Жарқ етіп сөнген жасын
Жиырмаға жетер-жетпесте, қарапайым пенделерге мүлдем ұқсамайтын, болмысы бөлек, табиғаты тылсым, қайталанбас құбылыс ақындар табиғатын
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды, –
деп бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдаған ақын Артығали Ыбыраевты әдебиет сүйер қауым жарқ етіп сөнген жасынға теңейді.
Жарқ етіп сөнген жасын... Бұл – Артығали ақынға берілген дәл атау. Жасындай жарқ етіп, қыршыннан қиылған ақын Артығали Ыбыраевтың өмірбаяны өте қысқа. Ол 1953 жылы 28 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Байқадам ауылында дүниеге келіп, 1970 жылы Байқадам қазақ орта мектебін бітірген. Мектеп бітірген 1970 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы күзде, екінші курстың басында түрлі себептерге байланысты оқудан шығып, (ол себептерге біз әлі тоқталамыз) академиялық үзіліс алуға мәжбүр болған. 1973 жылы Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс істеген. 1974 жылы 4 сәуір күні Тараз қаласында бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Бұл – ақын Артығали Ыбыраевтың ресми өмірбаяны. Санамалап келгенде, Артығали ақын 20 жыл 7 ай ғана өмір сүрген.
Мен Артығали ақынның есім-сойын студент кезімде, сонау 1980 жылдардың бірінші жартысында, КазГУ қалашығында естігенмін. Ол кезде біз есімдері тұтқындалған ақындардың айтуға болмайтын өлеңдерін жатқа оқитынбыз. Есімін атауға болмайтын «тұтқындағы ақындардың» өлеңін жатқа айтатындар – студенттер қауымының ортасында ерекше беделге ие, оларға көпшілік үлкен құрметпен қарайтын. Меніңше, 80 жылдардың екінші жартысындағы Горбачевтің «Қайта құруының» жылымық кезеңінде әдебиеттегі «жабық есімдер» тақырыбына қызығушылық ерекше болды. Әсіресе студенттер қауымы ортасында.
Мен Артығали ақынның туған бауыры, қазіргі зейнеткер, бұрынғы заң қызметкері Рысқали Ыбыраевпен осы бірер айдың көлемінде ғана, кейіннен таныстым. Оның ақын Артығали Ыбыраевтың туған бауыры екенін білген бетте-ақ, бірден Артығали туралы сұрадым. Бәрі біз естігендей. Мектеп бітірген, университетке түскен, академиялық үзіліс. Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс жасаған, кейіннен Тараз қаласында ажал құшқан. Біз естіп өскен аңыздың жаңғырығы.
Мен – кәсіби әдебиетшімін. Халық ауыз әдебиетінің бір түрі – аңыз-әңгімелердің ғылыми теориясын өте жақсы білемін. Аңыз-әңгіменің түп негізінде шындық оқиға болғанымен, кейінгі айтушылар тарапынан түрлі қоспалар қосылатындықтан, аңызға негіз болған оқиға – мүлдем басқа арнадан бастау алуы бек мүмкін. Мені қызықтырған бір-ақ нәрсе. Артығали не себепті оқудан академиялық үзіліс алуға мәжбүр болған?
Мен Рысқали ағадан осыны сұрадым. Рысқали ағаның айтуы бойынша: 1972 жылдың күзінде, Артығали екінші курсты енді бастап жатқан кезде орыстың бір тілші ғалымы, студенттерге арналған лекцияда, әлде жиналыста тіл туралы, тіл болғанда да қазақ тілінде «ж» әрпінен басталатын сөздердің алдына «д» әрпін қойып сөйлеу туралы лекция оқиды. Міне, осы жиналыста Артығали сөз сөйлеп, қазақтың «жайлау», «Жамбыл», «Жаркент» деген сөздерін «Джайлау», «Джамбул», «Джаркент» деп айту керек пе, бұл қазақ тіліне қастандық деп, «ж»-ның алдына «д» әрпін қоюға қарсы екенін айта келе, жетім тағдырлы қазақ тілінің сол кездегі жай-күйіне тоқталып, астанамыз Алматы қаласында қазақ мектептерін көптеп ашу керек деп мәселе көтереді. Сөйлеуші сөзі саяси әуенге ауысып бара жатқандықтан, жиналыс басқарушысы Артығалидан сөзін тоқтатуды талап етеді. Әрине, олар айтты екен деп, сөзін доғара қояр Артығали ма, ол сөзін ары қарай жалғастырады. Жиналыс басқарушысы орнынан тұрып, сөйлеп тұрған Артығалиды күштеп болса да жиналыстан шығарып жіберуге тапсырма берген. Артығалиды бес-алты жігіт күштеп, жабыла сүйреп, фойеге шығарады. Фойедегі тобырдың алыс-жұлысын көрген есік аузындағы вахтер-күзетші орыс жігіті: «Мына чурбан, кольбит пе сендерге қарсы келіп жүрген», – деп, Артығалиды жабыла сүйреп жүрген бес-алты жігітке көмекке ұмтылады. Сол жерде төбелес басталады. Нәтижесінде, фойенің терезесінің әйнегі сынып, Артығалиды милиция алып кетеді. Сол кездегі заң бойынша, милицияға түскен студенттің университетте одан әрі оқуы мүмкін емес еді. Артығали оқудан шығарылып, жеті ай қамауда жатып, сұралады. Осы тұста Артығалидың әке-шешесі баласына екі-үш мәрте келіп кетеді. Жеті ай қамақта отырған Артығалиға кейіннен сот болып, бір жыл шартты айыптау мерзім береді. Сот жабық жағдайда өткен. Ақынның жақындарынан ешкім қатыстырылмаған. Бір жыл шартты айыптау алған соттан соң Артығалидың қамақта отырған бір күні екі күнге есептеліп, шартты айып деп берген бір жылы өтеліп, ақынның басы азат болып, бостандыққа шығады. Соттан соң ауылға келген Артығали Байқадамдағы Мәдениет үйінде жылға таяу жұмыс жасайды.
Еркін ағамыз айтады: «бірде Артығали екеуміз «Көкдаладан» Байқадамға келіп, шашымызды алдыру үшін шаштаразға кірдік. Ол кездегі Байқадамда жер аударылып келген келімсек орыс, неміс, кәріс, шешендер көп. Шашын алдырайын деп тұрған шешен жігіті шаштараз орысқа орыс тілінде сөйлеп тұр еді, оларға қарап Артығали: «Сендер Қазақстанда, қазақтың жерінде тұрып жатырсыңдар. Сондықтан қазақша сөйлеуге міндеттісіңдер деп, ана екеуіне ызғармен, өңменінен өткізіп жіберетіндей тесіле қарады. Шешен жігіті Артығалиды білетін болуы керек, қазақша сөйлеп, Артығалидың атын атап: «Сенікі дұрыс, мына кісі қазақша онша білмейді, содан кейін орысша сөйлеп тұрмын» деп, ақталғандай болды. Ал Артығали болса, орыс шаштаразды иегімен нұсқап: «Үйренсін, Қазақстанда тұра ма, қазақ тілін білуге міндетті», деді. Артығалидың мысы басты ма білмеймін, ана екеуі – «дұрыс, дұрыс» дегендей басын шұлғып жатты. Артығали өте намысқой, ұлтшыл еді»,– дейді Еркін аға.
Рысқали ағаның куәлік етуі бойынша, Артығали аудандық Мәдениет үйінде жұмыс жасап жүрген кезінде біртүрлі тұйық болып кеткен. Ешкіммен ашылып сөйлеспейді. Өз бөлмесіне кіріп, есікті іштен жауып алып, не кітап оқып, не жазу жазып отырады екен. Ара-арасында милицияның өзі келіп не порторг жіберген ауылдың үлкендері келіп: «Сен мұндайды қой, жақсы адам бол», – деген секілді әңгіме жүргізіп отырған. Мен анықтап сұрадым: «Нені қой депті сонда?»
Рысқали аға:
– 7-8 сыныпта оқитын кезім. Үйішілік әңгімелерге мені араластыра қоймайтын. Анығын білмедім. Бірақ қой дегені – анық. Сол кісілер бір әңгіме үстінде әкеме: «Бала ауылға сыймай жүр», – депті.
Ағам көшеге шықса болды, көпшілік қауым, әсіресе жастар, өлең оқышы, – деп қолқа салатын. Мүмкін соны айтты ма, білмедім, – деді.
Менің ойымша, «ауыл ақсақалдары» Артығалиға: «Сен өзге ұлттарға қазақ тілінде сөйле деп және тағы басқа саясатқа қарсы нәрселерді айтып, ұлтшыл болуыңды қой», – деді. Басқа не айтуы мүмкін? Қай дәуірде де билік тарапынан сайланып, кезінде коммунистік партияның қазір әкімқаралардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген біздің ауыл ақсақалдары кеңесінен өзге пікірді күту де керек емес. Біздің ауыл ақсақалдары қай кезде ұлттың сөзін сөйлеп еді?!
Қалай десек те, Артығали – ноқтаға басы сыймаған өз дәуірінің тұлғасы. Бұл – анық!
Ақын өмірінің соңғы кезеңі туралы айтқан Рысқали аға:
–Бір күні үйге сол кездегі журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожекеевтің өзі телефон шалып, әкеммен, соңынан Артығали ағаммен сөйлесіп, Артығали ағаға – Сен бізге керексің, ректормен келістім, келер күзде оқуыңды екінші курстан қайта жалғастыру үшін, бізге таяу арада келіп, арызыңды жазып кет, – депті. Ағам содан Алматыға жиналды. Жұмысындағыларға да мән-жайды түсіндіріп айтқан болуы керек, жұмыстағы бастықтары ағама, «Алматыға кетіп бара жатқанда, жолай Тараздағы жиналысқа қатысып, ары қарай Алматыңа кетерсің», – депті.
Бүгінгідей есімде, Артығали ағам Алматыға барып, оқуын қайта жалғастыратынына қатты қуанды. Үлкен жол чемоданының астыңғы жағына өзінің өлеңдері жазылған 48 парақтық қалың дәптердің бес-алтауын және қалыңдығы екі елідей «пишущая лист» деп аталатын үлкен ақ параққа жазылған, «баспаға берем» деген өлеңдерін салып, үстін газетпен жауып, оның үстіне ағамның студент достарына берген апамның сәлемдемесі – ауылдың қазы-қартасын салып, жолға шықты. Содан ағам сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына келіп, «Тараз» қонақ үйінде түнеп, ертесіне жиналысқа қатысып, Тараз арқылы Алматыға өтетін автобусты «Тараз» қонақ үйінің алдындағы ұзын орындықта кітап оқып, күтіп отырады. Кейіннен ағамның өлі денесі сол орындықтың қасынан табылады. Ағам денелі, бойы 1 метр 80 см-дан жоғары бойшаң, қарулы жігіт болатын. Артынан келіп, арматура темірмен ұрып жықпағанда екі-үш жігітке әл бермес еді. Суд-мед экспертизаның анықтауы бойынша, ағам орындықта кітап оқып отырғанда, артынан келіп, мойын тұсы мен қарақұстан тиген темір арматура соққысынан құлап түсіп, сол жерде тіл тарпай кетсе керек. Әлгі найсаптар құлап жатқан ағамның бетінен әлденеше рет тепкен. Қасында шашылып, чемоданы қалған. Ағамның қалтасындағы жеке куәлігі мен құжаттарына, ақшасына, чемоданының бет жағындағы қазы-қартаға ешкім тиіспеген. Бірақ чемоданының түбіне салынып, бетін газетпен жапқан ағамның баспаға беремін деген қолжазбасы мен 48 беттік бес-алты қалың дәптерге жазылған өлеңдері ұшты-күйлі жоқ болып шықты.
Қасындағы адамдардың айтуы бойынша, содан бір күн бұрын, кешке жақын ресторанда отырғанда бір жігіттер келіп, ағама бір қыздар туралы айтып, жұрттың көзінше ағаммен ерегісіп қалған. Бірақ төбелес болмаған, – деді де, Рысқали аға үнсіз қалды.
– Содан кейін не болды?
– Тергеу басталды. Осының бәрі қызғаныштан, қыз үшін болыпты деген әңгіме тарады. Бір жігіттерді күдікті ретінде ұстады дейді. Кейіннен дәлел болмағандықтан бостандыққа шығарып жіберген. Ал ағамды ауылда, Байқадамдағы ел басшылары көпшілік митингісін ұйымдастырып, оркестрлетіп, құрметпен жерледі.
Бар болғаны осы дегендей, Рысқали аға үнсіз бетіме қарап тұр. Көзінде мұң бар. Аса биязы, зиялы адам ғой, ішкі толғанысын білдірмейін дегендей бетін басқа жаққа аударып, бұрылып кетті. Мен ол кісіден:
– Сіз өзіңіз осыған сенесіз бе? – дедім.
Ол менің сұрағымды естімеген секілді. Аз үнсіздіктен соң:
– Нені айтасың?
Сұрақтың Рысқали ағаға ауыр соғарын білсем де, әлгі сұрағымды қайталап:
– Артығали ағаны осылай өлді дегенге өзіңіз сенесіз бе? – дедім.
Рысқали аға бұрылмады. Маған арқасын беріп, ұзаққа қарап тұрған күйі:
– Сенбеуге менде басқа дәлел жоқ, – деді.
