Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:41, 07 Қараша 2023

Жаркенттің жаңа беттері

Жаркент
Фото: из открытых источников

Панфилов ауданындағы «Айгерім» шаруа қожалығы егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы жүгерінің өнімділігін екі есе арттырды. Екі жылдың ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізу мақсатында жалпы сомасы 270 миллион теңге инвестиция тартылған. 

Бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алынса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектарына 150 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік туған.

Аталған шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпековтің айтуынша, ол жүгері өсірумен 11 жылдан бері айналысып келеді.

– Шаруашылықта мал азығына және тұқымға арналған жүгері түрлері, сол сияқты попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүгері өсіруде ылғал сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор. Осы ретте 2022 жылы алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осындай құрылғылар қойдық. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орнатуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекеттен субсидияланатыны едәуір көмек. Қазір күзгі жиын-терін науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімділік былтырғы шамада болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер Ұлан Сарпеков.

Тамшылатып суарудың израильдік технологиясын Жаркенттегі шаруа қожалығына алматылық «Ирригатор Казахстан» ЖШС орнатып берген. Және осы компания жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін әлі күнге қарқынды түрде сүйемелдеу жасап келеді. Сонымен қатар компания мамандары су сорғы стансысында қалай жұмыс істеу керектігін шаруашылықтағы жұмысшыларға арнайы үйретіп, қолғабыс етуде. Қожалықта жүгері шаруашылығымен қатар қазақтың биязы жүнді қойын өсіру де жолға қойылған. Бүгінде мұнда жалпы саны 15 адам тұрақты негізде жұмыс істейді. Ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 40-қа жуықтайды.

Жалпы Жаркент өңірінде жүгеріні кептіру, сақтау және өткізу мәселесі өте өзекті. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруалардың өтінішіне орай Пенжім ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жүгеріге арналған 2 қырман салынған болатын. Екі қырман да бүгінгі күні халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. Жалпы бірінші қырманда бір ауысымда 1200 тонна, ал екінші қырманда бір ауысымда 1500 тонна жүгері кептіріледі. Сол сияқты «Оразбаев Б.З.» шаруа қожалығы өткен жылы тәулігіне 800 тонна дән кептіретін сыйымдылығы 10 мың тонналық жүгері кептіру және сақтау зауытын салған болатын. Бұл нысанның өңір шаруашылықтары үшін де тиімділігі мол болып отыр. Шаруашылық басшысы Берік Оразбаевтың айтуынша, қоймада 2022 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақталған. Биыл да жұмыс қарқыны одан кем болмайды дейді ол. Зауытта 25 адам жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда ауданда 30 мыңдай өнім жүгері өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Шаруалар өнімдерін негізінен Жаркент крахмал-сірне зауытына тапсырады. Ал жалпы ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр. Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінгі күні жүгері ылғалдылық деңгейіне қарай 70-80 теңгенің арасында бағалануда. Бұл өткен жылғы құнынан едәуір төмен. Сондықтан қазір жүгеріні белгілі бір көлемде Қытай нарығына лайықты, ыңғайлы бағада өткізу туралы келісімдер жасау жоспарлануда. Бұл ретте жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия беріліп отыр.

Жалпы биыл Жетісу облысы көлемінде 57 мың гектарға жүгері себілсе, соның 47 пайызы Панфилов ауданының үлесінде. Бүгінгі күнге жетісулық шаруалар 32,3 мың гектарды жинап алды. Облыс көлемінде жүгерінің орташа шығымы 63,3 центнерден айналса, бұл көрсеткіш Панфилов ауданында 66,1 центнерден келіп отыр. Аудан биыл 180 мың тонна жүгері жинауды жоспарлап отыр. Мұнда әзірге жүгері алқабының 13,2 мың гектары жиналған.

Көкөністер мен жемістерді өндіруден бөлек, оларды сақтайтын қойма мәселесіне де көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкерлер бұл саланың да ебін тауып, табысты бизнеске айналдырып отыр. Мәселен, жақында ғана сыйымдылығы 6 мың тонналық жеміс-жидек сақтайтын қойманың құрылысы басталған. Оған 1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Нысан жылдың соңында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл облыстағы ауқымды қоймалардың бірі болмақ. Панфилов ауданында жеміс-жидек көп, алайда оны сақтайтын лайықты қойма жоқ деген мәселе бұған дейін де көп айтылды. Бұл аймақта жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын шағын көлемді 8 қойма бар. Енді бұл қатарға кәсіпкер Аюпжан Валиев басқаратын «Валиев» шаруа қожалығының жоғарыда айтылған 6 мың тонналық ірі көлемді заманауи қоймасы қосылмақшы. Шаруашылық өкілі Анаят Тохтахуновтың айтуынша, жеміс-жидек сақтау қоймасының құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 10 адам тартылған.

Жоба биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың тонналық бөлігі іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстары түбегейлі бітіп, қойма толық қуатымен іске кіріскенде 40 шақты адамға жұмыс орны ашылады деп межеленген.

Жалпы қоймада 12 тоңазытқыш камералары орнатылады. Мұнда өнімдерді тек сақтап қана қоймай, оны өңдеуге де ден қойылмақшы. Қойманың бір шетінен 871 шаршы метрден астам жерге цех орнатылмақ. Мұнда «повидло» өндіретін цех немесе жеміс сүрлеу комбинаты болады.

– Жаркент аймағы жеміс-жидек, көкөніске бай аймақ. Бағбандар күзгі жиын-теріннен соң өз өнімдерін өткізетін жер таппай қиналып қалады. Осы мәселені көзімізбен көріп жүрген соң қойма ашу бізге де, шаруаларға да тиімді деп шешіп, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеттік. Қойманың іске қосылған бөлігінде қазір алма, қырыққабат, бұрыш және басқа да жеміс, көкөністерді сақтауды қолға алып жатырмыз. Мұнда алма Айдарлы ауылындағы «Жаркент-Фрукт» жеміс бағынан, ал бұрыш пен қырыққабат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан сатып алынуда. Бұл экологиялық таза өнімдер көтерме және бөлшек саудаға шығарылады, – дейді Анаят Тохтахунов.

Жалпы бұрыш, қызанақ, сәбіз секілді бірқатар көкөністерді үй жағдайында сақтау қиын. Сондықтан шаруашылықтар мұндай өнімдерін келісім бойынша белгіленген мерзімге осы қоймада сақтай алады. Ал Жетісу облысы аумағында жалпы сыйымдылығы 36 800 тонна болатын 31 қойма бар. Солардың 11-і ғана заманауи құралдармен жабдықталған.

 

   Балауса Ділдәбек

    Жетісу облысы