Жасанды интеллект дәуіріндегі Жамбыл облысы
Қоғамдағы күрделі әлеуметтік мәселелер, экономикалық теңсіздік, аймақтық даму алшақтығы немесе цифрлық өзгерістерге ілесу – мұның бәрі мемлекеттің күн тәртібіне айналған түйткілді мәселелер екені рас.
Сол себепті де жүктеген міндеттерді орындау әдетте биліктің халықпен жақындасудың тағы бір жолы десек те болады. Ал осы берілген тапсырмаларды уақытылы орындау ең алдымен мемлекеттік институттарға деген сенімді қалыптастырады. Егер қабылданған шешімдер тек қағаз жүзінде қалып қойса, азаматтар арасындағы сенімсіздік күшейіп, қоғамда бейқамдық пен бейтараптық басым бола бастайды. Ал нақты нәтижелер халықтың мемлекетке деген көзқарасын өзгертіп, адамдар биліктің олардың өміріне шын мәнінде әсер ете алатынын көрсететіні рас. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдарын нақтылап, оларды тиімді орындаудың қадамдарын айқындау мақсатында кеңейтілген кеңес өткізді. Басқосуға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, басқармалар мен департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партия өкілдері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарының жетекшілері, сондай-ақ аймақ жастары қатысты. Жиында облыс әкімі жолдауда көрсетілген бағыттар Қазақстанның бүгінгі дамуына тың серпін беріп қана қоймай, елдің ертеңгі тұрақты өсіміне берік негіз қалайтынын атап өтіп, құжаттағы жеті негізгі басымдықтың әрқайсысы ұлттық экономиканың жаңғыруына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына және ұзақ мерзімді тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне үлес қосатынын тілге тиек етті. Президенттің жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді экономиканың басты қозғаушы күші әрі жаңа сапалық өрлеудің тірегі ретінде айқындағанын жеткізген Ербол Қарашөкеев бұл қадам еңбек өнімділігін арттырып, мемлекеттік басқарудағы артық бюрократияны жойып, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға жол ашатынын атап көрсетті.
«Мемлекет басшысының жолдауы елдің бүгініне серпін, ертеңіне берік негіз болары сөзсіз. Маңызды құжатта айқындалған жеті басымдықтың әрқайсысы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттар. Жолдауда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді экономиканы жаңғыртудың басты тірегі ретінде айқындады. Бұл – еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюрократиядан арылып, оның тиімділігін көтеруге және жаңа сапалы өрлеуге жол ашатын стратегиялық қадамдардың бірі», – деді облыс әкімі.
Кеңесте облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров өңірде Smart Region стратегиясын әзірлеу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Бұл бастама аймақтың барлық елді мекендерін қамтып, әлеуметтік-экономикалық салаларды толықтай цифрландыруға бағытталмақ. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарына жасанды интеллектке негізделген FaceID технологиялары енгізіліп, 630 білім ордасында орнатылған «ақылды бейнебақылау» жүйелері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Денсаулық сақтау саласында қатерлі ауруларды ерте кезеңде диагностикалау құралдары енгізілсе, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы деректер жасанды интеллект көмегімен талданып, тиімді шешім қабылдау мүмкіндіктері артпақ. Сонымен қатар облыс аумағындағы екі мыңнан астам бейнебақылау камерасы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу шараларының сапасын арттыруда. Мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейту мақсатында азаматтардың өтініштерін талдау және өңдеу бойынша жаңа пилоттық жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың сұраныстарын жедел әрі сапалы қанағаттандыруға бағытталған жүйелер іске қосылып жатқанын да атап өткеніміз жөн.
Президенттің «алдағы үш жыл ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деген тапсырмасын еске салған облыс әкімі бұл бағытта жауапты басқармаларға нақты әрі нәтижелі ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді. Сондай-ақ кеңесте кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2025–2029 жылдары аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,5 трлн теңгеден асатын 62 инвестициялық жобадан тұратын ауқымды пул жасақталған. Оның ішінде 46 отандық және 16 шетелдік жоба бар. Ал биылдың өзінде құны 175,2 млрд теңгеге тең 30 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Инвестициялық саясатты жүйелі әрі тиімді жүргізу мақсатында Zhambyl Invest атты дербес мекеме құрылып, ол инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, жобаларын іске асыруға қолайлы жағдай жасап отыр. Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, инвестициялық саясатты жаңа көзқараспен жүргізудің қажеттілігін алға тартып, ірі кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнес жобаларын қолдауды, арнайы экономикалық аймақтар мен субаймақтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Кеңес барысында адами капиталды дамыту, өңдеу өнеркәсібін өркендету, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және су инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы бірқатар басқарма мен департамент басшыларының баяндамалары тыңдалды. Әкім өңір алдында тұрған міндеттердің ауқымды екенін атап өтіп, оған әрбір жауапты тұлға зор жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, түпкі мақсат – аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жолдаудан туындайтын оң өзгерістердің игілігін әрбір азаматтың сезінуіне жағдай жасау.
С. Бақберген
Жамбыл облысы