«Жармақ». Қазақ жанының реквиемі
Бүгінгі театр кеңістігіндегі елеулі оқиға 17 қараша күні Алматыдағы «Жас сахна» театрында «Жармақ» монодрамасының жабық көрсетілімі болды.
Ол туындыны тек қойылым ғана емес, ұлттық рух пен адам болмысына терең бойлаған, қазіргі заманның ең өткір сұрақтарын сахна тілімен қойған мәдени құбылыс деуге болады. Спектакль көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің осы аттас романының желісімен қойылып, драматург Мадина Омарованың инсценировкасын, Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлік шешімдерін Бекжан Тұрыстың актерлік шеберлігімен тоғыстырып, көрерменге көркем әрі философиялық терең туынды сыйлады.
Бүгінгі театр – адамның айнасы ғана емес, ұлттың ішкі үні. Сахнада айтылған шындық кейде мың сөзден өткір. Өйткені ол жанның айқайы. Қазіргі көрермен жай ғана қойылым көргісі келмейді, ол өз жарасын танып, өзін түсінгісі келеді.
Мағауин бұл шығармасында жеке адам мен қоғам арасындағы қайшылықты, рухани тұтастықтың ыдырауын, ұлттық санадағы дағдарысты суреттейді. Романның өзегі адамның екіге жарылуы, яғни, бір тұлғаның екі түрлі өмір сүру формасы арқылы қоғамдағы моральдық дағдарысты көрсету. Шығарманың басты кейіпкері Мұрат пен оның екінші жартысы Марат – бір адамның екі қыры. Мұрат Қазыбековтің бейнесі арқылы автор бүгінгі адамның, әсіресе, зиялы қауым өкілінің ішкі толғаныстарын ашып көрсетеді. Ал оның қарсы бейнесі Марат Бейсенович – мансапқорлықтың, нәпсі мен жалған ұстанымдардың көрінісі. Кейіпкердің екіге бөлінуі – адамның саналы мен бейсаналы бөлігі арасындағы күрес.
Драматург М.Омарова автордың шығармасына өзгеше көзқараспен қарап, романдағы Жармақтың пайда болуын жасанды интеллект арқылы шешеді. Бұл тек декорация немесе оқиға желісін дамыту құралы ғана емес, рух пен техниканың тартысын білдіретін символдық бейнеге айналған.
Оқиға постапокалиптикалық әлемде, яғни, жасанды интеллект иелігіне өткен кеңістікте өрбиді. Жер бетінде тірі адам қалмаған. Тек чиптерге жазылып, флэшкаларға салынған, сөрелерге тізіліп қойылған мыңдаған ұлт өкілдерінің жандары ғана бар. Спектакль басталған сәтте сол жандардың бірі – қазақтың жаны сөйлей бастайды. Ол өзінің дискіге жазылған жады ғана екенін білмейді. Ол өмір сүреді, сүйгенін сағынады, өкінішін айтып жылайды, «қазағым» деп шырылдайды. Тағы бір сәтте ол өз жармағымен – сол ақырзаманның орнауына себеп болған қомағай, рухани жартысымен бетпе-бет келеді. Екеуінің арасындағы тартыс – рух пен нәпсінің, сана мен технологияның, адам мен алгоритмнің мәңгі айқасы іспетті.
Шынымен де қазіргі қоғамның дерті – жанталас. Бірі материалдық молшылықты қуып, екіншісі рухани жұтаңдықпен бетпе-бет келіп жүр. Өткеннің жарасы жазылмай жатып жаңа ғасырдың күйзелісі үстемдік етуде. Біз әлі де өзіміздің «жармағымызбен» – ішкі қайшылығымызбен арпалысып келеміз. Өзін жеңбеген ұлт та, адам да болашағын жеңіл таба алмайды.
Ж.Жұманбай сахналық нұсқада ұсынылған идеяны заманауи режиссерлік тәсілдер – голограммалар, экрандық проекциялар мен дыбыстық эффектілерді шебер қолдана отырып жүзеге асырған. Ол Мұраттың жармағы Маратқа айналу сәтін актерлік ойын арқылы емес, арнайы дайындалған бейнелерді LED экраннан көрсету тәсілімен әсерлі жеткізеді.
Шымылдық ашылғанда, көрерменнің көзіне зертханаға ұқсайтын суық кеңістік көрінеді. Осы сәттен-ақ оқиға ғылыми тәжірибеге құрылғанын, ал басты кейіпкердің сол эксперименттің нысаны екенін сезінеміз. Көп ұзамай сахнаға тұмшаланған екі актер шығып, Б.Тұрысты ақ матаға орап алып келеді. Бұл көрініс – оның еркінен тыс жүргізілген тәжірибенің құрбанына айналғанын меңзейді. Актерлік ойынға көмекші рөл атқаратын алты бөлікке бөлінген бейнеэкрандар түрленіп отырады. Ол бірде Мұраттың ғашығы Балжанды көрсетсе, енді бірде басты кейіпкердің әртүрлі кейпін қатар бейнелейді. Осы көріністерден біз ішкі дағдарысқа түсіп, санасы бөлшектеніп, жындылық пен ессіздіктің шегінде тұрған Мұратты көреміз. Себебі тақтадағы – дәрігер, полицей, молда, депутат сынды кейіпкерлердің барлығын – Б.Тұрыстың өзі орындайды. Бұл режиссердің бір актерге бірнеше бейне жүктеу арқылы кейіпкердің жан арпалысын тереңірек ашуға ұмтылған мақсатына ұқсайды.
Ал Марат-жармақ бейнесі қызыл кәстөмдегі төбе шашы екіге бөлінген ібілістің сұлбасына ұқсас. Ол зұлымдықтың, азғырушының көрінісіндей әсер қалдырады. Романда автор Марат Бейсеновичтің әрекеттерін белгілі бір дәрежеде ақтап алуға тырысса, спектакльде бұл кейіпкер мүлде қара бояумен сипатталып, толыққанды жағымсыз образ ретінде беріледі. Режиссер проекцияны тек экранда көрсетумен шектелмей, актердің киіміне де түсіреді. Осылайша Мұраттың ішінде Мараттың бейнесі шыға келеді. Бұл басты кейіпкерде бой көрсеткен екінші «менінің» пайда болуын, олардың арасындағы тартысты жеткізудің ұтымды шешімі болған.
Спектакльдегі маңызды детальдың бірі – домбыра. Романда кейіпкердің өткенін аңсататын, жармағымен байланыстыратын құрал Балжан бейнесі болса, қойылымда ол қызметті киелі домбыра атқарады. Мизансценаларда орын алған қақтығыстардың шешімі осы аспаптың үнінен табылады.
Моноспектакль – сахнагер үшін ең ауыр сынақтардың бірі. Жанында серіктес жоқ, тек өзі мен бос сахна. Сол кеңістікке өмір дарытатын актердің өзі. Бір ғана бейне емес, бірнеше тағдырды, талай күйді бойына сыйдыру оңайға соқпайды. Әр кезде мінез өзгеріп, дауыс құбылып отырады. Көрерменге бір мезетте қуаныш пен мұңды қатар ұялату мақсатында, актер өз ішкі әлемінің тереңіне үңіледі. Егер бір сәтке әлсіресе, сахнаның тынысы үзіледі. Ал әр секундты өмірге айналдыру – нағыз төзімділікті, шексіз шабытты талап етеді. Сондықтан бұл қойылымнан сахнагердің шеберлігін ғана емес, рухани қуатын тануға болады.
Бірақ спектакльдегі Мұрат-Бекжан Мағауиннің Мұраты тәрізді болды, зұлымдықты жеңе алмады, жеңілді. Мұраттың трагедиясы – өз болмысынан алыстаған ұлттың қасіреті. Ал Жармақ – соның ішінен шыққан, бірақ ұлттық түп-тамырынан ажыраған жаңа адам. Қойылым соңында кейіпкер өлім арқылы өзін азат етпек болады. Сахнаның ортасында бірде төсек, бір үстелдің қызметін атқарып тұрған төртбұрышты заттың үстіне шығып жанып кетеді. Режиссер мұны да проекция түсіру және жасанды жел арқылы шешкен екен. Бұл қорытындыға қарап, актердің 10 жыл бұрын ұлттық театрдың сахнасында қойылған «Ұлым саған айтам...» спектакліндегі тұтанған үміттің осы жолы сөнгенін ұғамыз.
«Балжаннан біржола айырылдым. Қырық жыл бұрын болған жайт. Бүгін идеалдап отырсам, солай да шығар. Бірақ қимаймын, ол өтті-бітті, сенің көрер қызығың таусылған жоқ деп қанша қажасам да, өзімді жұбата алмаймын. Сендер оны қайдан түсінесіңдер? Бар бақытым Балжанмен жоғалғаны анық. Оны Жармақ алып кеткен соң өлгім келді. Айтқанға оңай екен. Бір замандағы аруақты атадан қалған жалғызбын... Өлген соң, ана жаққа барғаннан кейін айбарлы жұртына асқар таудай тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем? Алаш ардагерлері қатарында атылып кеткен үлкен әкемнің бетіне қалай қараймын? Қысаста өскен, бөтен соғыстың от-жалынын өткерген, екі рет жер бетіндегі жаһаннамға түсіп, екеуінде де мені жеткізу үшін тірі шыққан, арманда, қапада қайтқан, бар үмітін маған артқан қайран көкем не айтады ертең, о дүниеге барғанда? О дүние тұрыпты, бұ дүниедегі адал есімдері арамға жалғасқан, жаманатқа ілінген біздің ежелгі әулет... ел бетіндегі шіркеу болғалы тұр емес пе! Асылдармен қатар, жасықтар да болған шығар, жақсының тасасында жамандары да жүрген шығар, бірақ қарабет, сатқын шықпап еді ғой біздің тұқымнан! Өздері сыйлаған өмірді өз еркімен өзекке тепкен, әулетін сатқан опасыз мен болам ба сонда? Жоқ! Мен өлмедім...» – деген Мұрат ішіндегі Марат-жармақтан құтылып, рухын салауатты қалпында сақтап қалу үшін өлімге бас тігеді.
Спектакль:
«Ақылды – аярлық жеңді.
Күшті – әдіс жеңді.
Әділетті – зұлымдық жеңді.
Елін, жерін қорғап қаза тапқан ер түркінің көмусіз қалған мүрдесін айлар бойы қарға-құзғын шоқыды.
Жаңа заманның голографиялық қарғасы мен құзғыны» деп аяқталады.
Бірақ «Үмітсіз тек шайтан» ғана емес пе еді? Иә, «үмітсіз тек шайтан». Демек, адам үмітін жоғалтпаған сәтінде ғана адам болып қалады. Сахнадағы «Жармақ» – дәл осы сенімнің сын сәтінде туған туынды. Ол жай ғана көркем шығарма емес, бүгінгі қоғамның рухани диагнозы секілді. Қазіргі адам – екіге жарылған сана, ішкі үйлесімін жоғалтқан болмыс. Бірі – техногендік өркениетке табынған, цифрдың құлына айналған «жарты адам», екіншісі – рухани тұтастығын сақтағысы келетін «мәңгі адам». Театр осы екі жартының күресін сахна тілімен сөйлетіп отыр. Өйткені театр – тек өнер емес, ол рухтың зертханасы, қоғамның айнасы. Онда біз өзімізді көреміз, өз дертімізбен бетпе-бет келеміз. Әр кейіпкердің арпалысы – әр көрерменнің ішкі соғысы. Сол себепті «Жармақ» бізге тек оқиға емес, айна ұсынады: біз кімбіз және кімге айналып барамыз деген сұрақты. Мүмкін, бұл туынды рухани дағдарыстың көрінісі шығар. Бірақ әр дағдарыс – жаңғырудың бастауы.
Күннің шығуы үшін түннің қоюлануы заңды. Адамзат тарихында әр өркениет өз шегіне жеткенде тоқырау арқылы жаңа сапаға өтеді. Сол сияқты бүгінгі рухани күйзеліс те адамзаттың сана жаңғырту алдындағы азабы болуы ықтимал. Театр – сол сауығу процесінің сахналық формасы. Сахнада адам жанын зерттеу арқылы қоғамның жарасын тануға болады. «Жармақтағы» кейіпкер өз жартысымен күресе жүріп, рухтың мызғымас өзегін іздейді. Бұл әрбір адамның, әрбір ұлттың, тіпті бүкіл адамзаттың күресі. Бәлкім, адамзаттың нағыз ақырзаманы технологияның үстемдігі емес, рухтың үнсіздігі болар. Ал театр – сол үнсіздікке қарсы шыққан рухтың соңғы дауысы. Сахнада айтылған әр сөз, әр үндеу – адам баласының ішкі сауығуға ұмтылысының белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, «Жармақ» – үміт пен үрейдің шекарасында тұрған бүгінгі заманның рухани ем-домы. Ол бізге: «Қараңғылықтың қоюлығы – жарықтың жақындығының белгісі» деген ежелгі шындықты еске салады.
Ақерке СӘДУ,
театртанушы