«Жас Алаштан» басталған жарқын жол
«Жас Алаш» газетінің журналистік ұстаханасынан шыңдалып шыққан қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар аз емес.
Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Уәлихан Қалижан сияқты дарабоздар басқарған бұл басылымда өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қазақ журналистикасында өз орны бар қаламгердің бірі – Әділбек Қаба.
Ол қазақ баспасөзінде жарты ғасырға жуық қызмет етіп, сан мыңдаған мақалаларымен халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаған, ұлттық құндылықтары аңыз-әпсаналарын жинақтап, ғылыми пәлсапалық реңк бере – жүйелеуде өз үлесін қосқан ізденімпаз қаламгер.
Әділбек Қаба тарихи ақиқат пен ұлттық нанымды, қазақы киелі ұғымдарды егіз өріп, шындықтың тереңіне шым-шым бойлаған шығармаларымен қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын ала келген жазушы, замана сырын өлеңмен өре білген өр мінезді ақын.
Редакциямызда бұрын-соңды қызмет еткен өзге де жасалаштық әріптестеріміз тәрізді Әділбек Күнесханұлының өмір жолы да соңғы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз, оның ішінде біздің басылымның да бастан кешкен тарихымен сабақтасып жатқандықтан, «Жас Алаш» шыңдаған тұлғалар айдарының қонағы ете отырып, сұхбаттасқан едік.
– Әдеке, біз алғаш «Лениншіл жастың» есігін енді ашып жатқанда Сіздер елге кеңінен танылып үлгерген қаламгер болатынсыздар. Жалпы, журналистикаға әркім әртүрлі жолмен келеді деп жатамыз ғой. Сіздің осы өмірлік кәсібіңізді таңдауға не әсер етті?
– Мен журналистика факультетіне түсуімнің өзі бір хикая. Мектепті тәмамдаған бойда бірден келіп журналистика факультетіне құжат тапсырмақ болғанмын. Сөйтсем, ол үшін жазған-сызғаныңды жиып әкеліп алдын ала шығармашылық сынақтан өту керек екен. Ауылдың баласы оны қайдан білсін. Жетелейтін де ешкім жоқ. Сөйтіп, шығармашылық сынақ мерзімі өтіп кеткендіктен, оқуға құжаттарымды тапсыра алмадым. Ол кезде оқуға түспей қалу деген трагедия болатын. Оның үстіне ауылда «ақын бала» деген атым бар. Құр қайтқанша деп Шет тілдер институтына құжаттарымды тапсырдым. Класс жетекшім Әсемхан Тезекбаева француз тілінің маманы болғандықтан, тәп-тәуір оқығанмын. Дәл сынақ тапсыратын күні Алматыда адасып кетпесім бар ма. Ауылдан келгенді қойсаңшы. Әрең таптым. Басталғалы жатыр екен. Соңғы адам болып кірген шығармын. Ол кезде бірнеше пәннен сынақ тапсырған соң жалпы балл саны есептеледі. Өкінішке қарай, бір балл жетпей қалды. Бірақ сонда да берілгем жоқ. Алматыда қалып, жұмыс істеп, сырттай болса да оқимын деген ой келді. Бірақ менің бұл ойым бір түнде тас-талқан болды...
Ол ұзақ әңгіме. Сонымен не керек, «қош бол, Алматы» деп ауылға қайттық.
Содан «Лениншіл жас» газетін қонышымнан тастамай жүріп бір жыл әкеммен бірге қой бақтым. Ол кезде де «Лениншіл жастың» журналистерінің мақалалары, очерктері жанды баурап алушы еді...
Сөйтіп жүргенде әскер қатарына қызмет ететін уақытым да келіп қалды. Әуелі Мәскеуде, содан соң Рязань қаласында әскери қызметте болып, жазған-сызғандарымды жинап әкеліп ҚазМУ-дың журналистика факультетіне дайындық курсына қабылдандым. Бір жағы құрылыста жұмыс істей жүріп, кешкі дайындық курсын тәмамдап, ақыры журфакқа оқуға түстім.
КСРО кезінде білім алған ұрпақ болғандықтан, Кеңес заманындағы қоғамдық өмірдің қай саласында да орын алған әділетсіздікті көріп өстік. Кез келген әділетсіздіктің түбі халықтың ашу ызасын туғызатыны белгілі. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды. Оның қалың ішінде болдық. Кластастарым, сол кездегі ЗооВеттің студенттері Сәбетжан Қошпанов, Бауыржан Ақботаев, курстастарым Болатбек Қожанов, Қарлығаш Исина, Жаңабай Тойбазаров, тағы да басқа жастармен алаңға бардық. Желтоқсандық жастардың сол кездегі жанқиярлық ерлігі мен патриотизмі өмір бойы менің жадымда жатталып қалды. Әр кезде сол алаңмен өтсем құлағыма «Қазақ жасасын!» деген жалынды ұраны келеді. Қазақ топырағынан бастау алған бұл көтеріліс барлық одақтас республикалардағы елдердің санасын дүр сілкіндіріп, тоталитарлық қоғамның құлауына серпін берді. Кейін тәуелсіздік үшін күрескен қазақ жастары туралы ащы шындықты мүмкіндігінше саралап-сараптап, бұл әлдекімдер айтып жүргендей жай қатардағы «оқиға» емес, ақиқатында азаттықты аңсаған қазақтың бас көтеруі, қазақ жастарының «көтерілісі» екендігі туралы «Жас Алашта» цикл-мақалалар әзірледім.
– «Лениншіл жас» газетіне қалай келдіңіз? Ол кезде қызметке тұрмақ түгіл, есігінен сығалауға жүрексінетін едік қой? Сіз сол кіргеннен тапжылмай, табаны күректей 16 жыл істепсіз.
– Шынын айтайын, бірден «Лениншіл жас» газетіне баруға жүрексіндім. Алдымен журналда жұмыс істеп, қалыптасып алайын деген оймен жас маман ретінде сол кезде дүркіреп тұрған «Арай» журналына жұмысқа алындым. Бұған дейін студенттердің «Өркен» газетінде бірқатар мақалаларым жарияланып, көзге түсіп қалғандықтан, бас редактор Әшірбек Көпішев ағамыз жақсы қабылдап, журналистикаға қалыптасуыма өшпес із салып берді. Сол жылдары ҚазМУ қалашығында бес студент қызды өлтірген маньяк туралы журналистік зерттеу мақаламды жазғаным есімде. Осындай бірнеше өзекті мақалаларым – Орталық Комсомол комитетіндегілердің, бас редактор Уәлихан Қалижанның назарына ілінсе керек, қатардағы жұмыс күндерінің бірінде ойламаған жерден мені «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырды. Әшірбек ағаның көңілін қимағаныммен бала күнгі арманым болған «Лениншіл жастың» есігін имене аштым. Ол кезде «Лениншіл жаста» Бағдат Жандосой ақсақалдың өзі бір төбе болса, Жанболат Аупбаев, Сағат Ерғалиев, Жұмабай Шаштайұлы, Жарылқап Бейсенбаев, Жұмагүл Солтиева, Қуаныш Жиенбаев, Өтеген Оралбаев, Әділғазы Қайырбеков, Нұрлытай Үркімбаева, Несіп Жүнісбаев, Қасым Әзімханов, Сапарбай Парманқұлов, Дүрәлі Дүйсебай, Серік Рәсілов, Әнуар Тарақов, Рахымбай Ханалиев сияқты аға толқынның асқар таудай мықтылары мен кейін журналистиканың бір-бір шыңдарына айналған Бейбіт Исабаев, Бауыржан Омаров, Қайрат Әлімбеков, Бекен Нұрахметов, Әнуарбек Әуелбеков, Қыдырбек Рысбеков, Нұржамал Байсақалова, Әділ Қойтанов, Жүніс Омаров, Бақыт Сияев сияқты азаматтар жұмыс істейтін.
Кейін олардың қатарын Жолдасбек Дуанабай, Ғалымжан Мелдешов, Сейітхан Зеберханұлы, Берік Жүндібаев, өзің – Нұрымжан Мауыт, Талғат Ілімжанов, Нұрлан Қалақа, Әділбек Алпысбаев, Құлтас Достанов, Шүкір Шахай, тағы басқа қаламы жүрдек журналистермен толықты. Бас редактор Уәлихан Қалижан жұмыста талапшыл, тың идеяларға бастамашыл, ал жұмыстан кейін қарапайым адам, азамат ретінде сыйласа алатын нағыз азамат тұлға болды. Оның мектебінен өткен азаматтардың бірқатары бүгінде биік лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарып жатса, басым бөлігі республикадағы үлкен басылымдардың бас редакторы, баспа басшысы қызметін атқарғанын жұрт жақсы біледі.
– Алғашқы журналистік тапсырмаңыз есіңізде ме?
– Газетке келе сала бас редактор Уәлихан Қалижан мені Атырау облысының Құлсары кентіне іс-сапарға жіберді. Бұл кезде «Тенгизшевройл» компаниясы елге жаңадан келіп жатқан кезі. Ашығын айту керек, журналистік зерттеу барысында аталмыш компанияның күні ертең іске қосқалы отырған мұнай өңдеу зауытының экологиялық қондырғыларды ескермегенін, жергілікті азаматтарды мүлде жұмысқа алмайтынын, олардың әлеуметтік жағдайын мүлде қарастырылмағанын, тіпті еден жуушы мен аспаздың өзін шетелден алып келетінін анықтадым. Мұнайға бай жердің жергілікті халқы еденінен сыз өтетін жер тамдарда тұрады. Шеттерінен туберкулезбен ауырады. Ал мұнайды өндіріп, өңдеуші шетелдік компания ел алдында ешқандай әлеуметтік міндеттеме алмаған. Жергілікті халыққа еш пайдасы жоқ. Бір аптаға созылған іссапардан оралған бойда «Теңізге теңдік керек» деген тақырыппен газеттің бір жарым бетін алатын мақала жазып, жарияладым. Мақалада: 1. «Тенгизшевройл» экологиялық қондырғы орнатпайынша жұмыс істеуге рұқсат етілмесін; 2. Арнайы мамандардан басқа қарапайым жұмысшыларды жергілікті жерден алсын; 3.Ұлттық мұнай саласы мамандарын даярлау үшін ҚазПТИ-дың Атыраудағы филиалы ашылсын; 4.Жергілікті халыққа үй салып беру, медициналық басқа да көмектер көрсету бойынша әлеуметтік міндеттемелерді мойынына алсын; 5.Туберкулезге шалдыққан Атырау тұрғындары жаппай медициналық тексеруден өткізілсін; деген сияқты барлығы 7-8 талап қойдым. Кереметі сол, бұл мақала шығысымен-ақ, газет жазған келеңсіздіктер партия комитеті отырысында қаралып, қойылған талаптарды түгелдей орындауға тапсырма берілді. Бір айдан кейін қосылуға тиіс болған «Тенгизшевройл» компанияның жұмысы экологиялық қондырғы орнатпайынша бір жыл тоқтап тұрды. Араға жыл салып, компания қойылған талаптардың бәрін орындады. «Лениншіл жас» газетінің беделі осындай еді. Мақала шыққан күннің ертесі редакциядағы мықты журналистердің бірі, бөлім меңгерушісі Өтеген Оралбаев қолымды қысып тұрып: «Әділбек жарайсың, Құлсары менің туған жерім болса да оның проблемасын дәл осылай көтеріп жазбаппын, өте жақсы мақала екен» деді. Бұл менің «Лениншіл жасқа» келген соң аға буын әріптестерімнен алған ең алғашқы мақтауым, алғысым еді...
Осы кезеңде Бас редактор газетті жаңа деңгейге көтерді. Газет бетінде саяси-қуғын сүргінге ұшыраған Алаш арыстарын ақтауға қатысты көлемді мақалалар көптеп жарық көрді. Осы Уәлихан Қалижанның тұсында «Лениншіл жас» ұлттық рухқа лайық жаңарып, «Жас Алаш» болып аталды.
– «Жас Алаш» сол кезеңде ең көп оқылатын басылым болғанын білеміз...
– Бас редактор Уәлихан Қалижан, орынбасарлары Сағат Ерғалиев пен Сапарбай Парманқұловтар оқырманды қызықтыратын, ел мүддесіне жақын тақырыптарды көбірек көтеруге күш салды. Сан саладағы мамандық иелерінің назарын аудару үшін әр аудиторияның талғамына қарай тақырыптар ұсынуға ұмтылды. «Сергектік» спорттық, «Ырғақ» музыкалық, «Жібек жолы» экономикалық, «Мыңнан бір мезет» танымдық, «Сүзеген сөз» сатиралық қосымшалары осы кезде дүниеге келді. Тіптен бұл қосымшалардың жеке газет ретінде тіркеліп, шыға бастағаны да осы кез. Басқа қосымшалардың қанша тиражбен таралғаны есімде қалмапты, білетінім мен шығаратын «Мыңнан бір мезет» сол кезеңде 130 мың тираж жинаған болатын. «Жас Алаштың» өзінің және төрт қосымшасының тиражын қосқандағы жалпы тиражы шамамен 300 мыңға жуықтаған болуы керек.
– Қайта құру мен ел тәуелсіздігінің алғашқы аумалы-төкпелі кезеңінде қағаз-қаражат тапшылығы болып, көптеген қазақ басылымдарына жабылып қалу қаупі төнгені есімде. Біз осы кезде «Жас Алаштың» экономикалық әлеуетін көтеру үшін қаржы іздеп кеттік. Жарнамалық агенттік аштық, т.б.
– Одақтың ыдырауы, кеңестік экономиканың күйреуі – «Жас Алаштың» жағдайына да қатты әсер етті. Бұл газеттің бас редакторы қызметіне Төрехан Данияр, редактор орынбасары Қасым Әзімхан, ал мен жауапты хатшы қызметіне тағайындалған кез болуы керек. Тұрымтай тұсында болған осы заманда жұрт газетке жазылмақ түгілі тамағын тауып жей алмай қалды. Аналарымыз ала қап арқалап, базар жағалап, бала-шағасының азығын айырды. Сол жылдары қағаз тапшылығына орай, аптасына бес рет шығатын газеттің бір-ақ рет шыққан кездері де болды. Негізі көп нәрсе газеттің басшысына байланысты. Бұл тығырықтан сол кездегі бас редактор Төрехан Данияр түрлі кәсіпкерлердің есігін қағып жүріп, қаражат көзін тауып, «Жас Алашты» құлатпай, аман алып шықты. Бірнеше айлап жалақы алмаса да жасалаштықтардың рухы түскен жоқ. Өздері бәріне сабырмен қарады және оқырмандардың рухын көтеріп отырды.
«Жас Алаш» қай заманда да өз батылдығынан таймаған басылым, барша қазақ қаламгерлерінің құтты ұясы, қазақ патриоттарының мектебі. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар қандай мәселені де бас редактор мен бөлім меңгерушілеріне жолығып немесе арнайы редакцияға хат жолдау арқылы шешуге тырысатын. Ондай хаттардың ізімен іс-сапарға шығып, мәселенің мәнін ашып, жазып «Журналист жолға шықты», «Дабыл қағамыз», «Бір хаттың ізімен», «Жазылған жайдың жаңғырығы» секілді айдарларымен газет бетінде жариялап тұратынбыз. Бұл кезең – Сәбетқазы Ақатаев сияқты азаматтар бастаған партиялардың митинг өткізіп, жекешелендіру қарқын алып, қарақшылардың ел ішінде әлімжеттік көрсетіп жатқан аумалы-төкпелі кезеңі еді. Біздің бөлімнің міндеті де заңсыздықтарға тойтарыс беретін материалдарды жарыққа шығару болды.
– «Жас Алаш» газетіне сол жылдары келген жас толқынның өзі бүгінде журналистикада, қоғам өмірінде өз орнын тапқан тұлғаға айналды. Оларға газеттегі алдыңғы толқын ағалардың жазу машығы үлкен мектеп болды ғой деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз?
– Журналист мамандығы ұшқыр ойды, үлкен талғампаздықты, кәсіби біліктілікті, ізденімпаздықты талап етеді. Жұмысты жоспарлау, оқырманның бүгін нені талап ететінін, нені ұнатпайтынын алдын ала сезініп отыру, газетті оқырманның көзі қуанатындай етіп безендіре білу, бұл үлкен еңбек. «Жас Алашта» оншақты жыл жауапты хатшы болғандықтан мен үшін бұл үлкен мектеп болды. Ойлап отырсам, мен У.Қалижан, Д.Төрехан, Н.Жүсіп, Ж.Қорғасбек секілді бір емес, төрт редактормен қызмет етіппін. Бұлардың әрқайсысының жастар газетінде өзіндік қайталанбайтын қолтаңбасы бар. Заман жаңарған сайын газеттің де жаңа идеялармен толығып, жаңаруы заңдылық. Мәселен, «Жас Алашқа» Нұртөре Жүсіп басшылық еткен жылдары басылым тың бір леппен дамыды, жаңа белеске көтерілді. Редактор орынбасары Қали Сәрсенбай жас та жалынды журналистердің жазғандарын ақыл-парасатқа салып, кемін қосып, артығының тігісін жатқызып отыратын сүзгі сияқты еді. Шығармашылық шеберлігі бір төбе. Осы кезде газетке Жанарбек Әшімжан, Әмірхан Балқыбек, Роза Қараева, Айгүл Аханбай, Талғат Ешенұлы, Абылай Сабдалин, Гүлзат Нұрмолдақызы, Гүлнар Тәжиева, тағы да басқа мықты талантты жастар келді.
Әлі есімде, Нұртөре Жүсіп бас редактор болып келген бетте мен жауапты хатшы ретінде газетті шығаруға қатысты кесте жоспар жасап ұсындым, оны ұжымның алдында таныстырдым. Онда мұғалімдерге «Қоңырау», тәртіп сақшыларына «Қалқан», отбасылық тәрбиеге «Ақ отау», деген сияқты әр оқырман аудиториясына арналған 15-ке жуық қосымша болған еді. Оның үстіне әр журналист бір тақырыпты ұстанып, тереңдете зерттеп, ізденуі үшін аптасына бір тақырыптық бет белгілеген болатынмын. Нұртөре Жүсіп заман талабын, оқырманның сұранысын алдын ала сезіне білетін, қоғамның көңіл күйін болжап, болар оқиғаның тамырын дәл баса алатын сезімтал редактор еді. Оған бұл идеялар бірден ұнады. Сөйтіп, «Жас Алаштың» жаңа кезеңі басталды.
– Оған дейін жоғарыда өзіңіз айтып өткен экономика, еңбекші жастар, заң, құқық тақырыптарына төселген сізге танымдық «Мыңнан бір мезет» қосымшасын шығаруға бет бұруға не себеп болды?
– Қазақ даласы тарихи-мәдени-рухани қазынаға бай. Өкінішітісі сол, соның бәрі Кеңес заманында 70 жыл бойы тіліміз бен дініміз құрсауда болған кезде көміліп жатты. Біле білсек, сол қазақтың байтақ даласының әр түкпіріндегі қасиетті жерлер де, аты аңызға айналған әулие-бабаларымыз да, төл халқымыздың қанына сіңген ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелер мен ұлттық салт-дәстүр, ырым-жоралғылар, шипагерлік өнерді меңгерген ел ішіндегі емшілер де бәрі – біздің мәдениетіміз бен руханиятымыздың бір бөлшегі. Тіпті өзге елдер бір ерекше ағаш, көл, су дегеннің өзінен ел тарихын, аңызын жасауға ұмтылады. Мәселен, әйгілі Кунның жазған мифтері арқылы дүниежүзінің халқы грек елінің тарихын танып-білді. «Тибет медицинасы» арқылы Қытай елін әлем мойындады. Сол тибет монахтарының шөппен емдеу тәсілінен артық болмаса кем түспейтін, мыңдаған шөптердің емдік қасиеті және оны қалай қолдану туралы «Шипагерлік баян» атты еңбегін Өтебойдақ Тілеуберді ұлы ХV ғасырда әлдеқашан жіпке тізіп, ғылыми негізде жазып кеткен. Яғни бұл қазаққа таңсық емес. Айыбымыз – соны көзден таса қылып, таныта алмағанымыз. Қазақтың байтақ даласының қай түкпірін алсаң да, қасиетті емес жер жоқ және ол тек абыз-әулиелерге ғана қатысты емес, жер-су атаулары мен тарихи орындарға, аң-құстың бәріне қатысты. Халқымыз аңды да, құсты да аялап, өзіне кие тұтқан. «Аққуды атса, обалына қаласың, киікті атса, киесі ұрады» деп ырымдаған.
Бүгінге дейін сақталған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Баба түкті Шашты Әзіз, Сайрамдағы сансыз бап, Бекет әулие секілді қасиетті орындарға зиярат ету – біздің ата дәстүрімізде бар дүние. Негізі әр халықтың өзінің руханияты мен тарихына, тілі мен дініне байланысты мұраны жинап, жарыққа шығаруы туған елге деген патриоттық сезімнің көрінісі. Бір жағынан менің бұл тақырыпқа келуіме халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылық та әсер етті.
Сөйтіп, «Мыңнан бір мезетті» мен бір өзім 12 жыл бойы шығардым. Ел ішіндегі аңыз-хикаяттар, діни пәлсапалық жазбалар, шешендік сөздер мен шешендік өнер, емшілік, дін туралы мақалалар мен аңыздарды үнемі газет бетінде беріп тұрдық. Яғни әр аңыздың артында қандай да бір-бір ақиқаттың болуы мүмкін екенін де естен шығармадық. Бастапқы кезде А-4 кіші форматында 1 бет боп шығатын бұл қосымша, айналасы 1-2 жылдың ішінде 8 бетке дейін көбейіп, тиражы 130 мыңға дейін жетті. Артынан онда жарияланған аңыз-әңгімелердің бәрі «Қазақ мифтері» атты көп томдық жинаққа кірді.
– 90-жылдардың ортасында сіз де осы қазақтың аңыз-әңгімелері мен мифтерін ғылыми негізде жүйелеп, кандидаттық диссертация жазған екенсіз?
– 1991 жылы «Мыңнан бір мезетте» шыққан дүниелерді көрген Абай атындағы ҚазПИ-дағы философия факультетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымының докторы Қатыршат Шүленбаев маған осы тақырыпта кандидаттық диссертация жазып шығуыма кеңес берді, өзі жетекші болды. «Қазақ мифтері» туралы көлемді зерттеу еңбегімді жазып, бастапқы қорғаудан (предварительная защита) да өттім. Өкінішке қарай, негізгі қорғауға аз уақыт қалғанда жетекшім қайтыс болды.
Жалпы, ауызекі аңыз әпсаналарды жинақтап, зерделеп, жүйелеп, оны ғылыми ортаға алып шығудағы мақсатым – халықтың өміршең мұрасының ұлт өміріндегі орны ерекше екенін дәлелдеу және оны жұрт жадында қалдыру еді. Жеке мұрағатымда қазірге дейін осы тақырыпқа қатысты дүниелер көп. Қол тиіп жатса, болашақта оның бәрін қолға алып, өңдеп ұсынармын деп ойлаймын.
– Білуімше, сіз «Айқын»
газетін дүниеге әкелушілердің де бірісіз.
2004 жылы республикалық «Айқын» газеті ашылып, танымал журналист Серік Жанболаттың шақыруымен Бас редактордың бірінші орынбасары болып жұмысқа ауыстым. Б.Бейсенұлы, А.Аханбайқызы, Р.Қараева, Г.Тәжиева және т.б. танымал журналистер менімен бірге осы басылымға кетті. 16 жыл қызмет еткен сүйікті «Жас Алаш» газетіммен қимай қоштастым. Бір қызық айтайын, қоштасар сәтте әріптестерім маған қамшы сыйлады. Адам таңғалатын жағдай, алғашында оған аса мән бермей, сандыққа салып қойғанмын. Бірде жаңағы қамшымды түсімде көрдім. Қамшының басы тірі жылқының басы екен деймін… Таңғалып жатырмын. «Бұл ненің белгісі?» деп ойлап, таңертең сандықтан алып қарасам, о, тоба шынымен қамшының басына аттың басы ойып, бейнеленген екен. «Бұрын қалай байқамағанмын?» деп ойладым. Содан бастап, қазіргі күнге дейін бұл қамшы менің бойтұмарым, үнемі өзіммен бірге.
«Айқын» газетін біз журналистикада өзінше бір тың жолы, өз бет-бейнесі бар заманауи басылым жасауды мақсат тұттық. Онда жарық көретін мақалаларды көп сөзділіктен гөрі ақпараттық стильде беруге тырыстық. Тілшілердің ой еркіндігіне мүмкіндік бердік. Осылайша, айналасы 1-2 жылда бұл газет тиражы жағынан бұрыннан шығып келе жатқан «Егемен Қазақстанмен» иық тірестіре алатындай деңгейге жетті. Газет бетіндегі сыни мақалаларға билік те құлақ асатын, санасатын болды. Кейін басылым басшылығына Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров сияқты мықты редакторлар келіп, газет ақпарат айдынында өз орнын нық иеленді.
– 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсіз. Қаламды шенеуніктің орынтағына айырбастау шығармашылығыңызға әсер етпеді ме?
– Мемлекеттік қызметте жүріп те қолымнан қаламым түскен емес. 2009-2012 жылдары еліміздің бас прокуратурада басқарма басшысы, қазақ тілін дамыту басқармасының басшысы болып істеп, мемлекеттік жұмысты қазақыландыру ісімен айналыстым.
2012 жылдан бастап, 8 жыл бойы парламент сенатында баспасөз қызметінің басшысы, бөлім меңгерушісі, сол кездегі сенат төрағасының баспасөз қызметінің жетекшісі секілді қызметтерді атқардым.
2020 жылдан ҚР мәдениет және спорт министрлігі, тіл комитетінің төрағасының орынбасары және сол жылдың қыркүйегінен бастап, аталмыш комитеттің төрағасы қызметін атқардым. Бұл лауазымда тіл реформасы, мемлекеттік тілдегі контентті көбейту, тілді үйретудің жаңа әдістемесін қалыптастыру, ұлттық корпусты дамыту, ІТ бағдарламаларды дендете енгізу, тіл заңнамасын жетілдіру, тағы да басқа басым бағыттар бойынша жұмыстар атқардым.
– Сізді әріптестеріңіз тек белгілі журналист ғана емес, ақын әрі жазушы ретінде де таниды. Шығармашылық жағы қалай?
– Мен шығармашылыққа тым кеш бет бұрдым. Өлеңді 55 жастан бастап жаза бастадым. Жуықта «Сіз бақытты болыңыз», «Махаббат маусымы» атты өлеңдер жинағым жарық көрмекші. Сондай-ақ жақында «Қабір қазған» атты аудио кітабым жарық көрді. Оны 10 күнде жарты миллионға жуық (442 мың) адам оқыпты. Бұған дейін «Мыңнан бір мезет», «Қасиет» атты кітаптарым жарық көрген болатын. Жалпы, алдағы уақытта шығармашылықпен белсенді айналысуды мақсат тұтып отырмын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Келе жатқан 60 жас
мерейтойыңызбен өзіңіздің «Жас Алаш» газеті ұжымының атынан құттықтауға рұқсат етіңіз!
Шығармашылық табыстар тілейміз!