Жасай бер, «Жас Алаш»!
Міне, көзді ашып-жұмғанша, «Жас Алаштың» ғасырлық мерейтойын қорытындылайтын кез де келіп жетті.
Бір қарағанда, барлығы ойдағыдай болып, жыл сәтті өткен сыңайлы. Редакцияның шығармашылық десанты еліміздің 8 өңірі – Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын аралап, өз оқырмандарымен кездесіп, пікір алысты. Дегенмен, көңілде түсініксіз бір кірбің бар. Мүмкін… Жә… Бұған кейін оралармыз, ал қазір өткен жылды ой елегінен өткізген жөн шығар.
Жандарбек (сол кездегі еліміздің санитарлық бас дәрігері Бекшин – авт.) бауырымыз құдасын күткендей, «наконец-то» деп қарсы алған тәжтажал дертінің елімізге енуі күнделікті тіршілігімізді дертке келгенге және келгеннен кейін деп, екі кезеңге бөліп тастады. Бетімізді бетпердемен тұмшалағаны аз болғандай, елімізде пандемия жарияланып, мерейтойымызды атап өтуге дайындап жатқан салтанатты шарамыз кейінге шегерілді. Ал ол кейіннің қашан келетіні баршамызға беймәлім болатын-ды.
Міне, осындай сын сағатта редакция алқасы ақылдаса келе, «Жас Алаштың» мерейтойына бүкілхалықтық сипат беру мақсатында ел өңірлерін аралау жөніндегі шешімге келді. Сапарды қай өңірден бастау ешқандай пікірталас тудырған жоқ. Өйткені іс-шарамызды «Жас Алаштың» негізін қалаған, басылымның алғашқы редакторы болған Ғани Мұратбаевтың кіндік қаны тамған туған ауылы – Қазалыдан басталатыны о бастан белгілі болатын-ды. Осы арада сапарды ұйымдастыруға мұрындық болып, кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев сынды демеушілер таба білген Сыр өңірі – Қызылорда облысындағы меншікті тілшіміз Миуа Байназароваға алғыс айта кеткен жөн. Сөйтіп өткен жылғы Наурыз мерекесінен кейін редакцияның шығармашылық десанты Қызылорда облысына аттанды. Сапар барысында шығармашылық десантымыз облыстың барлық аудандарын аралап, оқырмандармен бірнеше кездесулер өткізді. Осы басқосулар барысында оқырмандармен шынайы пікір алысулар орын алып, тікелей байланыс орнады. Сапар барысында Сыр бойы оқырмандарымыздың негізгі бөлігі тұратын өңірдің бірі екеніне көзіміз жетті.
Бұдан кейін шығармашылық топтың жолы Жезқазған өңіріне, ұлтымыздың ұясы – Ұлытауға түсті. Осы сапар барысында болған кездесулердің бірінде өңір тұрғындарының бірі – әскерге аттанған ұлынан айырылған ана «Жас Алаш» газетіне алғысын білдірді. Қара жамылған ананың айтуынша, Отан қорғауға аттанған ұлы әскер қатарында жүріп қаза тауыпты, басшылары жас сарбаздың өлімін жылы жауып қоймақшы болған екен. Бірақ қайсар ана олардың мұндай әділетсіздігіне көнбей, қорғаушы іздеп, «Жас Алаш» газетіне жүгініпті. Нәтижесінде, басылым тілшісі сарбаздың командирлердің озбырлығы салдарынан қаза болғанын дәлелдеп, кінәлілердің тиісті жазасын алуға қол жеткізіпті.
Өңірлерді аралаған сапарлар барысында оқырмандарымыздың «Жас Алашқа» деген ерекше құрметіне тәнті болдық. Олардың барлығы өздерінің басылымға деген сүйіспеншілігін білдіріп қана қоймай, газеттің тыныс-тіршілігіне қатысты сұрақтарын да қойды. Өздерін толғандыратын мәселелерімен бөлісті. Мәселен, журналистеріміз Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында болған кезде оқырмандарымыздың бірі, ұмытпасам, жергілікті мәслихат депутаты арнайы медициналық маманның (анестезиолог) болмауы салдарынан, елді мекендегі аяғы ауыр келіншектердің өңірдің басқа аудандарына барып, босанатынына ренішін білдіріп, балалардың тууы туралы куәлігінде Бөкей ордасында туды деген жазбаның азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ал Маңғыстау облысына жасаған сапарымызда ауыл ақсақалдары «орыстың табаны тимеген қазақ ауылдарындағы қара домалақтардың тілі орыс тілінде шығып жатыр», деп дабыл қаққанына куә болдық.
– Теледидарымыз орыс тілінде сайрайды, соны көрген сәбилеріміздің тілі орыс тілінде шығып жатыр. Осы олқылықтың орнын толықтыру қажет. Ол үшін қазақ тіліндегі балаларға арналған бағдарламалардың санын көбейтіп, сапасын арттыру керек, – дейді кейіген қариялар.
Қорытындылай келе айтарымыз, оқырманның, әсіресе, шалғай ауылдардағы халықтың «Жас Алашқа» деген көңілі ерекше. Өйткені мұндай елді мекендердің көпшілігінде бірден-бір ақпарат көзі – мерзімді басылымдар, яғни газет-журналдар. Ол ауылдарда интернет жоқтың қасы. Оқырмандармен кездесулерден тағы бір көңілге түйгеніміз – біздің негізгі оқырмандарымыз кезінде комсомол болған жалынды жастар, ал олар бүгін ел ағалары атанған ақсақалдар. Ал жастарымыз қажетті ақпаратты электронды басылымдардан алуға бейімделіп алған. Олар – газетке жазылып, не болмаса, оны дүңгіршектерден сатып алып жүрмейді, қалтасындағы смартфоннан өзіне қажетті ақпаратты қас қағым сәтте тауып алады.
Солай десек те, газет оқырманға қажет деген сенім бар, өйткені көзі қарақты, ойлы оқырмандарымыз әлі де жетіп жатыр. Міне, соларға газеттегі сараптамалық мақалалар, сындарлы сұхбаттар қажет. Ендеше, алға үмітпен қарауға негіз бар.
Айтпақшы, көңілдегі кірбіңге келер болсақ, ол орынды. Өйткені соңғы екі жылда «Жас Алаш» тосыннан келген дерт салдарынан екі бірдей арысынан айырылды. 2020 жылдың шілдесінде көзі тірісінде ел арасында аты аңызға айналған, газетіміздің жауапты хатшысы болған Жүкең – Жолдасбек Дуанабай келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанса, 2021-дің тамызында газетіміздің үлкен жанашыры әрі тұрақты авторы, белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітхан бауырымыздан да көз жазып қалдық. Бұл екі қаза да газет ұжымына ауыр тиді. Бірақ қанша қиын болса да өмір жалғасуда, сондықтан ертеңгі күнге үмітпен қарайық!