбіт митингі болды, артынан ол басқарылатын бүлікке ұласты. Атап айтарлығы, оны сырттан келген біреулер емес, өзіміздің адамдар басқарды.Олар кімдер? Менің ойымша, жауап тереңде жатқан жоқ: бөлтіріктер өсіп, жетіліп, енесіне бас салды. Жабайы табиғатта бұл үйреншікті дүние: қасқырлар өздеріне тиесілі аумақты аздық етеді, олар үлкен аумаққа қол жеткізгісі келеді. Сөйтіп, қан төгіске жетелейтін бөлініс басталады. Мұндай есеп айырысуда ең әлсіздер мен кінәсіздер мерт болады. Ал өзіміз білетіндей, қанның дәмін татқан бөріні тоқтату мүмкін емес. Ендеше, бұл бүлікті ақтық дайындық ретінде қабылдаған жөн...

Түйін

Уақытты созуға болмайды, іріп-шіріген жүйені өзгертетін кез келді. Одан кейін, ескінің көзін жойып, қоғамды өзгертетін нақты іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Мұндай мүмкіндік қайта айналып келмейді. Әрқашан есте сақтаңыздар: мемлекеттегі ең басты адамдар – мұғалім, дәрігер, қол өнерші, сарбаз, саудагер, тек содан кейін ғана судья. Егер билеуші олардың әрқайсысына дағдысы мен еңбегіне қарай өз орнын тауып берсе, көпшілік күткен берекелі өмір орнығады.

P.S:

Көңілді қуантқан жәйлар

Мен қаңтардағы оқиға кезінде адамдардың істеген істеріне тәнті болдым. Гвардияшыларды жер төлеге тығып қойған мұражай директоры естеріңізде болар? Ал үстіндегі күртешесін шешіп, полицейге жапқан қызды ұмытпаған шығарсыздар? Азық-түлік алуға кезекте тұрғандарды… Менің көз алдымда адамдар картадан ақшасын шешіп ала алмаған бөгде біреулерге ақшасын беріп жатты. Мен адамдардың бір-бірімен сүтті, нанды, суды бөлісіп жатқанын көрдім…

Осы және жүздеген басқа мысалдар біздің адамдардың негізінен, дұрыс азаматтар екенін көрсетті. Ендеше, біз ештеңеден ұтылған жоқпыз. Біздің халық ақылды, мейірімді және бауырмал. Мұндай халықпен келісіп, керемет дүниелерді жасауға болады. Ол үшін ереже әділ, әрі баршаға ортақ болуға және оны бәрі орындауға тиіс. Бәрі.  Ешкімге артықшылық берілмеу керек. Сонда «Қолсұқпаушылық туралы», «Өмірлік кепілдік туралы» және т.т. сыңайлы ешқандай ерекше заңдар қабылдаудың қажеті болмайды.

Тегтер: