Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 25 Қыркүйек 2025

Жасанды интеллект пен қазақ ертегілері

Жасанды интеллект
Фото: ашық дереккөз

Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып, тіпті әртүрлі салаларда адам айтса сенгісіз реформа жасап жатыр.

 Ол кей адамның жұмысын жеңілдетсе, кейбірінің жұмысын құнсыздандырып жібере алатыны да шындық. Бұдан бөлек қоғамда жасанды интеллектінің функциясына қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Жасанды интеллектінің реформасы шығармашылық жолында жүрген адамдарға да әсер етіп жатқаны да жасырын емес. Әсіресе технологияның дамуымен бірге адамзаттың мәдениетке, шығармашылыққа және коммуникацияға деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп келеді. Әдетте өнер мен медиа адам қиялының, эмоциясының, эстетикалық талғамының жемісі ретінде қарастырылып келсе, ал жасанды интеллекттің келуі бұл кеңістікті мүлдем жаңа қырынан байытып, оның мүмкіндіктерін бұрын болмаған деңгейге көтеріп отыр. Бүгінде жасанды интеллект медиа саласында контент өндірісін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оның сапасын арттыруға, көрермен мен оқырманға жету жолдарын жеңілдетуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бұрын бірнеше күнді, тіпті апталарды қажет ететін монтаждау, мәтін редакциялау, бейнематериалды сараптау жұмыстары қазір жасанды интеллекттің көмегімен санаулы минуттарда орындалады. Бұл тек уақыт үнемдеумен шектелмей, шығармашылық топтың назарын механикалық әрекеттерге емес, мазмұндық ізденістерге аударуға жағдай жасайды. Сонымен қатар медиа платформалар жасанды интеллекттің алгоритмдері арқылы аудитория талғамын нақтырақ анықтап, әрбір тұтынушыға жеке-дара бейімделген контент ұсыну мүмкіндігіне ие болып отыр. Осылайша, медиа кеңістігі көпқырлы, көпдеңгейлі әрі тиімді сипатқа көшіп жатқанын атап айтпасқа болмас. Бұл турасында президент биылғы халыққа жолдауында да атап айтқан еді. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында өңірлерге арнайы тапсырмалар беріп, мақсаттар айқындалған еді.

Осы орайда Жамбыл облысы жасанды интеллектті тек техникалық салаларда емес, медиаконтент үшін пайдалануда да көш бастап тұр. Осы орайда Жамбыл облыстық «Jambyl» телеарнасы кішкентай көрермендерге тосын сый дайындап, жасанды интеллекттің көмегімен алғашқы анимациялық туындыны ұсынды. Тышқан мен арыстанның достығы туралы ертегі – балаларға арналған мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары дүние болып шыққанын атап өткеніміз жөн. Жаңа телеөнімнің жабық көрсетіліміне облыс әкімінің бірінші орынбасары, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және Тараз қаласындағы мектеп оқушылары қатысты. Көрсетілім барысында балалар ерекше әсерге бөленіп, мультфильмдерге жоғары баға берді. Олардың айтуынша, еңбекқорлық, достық, әділдік пен ізгілік секілді құндылықтарды дәріптейтін ертегілер заманауи форматта өте тартымды жеткізілген. ЖИ арқылы жасалған мультфильмдер саны – 12, әрқайсысының ұзақтығы 20 минутты құрайды. Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» секілді халыққа кеңінен танымал ертегілер енгізілген. Жобаның дыбысталуына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы «Балапан» телеарнасы қолдау көрсеткен.

«Біздің телеарна 1 қарашадан өзінің 36-маусымын бастайды. Осы маусым аясында елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған туындылар көрерменге жол тартқалы отыр. Тың жобаны жүзеге асыруда облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Шығармашылық – жалғыз адамның ісі емес. Бұл – ортақ ой мен еңбектің жемісі. Ертегінің сценарийін дайындау, кейіпкерлерді дыбыстау, көркемдеу – мұның бәрі үлкен күш пен ұжымдық үйлесімді талап етеді. Осы жобаның дизайнері, жасанды интеллект құралдарын жетік меңгерген Жарас Сейсебаев ағамызға алғысымыз шексіз. Жалпы алғанда, жасанды интеллект медиа мен өнерге серпіліс әкеліп, жаңа шығармашылық көзқарас қалыптастырып отыр. Өнердің түпкі мақсаты – адамды рухани байыту, әлемді тереңірек сезіндіру болса, жасанды интеллект осы жолдағы жаңа құралға, жаңа серікке айналып отыр. Ол шығармашылықтың құндылығын жоймай, қайта оны жаңа арнаға бұрып, мәдениет пен медианың келешегін тың мүмкіндіктермен байытары анық», – дейді «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева.

Жасанды интеллекттің пайдасын тек техника мен қолайлылық тұрғысынан емес, мәдени-әлеуметтік қырынан да бағамдау маңызды. Өнер мен медиа тарихта ешқашан осындай еркіндік пен шексіз мүмкіндікке бұрын-сонды жетпегенін айтады. Бұрын белгілі бір туындыны жасау үшін үлкен қаржы, уақыт, арнайы білім қажет болса, қазір кез келген адам жасанды интеллекттің көмегімен өз ойын бейнеге, суретке, музыкаға айналдыра алады. Бұл құбылыс шығармашылық мүмкіндіктердің кеңеюіне, адамдар арасындағы теңсіздіктің азаюына ықпал ететіні анық. Әлемнің әр түкпіріндегі жас өнерпаз өз ойларын жеткізу үшін қымбат құралдарға мұқтаж емес, ол үшін тек алгоритмдік жүйеге қол жеткізу жеткілікті. Мұның өзі адамзат өркениетінің мәдени кеңістігін бұрын-сонды болмаған деңгейге көтеріп, әртүрлі мәдениеттердің тоғысуына, жаңа стильдердің пайда болуына жол ашып отыр. Шығармашылық туындылардың авторлығы, түпнұсқалығы, адамның ойы мен машинаның ойлауы арасындағы айырмашылық сияқты сұрақтар мәдениеттану мен философияда жаңа пікірталастар туғызып отыр. Бұл да жасанды интеллекттің пайдасының бір қыры деп алсақ, ЖИ адамды тереңірек ойлауға, шығармашылық мәнін қайта бағамдауға итермелейді. Өнер тек нәтиже ғана емес, процесс екенін, сол процестің ішінде адам мен машинаның бір-бірін толықтырып, жаңа өрістерге жетелеуі мүмкін екенін түсіндіреді. Жалпы алғанда, мультфильмдер топтамасы телеарна эфирі арқылы көрсетіліп қана қоймай, «Әжемнің әңгімесі» атты өңірлік жоба аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ. Сөйтіп, ұлттық ертегілердің тәрбиелік мәні мен көркемдік мазмұны жас буынға жақын әрі қызықты түрде жеткізілмек.

С. Бақберген

Жамбыл облысы