«Жас Алаш» араласқан екі дау шешімін тапты

Қазақстанда қарапайым азаматтардың құқығы аяқасты болып, шенеуніктер мен алпауыт компаниялардың заңды белден басуы үйреншікті әдетке айналғандай.
Бірақ «Жас Алаш» жариялаған екі даулы іс бойынша кейінгі аптада оң шешім шықты. Редакция бұған дейін Балқаштағы еңбек дауына қатысты оқиғаны және Кеген ауданындағы қызметтік пәтер төңірегіндегі даулы жағдайды кеңінен жазған еді. Көп өтпей, Балқаштағы Тәңірберген Сейітмағзұм 10 млн теңге өтемақы алатын болды. Ал Кегендегі қызметтік пәтер қайтадан әкімдікке өтті.

Балқаш: ауыр жарақат алған жұмысшы өтемақысын алады
2024 жылы мамырда Балқаш қаласындағы Tranco Balkhash кәсіпорнында теміржол маневрі кезінде ауыр жарақат алған жас маман Тәңірберген Сейітмағзұм туралы «Қазақмыс» пен Tranco Balkhash арасында қысылып қалған тағдыр» (№52, 1 шілде) атты мақала «Жас Алашта» жарық көрген. Оқырман есінде болса, тәжірибесі жоқ жас маман жұмысқа кіріскен соң көп ұзамай жүк көлігі мен пойыз вагонының арасында қысылып, жамбасы 19 жерінен сынған. Анасы бір жыл бойы әділдік іздеп, өтемақы талап еткен. Алайда ірі компаниялар жауапкершіліктен жалтарып келген. Ақырында іс жабылуға таяған.
«Жас Алаш» бұл істі мұқият зерттеп, Tranco Balkhash компаниясының өндірістік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғанын, ал «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдары оқиғаға жанама қатысы болса да, жауапкершілік алудан бас тартып отырғанын анықтап жазды. Сонымен қатар бұл компания артында тұратын ықпалды кәсіпкер Ғафур Ихсан туралы да мәлімет берілді. Мақала жарық көргеннен кейін Tranco Balkhash компаниясы тарапынан қозғалыс байқалды. Бір аптаға созылған келіссөзден соң, зардап шеккен тарап пен Tranco Balkhash компаниясы арасында 10 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы келісім жасалып, құжатқа қол қойылды. Жас жігіттің анасы Зәмзагүл Хамит редакцияға хабарласып: «Өтемақы алуымыз сіздердің арқаларыңыз, «Жас Алашқа» алғысымыз шексіз. Енді баламның еміне қажет қаржыны аламыз», – деп ризашылық білдірді.

Кеген: үйдің «иесі» Үркімбаев кілтті тапсырды
Алматы облысының шалғайдағы Кеген ауданында болған тағы бір даулы оқиғаға байланысты аудан азаматтары «Жас Алаштан» көмек сұраған еді. Редакция 2022 жылы Кеген ауданына полиция бөлімінің басшысы болып келген Ерлік Үркімбаевтың қызметтік үйді басқа ауданға ауысып кетсе де босатпай отырғанын егжей-тегжейлі баяндап жазды.
Мәселенің мәнісі мынада: Үркімбаев 2022 жылы ақпанда Кегенде қызметтік үй алу бойынша әкімдікпен келісімге отырып, сол жылдың қарашасында Ұйғыр ауданына ауысып кеткен. Бірақ соған қарамастан, Кеген аудандық әкімдігі мен тұрғын үй комиссиясы оған 2023 жылдың басында жаңа қызметтік үй беріп жіберген. Ал Үркімбаев сол мезетте Ұйғыр ауданынан да қызметтік үй алып қойған. Осылайша ол заңсыз түрде екі ауданнан да үй алған.
Бір қызығы, Кегеннің қазіргі әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бұл мәселеге араласқанмен, шеше алмай, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атына екі рет хат жазып, көмек сұраған. Алайда нәтиже болмаған. Редакция бұл жағдайды «Теңізбаевты Үркімбаев тыңдамайды, Сұлтанғазиев естімейді» (№54, 8 шілде) деген тақырыппен мақала жариялады. Мақала шыққан соң бұл мәселе де шешімін тапты. Тұрғын үй комиссиясының мүшесі Мақпал Шадан хабарлағандай, Үркімбаев қызметтік пәтердің кілтін әкімдікке қайтарып берген. Мұны ол 8 шілде күні кешке ресми түрде растады.