«Жас Алаш» – қазақтың сөз киесін арқалаған қасиетті шаңырағы

Жастардың жан серігі – «Жас Алаш» газетінде тілшілікке төселген әріптестер көп. Олардың арасында бүгінде есімдері танымал ақын-жазушылар, әдебиетші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлер де жетерлік.
Соның бірі – белгілі журналист, Қазақстан журналистер академиясының академигі, мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба. Сонау 1980 жылдары ҚазМУ-да оқып жүрген шағынан бастап, сол кезде Қазақстанда тұңғыш рет ашылған студенттердің «Өркен» газетіндегі жастар өмірінен жазған тұшымды мақалаларымен танылған Әділбек университетті тамамдағаннан кейін тілшілік қадамын республикалық «Арай» журналында бастады. Онда да жылы суреттемелері, шынайы репортаждары мен жүрекжарды сұхбаттары арқылы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Осы «ықылас» дегеннен шығады, оның жазғандары сол кезде тек оқырмандарды ғана желпінтіп қоймай, жастар журналының бетінде жарық көрген дүниелерді елеп-екшеп отыратын Қазақстан комсомолы орталық комитетіндегілердің де назарын аударса керек, ол сол кездері екінің бірінің қолы жетпейтін, кез келген есігінен сығалай алмайтын тарихы мен тағылымы мол «Жас Алаш» газетіне жұмысқа шақырылды.
Әділбек ҚАБА:
– Біз КСРО кезінде білім алған ұрпақ болғандықтан, кеңес заманындағы қоғамда орын алған әділетсіздікті көріп өстік. Кез келген әділетсіздіктің түбі халықтың ашу-ызасын туғызатыны белгілі. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды. Кластастарым, сол кездегі зооветтің студенттері С.Қошпанов, Б.Ақботаев, курстастарым Б.Қожанов, Қ.Исина, Ж.Тойбазаров және т.б. жастармен бірге алаңға бардық. Желтоқсандық жастардың сол кездегі жанқиярлық ерлігі мен патриотизмі өмір бойы менің жадымда жатталып қалды. Қазақ топырағынан бастау алған бұл көтеріліс барлық одақтас республикалардағы елдің санасын дүр сілкіндіріп, тоталитарлық қоғамның құлауына серпін берді. Кейін бұл, әлдекімдер айтып жүргендей, жай ғана қатардағы оқиға емес, азаттықты аңсаған қазақ жастарының көтерілісі екенін саралап-сараптап, «Жас Алашқа» мақалалар циклын әзірледім. Сол жылдары КазГУ қалашығында бес студент қызды өлтірген маньяк туралы мақала жазғаным да есімде. Осындай бірнеше өзекті мақалаларым орталық комсомол комитетіндегілер мен бас редактор У.Қалижанның назарына ілінсе керек, ойламаған жерден мені «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырды.
Өз редакторым Әшірбек ағаның көңілін қимағаныммен, «Лениншіл жастың» есігін имене аштым. Ол кезде «Лениншіл жаста» Бағдат Жандосай ақсақалдың өзі бір төбе болса, Ж.Аупбаев, Е.Сағат, Ж.Шаштайұлы, Ж.Бейсенбаев, Ж.Солтиева, Қ.Жиенбаев, Ө.Оралбаев, Ә.Қайырбеков, Н.Үркімбаева, Н.Жүнісбай, Қ.Әзімхан, С.Парманқұл, Д.Дүйсебай, С.Рәсілов, Ә.Тарақ, Қ.Ботбаев, Р.Ханалы сияқты аға толқынның мықтылары мен кейін журналистиканың бір-бір шыңдарына айналған Б.Омаров, Б.Исабаев, Қ.Әлімбеков, Б.Нұрахметов, Ә.Әуелбеков, Қ.Рысбеков, Н.Байсақалова, Ә.Қойтанов, Ж.Омаров, Б.Сияев сияқты азаматтар жұмыс істейтін. Кейін олардың қатары Ж.Дуанабай, Ғ.Мелдешов, С.Зеберханұлы, Б.Бейсенұлы, Н.Мауытов, Т.Ілімжанов, Ә.Алпысбаев, Қ.Достанов, Ш.Шахай секілді журналистермен толықты.
«Жас Алашқа» келгеннен кейін бір апта өткенде бас редактор У.Қалижан мені Атырау облысының Құлсары кентіне іссапарға жіберді. Бұл кезде «Тенгизшевройл» компаниясы елге жаңадан келіп жатқан кезі. Журналистік зерттеу барысында компанияның күні ертең іске қосқалы отырған мұнай өңдеу зауытының экологиялық қондырғыларды ұмыт қалдырғанын, жергілікті азаматтарды жұмысқа алмайтынын, олардың әлеуметтік жағдайын ескермейтінін, тіпті еден жуушы мен аспаздың өзін шетелден алып келетінін анықтадым. Мұнайға бай жердің халқы еденінен сыз өтетін тоқал тамдарда тұрады. Шеттерінен туберкулезбен ауырады. Ал мұнайды өндіріп, өңдеуші шетелдік компания осы ел алдында ешқандай әлеуметтік міндеттеме алмаған.
Бір аптаға созылған іссапардан оралған бойда «Теңізге теңдік керек» деген тақырыппен мақала жарияладым. Мақалада «Тенгизшевройл» экологиялық қондырғы орнатпайынша, жұмыс істеуге рұқсат етілмесін; арнайы мамандардан басқа, қарапайым жұмысшыларды жергілікті жерден алсын; ұлттық мұнай саласы мамандарын даярлау үшін ҚазПТИ-дың Атыраудағы филиалы ашылсын; жергілікті халыққа үй салып беру, медициналық, басқа да көмектер көрсету бойынша әлеуметтік міндеттемелерді мойнына алсын; туберкулезге шалдыққан Атырау тұрғындары жаппай медициналық тексеруден өткізілсін деген 7-8 талап қойдым.
Мақала шығысымен-ақ газет жазған келеңсіздіктер партия комитеті отырысында қаралып, қойылған талаптарды түгелдей орындауға тапсырма берілді. Бір айдан кейін іске қосылуы тиіс компанияның жұмысы экологиялық қондырғы орнатпайынша, бір жыл тоқтап тұрды. Араға жыл салып, компания қойылған талаптардың бәрін орындады. Мақала шыққан күннің ертеңінде журналист Өтеген Оралбаев қолымды қысып тұрып: «Әділбек, жарайсың, Құлсары менің туған жерім болса да, оның проблемасын дәл осылай көтеріп жазбаппын, өте жақсы мақала екен», – деді. Бұл менің «Лениншіл жасқа» келген соң, аға буын әріптестерімнен естіген ең алғашқы мақтауым еді.
Бұл кезде мен «Еңбекші жастар» бөлімінде қызмет ететінмін. Демократиялық қоғам құрамыз деп, әртүрлі партиялар құрылып, саясатпен келіспеушілер күнде митинг, аштық жариялауы көбейген тұста мені «Саясат» бөліміне ауыстырды. Көп ұзамай 90-жылдардың аумалы-төкпелі заманы басталды. Комсомол тарады. Бұл кезде мен «Әлеумет», кейін «Құқық және заң» бөлімдерінде бөлім басшылары Б.Исабаев, Б.Нұрахметовтермен жұмыс істедім. Осы кезеңде бас редактор У.Қалижан газетті жаңа деңгейге көтеріп, «Лениншіл жас» ұлттық рухқа лайық жаңарып, «Жас Алаш» болып аталды. Бас редактордың орынбасарлары Е.Сағат пен С.Парманқұл ел мүддесіне жақын тақырыптарды көбірек көтеруге күш салды. «Сергектік» спорттық, «Ырғақ» музыкалық, «Жібек жолы» экономикалық, «Мыңнан бір мезет» танымдық, «Сүзеген сөз» сатиралық қосымшалары осы кезде дүниеге келді.
– Қайта құру мен ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі аумалы-төкпелі заман, қағаз-қаражат тапшылығы «Жас Алашты» да айналып өтпеген шығар?
– Әрине, Одақтың ыдырауы, кеңестік экономиканың күйреуі «Жас Алаштың» жағдайына да қатты әсер етті. Бұл газеттің бас редакторы қызметіне Т.Данияр, редактордың орынбасарлығына Қ.Әзімхан, ал мен жауапты хатшы қызметіне тағайындалған кез. Сол жылдары қағаз тапшылығына орай, аптасына бес рет шығатын газеттің бір-ақ рет шыққан кездері де болды. Бұл тығырықтан сол кездегі бас редактор Төрехан Данияр түрлі фирмалардың есігін қағып жүріп, қаражат көзін тауып, «Жас Алашты» құлатпай, аман алып шықты. Оқырмандар қандай мәселені де редакцияға хат жолдау арқылы шешуге тырысатын. Ондай хаттардың ізімен іссапарға шығып, мәселенің мәнін ашық жазып, «Журналист жолға шықты», «Дабыл қағамыз», «Бір хаттың ізімен», «Жазылған жайдың жаңғырығы» секілді айдарлармен газет бетінде жариялап тұратынбыз.
– Аталмыш басылымда сіз тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары секілді сатылардан өттіңіз. Анығында, мұның бәрі журналистің мерзімді басылымда толыққанды «қайнауы» үшін аса қажет кәсіби шеберлік мектебі екеніне келісесіз ғой?
– Газеттің макеті – тұнып тұрған бір әлем. Жанрлық тұрғыда мақаланы беру формасын ойлап табуды айтпағанда, оны толықтыратын суретті орналастырудан бастап, әрбір айдарға қатысты логикалық байланыстың жібін үзіп алмай, қажетті штрихтарды өзара үндестіріп-сызу, тақырыпты ойнату – жауапты хатшының еншісінде. Жалпы, «Жас Алаштың» көзтартымды болып шығуына біздің кезімізде Е.Сағат, С.Парманқұл, Қ.Әзімхан, Ә.Қойтан, С.Зеберханұлы, Б.Бейсенұлы, Қ.Әбуов, алғашқы компьютерлік беттеушілер Б.Ойса мен А.Қаба ерекше еңбек сіңірді. Сол сияқты редакциядағы жастардың ақылшысы болған Бүбіхан апай мен Бағдат ақсақалдың, газеттің сауатты шығуына көз майын тауысқан Әйкен, Бағдат апайлар, Алтынай, Гүлнар, Ләйла, Рабиға, Гүлзат және т.б. корректорлар келген мақалаларды қолы-қолдарына жұқпай, басып беріп отыратын, тіпті кейбір мәселелерді өздері түзетіп жіберетін Сәлима, Аяш, Кәмшат секілді қыздар «Жас Алаштың» бағына біткен асыл жандар еді.
«Жас Алашта» он шақты жыл жауапты хатшы болғаным мен үшін үлкен мектеп. Ойлап отырсам, мен У.Қалижан, Т.Данияр, Н.Жүсіп, Ж.Қорғасбек секілді төрт редактормен қызмет етіппін. Заман жаңарған сайын, газеттің де жаңа идеялармен толығып, жаңаруы заңдылық. Мәселен, «Жас Алашқа» Н.Жүсіп басшылық еткен жылдары басылым жаңа белеске көтерілді. Редактор орынбасары Қ.Сәрсенбай да нағыз идеяшыл, ізденімпаз азамат. Осы кезде газетке Ж.Әшімжан, Ә.Балқыбек, Р.Қараева, А.Аханбайқызы, Т.Ешенұлы, А.Сабдалин, Г.Нұрмолдақызы, Г.Тәжиева сынды талантты жастар келді.
Әлі есімде, Н.Жүсіп бас редактор болып келген бетте мен жауапты хатшы ретінде газетті шығаруға қатысты кесте-жоспар жасап, ұжымның алдында таныстырдым. Онда мұғалімдерге – «Қоңырау», тәртіп сақшыларына – «Қалқан», отбасылық тәрбиеге – «Ақ отау» сияқты әр оқырман аудиториясына арналған 15-ке жуық қосымша болды. Оның үстіне әр журналист бір тақырыпты ұстанып, тереңдете зерттеп, ізденуі үшін аптасына бір тақырыптық бет белгілеген болатынмын. Н.Жүсіп заман талабын, оқырманның сұранысын алдын ала сезіне білетін, қоғамның көңіл күйін болжап, дәл баса алатын сезімтал редактор. Оған бұл идеялар бірден ұнады. Сөйтіп, «Жас Алаштың» жаңа кезеңі басталды.
– Бұған дейін жоғарыда өзіңіз айтып өткен әлеумет, экономика, заң-құқық тақырыптарына төселген сізге екінің бірінің тісі батып, төзімі жете бермейтін «Мыңнан бір мезет» қосымшасына бет бұруға не себеп болды?
– Біле білсек, қазақ даласының әр түкпіріндегі қасиетті жерлер, аты аңызға айналған әулие-бабаларымыз, төл халқымыздың ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелер, ұлттық салт-дәстүр мен ырым-жоралғылар, дәстүрлі шипагерлік мектеп – біздің мәдениетіміз бен руханиятымыздың бір бөлшегі. Өзге елдер бір ерекше ағаш пен өзен-көлден аңыз жасауға ұмтылады. Мәселен, Кунның мифтері арқылы дүниежүзі грек елінің тарихын танып-білсе, Тибет медицинасының арқасында Қытай елін әлем мойындады. Анығында, бұл тибет монахтарының шөппен емдеу тәсілін сонау ХV ғасырда емші Өтебойдақ әлдеқашан «Шипагерлік баян» еңбегінде жазып кеткен. Яғни бұл қазаққа таңсық емес.
Халқымыз ежелден «аруақ» ұғымына құрметпен қараған. Дүниеден өткен адамның қырқын берудің астарында үлкен мән жатыр. Бүгінгі күні бұл тек түркі жұртына тән рәсім емес, медициналық тұрғыда тура 40 күн өткенде марқұмның тәніндегі ет пен сүйектің бір-бірінен ажырап, жанның рухтар әлеміне бейімделуіне байланысты кезең екені дәлелденді. Ал біздің қазақ оны ешбір ғылымсыз-ақ, өмірлік тәжірибесі арқылы бағамдай білген. Негізі, әр халықтың өзінің руханиятына қатысты мұраны жарыққа шығаруы оның туған еліне деген сүйіспеншілігін оятады. Бұл тақырыпқа келуіме бала жасымнан қызыға оқыған «Рүстем–Дастан» шығармасы, «Көрде туған Көргұлы» кітабы мен ондағы ғайып-ерен қырық шілтенге қатысты иллюстрациялар, ата-анаммен бірге «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын пластинкадан ұйып тыңдайтыным әсер етті ме екен деп ойлаймын.
Осындай тілектен туған «Мыңнан бір мезетті» бір өзім 12 жыл бойы шығардым. Ел ішіндегі аңыз-хикаяттар, діни пәлсапалық жазбалар, шешендік сөздер, діни мақалалар мен аңыздарды үнемі газет бетінде беріп тұрдық. Яғни «Аңыз түбі – ақиқат» болуы мүмкіндігін де жоққа шығармадық. Отарлаушылар тарихымызды өтірік жазып, өткенімізді ұмыттыруға тырысқаны рас қой. Оның үстіне Кеңес өкіметі заманында қудалауға ұшыраған ислам діні бұл жылдарда әлі бел ала алмаған кез еді. «Дін – апиын» деп оқытқандықтан, қоғам негізінен атеист болатын. Осы «МБМ» көп адамның жүрегіне иман ұялатып, дінге, қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-жоралғыларына бет бұруына себепші болды. Бастапқы кезде А-2 форматында бір бет боп шығатын бұл қосымша 1-2 жылдың ішінде А-4 кіші форматында сегіз бетке дейін көбейіп, тиражы 130 мыңға дейін жетті. 1991 жылы «МБМ-те» шыққан дүниелерді көрген Абай атындағы КазПИ-дің философия факультетінің кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д. академик Қатыршат Шүленбаев маған осы тақырыпта кандидаттық диссертация жазып шығуыма кеңес берді, өзі жетекші болды. «Қазақ мифтері» туралы зерттеу еңбегімді жазған кезім осы тұс. Кейіннен ондағы аңыз әңгімелердің бәрі «Қазақ мифтері» деген 55 томдық жинаққа кірді. Сол жинақталған мақалалар негізінде менің «Мыңнан бір мезет» атты ғылыми-танымдық кітабым шықты.
– Қателеспесем, сіз «Айқын» газетінің негізін салушылардың бірісіз. Жастығыңыздың куәсі – «Жас Алашпен» қоштасу қиын тиген жоқ па?
– 2004 жылы республикалық «Айқын» газеті ашылып, оның бас редакторы С.Жанболаттың шақыруымен бас редактордың бірінші орынбасары болып жұмысқа ауыстым. Кетерде жасалаштықтар шығарып салғанда кәдімгідей көзіме жас алып, қимай қоштасқаным есімде. Бұл кезде газеттің бас редакторы Ж.Қорғасбек болатын және Ә.Меңдеке, Е.Әбдіраман, Р.Ерболұлы секілді азаматтар жұмысқа келген кез.
Менің «Жас Алашпен» қоштасуыма қатысты бір ғажап оқиға бар. Он алты жыл жұмыс істеген ұжымыммен қоштасар сәтте әріптестерім маған қамшы сыйлады. Алғашында оған аса мән бермей, үйге апарған бетте сандыққа салып қойғанмын. Бірде жаңағы қамшының бас жағы кәдімгі тірі жылқының басы болып, түсіме енді. «Бұл ненің белгісі?» деп ойлап, сандықтан алып қарасам, шынымен де, қамшысаптың басына аттың басы ойылып салынған екен. Бұрын қалай байқамағаныма таңғалдым. Содан бастап, бүгінге дейін – 17 жыл бойы бұл қамшы менің бойтұмарым, үнемі өзіммен бірге. Міне, сондықтан да мен «Жас Алаш» қазақтың сөз киесін арқалаған қасиетті шаңырағы екеніне сенемін.
Сөйтіп, әлі дүниеге келмеген «Айқын» газетін ақ парақтан бастадық. Мақалаларды көпсөзділіктен гөрі ақпараттық стильде беруге тырыстық. «Жас Алаш» газетінен «Айқынға» Б.Бейсенұлы, Ж.Дуанабай, А.Аханбайқызы, Р.Қараева, Г.Тәжиева тәрізді журналистер және корректорларымыз Әйкен, Бағдат апай мен Ләйла Тоқалова бар, он шақты адам менімен бірге кетті. «Жас Алаштың» мектебінен шыққан әккі журналистер «Айқынды» бұрыннан шығып жатқан газеттей-ақ, бірден қиындықсыз шығара бастады. Айналасы 1-2 жылда бұл газет тиражы жағынан бұрыннан шығып келе жатқан үлкен басылымдармен иық тірестіре алатындай деңгейге жетті.
– 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсіз. Қаламды шенеуніктің орынтағына айырбастауыңыздың сыры неде?
– Шынын айтайын, қанша лауазымды қызмет атқарсам да, өзімді шенеунік сезінген емеспін. Баяғы «Жас Алаш» мектебінен қанға сіңген қарапайымдылық, ұлт мүддесіне жақындық мінез болып қалыптасып қалса керек. Оның үстіне соңғы 2009-12 жылдары бас прокуратурада қазақ тілін дамыту басқармасының басшысы қызметінде мемлекеттік жұмысты қазақыландыру ісімен айналыстым. Одан соң сегіз жыл парламент сенатында баспасөз қызметі басшысының орынбасары, кейін бөлім меңгерушісі, парламент сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметінің жетекшісі секілді қызметтерді атқардым. 2020 жылдан мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары және осы жылдың қыркүйегінен бастап аталмыш комитеттің төрағасы болып еңбектеніп келемін. Бұл қызметте мен келгеннен латын әліпбиіне көшуге арналған жобаларға жетекшілік еттім. Қазір қолымнан келгенше қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жатырмын. Байқағаныңыздай, мен журналистикадан, тілден алыс кеткен жоқпын. Ал мұның бастауы мен секілді ауылдың ұяң баласын өз мектебінен қанаттандырып, қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті шаңырақ – «Жас Алашта» жатыр.
— Әңгімеңізге рақмет.