«Жас Алаш» және жастық шақ

Алғашқы очерк
Өткен күннен естелік жазудың өзі қызық дүние. Бүгінгі «Жас Алаштың» «ағасы» – «Лениншіл жасқа» алғаш қалам тербеп, сол кездегі елдің ең беделді басылымында аты-жөнімнің жариялануы өз алдына бір хикая.
ҚазМУ-да журфактың үшінші курсында оқып жүргенімізде бізді сол кезде атынан ат үркетін белгілі жазушы-журналистерге тәжірибеден өтуші ретінде бекітіп берді. Менің жетекшім – майдангер-жазушы, публицист, «Мәдениет және тұрмыс» журналының бөлім меңгерушісі Жекен Жұмаханов. Өте қарапайым кісі. «Еңбек озаты туралы очерк жазып кел, осындағы (қазіргі Жібек жолы көшесі, 50-үй) көп газет-журналдың біріне жариялатамын» деді.
Очерк! Бүгінгі жас журналистер жанрдың не екенін білер ме екен?.. Жанрдың төресі осы очерк еді ғой. «Көркем очерк анау-мынау әңгімеңе бергісіз», – дейтін ұстазымыз Т.Амандосов.
Тапсырма берілді. Оны қалай жазам? Кейіпкерді қайдан табам? Бас қатты.
Журфакта көрші ауылдың Жұмабай Әбілов деген сыныптасым оқушы еді. Содан кеңес сұрадым. «Өй, менің ағам бар ғой… Өскенбай. «Еңбек Қызыл Ту» орденді шопан. Одан артық қандай кейіпкер керек?» деп қуанып кетті ол. Бар мәліметін қойын дәптеріме түртіп алдым. Бір апта шимайлап, очеркті жазып шықтым-ау, әйтеуір. Дереу Жекен ағама апарып бердім. Он күн өтер-өтпесте курстастарым шулап жүр. Қолдарында бір-бір «Лениншіл жас». «Жарайсың, очеркің шығыпты, жу» деп, кезек-кезек құттықтайды. Сөйтсем, «ЛЖ»-ның бірінші бетінде «Өскен өңір өрені» деген көлемі көлдей очеркім жарияланыпты. Жүрек жарыла қуанғаным-ай!
Уақыт – зымыран. Міне, содан бері де 45 жыл желдей есіп өте шығыпты. Бүгін өткенге үңілсем, қырық жыл қолымнан қалам түспей, журналист деген қастерлі мамандықты жаныма жалау етіп келе жатыр екенмін. Оның 20 жылы республикалық басылымдар еншісінде. «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Алматы ақшамы»… Сол кезде 300 мыңдай таралымы бар «Лениншіл жас» газетінде істеген сегіз жылда жазған мақалаларым арқылы есімім республика оқырмандарына танылды.
Жастар газетіне осылай келгенбіз
Университетті бітірген 1979 жылы сонау Қостанайдың облыстық газетіне жолдамамен барып орналастым. Ол кезде бұл өңірдегі халықтың небәрі 16-ақ пайызы қазақтар. Оның дені ана тілінде сөйлей алмайды.
Облыста таза қазақ тілінде бір-ақ мектеп-интернет болатын. Қостанайда. Ауыл балалары үзіліс кезінде орысша шүлдірлеп жүреді. Ал мен жұмысқа орналасқан облыстық «Коммунизм таңының» (қазіргі «Қостанай таңы») таралымы тым аз, айтуға да ұят. Тиражы обком партияның зорлығымен жиналатын. Газет аптасына бес рет үлкен пішінде шығады. Бірақ оны оқып жатқан оқырман шамалы.
Бұл газетте үш жыл істедім. «Партия тұрмысы» бөлімінде. Күндіз редакцияның тапсырмасын орындаймын. Түнделетіп «Лениншіл жасқа» мақала жазамын. Ол кезде қазіргідей компьютер, диктофон деген атымен жоқ. Машинканың өзін табу қиын. Қолмен жазасың. Жазасың да, поштамен Алматыға жөнелтесің. Мақалам қашан шығады деп күтіп жүрген күндерді айтсаңшы. Сарыла күткен газет те келеді. Мақалаң 1-бетте тұр. Қуанасың, жұмыстағы әріптестер мақтайды. Жан-жақтан курстастар телефондап құттықтайды. «Лениншіл жас» жас журналистер үшің қаламымен көрінетін үлкен мектеп еді ғой, шіркін!
Сөйтіп жүргенде «Лениншіл жас» мені штаттан тыс тілші етіп қабылдады. Жыл қорытындысында үздіктер қатарына қосып, мақтау қағазын берді. Бірте-бірте өзімді осы газетте істейтіндей сезіне бастадым.
1982 жыл. Қыркүйек айының бас кезі. Бір күні жұмыс телефоным шыр етті. Таныс дауыс: Ержұман ағай! Ержұман Смайылов ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары. «Біз сені «Социалистік Қазақстанға» меншікті тілші болып ауысқан Ербол Шаймерденовтің орнына Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары бойынша тілші етіп аламыз. Жылдам жиналып, Алматыға ұш» деді. Қапелімде не қыларымды білмей, жүрек құрғыр аптығып ауызға тығылды. Бір жағы, қуанып тұрмын. Екінші жағы, облыстық газеттің бөлім меңгерушісі болып «өскенім» күні кеше ғана. Ұжым кәсіподағы жас кадр деп, үй берді. Бұл қалай болғаны» деп, дел-сал күй кешкенім. Тәуекелге салып редакторым Бақытжан Жангисинге кірдім. Бәкең ұзақ ойланды. Сосын: «Біз саған сенім артып бөлім меңгерушілігін бердік қой», – деді. «Аға, мен әлі жаспын ғой. Бірер жыл жастар газетінде істейін, содан қайтып келемін ғой», – деп, сендірдім де көндірдім.
Ертеңіне Алматыға ұштым. Бекітілуге. Ержұман ағаға кіріп шықтым да, бірден ЦК комсомолға бардым. Баспасөз секторының меңгерушісі бізден бір курс жоғары оқыған, түбі қостанайлық журналист Жүнісбек Сұлтанмұратов қолыма К.Маркс пен В.И.Лениннің бірнеше томын ұстатып, «ертеңге дейін оқып, бюроға кел» деп, «Молодежная» қонақүйіне жіберді. Ол кездегі «Лениншіл жастың» беделі соншалық – өз тілшісіне дейін комсомолдың орталық комитетінің бюросында бекітілетін. Түнімен «қос көсемнің» кітаптағы сөздерін жаттап, ертеңіне «емтихан» тапсыруға келсем, Жүнісбек «үстіңнен арыз түсті, бюроға кірмейсің, идеология жөніндегі хатшы Нұрлан Дәненовке бар» дегені. Жүрегім зырқ ете қалды. Бүлдірген дәнеңем жоқ. Бұл қалай деп, мазасыз ой үстінде хатшының қабылдауына кірдім. Нұрлан да қостанайлық. «Міне, мазмұнымен таныс» деп, ол арызды алдыма тастады. Мәссаған! Бір парақ арыздың шекесінде өзім жұмыс істейтін «Коммунизм таңы» газетінің фирмалық белгісі тұр. Бес-ақ сөйлем. Сондағы мазмұны «меншікті тілші болғалы тұрған бұл жас журналистің бізге келгеніне көп уақыт өтпеді, әлі тәжірибесі аз, облыстың жағдайына қанық емес, редакциямызда бұл лауазымға лайықты жергілікті қаламгерлер жеткілікті» дегенге саяды. Астында «редакцияның бір топ қызметкерлері» деп жазылған. Аң-таңмын. Таза жершілдік. «Домалақ арыз, бірақ біз мұны тексеруге арнайы қызметкер жібермесек болмайды. Қайта беріңіз», – деді хатшы.
Бас салбырап Қостанайға қайттық. Өз жұмысымды қайта жалғастыра бердім. Күндер, апталар, айлар өтті. ЦК-дан келетін тексерушінің қарасы көрінбейді. Күдер үзілді. Алты айдан кейін уәкілдің төбесі көрінді. Сол баяғы… Жүнісбек. Келді, редакция қызметкерлерінен түгел мен туралы пікір білдірілген түсінік алды. Соңынан жалпы жиналыс өткізді. Құдайдың құдіреті, ұжым мүшелерінің бәрі мені қолдап түсінік берген. Қарсы пікір жоқ. Уәкіл қатысушылардың дауыс беруін сұраған. Жүз пайыз кандидатурамды жақтап қол көтерген. Ғажап! Сөйтсек, «ЛЖ»-ның тілшілігінен үміткер біреудің сүйкеп жіберген арызы екен.
Қойшы, әйтеуір, көп уақыт өтпестен Алматыға комсомолдың орталық комитетіне қайта шақырылдық. Бұл жолы бюро менің қатысуымсыз-ақ сырттай бірауыздан тілшілік қызметке бекітті де жіберді. Иә, біз жастар газетіне осылайша келгенбіз.
Жарысып жазатын едік
Баспасөз – қоғам айнасы. Ол жылдары солтүстіктегі үш облысымыз негізінен тың өлкесінің астық алыптары болатын. Бір ғана Қостанай Қазақстан астығының төрттен бірін өндіретін. «Лениншіл жас» газетінің осы аймақтағы тілшісі ретінде жатпай-тұрмай тер төгуге тура келді. Социалистік жарыстың жеңімпаздарын етектей-етектей етіп мақала, очерк, суреттеме, репортаж жанрларында жазамыз. Әсіресе жер-жердегі меншікті тілшілер – газеттің тірегі. Торғайдан Қонысбай Әбілов, Қарағандыдан Айқын Несіпбаев, Ақтөбеден Серікқали Байменшин, Шымкенттен Жақай Ералиев… Бір-бірімізден қалыспай жарыса жазамыз. Редакциядағы стенографистер Бибіхан апай мен Сәлима қарындас біздің телефонмен оқыған материалдарымызды құлаққап киіп, машинкаға басып үлгере алмай жатады. Әсіресе науқандық жұмыс кезінде бұрқырата жазушы едік. Кей нөмірлерге 3-4 материалымыз шығатын. Ержұман ағай, бөлім басшылары да тапсырма беруден бір жалықпайды-ау.
Бүгіндері солтүстіктегі тілшілік қызметімді сарғайған газет тігінділерін ақтара отырып сараптасам, бармаған тау, баспаған қырым қалмапты. Сол кездегі Қазақстанның миллиард пұт астығына үлес қосқан ұжымдары мен озаттарын былай қойғанда, комсомолдың екпінді құрылыстарын түгелдей аралап, рекордшыларын «ЛЖ» беттеріне жаза беріппіз, жаза беріппіз. Социалистік Еңбек Ерлері, әйгілі диқан-механизаторлар Жансұлтан Демеев, Кәмшат Дөненбаеваның еңбектегі ерлігінен бастап, Рудный, Лисаков, Качар сынды кенді қалалардың тынысы қаламға азық болыпты. Кейде кейіпкерлерімді еске алып қоятыным бар. Ал олардың санын есептеу тіпті мүмкін еместей көрінеді.
Сейдағаңның сенімі: солтүстіктен – оңтүстікке
Осылайша жастар газетіндегі тілшілік қызметімнің үш жылы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бір күні телефоным әдеттегіше шыр етті. «Ержұман ағай шығар, тапсырма бергелі жатқан» деген оймен «әлеу» дегенім сол, айтқанымдай-ақ, арғы жақтан Ерекеңнің даусы естілді. Аман-саулықты ұзаққа созған жоқ, төтесінен тартты: «Алматыға ұш дереу… Шымкентке, оңтүстіктегі үш облысқа тілші болып барасың». «Оу, Ереке, бұл қалай? Ұтқаным не? Онда да, мұнда да тілшілік», – деп сасқалақтадым. «Болды, әңгіме бітті. Жолға жинал. Бұл – Сейдағаңның бұйрығы». Осыны айтты да, Ерағам телефон құлағын қоя салды. Төбеден жай түскендей болды. Қостанайда алты жыл тұрып, әбден бауыр басып қалған жайым бар. Жұбайым Алма да өзіммен бір курста оқып, журфакты бітіріп, осында келгелі облыстық газетте істейді. Обком екеумізге екі бөлмелі үй берді. Бұрын тұрып көрмеген Шымкентке қалай бармақпыз?
Ертеңіне Алматыға ұшып келдім. Сейдахмет Бердіқұловты газеттің редакторы ретінде білгенім болмаса, бұрын-соңды екеуара сөйлесіп көрген емеспін. Бір қарағанда сұстылау көрінетін бе еді. Қаншама мәрте «собкорлардың» жиналысына қатыстық. Ол кісі меншікті тілшілерді «сапкерлер» дейтін. Үнемі тізіліп, сап түзеп жүргендіктен бе...
Ержұман аға Сейдағаңның кабинетіне алып кірді. Әңгіме қысқа болды. «Ал, қарағым, сенің жазуың да, тәртібің де көңілге қонады. Қостанайдағы алты жылың сені адалдық пен тазалыққа үйретті білем. Енді онда жүре берсең, орыстанып кетесің. Өзіңнің оңтүстігіңе оралғаның абзал болар еді. Оңтүстік – оқырманымыздың ордасы. Шымкентке сенің тілші болып барғаныңды қаладық. Үміткерлер, жоғары жақтан қоңырау шалушылар күннен-күнге көбейіп барады. Ал, Ержұман, бүгіннен қалмай жүріп кетіңдер. Тілшімізді өзің апарып, Шымкент обкомының хатшысы Асанбай Асқаровқа таныстырып қайт», – дегені жадымда жаттаулы.
«Техастағы» тілшілік тіршілік
Ертеңіне Ержұман ағамен Шымқалаға жеттік. Обкомға келсек, облыс басшысы А.Асқаров Мәскеуге жиналысқа кеткен екен. Бізді облыс жастарының жетекшісі Нұрдәулет Сәрсенов қабылдады. Ерағам хатшыға мені таныстырды.
Міне, біз осылайша «ЛЖ»-ның «Техастағы» тілшісі атанып шыға келдік. Неге екенін білмеймін, ол кезде Шымкентті АҚШ-тың аталған штатына теңейтін. Бұл қызметтегі Жақай Ералиев меншікті тілшілердің «президенті» болатын. Қонақүйге келіп, ол да құттықтап жатыр. КазГУ-ден кейін «Лениншіл жаста», Қазақ радиосында істеген құрдас Қалыбек Атжан да жақында Шымкенттегі тілші болып келіпті. Ол да іссапарларда бірге жүретін әріптесіме айналды.
Сейдахмет аға осында жол жүрерде «Оңтүстік – оқырмандарымыздың ордасы» деп бекер айтпағанына келген бетте-ақ көзім жетті. «Лениншіл жастың» республикадағы тиражы 300 мыңның төңірегінде болса, соның 45 мыңы бір ғана Шымкент облысының еншісінде. Ал қос қапталдағы Жамбыл мен Қызылорданың әрқайсында 25 мыңнан оқырманымыз бар. Демек, газет тілшісінің бұл өлкедегі орны мен беделін осыдан-ақ бағамдай берсеңіз болар.
Бірден көзге түскені – жастар газеті жастың да, кәрінің де қолында. Бейтаныс оқырман «ЛЖ»-да шыққан әрбір мақала, оның авторы жайлы тәптіштеп айтып бере алады.
Шымкенттегі тілшілік пен тіршілікті Қостанаймен салыстыруға келмейді. Мұны алғаш келгеннен-ақ сезгендеймін. Табиғаты әсем, халқы еңбекқор, қонақжайлығы басым өлкеде тұрып, жұмыс істеу бақытына ие болғаныма қуанып та жүрдім. Әуелгіде құлаққа түрпідей тиген «ҚТ»-сың ба, «ДТ»-сың ба» деген сауалға да бірте-бірте етің үйренеді екен. Бір жолы осы тақырыпқа мақала да жазғаным бар. Баламалы сайлаудағы әділетсіздік жайлы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданынан жазылған материал «Географиясы келгенмен, биографиясы келмейді» деп аталды. Жариялана салысымен редакция қоржынына хат қаптап түсе бастады. Өйткені бұл рушылдық дерті сол тұста шарықтау шегіне жетіп, әбден асқынған болатын. Әсіресе кадр мәселесінде. Ал мұндай тақырыпта қалам тарту қандай қиын еді...
Шығармашылық шырайланған шақтар
Сексенінші жылдары «Лениншіл жас» газетінің беттерінен «Мораль тақырыбына», «Адам. Уақыт. Мораль», «Журналист жолға шықты», «Көзқарас» сынды айдарлар түспейтін. Бұл тақырыптағы жарияланымдарды оқырман іздеп жүріп оқитын.
Бірде редакцияға Жетісай қаласынан домалақ арыз түсті. Ол кезде аты-жөнін жасырып шағымдану үйреншікті болатын. Арыздың аты – арыз. Тексеру керек. Жолға шықтық. Мәселенің мән-жайын айта кетейін. Аудандық ішкі істер бөлімінің тура қарсы бетіндегі қоржын там жезөкшеліктің ордасына айналады. Апалы-сіңлілі қос келіншек «жеңгетайлық» жолмен осы үйде Өзбекстаннан әкелінген жеңіл жүрісті қыздардың жергілікті ер-азаматтарға «ақылы қызмет» көрсетуін ұйымдастырған. Редакцияға түскен дабыл хаттың ізімен Жетісайға барып, анық-қанығына толық көз жеткізген соң, «Лениншіл жаста» «Жеңгетайлар» деп аталған көлемді мақалам шықты. Осының алдында ғана газетімізде Оңласын Әміреқұловтың «Түнгі бикештер» деген мақаласы жарияланып, дүр сілкіндірген еді. Оған бұл мақала қосылып, «ЛЖ»-ға түкпір-түкпірден мазмұны ашу-ызаға толы хаттар үсті-үстіне жолданып жатты. Бұл тақырып алты ай бойы оқырман талқысына түскені де есте.
Оңтүстік өңірдегі бесжылдық тілшілік қызметте жүріп талай-талай керемет кейіпкерлер таптық. Көрші Жамбыл мен Қызылорданың түкпір-түкпірін араладық. Еңбек адамдарын, ел басшыларын қаламға арқау еттік. Арасында сын мақалалар мен көкейкесті мәселелер де тыс қалмады.
Шымкент қазақ оқырманы ең көп облыс болған соң, бұл өңірде түрлі мәдени-әдеби шаралар жиі ұйымдастырылатын. Мұндайда біздің теміржол вокзалына тақау орналасқан екі бөлмелі үйіміз бейнебір әуежайға айналып кететіндей. Сонау алпысыншы жылдары салынған бұл «хрущевкада» Сейдахмет ағадан бастап, «Лениншіл жастың» қызметкерлері түгелге жуық болған шығар. Ал басқа да басылымдарда істейтін журналистер, ақын, жазушылар, өнер адамдарын да қонақ етті бұл шаңырақ. Олардың қатысуымен біз облыста бірнеше мәдени-спорттық рухани шараларды өткіздік. «Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасындағы қазақша күрес жарысы Шәуілдірде екі рет, Темірланда бір рет ұйымдастырылды. Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің облыстағы күндеріне, «Лениншіл жас» және» Ленинская смена» газеттері бірлесе өткізген республикалық фестиваліне редакторларымыз С.Бердіқұлов, У.Қалижанов, Совет Одағының Батыры Т.Бигельдинов, КСРО халық әртісі Роза Бағланова, ақын М.Айтхожина қатысты.
Айтпақшы, әлгі пәтерде (әрі тілші қосы) табаны күректей 20 жыл тұрдық. Бір келгенінде Сейдағаңның айтуымен обкомның бірінші хатшысы Р.Мырзашев өтінішіме «үш бөлмелі пәтер берілсін» деп, шиырып қол қойып бергені бар. Өкініштісі, ол мәселе шешілмей, өзі өмірден ерте өтіп кетті де, бәрі аяқсыз қалды. Облыстың одан кейінгі үш, қаланың бір басшысы қол қойған әлгіндей шешімдерден де қайран болған жоқ.
Бірақ… Мен бұған еш өкінбедім. Шымкент маған шаңырақ сыйламаса да, керемет шығармашылық шабыт, қаншама дос-жарандар сыйлады, республиканың мүйізі қарағайдай бес басылымының осы облыстағы «көз-құлағы, үні, ел ішіндегі елшісі» – өкілетті тілшісі болып істедім. Кейін «Ақиқат»–«Истина», «Шымкент келбеті»–«Панорама Шымкента» газеттерінде бас редакторлық қызмет атқардым. 12 жыл облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары болдым. Марпатталдық, атақ алдық. Міне, мұның бәрін өз басым осы күнге дейін құрметтейтін, қаламымды қайрап, шығармашылықтың шырқау шегіне шығарған сүйікті газетім – «Лениншіл жастың» арқасында жинаған абырой деп білемін.
Иә, жанға шуақ, қаламға қуат берген, 100 жылдығына жарқын жүзбен батыл қадам басып бара жатқан, жалпақ жұртқа жағымды жастар газеті мәңгілік жүрегімде!