Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:40

Жаргоншы Жақсылықовты тыныш жатқыза ма?

Жақсылықов
Фото: ашық дереккөз

8 маусымда Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Жарлықта оның орнына Дәурен Қосанов тағайындалғаны ғана айтылды, ал Жақсылықовты қызметінен босатудың нақты себептері көрсетілмеді.

 Өзі де бұл шешімді «Бас қолбасшы бұйрығы» деп сипаттап, одан ары сөз қозғамау керек екенін мәлімдеді. Бейресми болжамдар бойынша Жақсылықовтың қызметінен босауына бірнеше фактор ықпал еткен болуы мүмкін. Кейіннен оның ҰҚК ақша жымқыруға қатысты ұстағаны, үйінде тінту жүргені туралы ақпарат тарады. Бірақ министр үйінде отырғанын дәлелдейтін бейне сұхбат беріп, бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ресми деректерге сүйенсек, Жақсылықовқа қатысты ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген. 2025 жылғы маусымның 10-ы күні бірқатар Telegram-каналдар оның қамауға алынғаны туралы ақпарат таратты. Дегенмен қорғаныс министрлігі мен құқық қорғау органдары мұны ресми түрде растаған жоқ. Ал 11 маусымда Бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев мәжіліс отырысы арасында Руслан Жақсылықовтың ұсталғанына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, прокуратура органдарында оның ұсталғаны немесе оған қатысты қандай да бір іс-шаралар жүргізілгені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі кей пабликте тараған Жақсылықовтың пәтерінде тінту жүргізілген қауесетке қатысты сұраған «Жас Алаш» тілшісінің сауалына «мұндай мәліметім жоқ» деп қысқа қайырды. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбековтің жауабы да прокуратура өкілінің сөзімен үндес келді. Ол тиісті тексеру жүргізілетінін, қазір бұл дерекке қатысты түсініктеме бере алмайтынын, өйткені министр жайында кеше БАҚ арқылы білгенін айтқан.

Елімізде белгілі жағдай – шенеуніктер ұсталған кезде нақты ақпаратты жасырып, «кейін мәлімдейміз, әзірге тексеріп жатырмыз» деген сияқты шығарып салма жауаптар айтылатыны белгілі. Кейіннен барып оның шын мәнінде ұсталғаны, белгілі бір іске қатысты тергеліп жатқаны немесе 2 айға қамауға алынғаны ресми түрде расталып жатады. Бұған қазақ қоғамы да үйренген. Әйтпесе, Шындалиевтің «мұндай мәліметім жоқ» деп айтуы және Қайырбековтің әзірге түсініктеме бере алмайтындай, тексеру жүргізетініндей Жақсылықов аудан не ауылдағы қатардағы басшы емес. Білдей қорғаныс министрі. Сондықтан журналистер арасында да жауапты орган басшыларының екіұшты жауабы әлі де күмәнді сейілтпей тұр.

Жақсылықов не үшін қызметінен кетті?

Кейінгі 3 жылда әскери қызметте қаза тапқан азаматтардың саны шамамен 270 адамға жеткені туралы деректер айтылды. Солардың ішінде жоғары әскери қызметкерлер мен армияға шақырылған әскерилер арасында бірнеше суицид пен зорлық-зомбылық оқиғалары тіркелгені хабарланды. Олардың кейбірі бойынша қазіргі уақытта тергеу жүрсе де, әскер ішінде «дедовщина жоқ» деп мәлімдеп келген қорғаныс министрлігі бұл деректерге сенімді жауап бермей қойды. Осы жағдайлар жайында Жақсылықовтың сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол әскери қызметшілер арасындағы әлімжеттік туралы сұраққа жауап беріп, «Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады» деп «жаргондатқан». Бұл жауапты кейбір сарапшылар сарбаздардың өлімін тәлкекке айналдырды деп сынға алды. Сондай-ақ қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскерде орын алған суицид пен суицидке талпыну оқиғаларын әлеуметтік-экономикалық факторларға байланыстырады. Бірақ әскери саланың қатардағы қызметкерлері мен тәуелсіз сарапшылар бұл көзқараспен келіспейді. Мысалы, әскери журналистер офицерлердің немқұрайлығын айыптап, жарақат алу мен өлімнің негізгі себебі – қауіпсіздік техникасының сақталмауы деп санайды.

Қоғам назарын аударған тағы бір мәселе – әскери комиссарлардың күш қолдана отырып жас жігіттерді әскерге шақыру әрекеттері. Әлеуметтік желілерде жастардың қоғамдық орындардан күштеп әкетілуі бейнеленген видеолар кең тараған еді. Мысалы, жақында Назарбаев университетіне грантқа түскен жігіттің және Түркияда оқитын жігітті көшеден такси ұстап тұрған жерінен әскерге алып кеткен. Баласының жоғалғанын байқаған анасы бірден полицияға жүгініп, кейін оны әскери комиссариаттан тапқан. Бұл оқиғалар әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамның наразылығын туғызды.

Экс-министрдің сынға қалған тағы бір оқиғасы – түркиялық Otokar компаниясынан брондалған көліктерді сатып алуға байланысты. Көптеген желі пайдаланушылары келісімнің қымбат әрі қарабайыр екенін айтып, жемқорлық күдіктерін көтерген. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып: «Әзірге мұндай келісім жоқ, техника сынақтан өтіп жатыр» деді.

Жақсылықов бірнеше рет тіл және идеологиялық мәселелер бойынша да даулы мәлімдемелер айтты. 2022 жылғы сәуірде журналистердің «неліктен қазақша сұхбат бермейсіз» деген сұрағына ол «патриот болу үшін қазақ тілін білу міндет емес» деп жауап берді. Бұл пікір жұртшылық пен саясаткерлер арасында үлкен наразылық туғызып, тіпті оның лауазымынан кетуін талап етті. Кейіннен Жақсылықов оған сын айтқандарға қарсы «өкпелесең, көшіп кет!» деп қысқа қайырды. Мұндай мәлімдемелері мемлекеттік тілді төмендету деп бағаланып, қоғамда қызу талқыға түсті.

Министрдің отбасы да қоғам назарында болды. Оның жұбайы Эльмира Бакқали әскери бөлімдегі «Қазақстан» әніне клип түсіріп, сынға ұшырады. Кейбір азаматтар бұл бейнероликке бюджет қаражаты жұмсалғанын да айтқан. Қорғаныс министрлігі өкілі бұл бейненің 10 жыл бұрын түсірілгенін және оған мемлекеттік қаражат жұмсалмағанын мәлімдеді. Дегенмен осы оқиға да қоғамда Жақсылықовтың «қызметін жеке мақсатқа пайдаланды» деген пікір тудырды. Жалпы алғанда, жоғарыда айтылған жағдайлар Жақсылықовтың имиджіне көп кері әсер етті.

Экс-министр не үшін ұсталуы мүмкін?

Жоғарыда жазғанымыздай, Жақсылықовтың қызметінен кетуі әлі де қоғам арасында «интрига» тудырып тұр. Оның бір себебі – министрдің жұмыс күнінен тыс жексенбіде қызметінен босатылуы. Қазір де ресми органдар оның ұсталғаны мен қамалғаны туралы ақпаратты не растамай, не терістемей, созбаққа салып отыр. Содан да «Жақсылықов үй қамақта екен, тергеліп жатыр» деген бейресми ақпараттар желдей есіп тұр. Ал жалпы, әскери қызметкерлердің қызметінен босатылып, кейін ұсталған жағдайлары бұған дейін де тіркелген. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі болған Бектанов пен ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың тұтқындалуы – соған дәлел. Осы оқиғалардан кейін қоғамда кез келген әскери лауазымды тұлға аяқастынан қызметінен кеткен жағдайда түрлі болжамдар мен күдікке толы әңгімелердің таралуына себеп болатыны айтылды.

Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлының айтуынша, мұндай жағдайда БАҚ пен әлеуметтік желіде кейбір тұлғалар «инсайт» деген сылтаумен бейресми ақпарат таратып, қоғамдық пікірге әсер етеді. Соңғы уақытта «жеке дереккөзім айтты» деген желеумен тараған мәліметтерге сүйенетін бір үрдіс қалыптасып үлгерген. Осы тұрғыда, Жақсылықов қызметінен босатылған сәттен бастап-ақ қоғамда белгілі бір күмән туындай бастаған. Ақыры, ол ұсталды немесе үйқамақта деген сыбысқа ұласқан. Бұл ретте құқық қорғау органдарының құрылымы күрделі екенін қаперде ұстаған жөн. Яғни Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және қаржыға қатысты істермен айналысатын басқа да тергеу органдары бар. Қазір осы органдардың қайсысы экс-министрге қатысты іс қозғағаны не қозғамағаны белгісіз. Бұл жағдай еліміздің саяси жүйесінде бұрыннан келе жатқан «интриганың» жаңа бір түрі.

журналист
Фото: arasha.kz

«Қызметінен неге кетті дегенге келетін болсақ, оның жексенбіде қызметінен алынғанын ескере отырып біршама маңызды мәселелер қабылданған болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде әртүрлі қауесет жүріп жатыр. «Ойбай, Қазақстан барлаушыларының кейбірінің аты-жөнін айтып қойыпты немесе Британия мен Қорғаныс министрлігі арасындағы келісімге байланысты теріскейдегі мемлекеттік ықпалы бопты»... Мұның бәрі әзірге қауесет. Ол алдағы уақытта басқа қызметке де тағайындалуы мүмкін. Қоғамды елең еткізгені – шешімнің жексенбіде қабылданғаны. Өз басым, шешім қабылдауға түрткі болған ақпаратты білмейтіндіктен ештеңе дей алмаймын. Егер ол құпия ақпарат болса соның төңірегінде бір «гәп» болды деген сөз.

Ал ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, экс-министрге бір ғана айып тағуға болады. Ол әскерге көшеден жігіттерді күштеп әкетуге байланысты жағдайдың ушығуы. Иә, бұл өте бір ұрда-жық позиция. Бірақ берілген бұйрық пен оны орындаудағы қызметкерлердің біліктілігі деген тағы бір мәселе бар. Экс-министрдің кейінгі уақыттағы ең үлкен қатесі деп осыны атар едім. Осы жағдай оның қызметінен кетуіне себеп болды ма деп болжаймын. Ал қалған барлаушының әңгімесі, Ұлыбританиядағы келісім, т.б мәселелер әзірге қауесет деңгейінен аспай тұр. Сондықтан алдағы уақытта оған қатысты қандай да бір тергеудің басталғанын немесе жаңа қызметке тағайындалғанын күтеміз»,– дейді сарапшы.

Руслан Жақсылықовтың қызметінен кетуі мен оған қатысты тараған бейресми ақпараттар – Қазақстандағы ашық ақпараттың жеткіліксіздігі мен саяси шешімдердің жабық қабылданатынын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Экс-министрдің атына қатысты нақты айыптаулар айтылмағанымен, қоғамда туындаған күмән мен сұрақтар – билік пен халық арасындағы сенім дағдарысын айғақтайды. Бір жағынан, Жақсылықовтың әскердегі өлім-жітім, сарбаздар құқығы, тіл мәселесі мен даулы келісімдерге қатысты айтқан пікірлері мен шешімдері оның қызметтен кетуіне саяси және қоғамдық қысым себеп болды ма деген сұрақ туындатады. Екінші жағынан, тергеуге алынған басқа да бұрынғы министрлердің тағдыры бұл жағдайдың да белгілі бір сценарий бойынша өрбуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Егер ресми органдар нақты және дер кезінде ақпарат бермесе, ел ішінде сенімсіздік пен түрлі конспирологиялық нұсқалар жалғаса бермек.

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: