Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:11, 20 Наурыз 2021

Жасай бер, «Жас Алаш!»

None
None

Адам өмірі сияқты әр газеттің өз өмірбаяны болады. Сол сияқты «Лениншіл  жас» 1921 жылы 21 наурызда шыққан алғашқы атауы «Жас Алаш» болып, қазір де шығып жатыр.

Жастық шақ – адамның арманшыл шағы, ең әдемі кезі, жалындап жарқылдай көрініп, қандай іске де жанын сала, жасымай жігерлене кірісетін керемет кезеңі.

      Жарық көргеніне бір ғасырға аяқ басқан «Жас Алаш» газеті ә дегеннен-ақ қазақ жастарына өршіл рух пен жалынды жүрек отын алаулата келген басылым өз бағытын жасауға ұмтылды. Редакциясына қайталанбайтын қолтаңбасымен дараланған қаламгерлерді жинады. Бастау басында жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың ізі тұрған басылым елмен бірге есейді, халқымыздың 100 жылдық тарихы мен тағдырының жылнама-шежіресіне айналды. Сондықтан да дүйім елдің сүйікті газеті туралы тебіренбей сөз, толқымай қалам тербеу  мүмкін емес. Мен де толқып отырмын. Мен де жас болдым, ақпарат айдынында заман ағымынан қалмай бірге жүзіп келе жатқан өмірдің айнасы – «Жас Алаш» газетімен 1952 жылы комсомол қатарына кіргеннен бастап, бірге жасасып келемін.

        1962 жылы институт бітіріп, жұмысқа шыққаннан бері «Жас Алашты» үнемі жаздырып оқимын, яғни тұрақты оқырманымын десем де болады. Зоотехник мамандығым бойынша сол кезде елді аралап жүргенде ауыл-елдің әр шаңырағында, шопандардың саптама етігінің қонышында «Лениншіл жас» жүретін. Жұрт іздеп жүріп оқитын. Қалаға келсек, әр көшеде дүңгіршекте «Лениншіл жасты» кезекке тұрып алып жатқандарын көруші едік. Мамандығым бойынша ауыл шаруашылығында 45 жыл жұмыс істедім. Совхозда бас зоотехник болып төрт жыл, ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник болып алты жыл жұмыс істедім. Он жыл совхоз директоры болдым. Кейіннен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Жекешелендіру басталып, совхоздар тарағаннан кейін мен де ауыл шаруашылығын қойып, зейнеткерлікке шықтым. Қандай лауазымды жұмыстарда істесем де, «Лениншіл жас» газетінен айырылмадым. Үнемі жаздырып алып оқимын, жай оқымаймын, «от корочки до корочки» оқимын. Газеттің келуін асыға күтемін. Газет қолыма тигеннен кейін газеттің әрбір тақырыбын саралап, машықтанып түгелдей оқимын.

       Менің  пайымдауымша, «Жас Алаш» халықтық газетке айналды, мемлекеттік мүддені, әсіресе азаматтардың құқықтарын қорғайтын, қолынан келсе көмектесетін бірден-бір басылым. Менің «Жас Алаш» газеті бетінде жазылған мақалалар мен көтерілген мәселелерге бейжай қарай алмайтын қасиетім бар. Жақында Есік қаласында тұратын көпбалалы ана Кербез Таутесерова өзінің жолдасы қайтыс болғанын, төрт баламен жалғыз қалғанын, құрсағында бір бала барлығын айтып, газетке мұңын шаққан тағдырына газет редакциясы араласып, көмектескен. Нәтижесінде  арызданушыға Жаркент қаласынан үй салуға 13 сотық жер алғанын, көмекке Кербездің есепшотына 737 000 (жеті жүз отыз жеті мың) теңге қаржы түскенін, құрсағында қалған баланы дүниеге әкелгенін жазды. Бұл да бір «артында ұрпағы қалды» дегенге медеу болды. Бұдан бөлек, мен «Жас Алашқа» шексіз алғысымды білдіремін. «Жас Алаш» жақсылықтың жаршысы бола берсін деген жүрекжарды тілегін білдірген. Міне, жанашырлық, міне, қамқорлық, міне, көрегендік деп,  осы оқиғаны айтуға әбден болады және газет редакциясы отбасының ахуалы алдағы уақытта да газеттің бақылауында болатынын жазыпты.

      «Жас Алаштың» 100 жылдық тарихы Алаштың айтулы тұлғалары –  Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлынан бастау алған.  «Жас Алаш» «Ақиқат бәрінен де қымбат» ұстанымын үнемі сақтай білді. Әсіресе «Лениншіл жасты» 1991 жылы тамыз бүлігінен кейін бір түнде ешқандай қаулы-қарарсыз қайтадан тарихи атауы – «Жас Алаш» деп өзгерткен сол кездегі бас редактор, қазіргі қоғам және мемлекет қайраткері, 1994 жылдары жоғарғы кеңестің депутаты болған, Қазақстанның құрметті журналисі Уәлихан Қалижан ініме кеш те болса шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков, ақын патриот Мұхтар Шаханов, сол кездегі газеттің редакторы Уәлихан Қалижанның таза ұлттық намысты қорғап, олардың батыл ұсыныстары арқасында Наурыз мейрамы халыққа қайтарылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол себепті інілерім Мұхтар мен Уәлиханға ағалық рақметімді айтамын.

       Жалпы, газеттің беделі мен бейнесі көбіне редакторға байланысты екенін несіне жасырамыз. Әсіресе Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза редактор болғанда «Лениншіл жастың» жұлдызы жасындай жарқырады. Жас қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков т.б. осы газеттен еңбек жолдарын бастап, тартымды мақалалар жазып, көзге көрініп, келе-келе көрнекті, танымал, шебер қаламгерлерге айналғанын көпшілік біледі. Олардың қасаң тілден аулақтаған, құлаш-құлаш болып басылатын мақала, очерктері әдемі әңгімеге бергісіз болып оқылатын. Олардың  газетке жазылған әр материалдары қаламға құштар жастарға қалай әсер еткенін, кең-байтақ қазақ жерінің әр аймағындағы мыңдаған оқырмандарын арманшыл етіп қанаттандырғанын, бақытын адал да абыройлы еңбектен табуға тәрбиелеп талпындырғанына куәміз. Осы ретте газет үлкен күш бола білді. Жаны жаралы, жабырқаған ел соны іздейтін, пана тұтатын болды.

        Газет тілшілері жазықсыз жұртқа тізе батырып, теперіш көрсеткен кім-кімді де оңдырмай сынап, шындықтың қай кезде де үстемдік құратынын күнделікті жарыққа шығатын әр санында жарқырата жазып, барша жұрттың көкірек көзін ашатын. Солай болғандықтан да жастар газеті үлкен-кішінің бәріне ортақ, оқырмандары еселеп артқан басылым болды. Осылай 100  жылдық тарихы бар жастар газеті ой-қиялы ұшқыр, қаламы жүрдек журналистерді кең құшағына алып, өзіндік дәстүр жасап, сонды оңды үрдіс етіп жөнімен жалғастырды. Басылым тізгінін ұстаған қай басшы да жазу қабілеті күшті қаламгерді жеріне, еліне қарамай, жан-жағына үйіре топтастырды.

      Елімізде «Жас Алаш» газеті тек жастар арасында ғана емес, аты мен көңілі ояу қазақтың қалың қауымы арасында абырой биігінде келе жатыр. Газет егемендіктің еңсесін тіктеп, ел бірлігін нығайтуға қомақты үлес қосып келеді.  Еліміздің әлемдік саяси сахнада мойындалған табыстарын жан-жақты әрі дәйекті түрде жеткізіп отырады.

       Жасыратыны жоқ, ақиқат ары болған «Жас Алаш» газеті биліктегілердің жабайы бетпердесін жасқанбай аша білді. Газет беттеріне мемлекет және қоғам қайраткері «Тұңғыш төраға – первый председатель» Серікболсын Әбділдин, халық жазушылары Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековтің мақалаларын, сондай-ақ Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Серік Ақсұңқарұлы, Әмірхан Меңдеке, Баянғали Әлімжановтың өлең-жырларын, батыстың батыр қызы Гүлжан Ерғалиеваның, газеттің бас редакторы болған қажымас қайраткер Рысбек Сәрсенбайұлының сұхбаттарын оқығанда жаным рахаттанып қалатынын жасыра алмаймын. Айтулы қаламгер, бесаспап журналист, «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, Расул Жұмалы, Дос Көшім, Атыраудың «қос батыры» Талғат Аян мен Макс Боқаевтың соты туралы жазылған мақалаларын оқып қатты риза болдым.

      «Жас Алаш» қазір қоғамда болып жатқан ақиқатты жазатын қазақ тіліндегі жалғыз басылым, сондықтан газеттің таралымын көбейтсе нұр үстіне нұр болар еді. Менің тілегім – Қазақстанның әр елді мекеніндегі кітапханаларында «Жас Алаш» міндетті түрде болуы керек. «Жас Алаш» газетіне көптеп жазылуына мекеме басшылары, әкімдер, мәслихат депутаттары, «Жас ұлан» мүшелері, ардагерлер, зейнеткерлер, көпті көрген ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері өз үлестерін қосса деген ұсынысым бар. Жүз жыл бойы үздіксіз жарыққа шығып, атын өзгерткенімен, затын өзгертпеген, халық өмірінің қайнар бұлағындай болып, ел-жұртының өмірін жариялап келе жатқан сүйікті «Жас Алаш» газетінің ұжымын және оның оқырмандарын 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ақпарат майданында әлі де ұзақ жасап, оқырман көңілінен  шыға берсін деген тілегім бар.

Тегтер: