Жас Алаш – бір өзі бір дәуір

Қызық, кейде көзімізге көрінбей, көңілімізге сезілмей, өтіп жатқан «өмір» атты уақыт құдды бір ұшқыр көлеңкеме дерсің.
Бүгінгі күні олай деп, тебіреніп-толғануыма себеп былтырғы сиыр жылы басталып, биылғы барыс жылына дейін созылған жастықтың жалауы іспеттес – «Жас Алаштың» ғасырлық мерейтойының да лезде өте шығуы. Иә, «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, жасалаштықтар өткен жылы беташарын жасаған басылымның негізгі ұлықталып, тойлануының сәті тек осы жылғы Наурыздың қарсаңында ғана түсті. Сонымен, өткен жұмада Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Жас Алаш» газетінің 100-жылдығын қорытындылау аясында салтанатты жиын болып өтті. Қалай айтсақ та, қанша айтсақ та, қазақ журналистері үшін жастар газетінің орны бөлек. Кеше мен бүгіннің арасына тетік болған алтын көпір – «Жас Алаштың» бір өзі – бір дәуір.
1921 жылы 22 наурызда алауын Ғани Мұратбаев жаққан аталмыш газеттің алғашқы саны араб қарпінің төте жазуымен жарық көрді. Басылым қазақ жастарын рухани сауаттандыруға бағытталды. Солай бола тұрса да, сол кездегі қоғамдағы түрлі қиындықтар оны айналып өткен жоқ. Қаржының жетіспеуіне орай, газетке бір емес, бірнеше рет жабылып қалу қаупі төнді. Сол себепті оның атауы «Өртең», «Жас қазақ», «Лениншіл жас», «Жас қайрат» болып сан рет өзгерді. Еліміз тәуелсіздік алған кезде ғана бастапқы «Жас Алаш» атауын қайтарып алды. «Жас Алаш» әу бастан қазақ қаламгерлерінің құтты ұясына, ұлттық журналистиканың ұстаханасына айналды. Қашанда әділдігімен, турашылдығымен, әр ақпаратты бүкпесіз жариялай алатын шыншылдығымен дараланды. Газет бетінде Б.Кенжебаев, К.Тоқаев, ақын Ж.Молдағалиев, Б.Жандосайлардың қолтаңбасы қалды. Күні бүгінге дейін журналистер арасында айтылатын «Шерағаңның шекпенінен шыққан», «Сейдағаңның соқпағынан өткен» деген сөз бар. Бұл қос редактордың бұрын-соңды қайталанбаған өзгеше редакторлық мектебінің бір белгісі.
Басылымның бүгінде көзі тірі ардагерлері мен «Жас Алашта» әр жылдары қызмет еткен әріптестер мен республикалық БАҚ өкілдері бас қосқан жиынның тізгінін қолына алған модератор, ақын, ф.ғ.к. Әділғазы Қайырбеков мерейтойлық шараны ашып, сөз басында бүгінде арамызда жоқ, бақилық болған бірқатар әріптестердің рухына құрмет көрсету мақсатындағы 1 минуттық үнсіздіктен кейін өзі де бір емес, бақандай он жыл қызмет еткен газет тарихына қысқаша шолу жасап өтті. Ол басылымның ұдайы заман көшімен бірге ілескенін тілге тиек ете келе, 70-жылдары «Бесжылдық және Жас қайрат», «Біз – жасампаз Жас Ұлан!» девиздері аясында «Лениндік есептер, комсомол съездері мен конференцияларының мәтінін жариялау басты міндет болғанымен, басылымның басты бағыты жастар өміріне қатысты тақырыптарды көбірек насихаттау болғанын атап өтті. Бұған мысал, сол жылдардағы газет бетіндегі «Қаһарман», «Маздақ», «Дала дидары, «Күмбез», «Аққу» клубтары. Уақыт талабына сай, 80-жылдары басылым айдарлары «Шартарап», «Үркер», «Ақ отау», «Сөзстанға саяхат», «Жас толқын», «Арай» болып өзгерді. Бұл жылдары басылымдағы өзекті мақалалар легін негізінен, «ЛЖ»-ның республика бойынша арнайы экспедициясы мен «Тыңның кіші қақпасы», «Күретамыр» айдарларында жарық көрген циклдық топтамалар құрады. 1996-2002 жылдар «Жас Алаштың» қайта түлеген кезеңі. Басылым жанынан шыққан «Ырғақ», «Жібек жолы», «Сергек», «Сүзеген сөз», «Алдаспан» секілді 15-ке жуық қосымша газеттер таралым санының ұлғаюына себепкер болды.
Салтанатты жиында алғашқы сөз тізгінін алған газеттің Бас редакторы Қайрат Мәтіреков, жиналғандарды басылымның 100 жылдығымен құттықтай келе, соңғы бір жылдағы мерейтойлық іс-шаралардың біразына тоқталып өтті. Шынында да, басылым мерейтойының беташары газет ұжымының Ғани мұражайына барып, тағзым етуінен басталған-ды. Сыр бойы мен Ұлытау өңірінің, Түркістан, Жамбыл, Шығыс және Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы оқырмандармен кездесу өткізілді. Алматы, Тараз, Орал қалаларында «Жас Алаштың» 100 жылдығы аясында журналистер арасында бильярдтан турнир өтті. Бас редактор Қ. Болатұлы сөзін: Әуелден өз ұстанымынан жаңылмаған «Жас Алаш» әлі де халықтық басылым. Аптасына екі рет шығатын газеттегі мақалалар еліміздің қоғамдық-саяси өмірі мен мәдени-тарихи тынысын оқырманға дер кезінде жеткізуде. Басылымның бүгінде таралымы 17 мың болса, электронды нұсқадағы күнделікті қаралым 18000. Еліміздің 8-облысындағы меншікті тілшілеріміз де оқырмандарды тұщымды мақалаларымен сусындатып келеді. Індетке байланысты бұл шараны биыл өткізуге тура келді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, бұл басқосудың бүгінгі күнге дөп келгеніне қуаныштымын», – деп сөзін аяқтаған газет жетекшісі, жастар басылымының қуанышын бірге бөлісуге келгендерге игі тілегін жеткізді. Осы бір ақ түйенің қарны жарылардай, қуанышты күні бас қаладан арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақовтың жасалаштықтарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрінің дипломын табыстап, құттықтау хатын жеткізуі де ұжым мүшелерін бір серпілтіп тастады. Одан ары салтанатты жиын «Жас Алаштың» 100-жылдығына орай жарыққа шыққан «Қазақтың үні – «Жас Алаш» кітабының тұсаукесеріне ұласты. Газеттің 70-жылдардағы тілшілері, бүгінде белгілі жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Мағира Қожахметова және Қуаныш Жиенбай жинақтың лентасын кесіп, төл басылымға ақжол тіледі. Бұдан кейін сөз алған кітаптың құрастырушы-редакторы, журналист Арай Сахариева «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген, көлемі 37 баспа табақтан тұратын кітаптың баспаға әзірлену барысы туралы әңгімелей келе, «Жас Алаш»: Кеше:» «Есімдері ел есінде», «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді», «Жас Алаш» – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы», «Аймақ ажарын айшықтаған», «Жас Алаш»: Бүгін» атты алты бөлімнен тұратын жинаққа енгізілген мақалалар мен тілшілер естелігіне тоқталды. Сөз барысында ол, кітапты шығаруда негізгі басымдылық өткен ғасырдың 70-жылдарына жасалғанын, жаңа ғасырдағы газеттің тарихын хатқа түсіру келешек ұрпақтың үлесінде екенін қадап айтты. Жинақты баспаға әзірлеу кезінде өзіне сирек фотоларды тауып беріп, кеңестерін аямаған, өткен жылы дүниеден өткен Қ.Құрманғали, Ж.Дәуренбеков, Ы.Кененбай, Қ.Мұстафин сынды журналистерді тебіреніп, есіне алды.
Бұл күнгі басқосуды газет ардагерлері мен жас толқынның тамаша бір кездесуіне де балауға болатындай. Олай дейтінім, аға ұрпақтың көзін көріп, өздерінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге болған жазушы-журналистер М.Қожахметова, Қ.Жиенбай, Ө.Оралбайұлы, Қ.Табеев, Қ.Ботбай, Қ.Сәрсенбай, Ж.Қорғасбек, Қ.Олжайлардың әрқайсысының ғасыр жасаған газет туралы естеліктерін тебіренбей, тыңдау мүмкін емес еді. Мәселен, шығармалары арқылы «тылсымның тілін тапқан» М.Қожахметова басылымда қызмет еткен жылдарда өзі жүргізген «Аққу» эстетикалық клубына тоқталып, осы басылым арқылы батыр Бауыржанмен, балерина М.Плисецкая сынды талай өнер майталмандарымен сұхбаттасып, портреттер жазғанын, «Жас Алаш» арқылы тұлға болып қалыптасқанын айтса, үнжарияның мерейтойына Елордадан ат арытып жеткен, есімі танымал жазушы Қуаныш Жиенбай жастар газетіндегі қызметін: «Қазіргідей емес, біз бәрін ең қиын – қара жұмыстан бастадық. Әсіресе, кезекті нөмір шығатын кезде қолымыз май-май болып, редакцияда түнеп қалатын кездер аз болған жоқ. Шіркін, жаспыз қой, сол кезде түнімен газет шығарып, ертеңінде таң алабоздан қайта жұмысқа асығушы едік. Сейдағаңдардың қатал тәрбиесін көрген біздер басылымның алтын ғасырының куәсі болғанымыз үшін де бақыттымыз» – деді. Сонау 80-ші жылдары басылымдағы қызметін меншікті тілшіліктен бастаған Қайнар Олжай да арманына қанат бітірген осы басылым екенін, мектептен кейін шопан болған жылдары оны жата-жастана оқығанын, сол арқылы бір бойжеткенмен танысып, хат жазысқанын есіне алып, әсерлі әзіл-қалжыңымен әріптестерін күлкіге қарық қылды. Тілшілікті корректорлықтан бастаған, бүгінде «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай газет қабырғасындағы жылдар өзін жетілдіріп, журналистиканың тайқазанында шыңдағанын айтса, «ЖА»-та өзіндік жазу мәнерімен дараланған Өтеген Оралбайұлы да өзі жүргізген «Ақ отау» клубы туралы біраз сыр тарқатты. Еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, 22 наурыз қарсаңында «Көктем» нөмірін шығарған да жастар басылымы екенін жиналғандардың есіне салды.
Сөз басында айтқанымыздай, «Жас Алашта» сандаған редактордың қолтаңбасы қалды. Осы қолтаңба дегеннен шығады. 2002-2008 жж. Газеттің Бас редакторы, бүгінде «ЕҚ»-ның Алматы бюросының жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек сол жылдары «ЖА»-та оқырман хаттарына арналған «Мақатаев – 22» беті ашылып, онда апта сайын қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың келелі сұхбаттарының «Ашық әңгіме», айдарында жариялануы басылымға ерекше серпін әкелгенін, ол жылдары газеттің тиражы 34 мыңға дейін жеткенін мақтанышпен атап өтті. Ашығын айту керек, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «ЖА»-та жеріне жеткізе жариялаған бір тілші болса, ол Қайым-Мұнар Табеев. Басқаны қойып, прокурормен «жекпе-жекке» шығуға дейін барған ол, өзі қызмет еткен жылдардағы шалғай аймақтарға жасаған жолсапарларының қызықты сәттерін есіне алып, бұрынғы және қазіргі журналистердің жазу мәнерін салыстыра келе, газет тілшілерін «Жас Алашты» өз биігінен құлатпауға шақырды. Төл басылымның тағдырына немқұрайлы қарамайтын ардагер журналист сөзінің соңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қ.Ысқақовқа: «Бүгінгідей, экономикалық жағынан қиын кезеңде «Жас Алашқа» үкімет тарапынан қаржылай көмек аса қажет, сол үшін де оны бірінші болып, сіздер қолдауларыңыз керек», – деген көптің тілек-базынасын құлаққағыс етті.
Басылымды басқа өңірдегі әріптестер мен авторлардың қолдауы да бір ғанибет. Оралдан арнайы келген «Жайық – пресс» ЖШС Бас директоры Табылғали Сапаровтың: «Бүгінгі жаһандану ғасырында жастардың санасын «Жас Алаш» — оппозициялық» басылым деген түсініктен арылту керек. Егер біз осындай тәрбиені қазірден бастап, қолға алмасақ, алдағы елу жылда барымыздан айырылып қаламыз», – деген ұтымды пікірі де құптарлық.
Саясаткер Дос Көшім газеттің тұрақты авторы. Ол былтыр өзі де «ЖА» экспедициясының құрамында болып, біраз өңірлерге ат шалдырып қайтқан-ды. Осы сапарлардан түйген ойын, ол: «ЖА», біріншіден: қазақ журналистикасының зертханасы, екіншіден: авторлар үшін еркін сөзге жол ашқан газет, үшіншіден: барлық басылымдарға үлгі болған үнпарақ», — деген қысқа да нұсқа сөзге сыйдырды. Бұл шарадан жазушылар қауымы да тыс қалған жоқ. Жазушы-алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Қазақ қаламгерлерінің тырнақалды шығармаларын осы газетке жариялаудан бастауының өзі бекер емес. Өйткені, бұл басылым жазуға қабілетті жанның талабын ұштап, шабыттандыратын қара шаңырақ. Бастысы, нені жазсақ та, сөзге абай болайық» – деп, жастарға қарата айтқан ағалық ақыл-кеңесін, «ЖА» өткен мен бүгінгі тарихтың бір парағы. Оның ғасырлық тойы – қазақ қаламгерлерінің тойы. Құтты болсын!» — деген тілегімен түйіндеді. Ең алғашқы әңгімесі О.Бөкейдің алғысөзімен «ЖА»-та басылған, жазушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш та, өзінің жастар газетінің өзгеге ұқсамайтын батылдығы мен дәстүрден озбайтын әділдігіне тәнті екенін айта келе, бұдан ары да оның оқырмандардың сүйікті газеті болып қала беруіне тілектестігін білдірді. Бүгінгі таңда ақсақал-қаламгерлердің көшбасында тұрған Дулат Исабековтің лебізін, құттықтау тілектен гөрі, оның газет ұжымы мен жастарға берген «ақ батасы» десек, нанымдырақ болар еді. Оның айтуынша, Кеңес заманында қазіргідей емес, қазақ тілінде небәрі 5-6 газет-журнал болды. Ол кезде студенттердің жазған әңгімелері «СҚ»-ның форматына келмейтін. Ал «Жұлдыз» журналында жастарға орын қалмайтын. Кеңес уақытында «ЖА»-та бір мақаласы шыққан жанның ертеңінде-ақ, аты алты Алашқа жайылатын. Көсемсөзші қазіргі тілшілердің қағаз бетінде сөз түзу мәнерін аға буынмен салыстыруға келмейтінін ашып айтты. «Қазір қазақ елі мерзімді басылымға кенде емес. Десек те, соның ішінде, жастар газетінің басқалардан бәсі биік. Қоғамның өзекті мәселелерінің бәрі «ЖА»-та жарияланып отырады. Өз басым ондағы кейбір орынсыз қолданылған сөз тіркестеріне қарамастан, үнемі оқып отырамын», — деді. Журналистерді қазіргідей, ел мен жерге қатысты мәселелерде бірауызды болуға шақырды. Орайы келгенде, атап өтер жайт, аталмыш шара барысында басқосуға жиналғандар залда ұлттық кітапхананың көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметі мен (жетекшісі Ж.Алпысбайқызы) мерзімді басылымдар бөлімі (меңгерушісі Ж.Әбенова) қызметкерлерінің ұйымдастырған «100 жасаған Жас Алаш» мерейтойлық көрмесімен танысуға мүмкіндік алды. Төрт бөлімнен тұратын көрмеге басылымның алғашқы санынан бастап, оның бір ғасырлық тарихынан сыр шертетін көрнекі материалдар мен газет тігінділері, әр жылдары жарыққа шыққан таңдаулы мақалалар жиынтығы қойылған. Сайып келгенде, бұл да Ұлттық кітапхананың жастар басылымына шынайы қолдау танытуының бір мысалы. Қолдау демекші, «ЖА»-ты ежелден қолдайтын серіктестердің тағы бірі – республикалық «Дәуір» баспасы қызметкерлері де сыйлықтарын табыс етіп, басылым ұжымына құттықтау сөздерін жеткізді. Мерейтойлық іс-шаралардың бір парасы – «Жас Алаштың» 100 жылдығы қарсаңында жас қаламгерлер арасында эссе жазудан «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қоры мен жастар басылымы бірлесіп, өткізген республикалық байқау. Жиында оның жеңімпаздары Г.Серік пен И.Біржансалға газеттің Бас редакторы Қ.Мәтіреков арнайы дипломдарды табыс етті. Қандай мерейтойдың да ән-жырсыз өтпейтіні белгілі ғой. Алаш аманатын арқалаған басылымның 100 жылдығына арналған басқосу соңында журналист М.Сапармұратовың сөзіне жазылған «Жалының сөнбесін, «Жас Алаш» әнін, оның авторы, сазгер Ш.Әбілтай әуелете шырқады. Бір қарағанда, осы бір ұзын-ырғасы екі сағатқа созылған басқосу тек басылымның мерейтойын ұлықтау емес, «Жас Алашқа» жастығын арнаған аға буын өкілдерінің өз естелік-әңгімелері арқылы бүгінде басылымды сүйіп оқитын студенттер мен оқырмандарға жолдаған ізгі ықыласы мен аманаты. Олай болуы заңды да, өйткені «Жас Алаш» қашанда ұрпақтар сабақтастығының дәнекері болуымен дараланған басылым. Ол бізге сонысымен құнды, сонысымен ыстық.