«Жас Алашты» жарты ғасырдан бері оқимын

Мен Ғани Мұратбаев туып-өскен Қызылорда облысының Қазалы ауданы Бозкөл ауылындағы орта мектепте оқыдым. 14 жасымда аудандық «Ленин туы» газетіне балықшы Қожан Ниязов туралы «Бір күнде 10 центнер балық» деген мақалам жарияланды. Сол кезден бері кітап, газет-журнал оқуға әуеспін.
Бірақ марқұм анамның (өзі көп науқастанып еді) қалауымен шығармашылық жолды емес, дәрігер мамандығын таңдадым. Әуелі облыс орталығындағы медициналық колледжді, 1983 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдап, 40 жыл бойы медицина саласында еңбек еттім.
«Жас Алаш» газетін бала кезден бері қалдырмай оқып келемін. Міне, жарты ғасырға жуық уақыт сүйіп оқыған газетім жайлы «есеп» бергелі отырмын. Газет пен оның оқырмандары арасында қандай да бір байланыстың болуы заңдылық деп есептеймін.
«Жас Алаш» газетінің Ғани Мұратбаев шығарған бірінші нөмірін Қазалы қаласындағы өзіне арналған мұражайынан көрген едім. Менің жақын туысым Балтабай Тәжімбетов деген азамат көп жылдар бойы осы мұражайдың директоры болды. Сол кезде мен Алматыдағы медициналық институттың 3-4 курсында оқып жүргенмін. Осы жағдайды пайдаланып, ол кісі маған біршама тапсырма берді. Ғани туралы алғаш кітап жазған Бейсенбаев деген профессормен жолығып, өз аузынан біраз жайды қолма-қол жазып алып, сол кісінің суретімен қосып, мұражайға жібердім.
Ең бастысы, сол кезде жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың жары Бақытжамал апаймен жолығып, айтқан әңгімелерін диктафонға жазып алып, оны да мұражайға жібердім. Бақытжамал апай, ұмытпасам, Т.Шевченко көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысындағы үйдің 2-қабатында тұратын. Қазір сол материалдардың бір данасын өзіме қалдыруым керек еді деп, қатты өкінемін. Сол уақытта жастықпен қолда тұрған анадай «байлыққа» мән бермеген екенмін.
Бір ғасырдан аса халқына адал қызмет етіп келе жатқан «Жас Алаш» миллиондаған оқырманның алғысына, сүйіспеншілігі мен мақтанышына айналып, талай жанның қиындығын бөлісіп, қамқорлығы мен көмегін аямады деп есептеймін.
Бір кездері Шерхан Мұртаза сынды біртуар азамат газеттің бас редакторы болды. Сол жылдары редакция айналасына кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін журналистер жиналып, «Шерханның шекпенінен шыққан» тілшілер қосыны үлкен жазушыларға айналды. Одан кейін де «Жас Алашта» ірі редакторлар мен мықты журналистер жұмыс істеп, газеттің дәурені жүріп тұрды.
Бірақ ортада кейбір олқылықтар да болды. Менің есімде қалғаны – газет тізгінін өзге саладан келген адамдар ұстаған кездер болды. Сол кездерде газет уақытымен шығып тұрғаны болмаса, оқырманға мардымды ештеңе ұсынған жоқ. Бұған мен сияқты оқырмандар іштей ренжіп те жүрді. Тіпті нөмірді бастан-аяқ жазушылардың кітаптарынан алынған үзіндімен толтырып қоятын. Басқа оқырмандарды білмеймін, сол кездерде өзім қатты қиналдым. Басылымға жазылудан бас тарту – мен үшін Ғанидың аруағына «сатқындық» жасаумен бірдей болып көрінді.
Бірақ кейін көш түзеліп, «Жас Алаш» өз жолын қайта тапты. Редакция жұмысында өзгеріс көп. Оқырмандардың үлкен ілтипатына, ризашылықтарына бөленіп отыр деп есептеймін. Газет бетінде жарияланып жатқан материалдардың дені ел өміріндегі толғақты мәселелер деуге негіз бар. Маған қазіргі газеттің «Егеулі найза» қосымшасы ұнайды, үзілмей шығып тұрғаны жөн. Бірақ еліміздің батыс өңірлеріне газет кешігіп жетеді. Кей сан қолымызға біраз уақыт кешігіп тиеді. Осы мәселе оң шешімін тапса деген өтінішім бар.
Жұбан Тілеубергенов
Медицина ғылымының докторы, профессор
Ақтөбе облысы