Жас өнертапқыштар жарады

Алматы қаласы республикалық физика-математика мектебінің оқушылары тек теория жүзінде ғана емес, практика жүзінде жаңа қосымшалар жасап, ғылымның дамуына кішкене болсын үлестерін қосып келеді.
Жас өнертапқыштардың бірінші ойлап тапқан қосымшасы «dAIgnosis» деп аталады. Өздерінің айтуынша, бұл құрылғы медициналық оқу орындарының студенттері үшін үлкен көмек болады дейді. Яғни құрылғы арқылы сырқатты нақты белгілермен анықтай отырып, дертіне орай дәрі-дәрмектерді тағайындайтын керемет қасиеті бар болып шықты.
Бұл туралы Алматы қаласы РФММ-нің 11-сынып оқушысы Артур Кнабик: «Қандай да сырқат болсын, нақты белгілермен анықтауға болады. Ол үшін томография мен рентген арқылы жасанды интеллекті анықтауға болады. Одан бөлек, жасанды интеллект адамның медициналық тарихын анықтай отырып, дәрі-дәрмектер тағайындауға болады. Медицина саласының студенттерімен кездескенде, олардың біздің өнімге деген қызығушылықтарын байқадық. Бірақ бұл қосымшаны медициналық білімі бар адамдардың қолданғаны дұрыс деп санаймыз» дейді.
Медициналық қосымша арқылы аталмыш мектептің оқушылары 1 миллион теңге ұтып алған болатын. Алдағы уақытта ол жүлделерін қосымшаларын дамытуға жұмсаймыз дейді. Сондай-ақ атап өткен мектептің оқушылары фармацевтика мен өзге де салаларға үлестерін қосып, тіпті жарыстардан жүлделі орындарға ие болып келеді. Мәселен, Абзал Серікбай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді сапалы протез ойлап тапса, Анастасия Цой фармацевтика саласында дәрі-дәрмектердің қасиетін анықтайтын жаңа синтез шығарды.
— Менің жұмысым – Kinetic Hand деп аталады. Бұл 3д принтерде шығарылған экзо-протез. Бұл протездің құны мен экологиялығы жағынан айырмашылығы бар. Жобаны дайындау барысында NinjaFlex материалын қолдану арқылы протездегі механизмдердің санын төмендету арқылы толықтай буынның қозғалысын механикалық түрде қимылға келтіруге мүмкіндік алдым. Әрі бұл жобам мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы протезді қолжетімді бағаға алуларына негізделген, – дейді жас өнертапқыш Абзал Серікбай.
Осылайша, еліміздің ғылымының дамуына жас өнертапқыштардың қосып жатқан үлестері қуантады. Алдағы уақытта да жас өнертапқыштарды биік шыңдарға жетелеу үшін мемлекет тарапынан қолдаулар жалғаса береді деп үміт артамыз.