Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 27 Қараша 2025

«Жас Алашқа» қарсы адам – қазақ халқының жауы

Ерік РАХЫМ
Фото: ашық дереккөз

Соңғы он жылдың бедерінде көп нәрсе трансформацияға түсті. Медиа кеңістік адам танымастай өзгерді. Цифрлық технологияның дамығаны соншалық, өлген адамға «тіл бітіп», ал тірілер өтірік пен шынның ара-жігін ажыратудан қалды. 

Кез келген нәрсенің екі жағы болатыны заңды. Басқасын қайдам, технологияның дамуы мен цифрландыру дәстүрлі баспасөзге қатты тиді. Салдарын көзіміз көрді, қазір газет-журналдардың көбі «комада» жатыр. Қайтпек керек? Қалай құтқарамыз?

Соңғы өзгерістерді бекер айтып отырғанымыз жоқ. Біз осы «Жас Алашта» жұмыс істеген жылдары (2003-2015) журналистиканың балталасаң бұзылмайтын мызғымас үш принципі болатын. Олар – шыншылдық, нақтылық, жеделдік. Қазір осылардың бастапқы екеуінің құны кеміп, соңғысына басымдық берілетін болды. Осының зиянын тартудай-ақ тартып келеміз. Жалған ақпараттар мен фейктер көбейді, журналистикаға деген сенім азайды, дәстүрлі баспасөз тұралады, ақиқаттан ақшаны жоғары қоятын тәйтік блогерлер алдыңғы қатарға шықты. «Көш кері бұрылса, ақсақ түйе алдыға шығады» деген осы шығар.

Шыншылдық пен нақтылық дегеннен еске түседі, 2011 жылы АҚШ-қа жолымыз түсіп, америкалық газеттердің қалай шығатынын өз көзімізбен көргеніміз бар. USA Today, The New York Times, The Wall Street Journal сияқты алпауыттарды айтпағанда, әр штаттың газетінде (біздіңше, облыстық газет) тек сол басылымға зерттеу мақаласын жариялайтын меншікті сарапшылары болады. Ол бір адамның мақаласы бола ма, әлде ұжымдық зерттеу бола ма, бәрібір. Маңыздысы сол, әлгі сараптама – елде жоқ эксклюзив. Онда да шыншылдық пен нақтылық басты орында. Турбулентті әлемде батыс баспасөзінің қайығы қатты шайқалмауының, беделін жоғалтпауының басты себебі осында ма деймін.

Мысал үшін айтайық, білікті сарапшылар тобы «Нью-Йорк таймс» газетіне «Ресей мен Украина соғысы немен аяқталады?» деген тақырыпқа зерттеу жасаса, яки аузымен құс тістеген қаржыгерлер «Уолл-стрит джорналға» әлемдік қаржы нарығына қатысты сараптама жарияласа, газеттің дәл сол күнгі тиражы бірнеше миллион данаға артуы мүмкін. Өйткені ондай зерттеу ешкімде жоқ. Біздегідей бір нәрсені езіп, онысын әр жерге жариялай беретін «сарапшылардың» АҚШ-та еш құны жоқ. Ендеше, біздің баспасөзге осы үрдісті неге енгізбеске?

Әрине, бәрі ақшаға келіп тіреледі. Батыс басылымдары зерттеу жасаған сарапшыларына қомақты ақша төлейді. АҚШ-та, Еуропада шығатын басылымдар шетінен бай, өйткені оларға жергілікті қалталылар қаржы беріп тұрады. Мысалы, 2009 жылы телекоммуникация саласының магнаты Карлос Слим «газетке көмегім болсын» деп «Нью-Йорк таймсқа» 250 млн доллар берді. Ал енді осы Слим сияқты магнаттар қазақтан шықпайды дейсіз бе? Шығады. Сөзсіз шығады. Бірақ қашан? Ұлттық буржуазия сұрыпталып, олардың арасынан слимдер суырылып шыққанша тәуелсіз қазақ баспасөзінің жаназасы шығып қоймай ма?

«Газет-журналдарды жауып тастау керек, олардың еш пайдасы жоқ», «Газеттердің функциясын блогерлер атқара береді» дейтін сыңаржақ пікірді осы күнге дейін аз естігенім жоқ және мұндай сөз үлкенді-кішілі мінберлерден жиі айтыла бастады. Ең қиыны, Ақорданың айналасында да әлгіндей сыңар ойдағылар аз емес екен. Осындай пікірді солардың аузынан естігенде баспасөзге тікелей қатысым болмаса да, газет-журналдардың жанашыры ретінде «апыр-ай, бұл қалай болды?» деп алаңдайтын едім, енді міне, сол қауіпті тұла бойыммен сезінуге тура келіп отыр...

Әйгілі Мұхтар Мағауин «Мен» ғұмырбаяндық хамсасында былай дейді: «Алтын дәптердің» алғашқы бетінде: «Маған қарсы адам – қазақ халқының жауы» деген жазу тұр. Таңбаланған уақыты – дәптердің бір мүшелінде, 1972, май. «Алдаспанның» ойраны өтіп, «Көк мұнардың» дауы қызған кезде жазылыпты. Мен дегенім – Өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – алаштың жолы. Алаш жолына, ұлттық мұратқа қарсы адам, әлбетте, қазақ халқының жауы болса керек...».

Аты айтып тұрғандай, «Жас Алаштың» жолы – Алаштың жолы, ал көздегені – ұлттық мұрат. Солай болғанда «Жас Алашқа» қарсы адамды кім дейміз? Егер мұны Мағауинше түйіндесек, былай болмақ: «Жас Алашқа» қарсы адам – қазақ халқының жауы!

«Алдаспан өміріңде бір рет қана кәдеге жарар болса да, сен оны өмір-бақи ұстап жүруге тиіссің» депті жапонның бір данасы. Бір кездері жасындай жарқылдаған алдаспан «Жас Алашты» билікке жәутеңдетіп қою – қылмыс! Қазақ буржуазиясы (егер бар болса) осыны мықтап ойланса екен!

Алдаспан – қылыштың ішіндегі ең таңдаулысы әрі асылы. Одан бөлек, ерекше ауыр әрі қынсыз қылыш. Қынсыз болатын себебі алдаспан ешбір қынға сыймайды. Оны ұстап жүру үшін де жолбарыс жүрек пен қарулы қол керек.

Алдаспанды қолымызға алған екенбіз, олай болса қапысыз қайрап, қазақтың жауына қарсы сілтей алмасақ – бізге серт, ал «Жас Алаштың» мың сан жасағының қатарынан табыла алмасаңыз – Сізге серт, құрметті оқырман!

Ұмытпаңыз, алдаспан «Жас Алашыңызға» жазылу жүріп жатыр!

Ерік РАХЫМ

Тегтер: