Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:19, 12 Сәуір 2022

«Жас Алаштың» тарихында қалады

None
None

«Жас Алашты» басқарғандар туралы ел ішінде әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгімелер жиі айтылып тұрады.

Ғани Мұратбаев негізін қалаған Бас газетті кімдер басқарды? Қазір олардың бәрі шеттерінен аңыз. Шерхан Мұртаза басқарған жылдары «Шерханның шекпенінен шыққандар», Сейдахмет Бердіқұлов Бас редактор болған уақытта «Сейдағаңның мектебінен өткендер» деген тұрақты тіркес пайда болды. Бұдан кейін «Жас Алашқа» Уәлихан Қалижанов сияқты ұлтшыл азаматтар келді. Ұлттық басылымда қазақтың ұлы тұлғалары қызмет етті. «Жас Алаштың» киелі шаңырақ деп аталуы содан.

Ғасыр жасаған Бас басылымның 100 жылдық мерейтойы тұсында, газетті басқару бақыты Қайрат Мәтірековке бұйырды. Бұл түсінген адамға зор бақыт. Бұл туралы газеттің қазіргі Бас редакторы Қайрат Болатұлы үнемі көңіл тербейтін әңгімелер айтып отырады.

– Ұлылар басқарған, марқасқалар қызмет еткен Бас басылымды басқару – менің журналистикадағы бақытым, – деген ол бас газетті басқару мен қызмет етудің салмағын өзі ғана емес, бізге де сезіндіреді.

«Жас Алаш» былтыр 100-ге толса, Қайрат Болатұлы биыл 60 жасқа толған мерейтойын қарсы алып жатыр. Қос қуаныш бір-бірімен үндесе келді. Бұл да жақсылықтың нышаны деп жорыдық. Қайрат Болатұлы 1962 жылдың 10 сәуір күні Алматы қаласында дүниеге келді. Әулеттің үлкен немересі болғандықтан, бұрынғының жолымен атасы Шідебай мен апасы Нұржәміштің тәрбиесінде өседі. Содан болар, ауылдағы шал-кемпірлердің өзі күні бүгінге дейін «шалдың баласы» деп, көрген жерде алдынан көлденең өтпейді. Мұның тағы бір сыры: Қайрекеңнің шыққан тегіне де қатысты болса керек. Өйткені үлкен бабасы Ералы Қошқарұлы Жетісуға аты белгілі бай болған екен. Ұжымдастыру кезінде Ералы бабамыздың ұлы Шідебай бас сауғалап, сол кезде қазақ даласында салынып жатқан ТүркСіб темір жолының Ақбалық теміржол стансасына барады. Шідебай қария сол жерде теміржолшы болып қызмет етіп, «Құрметті теміржолшы» атанып, абыроймен зейнет демалысына шығады.

Кейін Қайрекең әкесі Болат Шідебайұлы жұмыс бабымен Үштөбе қаласына көшіп барып, сонда өседі, сол жерде мектеп бітіреді. 1980 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына түседі. Оқу бітірген соң, Торғай облысындағы мектептерде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Торғайда басталған ұстаздық жол 1989 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына көшіп келгенге дейін жалғасады… Қайрат Мәтіреков сол жылы ұстаздықты журналистикаға ауыстырады. Еңбекшіқазақ ауданының «Еңбек жалыны – Пламя Труда» аудандық газетіне жұмысқа тұрады. Қатардағы тілшіден, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі.

– Менің ой-өрісім, дүниетанымым, көзқарасым газетке келгеннен кейін қатты өзгерді. Мектепте мұғалім болып жүргенде, біздің ойлау жүйеміз соншалық тар болыпты. Педагог – өз әлемінде өмір сүреді: ойлайтыны мектеп, сабақ, оқушылары ғана. Ал газетке келгенде, мүлде бөлек әлемге тап болғандай, күй кештім. Бүкіл қоғаммен бетпе-бет келіп, тамырын басып отырасың. Қойшы мен диқанның мұңын, халықтың зарын тыңдайсың. Өз өмірімді «журналиcтикаға дейін, журналистикадан кейін» деп, екіге бөліп қарайтыным содан – деп, айтып отырады мерейтой иесі.

«Жас Алаш» газетіне дейін Қайрекең ішкі істер органдарында қызмет   еткен. Содан болар, журналистикаға келгенде, Қайрекең білімді тілшілерді топтап, жақсы команда жасақтай білу сияқты менеджерлік жұмыстарды үйіріп әкетті.

Қайрекең ішкі істер саласындағы қызметтен кейін «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінде құқықтық ақпарат бөлімінің редакторы, Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы, Еуразия телеарнасының сайтында жұмыс жасады. Қайрекеңнің журналистикадағы ұйымдастырушылық қабілетінің толысқан кезеңі 365info.kz сайтының қазақ бөлімін басқарған 2014-2018 жылдар еді. Қасына сайдың тасындай білімді, білікті қазақтілді журналистерді топтап, электронды баспасөздегі қазақ контентін дамытуға барын салды. 365info.kz сайты қазақ сайттарының алғашқы бестігіне кірген жүйрік ақпарат көзі болды. Қ.Болатұлы қазақ бөлімінің редакторы қана қоймай, «қазақ баспасөзіне шолу» деген айдарды жүргізіп, қазақ баспасөзіндегі ұлттық, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді орыстілді оқырманға жеткізіп отырды. ­Өте оқылымды айдар болды бұл. Орыс журналистері, орыстілді билік қазақтың мұң-мұқтажын, ұлттық мәселелерін осы айдардан тұрақты оқып тұрды.

– Мен қазақ баспасөзіндегі өткір дүниелерді аударып қана берген жоқпын. Өзегін алып, қайтадан жазып шығатынмын. Орыстілді қоғам қазақтілді қауымның не ойлайтынын, не жазатынын сол арқылы оқып, танысып отырды. Мен екі тілді журналиспін. Қазақтілді журналистер жанашыр, мемлекетшіл. Олар ұлттық тақырыптарды ашық айтып, мемлекет мүддесін қорғап жазады. Ал орыстілді журналистикада ондай жақсы қасиеттер аз. Жанашырлық жоқтың қасы. Қазақстанға елім, жерім деп еміренбейді, қазақтың тағдырына пысқырмайды. Кез келген тақырыпты тиіп-қашып қана жазады, – деген ол екі ортаны салыстырып отырады. Сол кемдіктің орнын толтыруға Қайрекең бір кісідей үлес қосты.

Қайрат Болатұлы газеттің бас редакторлық қызметіне келгелі де екі жылдан асып барады. Басылымның 100 жылдық мерейтойы Қайрекеңнің кезінде атап өтілді. Мерейтой аясында газеттің алтын ғасырындағы материалдардан құрастырылған «Қазақтың үні – Жас Алаш» атты арнайы кітап жарық көрді. Газет ұжымы жеті-сегіз облыста болып, бас газеттің мерейтойын өңірлерде де атап өтті. Ондағы мақсат – оқырмандармен жүздесу еді.

Бұрын газет-журналды аты белгілі журналистер немесе жазушылар басқаратын дәстүр бар-ды. Қазіргі талап басқаша. Дамыған елдерде, Еуропада газетті мықты менеджер басқарады. Қазақстанда да сондай үрдіс пайда болып келе жатыр. Соңғы жылдары біздің басылымнан басқа да республикалық газет-журналдардың басында журналистер емес, басқа саланың адамдары отыр. Олар жақсы менеджер, білікті ұйымдастырушы. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» деген осы. Ал Қайрат Мәтіреков «Жас Алашты» басқарғандардың бірі болып аты тарихта қалады.

Тегтер: