Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 04 Маусым 2024

«Zhas project» жобасы жастарға не береді?

«Zhas project»

Шағын және орта кәсіпкерлік кез келген елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірі үшін ауадай қажет.

 Десек те, елімізде шағын және орта бизнес өкілдері қолдау сұрап, көмек күтумен келеді. Олар түсініксіз салық пен мемлекеттік қолдаудың аздығын айтып, жүйелік жетілдірулердің қажеттілігін алға тартады. Негізінен, шағын және орта бизнесті дамыту шығармашылық пен инновациялардың артуына, потенциалын толық ашуына мүмкіндік береді. 

Жаңа идеялар мен бүгінгі күнге негізделген сұраныстарды жабуда, тез бейімделіп, адаптациялануда ШОБ-тың мүмкіндіктері жоғары. Дәл сол секілді жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеруде де жылдам. Осы қырлары арқылы ШОБ жалпы фонда ірі жұмыс беруші немесе жұмыспен қамтушы да. Осылайша, өңірлік немесе жергілікті даму мен халық аз қоныстанған өңірлерде экономикаға септесу, инфрақұрылымға оң ықпал ету де жүзеге асады. Нарықтағы бәсекелестік арқылы сапа мен өнімділікті арттырып, қызметтер мен тауарлардың қолжетімдірек бола түсуіне әсер етеді. Әлеуметтік, экологиялық, тағы сол секілді қоғам үшін маңызды мәселелердің шешімін ұсына отырып, жақсы кәсіпкерлік тәжірибе немесе мектеп бола алады. Міне, осындай артықшылықтары мен тиімділігіне қарамастан әлі күнде шағын және орта бизнеске қолайлы орта жасалған жоқ. Әлбетте, тиісті қолдаулар мен жергілікті көмек те жоқ емес. Бүгінде облыстар мен аудандар өз кәсіпкерлеріне барынша жағдай жасап, олардың кәсібінің дөңгелеуіне мүдделі. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Алматы облысында 135 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Аталған кәсіпорындар 245 мыңға жуық тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, бұл ШОБ субъектілерінің аймақтың экономикалық дамуына қосқан үлесі зор екенін көрсетеді. Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен қолдау шаралары бар. Соның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, бизнесті дамытуға гранттар беру, сондай-ақ кәсіпкерлерге кеңес және білім беру қызметтері нәтижесін көрсетуде.

Соның бірі әлеуметтік салаға бағытталған «Zhas project» шағын грант байқауы. Жақында ғана өз мәресіне жеткен конкурс жылда дәстүрлі түрде өтіп жүр. Ол әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған гранттық жоба. Жоба жастарды, қоғамды, әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Биыл Алматы облысы бойынша жобаға өтініштерді қабылдау ерте басталды. Тіркеу кезінде жұмыссыздар санатындағы 18-35 жас аралығындағы 350 азамат ниет білдірген. Солардың ішінде тек техникалық талаптарға сай келетін жобалар комиссияның қарауына ұсынылған. Нәтижесінде, 20 бизнес-идея үздік деп танылып, оларға 1 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Жеңімпаздарды анықтау барысында халықтың осал топтары мен шалғай ауылдық елді мекендердің жастарына басымдық берілген.

Жобаның бір ұтымды тұсы, қатысушы жастарға бірнеше рет арнайы салаланған сабақтар мен кездесулер өткізілген. Бұл туралы облыстық Азаматтық альянстың президенті Балжан Досалы пікір білдірді:

«Бұл жоба жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бірақ биыл жастар айрықша қызығушылық танытты. Алдағы уақытта төрт ай бойы жобаның жүзеге асу барысы біздің тікелей бақылауымызда болады. Былтыр 150 жас осы жобада бақ сынап еді, биыл қатысушылардың қатары екі есеге көбейді. Бұл жастардың кәсіпкерлікке барынша бағыт алғанын көрсетеді. Әсіресе Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарынан қатысушылардың қарасы көп. Ал жобалар әлеуметтік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және шағын өндіріс салаларын қамтиды. Бұл жобалар жүзеге асса, ауылдық жерлердегі тұрғындардың бір бөлігін жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады».

«Zhas project» жобасында жоғары бағаланғандардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданынан келген Арайлым Бақбергеннің «V.sshokolade» жобасы. Ол: «Менің жобамның басты мақсаты – заман талабына сай әртүрлі десерттер мен шоколадтарды жасай отырып, үйде отырған жұмыссыз аналарға тегін шеберлік сабағын өткізу. Қазіргі таңда заманауи, өтімді кәсіптің бірі шоколадты құлпынай болғандықтан, жастар арасында оны жасаудың тегін курстарын ұйымдастырамын. Жастар үйрене отырып, білімін дамытады. Екіншіден, болашақта осы тәттіні жасау арқылы өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алады», – дейді.

Бұдан бөлек, Тахир Сұртаевтың «Робототехника», Жұлдыз Қыдырмоллаеваның «Эко жөргек», Абзал Арыстанбековтің «Пластикалық терезелер өндіру және орналастыру» сынды жобалары шағын грант иегерлері атанды.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: