«Жас қазақ» әні қалай туған?

Майдангер композитор Рамазан Елебаев туралы
Сонау 1942 жылдың ысқырған аязды күндерінің бірінде Алматыдан, кейіннен аты әлемге әйгілі болған майдан шебіндегі В.И.Панфилов дивизиясын толықтыруға бірнеше эшелон толы қазақстандық жауынгерлер аттанған болатын. Нақтырақ айта кетсек, бұлардың көбі өз еріктерімен ел қорғауға сұранған қазақ жігіттері еді. Осы майданға аттанған азаматтардың ішінде кейіннен Кеңес Одағының Батыры атағын алған Төлеген Тоқтаров және сол кездегі жас композитор Рамазан Елебаев та бар еді. Олар мінген эшелон бірнеше күн жүріп барып, Мәскеуге таяу келіп тоқтайды. Бұлар толықтыратын 1075-ші полк Ново-Никольск елді мекеніне орналасқан болатын. Полкқа қосылуға жаңадан келген жауынгерлерді осы ауылдағы мақта тоқу фабрикасының клубына орналасқан комиссия қабылдайды.
Комиссияны басқаруға ол кезде капитан дәрежесіндегі Бауыржан Момышұлы тағайындалып, полк комсомол ұйымының хатшысы Балтабек Жетпісбаев, автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, артынан Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген Мәлік Ғабдуллин, тағы басқалар еді. Осы арада айта кетеріміз, Рамазан Елебаев полк комиссарының хатшысы болып тағайындалады. Ал полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров болатын. Сол кездің өзінде елімізге айтарлықтай танымал болып қалған Рамазанның жай-күйін сұрай келе, Бауыржан Момышұлы полктағы өнерпаз жігіттердің басын қосып, майдан даласындағы жауынгерлерге концерт ұйымдастыруға ұсыныс жасайды. Бұл сөзді қуана құп алған Рамазан дереу бел шеше кіріседі. Сөйтіп, соғыс өтінде жүрген жауынгерлердің арасынан әнші, домбырашы және биші жігіттерді жинап, репетиция өткізеді. Олардың ойын-сауығына жиналғандар алыста қалған елдегі күндерін еске алып, бір жасап қалады. Жауынгерлер әсіресе Рамазанның «Кабардинка» биіне қайта-қайта қол соғып, ерекше ықылас білдіреді. Осы әнші, композитор Рамазанның тағы бір әдеті – соғыс арасындағы тыныштық кезінде қолына қаламы мен дәптерін алып, өзінің ойынан, шабытынан туған әндерді жазып отырған. Соның бірі атақты 28 панфиловшыларға арналған «28 батыр» атты әні еді. Әннің сөзін жазуға атақты Баукең және Мәлік Ғабдуллин көмектесті. Бұл ән жауынгерлерге өте ұнады. Оларға жорық жолында зор рух берді. Кейіннен бұл әнді «За Родину» газетінің редакторы, көпке белгілі Жамбыл ақынның аудармашысы болған Павел Кузнецов орыс тіліне аударады.
«Жас қазақ» әні қалай туды?
Осыларды айта отырып, сонымен қатар Рамазан Елебаевтың Қазақ еліне кеңінен тараған «Жас қазақ» әнінің қалай туғанын айта кетейік. Бұл ән өзінің қасында жүрген майдандас серігі Төлеген Тоқтаровқа арналған. Жорық жолында жүріп, талай ерліктің үлгісін көрсеткен қанды көйлек досы келесі бір қоян-қолтық шайқаста абайсызда мерт болады. Қатты қиналған досы гармонын арқалай жүріп, біраз күннен кейін ел аузындағы айтулы «Жас қазақ» әнін шығарған еді. Кейіннен майданда көрсеткен орасан зор ерліктері үшін шығыстағы Ұлан ауданының азаматы Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
1943 жылдың қаңтар айында майдандағы дивизияға Алматыдан Ғабиден Мұстафин жетекшілік еткен бір топ мәдениет қайраткерлері келеді. Бұл топпен атақты әнші Жүсіпбек Елебеков, танымал әртіс Елубай Өмірзақов, биші Аркадий Астахов, әртістер Шәрипа Тұрсынбаева, Қамаш Баубекова, тағы басқалар келген болатын. Армия басшылары мен жауынгерлер оларды құшақ жая қарсы алады. Елден келген бұл өнер қайраткерлері қалың әскердің алдында концерт ұйымдастырады. Бұларға Рамазан бастаған өнерпаз жігіттер де араласып кетеді. Концерттен кейін Жүсіпбек Рамазанның «Жас қазақ» әнін елге ала баруды ойлайды. Бұған Рамазан Елебаев қуана келісімін береді. Бұлардың айтып отырған әнін сүйсіне тындаған Ғабиден Мұстафин: «Жүсіпбек, мына әндерің керемет екен. Бұрын естімеген едім. Тек мағыналы болу үшін сөздеріне аздап өзгерістер кіргізейік», – дейді. Сөйтіп, Ғабиден атамыз «Жас қазақтың» сөзін қайта жазып шығады. Ал Рамазан болса елден келген бұл азаматтарға риза болып, өзінің шығарған әнін елге ала кетуіне қуанышты екенін көрсетеді.
«Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күркіреді сұр аспан өлім төгіп,
Жас қазақ,
Мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеген.
Жас қазақ,
Жатты көзі от жайнап.
Қапысын тапқан зұлым жау масаттанып,
Отыр еді өзіне мейір қанып,
Жас қазақ,
Атылды оқ боп көре сап.
Алтын шапақ ақ иек, атқанда таң,
Қалғанынша денеде бір қасық қан,
Жас қазақ,
Жатты жауын жаныштап.
Сол бетінде жан берді, ол тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны,
Жас қазақ,
Бәрің соған ұқсап бақ!
Ел қорғаған майданда жас арыстан,
Тоқтаровтай артында қалар дастан.
Жас қазақ,
Міне, саған мәңгі бақ!»
Рамазанның жорықта жүрген жауынгер достары батыр Төлегенге арналған осынау әнді жаттап алып, соғыс арасында айтып жүрді.
Ақмола облысының Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал ауданы) ауданында туып-өскен, жас композитор Рамазан Елебаевтың сұрапыл соғыс жолында жүріп жазған «Талғар полкының маршы», «28 батыр», «23-ші полк маршы» тәрізді бұған дейін жазған әндерін орыс тіліне аударған сол кездегі майдандық газеттің редакторы Павел Кузнецов іле-шала осы «Жас қазақ» әнін де аударып, газетке шығарады.
Иә, Рамазан батыр інісі Төлеген Тоқтаровқа осы әнімен өнер тарихында биік ескерткіш қалдырды. Кейіннен Рамазан Елебаев та майданда ерлікпен қаза табады. Өзінің өшпес шығармаларымен тек Төлеген мен «28 батырға» және тағы басқа сол майдандағы жауынгерлерге ғана емес, ол өзіне де ескірмес, мұқалмас естелік қалдырып кетті.
Рамазанның табиғи талантына сол кездегі штаб дивизиясының бастығы, полковник Серебряков пен дивизия комиссары Егоров та аса тәнті болған еді. Олар Рамазанның шығармашылықпен айналысуына қамқорлық жасап, шығарған әндерін жауынгерлерге жаппай айтып жүруге арнайы бұйрық та шығарған болатын.