Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
Бейбіт елдің берекесін қашырып, беделін түсірген қиямет-қайым трагедия биліктің бетпердесін түгелімен сыпырып тастады.
Жалаңаш атқа мініп, жауға шабатын батырдай көрінетін Қазақстанның сырты аппақ, іші батпақ екенін айдан анық көрсетіп берді. Мемлекет мәртебесіне нұқсан келді, ұлт дидарына дақ түсті. Жауыздықтың үлкен-кішісі болмайды: қан төгілді, ғимараттар қирады, дүкендер тоналды, көліктер өртенді. «Бізде бәрі керемет, бәрі жақсы» деп әндетіп, әләулайға басып жүрген биліктің өз білермендігі өңешімізге қанжардай қадалып, тәуелсіздік тұғырын шайқалтып жіберді. Жайлы әуеннің жетегінде жүрген қалың елбасбұзар бандиттердің агрессиясынан соң ұйқыларынан шошып оянды. «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» демекші, мұндай сұмдықтың болатыны ешкімнің де түсіне үш ұйқтаса кірмеген еді. Өйткені біз әлдеқашан биліктің бетқаратпас кеудемсоқтығынан Еуразия кеңістігіндегі ең бай, бақуатты елге айналып кеткен болатынбыз. Елдегі жағдай тұрақталып, атыс-шабыс тоқтап, оқ дәрінің иісі сейіліп, өмір бәз-баяғы қалпына оралған соң «Біз мұншама бейшара халге қалай түстік?» деген сұңғыла сұрақ жаныңды жегідей жейді екен. Ертелі-кеш террористік шабуылдың бір болатынын бес саусағындай білетіндер болған шығар-ау. «Атамның да, қайнағамның да атын білемін, бірақ айтпа деген соң айтпаймын» демекші, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойып отыратын билік ондай отаншылдыққа қайдан жол бере қойсын. «Жау кеткен соң қылышыңды көңге шап» болмайық, айдың аманында бейбіт заманда орын алған орасан әлеуметтік жарылыстың тамырын тереңнен қаузап көрейік.
Ұлы Абайдың нағашы жұрты болып келетін Тонтай деген кісі өте тапқыр, сөзге шешен, ширақ, пысық адам болған екен. Тонтай ауырып жатса, сол елдің бір молдасы қайта- қайта келіп көңілің сұрай беріпті. Себебі белгілі: Тонтай өлсе жаназа шығарады, түсім көп түседі. Молданың осы ойын білген Тонтай, бір күні көңілін сұрап отырған молдаға: «Жазыла, жазыла қожа- молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас», — депті. Сол айтпақшы, мақтанып-мақтанып масқара болғанымыздың мойындауымыз керек. Биліктің мақтаншақтық идеологиясы халықты деградацияға ұшыратып, бетімен кеткен елге айналдырды. Елім дейтін Едігедей бір ер шығып: «Ей, бұларын не? Мақтанып-мақтанып бұтымызды былғап алмайық. Қойыңдар, түге!» дейтін бірде-бір адам табылмады. Өйткені билік өздерін мақтағанды, мақтанғанды жақсы көрді. «Ай, Абылай, Абылай!» деп ханның қателігін көзіне шұқып айтатын Бұқар жырау бабамыздың атынан да, аруағынан да айналып кетсең болады.
Қазақ о баста мақтаншақ адамдарды мазаққа айналдырған. Ал біз болсақ отыз жылдан бері барды-жоқты малданып, ауыз көпіртіп мақтануымызды жалғастыра бердік. Айталық Құдай бере салған Ассамблеяны ауыздан түсірмедік. Түрлі дін өкілдерінің басын қосып, жиын өткізгенімізді мәртебе санадық. Индустрияландыру, жылыжай, жол, тұрғын үй, мектеп, балабақша салып жатқанымызға жарыла жаздап мақтандық. Неге мақтанып жатырмыз деген ой ешкімнің қауашағына келмеді. Шындығын айтқанда оларды миллиардерлер Тимур мен Динара, Болат пен Ким, Машкеевич пен Ибрагимовтердің ақшасына емес, мемлекеттің қаржысына салдық қой. Біздің айтайын дегеніміз биліктің мақтаншақтық идеологиясының астарында – ашкөздік, көзбояушылық, жағымпаздық, опасыздық, алаяқтық, жемқорлық т.б. «жексұрындар» жайғасып жатып алды. Билік осылайша барлық қитұрқы әрекеттерін, ел байлығын тонап, талан-таражға салып жатқанын мақтаншақтық идеологиясымен жасырып жауып, халықтан мүлдем алшақтап кетті. Байлықтың буына мастанған биліктің көзін шел басып туған елдің тағдырына жанашырлық таныта қойған жоқ. Сол құлақ сарсытқан бос мақтан абырой әпермегені былай тұрсын, ұлттық трагедияға айналып шаңырағымызды шайқалтып жібере жаздады.
