Жас Алаштың сынынан соң, Алаша хан мен Жошы хан кесенесін билік назарға алды

Осы аптада 17 қараша күні «Жас Алаш» сайтына «Жезқазғанда Алаша хан мен Жошы ханның кесенесі қараусыз жатыр» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын.
Онда «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы Алматы қаласының тұрғыны Ахмет Оразбаев Ұлытауға жолы түсіп барғанда Алаша хан мен Жошы хан кесенесінің қараусыз қалғанына куә болғанын айтып, қынжылған болатын.
(Құстың саңғырығы басқан кесене)
Алаша хан мен Жошы хан кесенесіндегі келеңсіз көріністер сайтта жарияланған соң, Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жасұлан Аяшев хабарласып, бұл мәселені назарларына алғанын мәлімдеді. Бүгінде екі кесененің ішіне құс кірмеу үшін есік терезелеріне тор орнатылып, іші сырты тазартылған.
(Кесененің тазартылған келбеті)
Ұлытау ауданы әкімшілігі Алаша хан мен Жошы хан кесенесін күзету үшін министрліктен қосымша штат сұраған.
(Құстар кірмеуі үшін құрылған тор)
— 2021 жылдан бастап Алаша хан мен Жошы хан кесенесін күзету үшін арнайы күзет беріледі. Жошы хан кесенесінің жанына туристік кешен салынып жатыр. Ол жерге асхана, музей, қонақ үй тұрғызылады. Музей қызметкерлері Жошы хан кесенесіне ие болады. Бұл кесенелер қараусыз қалмайды,- деп мәлімдеді Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жасұлан Аяшев.
Ал Ұлытау ауданындағы тарихи жәдігерлерге апаратын жол мәселесі жуық арада жөнделе қоймайтын тәрізді.