Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 25 Шілде 2025

«Жас Вертердің жан азабы»: цифрлық ұрпақтың жалғыздығы

1
Фото: med.news.am

1774 жылы Гете «Жас Вертердің жан азабы» шығармасын аяқтаған еді. Неміс классигі небәрі 25 жасында жазған бұл роман еуропаның әдебиет тарихында елеулі құбылыс ретінде қабылданады.

Ең қызығы да сол, шығарма бар-жоғы төрт апта ішінде жазылып біткен деседі, ал романнан кейінгі қасірет ғасырларға ұласты. Роман эпистолярлық формада Вертер есімді жас жігіттің хаттары арқылы баяндалады. Шығарма сюжеті бойынша айналасындағы жасандылыққа шыдамай, рухани күйзеліс пен махаббат машақатының тұңғиығына батқан бозбала ақырында өз-өзіне қол жұмсайды. Вертердің қайғылы тағдыры сол кезеңдегі Еуропа жастарының ішкі толқынысын, өмірден орын таба алмай, шектен тыс романтизацияға ұшырағанын бейнелейді. Романның даңқы мен дақпырты неміс халқына, әсіресе жастарына тез жетеді. Жас оқырмандар Вертерше киініп, Вертерше сүйіп, соның өмір салтына еліктеген. Ең сорақысы – кітап кейіпкеріне еліктеп, өмірін қия салғандардың саны артқан. Мұндай әлеуметтік құбылысты кейінірек әлеуметтанушылар мен психологтар «Вертер эффектісі» деп атады. Кезінде бұл жағдай қоғамда үлкен алаң­дау­шылық тудырып, дүйім Еуропаны дүр­ліктерген-ді.

Сол тарихи оқиғаға сүйенген америкалық философ Дэвид Филлипс те медиа мен суицид арасында­ғы байланысты зерт­теп, 1947–1968 жылдар аралығындағы Америкадағы суицид статистикасын саралаған еді. философтың пайымдауынша, бел­гілі бір адамның өзіне-өзі қол жұм­са­ған суыт хабары БАҚ-та кеңінен жарияланғаннан кейін, бірнеше күн ішінде елдегі жалпы суици­д көрсеткіші күрт өседі екен. Автор әсіресе белгілі бір тұлғаның, оның ішінде өнер адамдарының немесе кейіпкерлердің өзіне-өзі қол жұмсауы туралы жаңалықтар жарияланғаннан кейін, қоғамда суицид саны күрт өсетінін байқаған. Гете романы да дәл осы тектес әсер берген алғашқы мәдени оқиғалардың бірі болды. Мұндай «жұқтыру» әсерін психологтар «ими­тациялық суи­­­цид» деп атайды. Яғни өмірмен қош­та­суға бел буып, бірақ ретін таба алмай, батылы жетпей жүр­ген­дер болса, газет мақаласындағы, жалпы бүгінгі тер­минмен айтсақ, медиа кон­тент­тегі детальдардың әсерінен шешім шыға­ра­ды екен. Бүгінде рейтинг қуып, лентасына не болса соны сала беретін сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар суицид оқиғасын да тәптіштеп, көзбен көргендей етіп оқырманға лезде сүйіншілеп жеткізуге асығады. Бар мақсат – ақпаратты алғаш болып таратып, сол арқылы сайт қаралымын арттыру. Ал оның ар жағындағы әлеуметтік, қо­ғам­дық жауапкершілігіне ешкім мән бе­ріп жатқан жоқ. Осы орайда біз бүгінгі медианың бұл кеселге тигізер әсері туралы сөз қозғадық. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу» жобасы бойынша мастер-тренер Гүлназ Пірмантаева, әлеуметтанушы Жұлдыз Батталова және жастар мен жасөспірімдер психологы Амангелді Мейрамбек қатысты.

Ж.А: Қазіргі таңда Қазақстан балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткішінде көш бастап тұр. Осы орайда бұл статистиканың көбеюіне әлеуметтік желінің дамуы қаншалықты әсер етіп жатыр? Мәселен, әлеуметтік желілерде адам жалғыздық, депрессия, тағы осыған ұқсас фраза, фотодәйектермен бөліссе, оның бұл қадамы суицидке бейім екенін білдіре ме?

Г.П: Жасөспірімдерге қауіпті контенттер мен хештегтерді ажыратуға және бұғаттауға үйрету, сонымен қатар туындаған барлық мәселелерін жақын жандарына ашық айтуды қалыптастыру керек. Жасөспірімнің әлеуметтік желілерде суицидтік ойлары туралы бөлісуі – өте маңызды әрі назар аударуға тиісті психологиялық сигнал. Әдетте бұндай нәрселер баланың көмекке мұқтаж екендігін саналы немесе бейсаналы тұрғыда білдірген жан айқайы деп түсінген жөн. Зерттеулер нәтижесі бойынша жоспарланған суицид туралы жасөспірім бірнеше апта немесе ай бұрын осы ойы туралы белгілері бар жазба жариялайды. Мұндай жазбаларды байқағанда жасөспірімді айыптамай, мазақ етпей, себебін білу үшін сұрақтар қойып мазаламай, шұғыл психолог маманға хабар беруге ұмтылу керек. Бір баланың өмірде қалуына үлес қосу есепсіз жақсылықтың шыңы емес пе?

Прмантаева Гүлназ

Ж.Б: Депрессия тақырыбы осыған дейін қоғамдық талқыға түсіп, ашық айтылмай келді. Тарихи тұрғыдан алғанда, Орта Азияда депрессия, мазасыздық, психикалық ауытқулар сынды тақырыптар не табу күйде не қыңырлық пен «рухани әлсіздік» ретінде қабылданып келді. Бұл жағдайға патриархалды нормалар, ұжымшылдық, отбасы алдындағы ұят, медициналық сауаттылықтың болмауы және психология ғылымына сенімсіздік қатты әсер етті. «Депрессия» сөзі ұзақ уақыт бойы медициналық диагноз емес, «жалқаудың жылаңқы күйі» ретінде қабылданып келді. Меніңше, депрессия туралы ашық айту үрдісіне АҚШ фильмдерінің танымалдылығы арқылы жол ашылды. Батыс медиа өнімдерінің таралуы мен әлеуметтік желілердің әсері мен тұтынуы психикалық денсаулық тақырыбының кең таралуына ықпал етті. Қазір бұл тақырыпты ашық талқылау қалыпты жағдайға айналды.

А.М: Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желілер жасөспірімдердің өзін-өзі танып, сыртқы ортамен байланыс орнатуға тырысатын, эмоциялық күйзелісін жеңілдетуге немесе соны білдіруге тырысатын кеңістігіне айналып отыр. Дегенмен бұл кеңістік әрқашан қауіпсіз, еркін, жайлы дей алмас едік. Жасөспірімдердің психологиялық дамуы, әсіресе 12–18 жас аралығында, тұрақсыз әрі сезімтал келеді. Осы кезеңде олар өзін-өзі тануға, әлемнен өз орнын іздеуге тырысады. Ал әлеуметтік желі – мұндай ізденіс үшін ықпалды құрал. Алайда бұл ортада көрсетілетін өмір көріністері жиі бұрмаланған, шындықтан алшақ болуы әбден мүмкін. Әдетте адамдар әлеуметтік желіге тек бақытты сәттерін, жетістіктерін жариялайды, ал бұл өзге жасөспірімдерде «мен сондай емеспін», «менің өмірім қызық емес», «мен жетістікке жете алмай жүрмін» деген мазасыз ойларды тудыруы мүмкін. Мұның соңы өзін төмен бағалауға, жалғыздық сезіміне, тіпті күйзеліске әкелетіні анық. Қазір әлеуметтік желілерде жалғыздық, депрессия, эмоциялық күйзеліс туралы фразалармен бөлісетін жасөспірімдердің қатары көбейіп келеді. Бұл жазбалар көбіне көмектесуді сұраудың жасырын формасы ретінде қарастырылуы мүмкін. Психологияда «қатер сигналдары», ағылшынша айтқанда warning signs деген ұғым бар. Суицид туралы посттар мен суреттердің ішінде елеусіз қалдыруға болмайтын индикаторлар бар. Мәселен, үнемі жалғыздық, үмітсіздік, өмірден түңілу туралы посттар бөлісу, өзін жоғалтқандай сезініп, «мен ешкімге керек емеспін», «өмірдің мәні жоқ» деген ойлар, бәрімен қоштасқандай ерекше жылы сөздер айту, кешірім сұрау, бұрынғы реніштерін еске алу, маңызды заттарын тарату суицидтің басы болуы мүмкін. Бұл уақытта бұрын белсенді адам, әсіресе жасөспірімдер кенеттен тұйықталып қалса немесе керісінше, депрессиядан күрт «шығып», айналасына тым көңілді көрінсе (бұл қауіпті болуы мүмкін, себебі ол өзіне-өзі қол жұмсау туралы шешім қабылдап, тынышталған болуы мүмкін) дабыл қаққан абзал.

Ж.А: Жалпы қазіргі жастардың цифрлық әлемде өсуі олардың психикалық саулығына қалай ықпал етіп жатыр? «Цифрлық ұрпақ» пен алдыңғы буын арасындағы психологиялық айырмашылық қандай?

Г.П: Цифрлық әлемнің жасөспірімдердің жеке дамуына және психикалық денсаулығының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етуде. Олар үшін бұл әлем әрі пайдалы, әрі қауіпті. Мәселе оны қаншалықты дұрыс қолдана алады, міне, түйткіл сонда болып тұр. Әлеуметтік оқшауланған баланың өмірінде әдетте виртуалды қарым-қатынас басым түсіп, салдарынан жасөспірім жақыннан гөрі, жатқа бауыр басып қалады. Ал көгілдір экранның арғы жағында кімдердің отырғаны және олардың қандай мақсат көздейтіні беймәлім. Сондай-ақ цифрлық тәуелділік (цифрлық аддикция) назар мен мотивацияны төмендетеді. Қауіпті контенттерге қолжетімділік, мысалы, наркотикалық насихат, суицид, зорлық-зомбылық оқиғалары жасөспірім психикасына кері әсер етеді. Жасөспірімдерді қауіпсіз әрі пайдалы ақпараттарды көруге, өз сезімдерін басқара білуге, сүйікті істерімен айналысуға, спортпен шұғылдануға және достарымен кездесулерге баруына көбірек ықпал ету тиімді нәтижелерге жетелейді. Қазіргі цифрлық әлемнің ұрпағы мен алдыңғы буын арасында өсу ортасы мен технологияға бейімділікке байланысты психологиялық, мәдени, рухани құндылықтар мен жаңа технологияны меңгеру тұрғысынан айырмашылықтар байқалады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, алдыңғы ұрпақ стреске төзімділігі жоғары, қоғам мен отбасы пікіріне басымдық беретін, тәжірибеге сүйенетін әрі жауапкершілігі жоғары тұлғалар. Ал цифрлық ұрпақ күйзеліске бейім, әлеуметтік желідегі пікір мен лайкке тәуелді, суицидке бейімділігі жоғары, онлайн ортасыз өзін жалғыз сезінетін, визуалды қабылдауға икемді, еркіндікке ұмтылатын жаңа типтегі тұлға дер едім.

А.М: Әрине, қазір технологияның ішінде өсіп, смартфон тәрбиелеп жатқан алғашқы ұрпақ өсіп келеді. Зумерлердің қалыптасуы осыған дейін сүрген қай ұрпақтан да басқаша. Өзім де кейінгі жылдары жастар мен жасөспірімдерге зерттеу жасай жүріп, олардың өміріндегі қарым-қатынас тапшылығын анық байқадым. Ең қызығы, менің замандастарым, яғни біздің буын әлі күнге сыныптас, дос-құрдастармен араласамыз, кездесеміз. Былтыр университет студенттеріне барып, пікір алған кезде үшінші, төртінші курс студенттерінен бөлек, бірінші курс студенттері де мектепте бірге оқыған сыныптастары жайлы білмейтінін, араласпайтынын естіп, таңғалыстық. Мейлі, ұлы да, қызы да бірге оқыған жиырма-отыз адамның бес-алтауымен ғана қарым-қатынас құрады екен. Бұл тенденциялар тек технологияның ғана емес, қоғамның, қоғамдық сананың дамуынан хабар беріп тұрған сияқты. Ал қоғамның дамуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – интернет, әлеуметтік желі, технология болса керек. Сәйкесінше, технологияның дамуымен қоғам да, жеке адами құндылықтар да өзгеріске ұшырап, трансформацияланды. Қазір еркіндік алға шықты. Технологияның дамуы адамға күш берді. Адамның білімі дамыған сайын, сенімі артады, күші көбейеді. Сонау сексенінші жылдары әлеуметтанушылар «енді дін ұғымы артта қалады» деп ой түйген еді. Себебі дін сыртқы күшке сендірсе, білім адамға бәрі қолынан келетінін дәлелдеп, өз-өзіне сендірді. Осылай, адамның ішкі еркіндігі алға шықты. Технологияның құлағында ойнап, тілі шықпай тұрып, смартфон таныған ұрпақ та басты құндылықты еркіндік санауы – осыдан. Олардың алдындағы ұрпаққа басты құндылық – махаббат, дүниетаным, дін, еңбек болса, зумерлерге ойдың, сөздің, таңдау еркіндігі ең бастысы. Онлайн қарым-қатынастың ішінде өскен ұрпақ үшін қарым-қатынасты да қашықтан құру – әдепкі жағдай, тіпті ең дұрысы сол деп санайды. Құндылықтардың өзгеріске ұшырауы дәстүрлі ұғымдардың қирауына әкеліп соғып жатыр, мысалы, онлайн дос болу не онлайн танысқан адаммен отбасын құрып, құлшылықты онлайн жасау үрдісі белең алып барады. Бүгін біз сүріп жатқан дәуір – екі буын құндылықтарының шайқасы. Бұдан бөлек, қазір дәстүрлі өмір салтынан ажырап, «модерн» өмірге аяқ басуымыз да бір себеп. Зигмунт Бауман есімді әлеуметтанушы өз еңбегінде модерн өмірге байланысты «Liquid Modernity» терминін қалыптастырды. Терминді сөзбе-сөз «Ағып тұрған модернизм» деп аударуға болады, яғни қазіргі заман үнемі құбылып, өзгеріске ұшырап отыратын «ағып жатқан модернизм». Кезінде біздің ата-анамыз өмірді қалыптасқан шаблондармен сүрді, яғни мектепке барасың, кейін университетте оқисың, одан соң отбасылы боласың, бір кәсіпте қызмет атқарасың дегендей. Ал қазіргі заманға тұрақтылық кереғар ұғым, нақтылық жоқ, өзгеріске бейім дәуірдің келбеті. Заманына сәйкес адамы да бейімделгіш, икемді болуы заңды. Зумерлердің басты ұстанымы гедонизмге негізделеді, яғни неден болса да ләззат алғысы келеді. Зумерлер қоғамы, әдетте, тұтынуға бейім болады, көп дүниені тез қабылдап, тез алуға, тез тұтынуға тырысады.

Ж.А: Суицид туралы ақпарат тарату кезінде ең үлкен қауіп - Вертер эффектісі, яғни белгілі бір суицид оқиғасын сипаттау басқа адамдарды осы әрекетті қайталауға итермелеуі мүмкін дейді ғалымдар. Әсіресе суицид жасаған адамдардың фото-бейнелері де ашық тарап жатады. БАҚ пен әлеуметтік желілер суицид туралы ақпарат таратқанда қандай этикалық принциптерді сақтауы керек? Қандай қателіктер суицидтік мінез-құлықты қоздыруы мүмкін?

Г.П: Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде суицид туралы ақпаратты тарату кезінде қатаң этикалық және кәсіби талаптар сақталуы қажет, себебі дұрыс берілмеген контент басқа адамдарға, әсіресе жасөспірімдерге кері әсерін беруі мүмкін. Жағдаятты егжей-тегжейлі сипаттаудан бас тарту, өзіне-өзі қол жұмсаудың тәсілдері, орнын, құралдарын, соңғы сөздерін әлеуметтік желіде нақты сипаттау шынымен қауіп төндіреді. Орын алған жайсыз оқиғаны жариялаған ақпарат соңына міндетті түрде психологиялық көмек ресурстарын, сенім телефондары, психологтарға жүгіну жолдары мен көмек орталықтарының байланысы, мекенжайлары жазылуы керек. Материалға тек «оқиға» ретінде емес, маман пікірімен түсіндіріліп, алдын алу жолдарына баса назар аударған жөн деп ойлаймын.

Ж.Б: Суицид тақырыбына арналған мақалалар мен материалдарды жариялау кезінде журналистер мен басқа авторлардың дұрыс лексиканы қолдануы аса маңызды. Бұл тақырыпты романтизацияламау және сенсация жасамау қажет. Дұрыс сөз қолданысы – оқырманның бұл мәселені болашақта дұрыс қабылдауының кепілі. Бұл құбылыс аудиторияның сол нәрсені «жұқтыру» қаупін төмендетеді. Егер осы нормалар сақталса, суицид стигматизацияланбайды. Бұл тұжырым 7 жыл бұрын жүргізілген ғылыми зерттеумен дәлелденген. Зерттеу канадалық медициналық ассоциация журналында жарияланған. Зерттеу барысында 2011 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбындағы жарияланымдар талданған. Бұл онлайн және баспа басылымдары (журналдар, газеттер, веб-сайттар) қамтылған, барлығы шамамен 17 000 мақала қарастырылған. Зерттеу нәтижесінде суицид туралы материалдарды бірінші беттерде жарияламау, суицид әдістерін сипаттамау, бұл тақырыпты романтикалық етіп көрсетпеу сынды ұсыныстар тасталған. Сондай-ақ зерттеу авторлары суицидтік мінез-құлықты емдеу, оның алдын алу және қалпына келу туралы көбірек жазуды ұсынған екен.

Батталова Жұлдыз

А.М: Қазір суицидке қатысты жаңалықтар бір ғана медиаресурста емес, әп-сәтте әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған, миллиондаған адамға тарап үлгереді. Ғалымдар дәл осы тұста ең үлкен қауіп – Вертер эффектісі екенін ескертеді. Ал қазір әлеуметтік медиа дәуірінде бұл әсер тіпті күшейе түсті. Себебі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер суицид туралы ақпаратты тым ашық, шектен тыс егжей-тегжейлі, эмоциялық реңкімен беретін болды. Қайтыс болған адамның фотосын салу, оның соңғы жазбаларын тарату, өмірбаянындағы драмалық сәттерді ерекше көрсету – мұның бәрі көрерменнің эмоциясына тікелей әсер етеді. Эмпатия оятып қана қоймай, әлсіз психологиялық күйдегі адамға «мен де осылай істесем, мені де түсінеді» деген жалған үміт береді.

Ж.А: Өздеріңіз айтқандай, суицидті романтизациялайтындар көп. «Ол бақытсыз еді, енді тыныштық тапты» деген секілді сөздер посттардың пікірінде жиі жүреді. Суицидтің құрбанын идеализациялау да дұрыс емес. «Ол өте талантты еді, бірақ оны ешкім түсінбеді» деген сипаттамалар жазып қояды кейде. Бұл қаншалықты дұрыс?

Ж.Б: Келісемін. Жоғарыда айтылғандай, негізгі дәлел – суицидті сенсацияға айналдырудан және романтизациялаудан аулақ болу. Егер Вертер эффектісі туралы айтсақ, оған нақты мысал ретінде – америкалық актер, бірнеше киножүлденің иегері Робин Уильямстің өлімін келтіруге болады. БАҚ-та оның өмірден кетуінің барлық егжей-тегжейі жазылды. Сол кезеңдегі статистика көрсеткендей, өзіне-өзі қол жұмсағандардың басым бөлігі – ер адамдар болған. Олар суицидтің дәл сондай әдісін қолданған екен.

А.М: Суицид туралы ақпарат таратқанда, ең алдымен этикалық жауапкершілік бірінші орынға шығуы тиіс. Ақпаратты тарату барысында бірқатар маңызды принциптерді сақтау керек. Біріншіден, суицид әрекеті ешқашан романтикаланбауы тиіс. Яғни қайтыс болған адамға қатысты «ол тым нәзік жан еді», «ешкім оны түсінбеді», «мына әлемге сыймай кетті» деген секілді сипаттамалар жасалмауы керек. Бұл – суицидті эстетикалық, тіпті кейде батырлық әрекет ретінде көрсетеді. Екіншіден, оқиғаның қалай жүзеге асқанын нақтылап айту – аса қауіпті. Қандай жағдайда, қандай құралмен, қандай уақытта дегендей детальдарға терең ену – еліктеушілік мінездің триггеріне айналуы мүмкін. Үшіншіден, фотосуреттер мен видеолардан мүлде бас тарту қажет. Адамның бейнесін көру көрерменнің жадында қатты сақталады, бұл да эмоциялық жағынан әлсіз адамдарға кері әсер етуі ықтимал. Төртіншіден, суицидтің себептерін біржақты түсіндіруге тырыспау керек. «Ол үйінде ұрысты», «оған сүйгені жауап бермеді», «ол ҰБТ-дан өте алмады» деген секілді қарабайыр түсіндірулер күрделі психологиялық үдерісті тұрпайыландырып, өз өмірінде сондай қиындық көріп жүрген басқа бір жасөспірімге «демек, мен де...» деген ой салуы мүмкін. Жалпы алғанда суицид – бұл жеке адамның ішкі күйзелісінің шарықтау шегі ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы көп фактордың нәтижесі. Бұл – отбасындағы қарым-қатынастың үзілуі, мектептегі қысым, құрдастар арасындағы буллинг, психикалық күйдің әлсіреуі, интернеттегі салыстыру мен жалғыздық сезімі. Сондықтан ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің, тіпті қарапайым желі қолданушыларының әр сөзі – ықпал. Ол ықпал ем болуы да, у болуы да мүмкін. Әлеуметтік психолог ретінде айтарым – біз ақпараттық қауіпсіздікті тек мәлімет тарату деңгейінде емес, құндылықтар деңгейінде де түсінуіміз керек. Адам өмірін сақтау тек медицина мен құқық қорғау саласының міндеті емес, әр сөзге мән беретін, эмоциямен емес, жауапкершілікпен қарайтын ақпарат тасымалдаушылардың да тікелей міндеті. Суицидті үнсіздікпен көмкеру де, айғайлатып айту да зиянды. Ал ең тиімдісі – сабырлы, этикалық, құрғақ дерекке сүйенетін, үмітке орын қалдыратын ақпарат тарата білу. Бүгінгі цифрлық дәуірде ең үлкен қару – сөз. Ал сөздің салмағын сезіну – ең биік этика.

Амангелді Мейрамбек

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