Жасампаз әкімге жарымаған «Жетімсай»
Тағдыры ащы болса да, арманы тәтті болған, абыроймен қартаюды қағида еткен абзал аталарымыз «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» (Абай) жүйелеп, тігісін жатқызып шеберлікпен жеткізе білген.
Текті сөздердің тізбегін – аллитерациямен әрлеп, ассонаспен айшықтап, сөз өнерін шырқау биікке шығарған. Мысалы, «Жетісу – жер жәннаты» десе, Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» өлеңі көз алдыңызға келе қалады. Шынында да, өзендер өрнектеген өлкенің тамаша табиғаты, тау-тастары мен бал-бұлақтары, флорасы мен фаунасы, туристік тартымдылығы адамдарды өзіне баурай түседі. Десек те, кейде асыра сілтеп, жөнсіз әсірелеп, ақиқаттан алшақтап адасып жататын тұстарымыз аз кездеспейді. Айталық, «Жер жәннаты – Жетісай» десе күмәнға бой алдырып, көңілін қоңылтақсып қалады. Өйткені, бұл – лирикалық теңеу аллитерация ғана. Әйтпесе, Жетісайдың «жәннатқа» үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тамашалайтын түгі жоқ, көктемі келте, жазы ұзақ, 50 градустан бір түспейтін алты ай аптаған ыстығы мен аңызақ желі адамдарды күшпен оқшаулап ұстап отыратын резерватқа ұқсайды. Әңгімесіне әзіл араластырмаса ас батпайтын қазақтардың айтуына қарағанда, қараусыз, елеусіз, ескерусіз жатқан Бетпақдаланың бұл бір пұшпағы. Әуелбаста «Жетімсай» аталған екен. Кейін ғой, қораш көрінген бе қайдам, «жетім» сөзінен жерініп «жеті» сөзін жалғап алыпты. Сол «Жетімсайдың» жырын басынан бастайық.
30 жыл ішінде Жетісай ауданында жеті әкім ауыс-түйіске ұшырапты. Тіпті олардың үшеуі – ауданды екі реттен басқарып «рекорд» орнатқан. Бұл әкім тапшылығынан туындаған мәселе емес, бұл – іріп-шіріген кадрлық саясаттың салқыны; бұл – облыс әкімінің абсолюттік авторитарлық ауруы; бұл – майлы жіліктен айрылғысы келмейтін ашкөздердің айла-шарғысы; бұл – ата бөлісіп, ит таластырған интеллегенцияның қитұрқылығы. Аш құрсақ келген әкімдер түк бітірмей, тойынып алған соң тайып тұрады. Жетісайдың жыртығын жамап, тесігін бітеп, жан күйдіріп жұмыс істеген әкімнің атын атап, түсін түстеп, беруге қиналасыз. Олардың – суармалы жер бөлісіп, ақша бөлісіп, атақ бөлісіп тапқан байлығынан бейхабармыз. Ал миллиардерлер – Безос, Ким, Тимур, Динара т.б. жинаған дүние-мүкамалін бес саусақтай білеміз.
Бір топ үйрек ұшып келе жатыр екен, алдарынан сұңқар шығып: «Қайда бет алып бара жатырсыңдар?» – деп сұрапты. Үйректердің басшысы: «Мына көл сасып кетті, ана бір таза көлге барамыз», – депті. Сонда сұңқар: «Мына көтендерін аман болса, ол көлді де сасытасыңдар ғой» деп ұшып кетіпті. Сол айтпақшы, бір орыннан екінші орынға шегірткедей ыршып-қонып жүретін әкімдер өздері тоймай тұрып, халық қамын ойлайды дегенге ешкім сенбейді.
Бүгінгі таңда Жетісай ауданының тізгінін Шөкеевтің шекпенінен шыққан сегізінші әкім – Мұрат Қадырбек ұстап отыр. Мамандығы – заңгер, момын адам ба қайдам, ауыл аралап арқа-жарқа әңгіме құрмайды, барын да, жоғын да біліп болмайды. Момын болған жақсы шығар-ау, бірақ ол қабілетсіздікті ақтап алатын қасиет емес. Аудан экономикасының локомотиві – мақта шаруашылығының иісі мұрнына бармайтын адам болғандықтан, көп қолайсыздықтарға тап келіп жатса керек. Кабинеттен шықпай есеп-қисабын қатырып, қарнымызды тойдырып қарқ қылатынына күмән жоқ. Баяғы заманда Ресей ғылым академиясының кілең кеңкелес академиктері жиналып Ломоносовты академия мүшелігінен шығарып тастауды ұйғарыпты. Сонда ұлы ғалым: «Мені академиядан шығарғанша, академияны менен шығарсаңдаршы», – деген екен. Сол айтпақшы, аудан өміріне серпіліс тудырмаған, келіп кеткен әкімдердің ешқайсысы «Мені – Жетісайдан кетіргенше, Жетісайды менің жүрегімнен шығарсаңдаршы» деп табан тіреп, жасампаздықпен, жаңашылдықпен, жалынды жігермен жұмыс атқармаған. Ниет болса, қабілет болса, бітіретін шаруа шаш етектен. Әзірше «Жетімсай» өлі тыныштықтың құшағында жатыр. Облыстың басқа аудандарының қарқынды дамып жатқанын көріп «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» дегендей ойда қаласың. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары өзбек басшысы Шараф Рашидов қатысқан республикалық үлкен бір жиында жас ақын Еркин Вахидов «Менің өзбегім» деген өлеңін оқыпты. Тәп-тәтті басталған өлең «Газды беріп шетелге, тезек жаққан өзбегім» деп аяқталыпты. Сол айтпақшы, мыңдаған тонна «ақ алтын» өндіретін Жетісай ауданының тұрғындары сол мақтаның қызығын көре алмай-ақ келеді.
Жетісай ауданының экономикалық-әлеуметтік потенциялы мықты, жұмыс күші жеткілікті. Бірақ осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға талпыныс та, талап та, талғам да жоқ. Мақта шаруашылығының даму деңгейі өткен ғасырдың 70-ші жылдардағыдан да кейінге кеткен. Ауыл шаруашылығын интенцивтендіру, жаңа технологияларды енгізу, ғылым жаңалықтарын пайдалану т.б. өмірлік маңызы бар мәселелерге мән бермей, әлі күнге ескі сүрлеу, көне соқпақпен келе жатыр. Өткен жылы дихан кетпеніне батпан құйрық ілінгендей болып еді, бірақ өсірген мақтаның көп бөлігін көсекқұрты, өрмекші кенесі т.б. «жауыз» зиянкестерге жегізіп қойдық. Мұндай сұмдықты аудан әкімі көріп отырған болса, дабыл қағуы керек еді. Жоқ, ол болса «су – Сүлеймендікі, жер – жекенікі, Аспаныңды өзің ал, менің қатысым қанша?» дегендей сырттай бақылап, бас қатырмайтын сияқты.
Жетісай ауданы азды-көпті қауын-қарбыз, қырыққабат, қызанақты сыртқа тасымалдайтыны болмаса, барлық азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларын түгелдей қыр астындағы қалалардан, алыс-жақын шетелдерден тасымалдайды. Ештеңе өндірмей қу шөппен ауыз сүртіп отырған сол Жетісайыңыз той индустриясын жолға қойып алған. Өзбек басшысы марқұм Ислам әканың: «Қазақтардың «Еттисойы» Ташкентті түгелімен тасып тауысатын болды» деген сөзі әлі күнге өз күшін жойған жоқ. Жетісайда жаңа жұмыс орындарын ашу «жақсы» жолға қойылған: мектеп, балабақша, аурухана т.б. бюджеттік мекемелердегі штаттық кестені қолдан көбейтіп сабаққа дайындықсыз келген баладай томпиып отыра береді. Кәсіп ашудың «классикалық» үлгісін Жетісайдан үйренсе болады. Көше сайын көлік жуу орындары күні-түні жұмыс істейді. Сол кәсіпкерсымақтарымыз өз алдарына артизан құдықтарын қазып алып пайдаланса мейлі ғой, жоқ жұрт тұтынып отырған ауыз су құбырларына жалғап жіберіп, мәселені оп-оңай шешіп алған. Ол туралы тұрғындардан, депутаттардан, аудан әкімі атына арыз-шағымдар айтылған. Бірақ «зымырантасығышы» мықты әкім мұндай майда-шүйде мәселеге мойын бұра бермейді. Бір тамшы ауыз судың алтыннан артық екенін әкім білмегенмен, Жетісай жұртшылығы жақсы біледі.
2021 жылы ауыл әкімдерін сайлауын өткізген болатынбыз. Енді сол сайланған әкім шырақтарымыз не бітіріп жатыр, жалпы сайлаудан біз не ұттық деп сұрақ қоюға құқығымыз бар. Мониторинг жүргізіп жатқан жоқ, сайлау өткізгенімізге мақтанып, бұтымызды былғап ала жаздадық. Шындығында ештеме өзгермеді: сайланған да, тағайындалған да бір әкім, «баяғы жартас – сол жартас». Демократияның болғаны жақсы шығар-ау, дегенмен, «Демократия – ел басқарудың ең нашар жолы, бірақ бұдан артық ел басқарудың жолын ешкім ойлап тапқан жоқ», – деген Уинстон Черчилльдің сөзі көкейімізден кетпейді. Бәрінен бұрын сайлауға деп бөлінген – 58 миллиард теңгенің желге ұшқаны обал болды демейміз. Ойбай-ау, бұл қаржыға – 1000 оқушыны қамтитын 70 мектеп салуға болатын еді. Демократияның жолында қайран қаржы қор болды!
Президент Тоқаев әуел бастан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын қолға алғаны белгілі. Билік пен халық арасы ит шөлдеп өлетіндей алшақтап кеткені рас. Бірақ бұл идеяның іске асып жатқаны былай тұрсын, маңайына да жолай алғаным жоқ. Басқа жерде қайдам, Жетісай ауданының әкіміне жолығу АҚШ президенті Джо Байденнен бата алғаннан да қиын. Аудан әкімдігіне бас сұқсаң күзетте тұрған еңгезердей жігіттер байлаудан босанып бас салады. Сол күзетшілер өз мұқтажын айтуға келген екі адамның бірін – экстремист, төрт адамның бірін – террорист көріп, аудан әкіміне қастандық ұйымдастырады деп ойласа керек. Аса қырағы кешегі кеңес заманында мұндай сорақылық болмаған. Билік пен халықтың арасын жақындатқымыз келсе, бірінші кезекте барлық мекемелердегі күзет қызметін алып тастап, елге еркіндік берілуі керек.
Жетісайды сырттан келіп жау шаппайды, тек ішкі саясаттың іріп тұрған тұстары көңілге күдік ұялататыны болмаса. Екі сөздің басын қосып сөйлем құрай алмайтын шаласауатты саяси қызметкерлеріміз компьютердің экранын қалқан етіп алып, қағаздан Қаратау тұрғызып қарқ қылып жатыр. Президент тапсырмалары, үкімет бағдарламалары, патриоттық тәрбие, діни, мәдени-әдеби мұраларымыз, ұлттық құндылықтарымыз көпшілік ортасында мүлдем насихатталмайды. Ішкі саясаттың иненің көзінен өтетін пысықай «жауынгерлері» аса жауапты майданда қызмет етіп жүргендерін толық сезінбейді. Идеологиялық жұмыстардың биік отаншылдық рухта жүргізілмей жатқанына жүрдім-бардым қарап отырған аудан әкімі онсыз да омақасып жатқан саланы одан әрі ойсыратып тастағандай көрінеді.
Шалбарларының арты ойылып түсіп қалғанша бір орында отыра беретін мектеп директорларын әр – 5 жыл сайын ротациялау туралы жоғарғы жақтан арнайы нұсқау берілген болатын. Бірақ «директоромания» дертіне шалдыққан адамдар әлдекімдермен ауыз жаласып, сөз байласып, сыбайласып өз мүдделеріне сай икемделіп алды. Бұл бейбастықтан аудан әкімі бейхабар сияқты.
Ауданда жас кадрларға кең жол ашып, белін буып берекелі іске жұмылдырса қане. Бірақ кадрларды таңдағанда – тазалығына, қабілетіне, іріктегенде – адамгершілігіне, ұқыптылығына, адалдығына, отаншылдығына қарап жатқан жоқ. Содан барып қадірсіз кадрлардың қатары геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр. Жетісай ауданының білім қуған жастары 100 пайыз жоғары білім алуға мүмкіндігі бар. Өйткені, Құдай бере салған «Сырдария» университеті 25 жылдан бері тоқтаусыз, еш кедергісіз қатырма көк қағазды басып шығарып, қалың елді қарық қылып жатыр. Сол оқу орнын бітірген түлектер кейін сертификациялау тестерінен өте алмай жататыны болмаса.
Біздің айтайын дегеніміз, тың даланы түлеткен ата-әжелеріміздің ауыр еңбегінің арқасында Мырзашөл төсінде орын тепкен, «ақ алтынмен» мақтанатын ауданның шатқаяқтаған шаруасын аяғына тік қоятын, жұлдызын жандыратын, «жетімсайды» ұшпаққа шығаратын іске шебер жігерлі, идеялар генераторы – жасампаз әкімге жаритын күн туса екен.