Жас дәрігерге 5 млн теңгенің сертификаты тапсырылды
Қарағанды облысында медицина қызметкерлер күні қарсаңында ауылға баратын жас дәрігерлерге 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көтерме сертификат берілді.
Жастарға мұндай әлеуметтік қолдау республикада тұңғыш рет көрсетіліп отыр.
- Мен Нұра ауданына терапевт дәрігері болып барамын. Ауылға қат мамандарды әкелуге себепкер болатын тұңғыш бастаны қош көңілмен қолдаймын. Алдағы уақытта үздісіз жалғасын тапса, ауыл халқы қалаға сабылмай, өз өлкесінде уақтылы емделіп, тиімді ем алатын болады. Әрі бұл әдіс облыстың денсаулық сақтау саласына да жеңілдік тудыратын анық, — дейді жас маман Әйгерім Каюпова.
Жас мамандарға сертификат тапсыру салтанатында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас дәрігелерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, елді мекендерге халық сұранысына сай мамандарды тарту кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Сонымен қатар, ол осы мақсатта облыстың ауыл-аймақтарында жаңадан 92 денсаулық сақтау мекемесі бой көтергенін тілге тиек етті. Айта кетерлігі, әлеуметтік қолдау «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Таратып айтсақ, жоғары білімді жалпы практика дәрігерлері, педиатор, акушер-гинеколог, анестиолог-реаниматологтар 5 млн теңге, кардиолог, хирург, невропатолог және офтольмологтар 3 млн теңге, колледж бітірген акушер, фармацевтер1, 5 млн теңге иеленді.
— Ауылда жұмыс істеу зор құрмет. Ендігі жерде ауыл дәрігерінің мәртебесін көтеру сіздердің қолдарыңызда. Біз әрдайым сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, қажетті қолдау көрсетуге әзірміз, — деді сертификат иелеріне аманат лебізін айтқан аймақ басшысы.
Жалпы биыл облыста қоғам үшін маңызы зор мамандарға бұрыңғыдан да көңіл аударыла бастады. Осыдан екі күн бұрын полиция қызметерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Е. Бөлекпаев келесі жылдан бастап, өңірдегі учаскелік инспекторларға арнайы сыйақы тағайындалатынын хабарлады.