Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 22 Шілде 2022

Жаралы жыландарды аяу жарға жығады

None
None

Біз көп жағдайда билікте, әсіресе Ақорда жақта қандай саяси ойындар, қандай саяси «соғыстар» болып жатқанынан бейхабармыз.

Халық та ол жақтағы бөліс-берісті түсіне бермейді. Тіпті соны біліп те қажеті жоқ. Халыққа не керек? Жасалған жұмыстың нәтижесі, нақты шешімдер ғана қажет. Бірақ астана жақтағы тағайындаулар мен қызметтік бөлістер жан алысып, жан беріскен қиян-кескі майдан болуы әбден мүмкін. Мұндай майдандағы шешімдер мүлтіксіз, уақытында жасалмаса, опық жеп қалу оңай шығар.

Біз қайдан білейік. Дегенмен ел басқарып отырған азаматтардың ұйқысы тыныш, күлкісі күміс деп ойламаймыз. Әсіресе Қазақстан сияқты көршілері шеттерінен алып-алып империя, жерінің асты-үсті байлық, ұлан-қайыр даласына ұшқан құстың қанаты талатын мемлекет үшін – жау жар астында. Оның үстіне, біздің мемлекеттің басқару жүйесі де қызық. Отыз жыл бойы Назарбаевтың кландары ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келді. Отыз жыл аз уақыт па? Жоқ, отыз жыл деген ширек ғасырдан көп. Назарбаев жүйесін құрушылардың отыз жыл бұрын туған бала-шағаларының өзі отыздан асты. Демек, бұлар бай-қуатты өмірге, бардам тұрмысқа әбден үйренгендер.

Ондай «жұмақта» туып, «пейіште» өмір сүруге дағдыланғандардың өздері ғана емес, бала-шағалары да қаңтар оқиғасынан кейінгі жұқалтаң тұрмысқа көндіге алмай жатқан болу керек. Жұқалтаң деп отырғанымыз, бұрынғы билік кландарында баяғы аста-төк өмір тарыла бастауы заңдылық. Бұрын алдарында құрша жорғалап тұратын күтушілері мен жағымпаздары да азайған шығар. Аузынан шыққаны орындала салатын дүр дәурен де алыстаған болар деп үміттенеміз...

Бірақ кім май-шелпектен оп-оңай бас тартсын? Билікке жету оңай, кету қиын, әрине. Назарбаевтардың аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмеуі сол. Олар Қазақстанды құрған, осы деңгейге жеткізген, әлемге танытқан бізбіз деп түсінеді. Ал отыз жыл бойы ұрлап-тонағандарын заңдылық сияқты көріп, қалыпты жағдайға балайды. Бұл өте қауіпті. Кімге қауіпті екенін түсініп отырған шығарсыздар. Жаңа Қазақстан құрып жатқан бүгінгі жүйенің адамдарына Назарбаевтарды аттан түсті деп ойлау қате. Қазір бұрынғы кланның шын жақтастары ашулы арыстан, шалажансар жылан сияқты. Қайырылып келіп шағып алудан, қайтадан тарпа бас салудан еш аянбайды. Мысалы, қаңтар оқиғасынан кейін Бауыржан Байбек тістеніп тұрып сөйледі, сонда тіксініп қалғанбыз…  

Тоқаев билігі бәрін ақырын-ақырын тазалап, реттеп жатыр. Дұрыс! Алайда мұндай ішкі соғысқа сылбыр қимыл жараспайды. Жауың жаралы. Ал сен оларға кешіріммен қарап, бәрін заң жолымен айыптаймын, мәдениетті түрде жазалаймын деп уақыт өткізу – қауіпті. Сондықтан Ақорда әбжіл қимылға көшіп, жаралы жыландардың басын шауып, байлығын қайтарып, мүлде қауқарсыз қалдыру керек. Әйтпесе, қаңтар оқиғасына алыс-жақыннан «сақалдыларды» шақырып, жарты Қазақстанды шаңдатып жібергендер үшін тағы бір қаңтар жасай салу түк те қиын емес. Олар ондайдан байлығын аямайды, тәуекелдері де тастай.

Отыз жыл Қазақстанды тонаған Назарбаев кландарында байлық көп. Байлық арқылы билікті қайтадан қолдарына аламыз десе, Дариға, Тимур, Динара, Әлия, Байбек пен Қайраттардың ешқайсы аянып қалмасы анық. Бар байлығын билік жолына тігіп жіберуге дайын. Қысқасы, бұларда ақша бар, айла да жеткілікті. Тек еретін қазақ жоқ. Көшбасшы да жоқ. Егер, қандай да бір мүмкіндік туып қалса, тағы бір қанды қасап жасап, билікті өз қолдарына алу бұлардың сегіз айдан бергі арман-мұраттары. Сол үшін Тоқаев билігіне қалғып кетуге болмайды. Тіпті, бұрынғы жүйенің адамдарын жазалағанда, аянып қалу – жауды аяп жаралы болғанмен бірдей шаруа.

Айтпақшы, астана АҚШ-пен келісім жасап, Қазақстаннан шетелге кеткен қаржыларды тексеріп, елге қайтару жағын ойластырып жатыпты. Дұрыс қой! Жауыңды астындағы атынан аударып, қолындағы қаруын барымталамай, дұшпаныңды жеңдім деу бос сөз!

Тегтер: