Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:29, 08 Желтоқсан 2021

«Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ

None
None

Биыл республикалық «Жас Алаш» газетіне 100 жыл толды. Қаншама жылдар өтсе де, газет саяси маңызын бір сәтке де жоғалтпаған.

1921 жылы 21 наурыз күні небәрі 19 жасында Ғани Мұратбаев бастаған Алаштың біртуар азаматтары, газеттің алғашқы санын Ташкентте өмірге әкелді. Сондықтан да «Жас Алаш» әрбір қазақ журналистерінің мектебі іспеттес.    

       Жүз жылдық басылымның тарихына шолу жасайтын болсақ, әрбір замандағы оқиғалардың бірегей куәгері. Газеттің алғашқы жауапты хатшысы болып Ілияс Жансүгіров тағайындалған. Осылайша газет Алаш арыстарының еркін көзқарастарының алаңына айналды. Басылым белгілі себептерге байланысты әр жылдары түрлі атаулармен жарық көрді. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін газет атауы «Жас Алаш» болып өзгертіліп, қазіргі кезде аптасына екі рет жарық көреді.

         Газет республиканың бүкіл танымал қаламгерлері мен журналистерін де тоғыстырған. Редакцияның «Лениншіл жас» тұсында Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов және көптеген танымал тұлғалар да өз қолтаңбаларын қалдырды. Бүгінгі таңда газет Қазақстандағы ең танымал басылымдардың бірі. Елімізде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды қамтиды. «Жас Алаш» әрбір салаларға қатысты тақырыптардан бөлек, күнделікті жаңалықтарды да қалт жібермейді. Газеттің «Безбен», «Қоғам», «Әлеумет», «Аймақ», «Жаңғырық» деген қызықты беттері бар. Бұдан өзге, елдің әрбір өңірінен келген оқырмандардың хаттары да жарияланып тұрады.

        Елімізде интернет журналистикасы қарқынды дамыған тұста өз оқырмандарын жоғалтпаған басылымдар жоқтың қасы. Мобильді журналистикадан да қалыспай, бүгінде газеттің сайты күнделікті ақпараттарды жариялап тұр. Газет сайтының орыс тіліндегі нұсқасы да бар. Басылымнан оқи алмаған оқырмандар газет сайтынан да мақалаларды оқуына мүмкіндік болады. Ғасырға толған «Жас Алаш» әрбір оқырманға ой саларлық дүниелермен ақпараттандырып, өзекті деген тақырыптарды арқалап келеді. Жаңа медиада ақпарат құралдары бір-бірімен бәсекеге айналды. Кейбірі ақпараттың ақ-қарасын тексермей-ақ, оқырман жинау үшін материалдарды жариялай салады. Сол себепті жалған ақпараттарға шектеу болатын дәстүрлі «Жас Алаш» сияқты басылымдар қоғамдағы орнын ешқашан да жоғалтпайтынын көрсетуде.

         Бүгінде қазақ басылымдарының ішінен халық пен билік арасындағы алтын көпірді қалап, өзіндік стильді қалыптастырған. Газет ұжымы үздіксіз еңбек етіп, халықтың мұң-мұқтажын бейтарап түрде жариялап отыр. Біз де газеттің студент кезімізден бастап тұрақты оқырманымыз. Ең алғаш студенттік жылдары газетке мақаламыз шығып, ауылдағы ағайын бір марқайып қалған. Сол бір сәттер ерекше естен кетпес. Сараптамалық материалдар жазуды журналистикадағы ұстаздардан теория жүзінде алсақ, «Жас Алаш» газеті бізге практика жүзінде көп көмегін тигізді. Бүгінде Әулиеата өңірінен газетке материалдар жіберіп тұрамын. Баспасөз құралы ретінде кез келген тақырыбымызды боямасыз жеткізе алатынымен әлі де ерекше.

         Сондықтан да «Жас Алаш» газетінің мерейтойы – біздей жаңа ұрпақтың ортақ қуанышы. Редакция ұжымымен әркез байланыс жасап тұрамыз. Қалың бұқараның көңілінен шыққан газет жаңа ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Уақыт зымыраған сайын, басылым беттерінің оқырмандары да арта берері сөзсіз. «Жас Алаш» – қай заманда болсын жаңа ұрпақтың айтар сөзі. Жастар еркін ойлап, саяси өрісін кеңейткілері келсе, газеттің тұрақты оқырмандарына айналуы керек.

Тегтер: