Жас ғалымдардың баспаналы болу бағдарламасына қатысты дау. Министрлік жауап берді
«Отбасы» банк пен ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған келісім аясында, жас ғалымдар жеңілдетілген несиемен үй алуға өтініш бере алатыны белгілі болған еді.
Алайда министрліктің жариялаған тізімінде кейбір жас ғалымдар енбей қалып кеткені дау тудырды. Jas Alash «Саясат Нұрбектің «үйіне» жас ғалымдар сыймай қалды» атты мақала жариялап, министрлікке бұл туралы түсінік беруді сұрап, ресми сауал жолдаған.
Көптен күткен сауалымызға ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки жауап берді.
"2023 жылғы 19 қазанда Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек және «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Л.Ибрагимова арасында жас ғалымдарға несие берудің 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – пилоттық бағдарлама. Аталған келісімді жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 2023 жылғы 1 желтоқсанда несие берудің бағдарламасын жариялады. Несие берудің бағдарламасына министрлікке және ғылым комитетіне бағынышты және ғылымда кем дегенде 3 жылдық жұмыс тәжірибесі бар жасы 40-тан аспаған ғылыми қызметкер қатыса алады",- деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ Дархан Жұмақанұлы министрлік неліктен тізімдерде тек өздеріне бағынышты ұйымдағы ғалымдардың аты-жөні тізілгеніне тоқталды.
"Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының тиісті тізбесі «Отбасы банк» АҚ-ға жолданды. Бағдарлама пилоттық екенін ескере отырып, сондай-ақ банктің қаржысы шектеулі болғандықтан биылға тек Министрлікке бағынышты мекемелерді енгізді",- деп жауап берді министрлік ресми сауалға.
Сонымен қатар, вице-министр қаржы дәл осы министрліктен басқа 8 министрлікке де бөлінетінін ескеру керегін айтты.
"Қаржы басқа да 8 министрлікке бөлінетінін ескеру керек. Сол себепті, басқа да салалық мемлекеттік органдар Отбасы банкіне осындай ұсыныспен хабарласуына мүмкіндігі бар. Ал, министрлік, өз тарапынан аталған пилоттық бағдарлама бойынша басқа салалық мемлекеттік органдарға ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлайды",- дейді ол.
Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбектің «үйіне» жас ғалымдар сыймай қалды
Айта кетейік, Министр Саясат Нұрбек «Отбасы» банк басшысы Ләззат Ибрагимовамен бірге жас ғалымдарға жеңілдетілген несие берудің 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойған. «Келісім аясында, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ғалымдар жеңілдетілген несиемен өтініш бере алады. Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алу мүмкіндігін береді. Оған жасы 40-тан аспаған, ғылымда кем дегенде 3 жылдық жұмыс тәжірибесі бар ғылыми қызметкер қатыса алады. Жас ғалым ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алып, төлем қабілетін бағалату үшін банкке жолдама алады. Егер банк мақұлдаса, жаңа баспана немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 5%. Алғашқы жарна 10%-дан 50%-ға дейін. Бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары сома – 20 млн теңге. Тағы бір айта кететіні, бағдарлама шарты бойынша жас ғалымның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында кейінгі 5 жылда баспанасы болмауы керек.