Барыс жылының басында бандиттің маскасын киіп баса көктеп ойран салған террористердің туған топырақта тамыр жайғанына аз уақыт болмаған сияқты. Мұздай қаруланған қаныпезерлердің аяқ астынан қаптап кеткені мақтаншақ билікті таңқалдырған жоқ. Отанын сатқан опасыздар ойран болатынын алдын ала білген, тіпті ауыз жаласып, жұдырықтай жұмылып бірге әрекет еткендері көрініп тұр. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демекші, ұлттың қауіпсіздігіне жауап беретін мекеме тізгінін ұстағандардың сатқындығын ештемемен ақтап алуға болмайды. Мұнын бәрін елдегі кадрлық саясаттың іріп-шірігенін көрсетеді. Бір адамның ғана батасын алса болды, ұшпаққа шығып ұлан-ғайыр билікті иемденетін кадрларда адалдық, ұлтжандылық, отаншылдық, адамгершілік қасиеттері қайдан болсын. Олар уысына түскен қызметті малтабар сиқырлы таяқшадай көреді. Мемлекеттің тірегі болып табылатын кадрлық саясатты былықтырып, кір-қоқыс алаңына айналдырып жібердік. Өз орнында отырған кадрлар аз, қадірсіз кадрлер көп. Тазалық пен адалдық принциптері сақталмайды. Кадрларды іріктеу, таңдау және тағайындауда жаппай тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, протекционизм, рушылдық, жершілдік сияқты өркениетке өш жабайы әрекеттеріміз әлі күнге рухани мүгедектігімізді көрсетеді. Мұхит асып оқығандардың да, өзімізде даярланған мамандардың алдынан алақанын жайған ашкөз «ағалары» тұра қалады. «Балық басынан шіриді» десек, жанашырлықтан жұрдай биліктің көзқарасы жастардың меселін қайтарып босбелбеу тобырға айналдырып жібереді. Жұмыссыз жүргендерден бәрін күтуге болады.
Президент сарайында өткен кезекті бір жиында даналығы даралығын көрсетіп тұратын драматург – жазушы Қалтай Мұхамеджанов сөз алып: «Құрметті Нұреке, қазір біздің елде жаңа қабылданған ән ұранды көп адам сыйламай бара жатыр. Гимн ойналғанда осында отырғандардың кейбіреулері орындарынан тұрған да жоқ. Ал Америкада гимн ойналған кезде банк тонап жатқан ұрылар да қалт тұра қалады екен. Қанша дегенмен олар сол елдің ұрылары ғой. Біз сол ұрылар құры болмағанымыз ба?» — депті. Сол айтпақшы ұры-қары, қанағатсыз алаяқтар мен жемқорлық жайлаған жерде отансүйгіштіктің орны ойсырап тұрады екен. «Балалардың тәрбиесін үлкендерден бастау керек» (М.Горький) демекші отансүйгіштік жас талғамайды, ел тұрғындарының бәрі асыл қасиетті бойларына дарытып, сүйектеріне сіңіре білулері керек. Оқу ордаларында патриоттық тәрбие беру көзбояушылықтың арғы-бергі жағында, науқаншылдық тәсілмен жүргізіледі. Аудан, облыс әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлары болып есепші немесе кездейсоқ адамдар тағайындала салады. Идеологияның иісі мұрнына бармайтын адам кімге тұтқа болады десеңізші. Тарихи, мәдени, салт-дәстүр құндылықтарын қатаң сақтайтын көрші өзбектерде «Отанды сүймек иманнан дүр» деген қағиданы қандарына сіңіріп алған. Ал біз болсақ ата бөлісіп, атақ бөлісіп, ақша бөлісіп ырду-дырду болып, талас-тартысқа түсіп жатамыз. Әсіресе байлыққұмарлық, қанағатсыздық, дүниеқоныздық бірінші кезекке шығып кетті. Оның үстіне байлар саны артып, кедейлер қатары азаймай, екі арасы ит шөлдеп өлетіндей алшақтап кетті. Күні кіжінумен өтетін кедейлер бай боламын деп тыраштанғанынан түк шықпаған сон, арандатушылар мен басбұзарлардың жемтігіне айналып шыға келді.
Атам қазақ: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп бекерге айтпаған екен. Екі жарым жылдан бері ел тізгінін екі адамға ұстатып қойып, әлемде болмаған тәжірибе — спектакльды тамашалап көрдік. Ескі сүрлеу есімізден тандырып, жаңа соқпаққа жол бермеді. Өркениетті елдердің бәрі бір президент — бір мемлекет қағидасымен өмір сүріп жатқанда, біз бүйректен сирақ шығарып өзбілермендігімізден оңбай таяқ жедік. Бұл — жарылысқа жол ашқан биліктің мақтаншақтық идеологиясынан кейінгі ең озбыр себептерінің бірі болды. Абай заманында бір рудың беделді кісісі Құнанбайға: «Арқада қыс алты ай болушы еді, сенімен жетеу болды ма?» депті. Билік қойған «спектакльдің» осал тұсын анық андыған жау азу тісін ақситып, қыстың көзі қырауда бейбіт шерудің аяғын агрессияға айналдырып жіберді. Тақтан түсу трагедиясы біздің бақытымызға орай сәтті аяқталды.
Президент Тоқаев: «Жаңа Қазақстан құрамыз!» деп ел санасына сәуле түсіретін салмақты сөзді айтып та үлгерді. Бұл «Мәңгілік ел» боламыз деген күлкілі идеяның жалғасы емес, Тоқаевтың табан тіреп тұрып айтқан нақты шешімі. Аяқтан шалатындарды аямауымыз керек. Президент Тоқаевтың таза, принципшіл, адал, ұлт болашағын ойлаған кемеңгер басшы екеніне ел кәміл сенеді. Ондай болса президент өз төңірегіне серік болатын отансүйгіш, адал азаматтарды топтастыру керек. Парламенттен бастап елдегі барлық құрылымдарда қызмет ететін кадрлар корпусы арасында бүкілқазақстандық тазалау акциясын жүргізсе ашкөз, сұғанақ, жағымпаз, құйыршықтардан құтылып баянды болашаққа батыл қадам басқан болар едік.
Жаңа Қазақстанға ақ жол тілегіміз келеді.