Ал мен сенбедім... Ойымды жүйелеп көрейін...
1971 жылдың күзінде КазГу-дің журналистика факультетіндегі тіл туралы болған жиналыста, қазақ тіліндегі «ж» дыбысынан басталатын сөздердің «д» әрпін қойып, жазу мен айтуға қарсы болған және сол кездегі астанамыз Алматы қаласында қазақ мектептерін көптеп ашу керек деген сөздері үшін жиналыстан күштеп шығарылып, соңы төбелеске ұласып, нәтижесінде фойенің терезесінің әйнегі сынғандықтан Артығали қамаққа алынып, жеті ай сұрауда болады. Артынан сот болып, Артығалиды бір жылға шартты айып ретінде бас бостандығынан айырады. Сот жабық түрде өткен. Сотқа айыпкердің ешқандай жақындары, тіптен әке-шешесі де қатыстырылмаған. Оқиғаны осы тұсына дейін бір талдап көрейікші...
Мақұл, жиналыста Артығали қазақ тілі туралы сөйлепті. Арты төбелеске ұласып, фойедегі әйнек сынған.
Оу, төбелес болғанымен, әйнектен басқа қирап қалған еш нәрсе жоқ қой. Адамдарға ешқандай зақым келмеген. Майда бұзақылық ретінде Артығалиға әкімшілік жаза ретінде 15 күн беріп, милицияға түскені үшін сол кездегі студенттерге арналған заңға сәйкес оны оқудан шығарып жіберсін. Болды емес пе? Майда бұзақылығы үшін Артығалиды неге жеті ай тергеп, қамақта ұстаған? Сонда олар жеті ай бойы Артығалидан не сұрай берген? Бұл – бір.
Екіншіден, сот неге жабық түрде өтеді? Бұл дегеніміз – оқиғаның саяси астары бар деген сөз.
Кеңес өкіметі тұсында жойылып бара жатқан ұлт тілі туралы айту – Кеңестік «ұлы орыстық шовинистік» идеологияны сынау деген сөз. Кеңестік идеологияны сынайтын адамдар «басқаша ойлайтын» социализмге зиянды элемент ретінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде есепке алынып, тіркеуде тұратын. Менің ішкі түйсігім бойынша, ұлт тілі мен қазақ мектептері туралы айтқан Артығали – «басқаша ойлайтын зиянды элемент» ретінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті есебінде бұрыннан тұрғаны анық. Себебі Артығали аяқ астынан қазақ тілі мен ұлттық мектептерді көптеп ашу керек деген пікірге бір күннің ішінде келе қоймаған болар. Қазақ тілі мен ұлттық мектептер туралы ой оны бұрыннан мазалап жүрмесе, ол жиналыстағы көпшілік алдында ұлттық тіл мен қазақ мектептері туралы сөз сөйлемеген де болар еді. Демек, ол осы тақырыпта басқа жерде бірнеше ортада сөйлеген. Сондықтан «сенімсіз адам» ретінде оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есебінде бұрыннан тұруы бек мүмкін. Сол себепті де оның соты жабық өткен.
Енді Артығалидың оқуын жалғастыру эпизодын еске түсіріп көрейікші...
Март айының соңында, оқуыңды жалғастыру үшін өзің Алматыға келіп, деканатқа арызыңды жазып кетуің керек, – деп, Артығалидың үйіне телефон соққан, журналистика факультетінің сол кездегі деканы – Темірбек Қожекеевтің өзі.
Сентябрьде басталатын оқуды жалғастыру үшін март айында Алматыға келіп, деканатқа арыз тастап кетудің қандай қажеттілігі болды? Сентябрьде басталатын оқуға август айының екінші жартысында келіп арыз жазса да болатын еді ғой. Демек, біреулерге Артығалидың Алматыға деп, ауылы Байқадамнан тысқары жерге шығуы қажет болды. Себебі тұрғылықты адамдары бірін-бірі танитын кішкене Байқадамда, Артығалиға қастандық жасау – әшкеренің ісі. Сондықтан да Артығалидың Байқадамнан тысқары жерге шығуы қажет еді.
Мен бұл жерде, танымал тұлға, журфактың сол кездегі деканы Т.Қожекеевті кінәлаудан аулақпын. Оған да жоғарыда тұрған біреулер: «Оқудан шығып кеткен студентің Артығали Ыбыраевты жылдамдатып, Алматыға шақыра ғой», – деп бұйрық беруі де әбден мүмкін.
Артығали Таразда қайтыс болады. Чемоданы ашылған. Чемодандағы қазы-қартаға, қалтасындағы ақшасы мен құжаттарына ешкім тиіспеген. Қазы-қартаның астындағы үсті газетпен жабылған бес-алты қалың жазу дәптерлері мен баспаға беремін деп, жеке жазылған қалыңдығы екі елідей үлкен ақ парақтары, яғни қазіргі тілмен айтқанда «А4» қағаздары жоқ.
Меніңше, Артығалиды дәл осы қағаздары үшін өлтірді. Болмаса, неге оның жазу дәптерлері ғана жоқ? Ақшасы мен басқа заттарына ешкім тиіспеген. Дарынды ақын, ұлтшыл тұлға, ертең кітабы шығып, халыққа кеңінен танымал болып кетсе, ондай белгілі, атақты адамдардың көзін жою қиын болады. Сондықтан да олар: «Сөздері кең тарап, халыққа белгілі болмай тұрып, бұл адамның көзін жою керек» деген шешімге келген.
Ал ресторанда қыз туралы қызғанатындай кейіп танытып, Артығалимен ерегісіп, елдің көзінше сөз шығару, ол – бар болғаны Артығали өлімі туралы болашақ «аңыздың» негізі ғана. Рысқали ағаның куәлік беруі бойынша, Артығалидың мектепте жүрген қызы болған. Бірақ ол қызбен студент кезде қарым-қатынасы үзілген. Ал ауылға келгенде «Көкдаланың» қара жұмысынан, кейіннен Мәдениет үйінің жұмысы, қала берді ауыл милициясы мен ауыл ақсақалдарының «түсіндіру жұмыстарынан» қолы босай қалса, ол үнемі оқу-іздену, жазу үстінде болған. Бұл кезде Артығалидың ешқандай қызбен байланысы жоқ. Оған көңіл күйі де соқпаған секілді. Үнемі бақылауда жүрген адамда, қайбір романтикалық көңіл күй болсын! Қайталаймыз: Ауылда жүрген кезінде Артығалидың ешқандай қызбен байланысы болмаған. Бұл – Рысқали ағаның сөзі. Рысқали ағаның сөзіне толық сенуге болады. Артығали қайтыс болған 1973 жылы 9-сыныпта оқитын, өсіп қалған бозбала, ауылға келген ағасының қыздармен байланысы болса білер еді ғой. Себебі адамдар бірін-бірі жақсы танитын кішкентай ауылда сөз жатпайды.
«Ішің білсін әлу-ай» дегендей, Артығали өлімінің шын себебін, сол тұстағы көзі қарақты адамдардың біразы іштей сезген. Өздеріңіз ойлаңыздаршы. Митингі жасап, оркестрлетіп құрметпен жерлейтіндей Артығали кім еді сонша?! Сол кездің көзімен қарағанда, Артығали – сотталған бұрынғы студент. Үлкен партия қызметкерлеріне ғана көрсетілетін құрметке, сол тұста оқудан шығып, сотталып келген Артығали қай жағынан алып қарасақ та лайық емес. Күдік тудыратын да осы тұс. Артығалиды митингімен оркестрлетіп, құрметпен жерлеу – халықтың көңілін басқа жаққа бұру үшін жасалған арзан тәсіл ғана. Бар болғаны сол! Саяси қарсыластарын өз қолымен өлтіріп, артынан халықтың ойын басқа жаққа бұру үшін митингі жасап, ол туралы жалынды сөздер сөйлеп, оның атына ауыл, қала, көше аттарын беріп, оркестрлетіп құрметпен жерлеу – Кеңестік жүйенің Сталиннен алып қалған ескі мұрасы.
Менің жеке өз пікірім бойынша, қазақ тілі мен ұлттық мектептер мәселесін көтеріп, Кеңес өкіметінің үгіт-насихаты мен тәрбиесіне көнбегені үшін ақын Артығали Ыбыраев саяси тапсырыспен өлтірілген секілді болып көрінеді де тұрады. Бұл ойымызға менің жоғарыда келтірілген күдіктерім толық дәлел болса керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлтшыл тұлға, ақын Артығали Ыбыраев өзінің ұлттық көзқарасы үшін Кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды деп толық сеніммен айта аламыз.
Ал біз Артығали ақынды жастық шақтың, махаббат құрбандығы деп жүрміз... Ақын өлімін Кеңестік жүйе өздеріне ыңғайлы етіп, бізге басқаша түсіндірген.
Нұрғали Махан