Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 02 Қыркүйек 2021

«Жақсының аты өлмейді...»

None
None

Өткен ғасырдың 60-жыл­дарының басында Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі қолға алынды.

Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, жүздеген мың гектар жерлер инженерлік жүйеге келтірілді, шаруашылық орталықтары салынып, жаңа инфрақұрылымдар іске қосыла бастады. Облыс экономикасындағы осынау бетбұрысты кезеңде әлеу­меттік-мәдени сала да қарқынды да­мыды. Ал 1963 жылдың қаңтарында облыстық партия комитетінің бі­рін­ші хатшылығына Мұстахим Біләлұлы Ықсанов сайланды. Сол кездері оның  облысқа келуі жан-жақты ойластырылған іс болуы керек. Себебі ол  республикадағы білікті де беделді су шаруашылығы мамандарының бірі болатын.

       1963 жылдың күзінде Сырдария өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланды. Ол кезде бұл аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқат дәрежесі төмен өңірлердің бірі болатын. Жаңа хатшының аудан активімен алғашқы өткізген кеңесінде-ақ оның кадрларға қоятын талабының биіктігі, кез келген мәселені терең талдай білетіні, ой-өрісі мен ойлау қабілетінің ауқымдылығы, кемшіліктерге төзгісі келмейтіні, тапсырмаларының нақтылығы көзге ұрып тұрды. Көп ұзамай-ақ ауданда тәртіп орныға бас­тады. 1964 жылдың өзінде-ақ төл алу науқаны ойдағыдай өтіп, аудан мал басын өсіру, мал өнімдерін өндіруде әжептәуір табыстарға қол жеткізді. Егін шаруашылығында да ілгері басушылық байқалды. Аудандағы 30-35 мың гектар егістіктің 13-14 мың гектарына кү­ріш егілетін. Ол шілде айында шаруа­шылықтарды түгел аралап, әрбір күріш звеносындағы егістің шығымын, күтімін өз көзімен көріп шығатын және көрген кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайтын.

Ауданда 1965-75 жылдары шаруашылықтың басқа салалары да дамыды, әсіресе құрылыс жұмыстары барынша қарқынды жүрді. Шағын аудан болса да, бес жылжымалы мехколонна мен басқа да құрылыс ұйымдарында 1000-ға тарта адам еңбек ететін. Аудандағы орта мектеп­тері мен мәдениет сарайлары т.б. ірілі-ұсақты мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар сол жылдары салынды. Қай жерге барсаң да, қайнап жатқан тіршіліктің үстінен түсетінсің. Осыған орай, Қонекең жылына бір рет облыстағы ірі құрылыс трестерінің, басқармалардың жетекшілерін аудан­дық партия комитетінің бюро мәжілісіне шақырып, өзіміздегі сол сала басшыларының есептерін тыңдайтын. Ауданға бағынбайтын, облыстық деңгейдегі беделді деген басшылардың өздері бюрода қысылып-қымтырылып отыратын. Қонекеңнің әрбір ұсынысы мен ескертуін тиянақты түрде жазып алып, мүлтіксіз орындауға тырысатын.

Қонысбек Төрешұлы 1975-85 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған кезде де аудан экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайы үнемі өсу, өркендеу дәре­жесінде болды. Қонекең еліне адал қызмет етіп, артына өшпес із қалдырды. Қоне­кеңді басқалардан дараландыратын үш қасиетін айрықша атауға болады. Олар: іскерлік, тазалық және әділдік. Бір адамның, оның ішінде бір басшының басынан осы үшеуінің бірдей табылуы өте сирек. Оның іскер­лігінің басты ерекшелігі – кадр­ларды іріктеу, таңдау, орналастыру және тәрбиелеу талабын өзіне тән ыждағаттылықпен іске асыруында еді.

Жұмысқа орналасуда, өсуде та­мыр-таныстық, жақындық, жерлестік емес, ең бірінші оның жұмыс қабілеті ескерілетін. Кадрларға әділ талаптар қою арқылы оларды ширататын. Қонекеңнің жұмыс уақытын пайдалануы таңғаларлық еді. Ол кісінің кеңсе жұмысына келіп-кету уақытының дәлдігі соншалық – «оған қарап сағат жүрісін дәлдеуге болады» деуші еді жұртшылық. Түрлі жиындар белгіленген уақытында бас­талатын, шаруашылықтарға айтқан уақытында келетін. Жасыратыны жоқ, бастықты тәуір жерлермен жүр­гізіп, жақсы атты болып қалуға тырысатынбыз. Шаруашылық арал­а­ғанда оның көзінен ештеңені таса қалдыру мүмкін емес еді. Алайда шаруашылық басшыларының көрмей жүрген немесе көрсеткісі келмеген жерлеріне дейін өзі бастап барып, талай кемшіліктерімізді ашып, ақыл-кеңесі мен тапсырмасын беретіні көп адамдардың есінде шығар.   

 Қонысбек Төрешұлы шаруашылық басшыларынан еңбектің сапалық көрсеткіштеріне көңіл аударуды, талдау, сараптау жұмыстарын тұрақты жүргізуді талап ететін. Қонекеңнің елімізге сіңірген ең­бегі зор. Ол көптеген марапаттарды ие­ленді. Қазақстан компартиясы, СОКП съездерінің делегаты болды. Үш мәрте Ленин орденінің иегері атанды. Қонысбек Төрешұлы жаратылысы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақыл-парасаты, білгірлігі, түпсіз терең ойы, кісілік қасиеттері, адами азаматтығы жағынан дараланып тұратын. Ол ешкімді де бөліп-жармайтын, алаламайтын, бәріне де болсын, бәрі де оңсын  дейтін. Ешкімге қылдай қиянат жасамайтын халықшыл болатын. Қонысбек Төрешұлы тұлпар шаппай тұрып, тұяғынан танитын бабамыздың ұрпағы, сезімтал, сергек, адамсүйгіш, не ойлап отырғанына дейін білетін адам еді. «Жақсының аты өшпейді...» деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірге жақсының аты ісімен, өнегесімен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені халықтан асқан көреген жоқ. Қашанда қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді.

Тегтер: