Жасанды интеллект те қыр жағалап кетпесе...
Өткен аптада Астанада Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық
форумы өтті
Форумның басты бағыты «Жасанды және адами интеллект: дұрыс тепе-теңдік (Аrtificial and Human Intelligence: The Right Balance)» деген маңызды тақырыпқа бағытталды. Digital Bridge форумына биыл 20 мыңнан астам адам жиналды.
Ақиқатын айтсақ, Қазақстандағы цифрлық даму саласындағы олқылықтар еске түскен сайын жасанды интеллект жайлы сөз қозғау да жайсыздық тудырады. Бұған дейін Смайылов үкіметіне 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті жүктелген. Енді үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының шын сыналатын кезеңіне тап келіп тұрмыз.
Өтірікші Мусин ЖИ бойынша да Токионы басып озса, таңғалмаңыз
2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында жасанды интеллект (ЖИ) өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасаудың ажырамас элементтерінің бірі ретінде көрсетілді. Бірақ күні бүгінге дейін машина жасау мен өнеркәсіпте ЖИ технологиясын толыққанды қолдана алмадық. Одан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект арқылы онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін жүйені енгізе бастаған. Әйтсе де қатерлі дертті емдеу барысында да ЖИ технологиясының қызығын көріп, науқастар мен дәрігерлердің жұмысы жеңілдеді деп те айта алмаймыз. Бұл ретте арнайы оқытылған мамандардың біліктілігі жетіспейді. Технологияның тілін табатын кәсіби дәрігер саусақпен санарлық. Басқасы-басқа, бүгінде жұмысы әбден тұралаған «Қазпошта» ЖИ технологиясын жетілдірмек болып, қолданушылармен Telegram-да сөйлесетін TelegrambotKazpost виртуальды көмекшісі әзірленген. Бірақ қазір сол боттардың тұтынушыға көмектесіп, мәселесін шешіп беріп жатқаны шамалы. Сондай-ақ Еgov арқылы Отбасының цифрлы картасы даярланды. Дегенмен мұның да қызығын көре қоймадық. Біздегі ілбіген, жылдамдығы жағынан тасбақамен тең интернеттің салдарынан цифрлы құжаттарды алу, оған қол жеткізу, қандай да бір цифрлы платформа арқылы жұмыс істеу де нағыз машақат. «Цифрлы Қазақстан» деп алты жылдан аса ұрандатқанымызбен, әлі сапалы интернет қызметіне қол жеткізе алмай келеміз. Енді бәрін аттап өтіп, ЖИ-ге жүгіне қояр жағдай жоқ, не де болса біраз мәселе айтылып қалды, енді соның бәрі әшейін науқандық ұран болып қалмаса дейсің.
Шалғай ауылдардан бөлек алып мегаполис Алматы мен Астанаға тақау отырған елдімекен тұрғындары бүгінде цифрлы платформа түгілі қарапайым ғана ұялы байланыстың қызығын көре алмай әлек. Халық телефонмен тілдесу үшін төбешік іздеп, тастан-тасқа секіріп жүргенін айтқалы қай заман?! Алайда нақ осы мәселелерді реттеуге тиіс еліміздің цифрлық даму министрі Бағдат Мусин биыл шілде айында «Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деп айды аспанға бірақ шығарып, басы дауға қалған. Есеп беруге келгенде шамасына қарамайтын шенеуніктер алдағы уақытта тағы да Токионы басып озып жатса таңғалмаңыз.
Бір ғасыр артта қалғанбыз
Жасанды интеллект адам өмірін қалай өзгертеді? Қандай салаларда кеңінен қолдануға болады? Осы сауалдарға жауап іздеу барысында АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде білімін жетілдіріп жатқан ChatGPT мастер, ІТ ағартушы Елдос Еркебайды іздеп таптық. Оның пікіріне сүйенсек, Қазақстанға ЖИ технологиясын дамыту үшін әлі көп ізденістер керек. Мәселен, шетелдерде құрылыста, шахтада жұмыс істейтін жұмысшылар бар, солардың белгілі бір жұмысы, яғни қабырға салу, шатыр тұрғызу деген секілді істерінің барлығын дерлік қазір роботтар атқарады. Демек, бұл «құрылысшы мамандарды роботтармен алмастыруға болады» дегенді анық білдіреді. АҚШ-тың шеткі штаттарында біздегі тәрізді шопан, яғни мал бағатын адам жоқ. Олардың қызметін роботтар атқарып отыр.
«Мұндай физикалық жұмыстардан бөлек, ақылмен ойлап, мимен жұмыс істейтін қызметтің де бәрі біртіндеп жасанды интеллектіге ойысып жатыр. Мысалы, жуырда АҚШ-та шахматтан әлем чемпионы компьютердегі шахмат бағдарламасынан жеңіліп қалды. Демек компьютердегі шахмат мықты деген сөз. Сондай-ақ миллиондаған, миллиардтаған деректерді талдауға адамның мүмкіндігі жоқ. Ал ЖИ бірнеше секундта деректер ағынын оп-оңай өңдеп бере алады. АҚШ-та, әсіресе медицинадағы диагностикалау, дәрігермен салыстырғанда құрылғының диагнозды жылдам қойып беруі жиі кездеседі», – дейді Елдос Еркебай.
Маманның пікірінен пайымдағанымыз, жасанды интеллект тек эмоцияны ғана бере алмайды. Адам баласына тән күлу, қуану, жылау секілді эмоциялардан басқасының бәріне мүмкіндігі жетеді.
Елдос Еркебайдың ойынша, «болашақта адамның қызметін толықтай ЖИ атқарып, адамзаттың жұмыссыз қалуы мүмкін бе?» деген сауалдарға бас қатырған дұрыс емес. Адам жұмыссыз қалмауы үшін ең алдымен білім, ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан қазақстандықтарға ЖИ технологиясын меңгеруді бүгіннен бастау қажет.
Министрліктің оған шамасы келмейді
Қазақстандағы жағдайды, үнемі салыстырып, бақылап отыратын маман дамыған мемлекеттерде жасанды интеллект жұмысы жақсы жолға қойылғандығын мысал етті.
«Қазақстан жағдайына келер болсақ, олай деп айта алмас едім. Қазақстанда ЖИ технологиясын дамытуға басқасынан бөлек қоғамдық құрылым жетіспейді» дейді маман.
Біздің үкіметте жасанды интеллекті дамытуға асқан қызығушылық байқалмайды. Арнаулы мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік мекеме, жеке министрлік жоқ.
«ЖИ барлық өндірісті қамтиды, мұның салалары көп. Сондықтан химия, физика мамандарына базалық білім беру керек. Ол мамандарды бір институт құрамына жинап, оның ғылым ретінде дамуына, ғалымдардың өзара зерттеу жасауына жағдай жасалуы керек. Осындай шаралар қабылдау арқылы жүйелі түрде дамытып, жетілдіруге атсалысуымыз керек. Барлығын ұйымдастыратын жеке министрлік құрылуы керек. Арнайы база қалыптастырған жөн. Мен қазір АҚШ-та білім алып жатырмын. Оқуымды бітірген соң Қазақстанға қайтқым келеді. Бірақ бізде ЖИ технологиясын дамытатын материалдық база қалыптаспаған. ІТ мамандарының табысы төмен. АҚШ-та ЖИ ғалымдары жалақы, грант деп, ұсақ-түйектермен бас қатырмайды. Тек зерттеуін жасап, оны іске асырумен ғана айналысады. Ал Қазақстанда ғылыми зерттеулер үшін мемлекеттен берілетін грантты алудың өзінің машақаты көп. Ол гранттар тек үш жылға беріледі де, үш жылдан кейін зерттеп жатқан жұмысыңа қаражат таппай есің шығады. Осы мәселерді шешіп, үйлестіріп отыратын арнайы ЖИ технологиясын жетілдіретін министрлік болуы керек. Мұны дамытуға біздегі цифрлық даму министрлігінің шамасы келмейді», – дейді ІТ ағартушы.
Ақылды бастан – ақылды дүние туады
ЖИ технологиясы бойынша ақылды дүниелерді алаңсыз жасауға болады. Мысалы, осы технологияның күшімен жасалған «ақылды қалалар», «ақылды үйлер» шетелде өте көп. Қазақстанда мұндай дамудың шеті ғана көрініп жүр. 2018 жылы «Ақылды» қалалардың жаһандық рейтингіне Қазақстан қалаларынан 2 мегаполис енді. Олар Астана және Алматы қалалары.Астана қаласы 2018 жылы IDC Smart City деп аталатын әлемдік ақылды қаланың жетілуін бағалайтын модельде 2,48 балл алды. Алматының да ақылды қала категориясы бойынша әлемдік рейтингі осы шамалас. «Бұлардың ізін болашақта Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды басады» деп үміттенгенімізге біраз болған. Бірақ қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жандандыруда, көлік саласын тиімді басқаруға, экология мен бизнесті дамытуға келгенде бұл қалаларда әлі кемшіліктер баршылық.
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова бір ғана Алматының дамуына қатысты нәтижесіз істер жетіп артылады дейді. Бұл ретте қала әкімі Ерболат Досаевтың атына қанша мәрте сын айтылып, мін тағылды. Бірақ қаланы ақылды деңгейде жетілдіруге Досаевтың басы қатты ауыра қоймайтын тәрізді. Бүгінде Алматыны ақылды қала деуден гөрі әлемдегі ең лас қалалардың бірі деуге толық негіз бар.
«Қаладағы көлік кептелістерінің реттелмеуі, қала ішіндегі бей-берекет құрылыс, шаң басқан көше, ауыз судың сапасыздығы, ауаның ластануы қаладағы ғаламтордың сын көтермейтіні, цифрлық тұрғыда жетілмеу, қаладағы бақылаушы камералардың толыққанды істемеуі, осының бәрін тізе берсек, Алматыны ақылды қалалардың тізіміне қосуда асығыстық танытқан тәріздіміз. Қазір Алматы экологияның ластануы жағынан әлем елдерінің рейтингі бойынша алдыңғы орындарда тұр. ЖИ технологиясының көмегімен ақылды қалаларды дамытамыз, Алматы және Алматы облысы бойынша арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіреміз дедік. Өкінішке қарай, жетілген қала да, экономикалық аймақ та жоқ. Тек ақылға қонымсыз жұмыстар мен нәтижесіз дүниелер бар. Бұл осы қалаларды басқарып отырған әкімдерге сын», – дейді экономист-сарапшы.
Бұдан бөлек мамандар аударма саласына қатысты да проблемалардың барын алға тартты. Мысалы, қазір компьютерде ЖИ технологиясының көмегімен жасалған жазбаша да, ауызша да аударуға мүмкіндік беретін бағдарлама бар. GOOGLE-дің аударма функциясы қазақ тілінен ағылшын тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне еркін аударма жасай береді. Бірақ орыс тілімен салыстырғанда, қазақ тіліндегі аудармасы қайтадан түзетуді, тіпті қайтара аударуды қажет етеді.
ІТ ағартушы Елдос Еркебайдың сөзінше, бұған бірінші кезекте ЖИ технологиясы бойынша интернетте қазақ тілді өнімнің аздығы себеп болып отыр.
«Қазақстанда жасанды интеллект саласы бойынша отандық өнім жоқ. Жасанды интеллект аударманы сауатты аударып немесе белгілі бір эссені қазақша жазу үшін қазақ тілі грамматикасының, морфологиялық және синтаксистік ережелерінің математикалық модельдері жасалынуы керек. Қазақ тілін жасанды интеллект толық түсінетіндей деңгейге жеткізу қажет. Сол кезде қазақша аударма да жасалады, қазақша эсселер, шығармалар да жазылады. Енді мұны қолданысқа енгізу үшін қазақша мәтін жазатын мықты мамандарға конкурс ашып, соларға дайындату керек. Әр саладан қазақша мазмұнын жасайтын мамандарды жасақтау қажет. Жасанды интеллектпен айналысатын арнайы институттар құрылуы қажет. Мықты ғалымдарды, ІТ саласын білетін аналитиктерді сол институтқа штатқа алып, жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Жоғарыда айтқанымдай, мұның барлығымен жеке министрлік айналыспаса, цифрлық даму министрінің қолынан келмейді. Қазір Ресей ғалымдары «Яндекстегі» бағдарламаның бәрін өздері жасады. «Алиса» деген жобалары да бар. Есептер шығаратын жобалары да бар. Олар думасына сөзін өткізе алады. Мұндай мүмкіндіктер қазақ ғалымдарының да қолынан келеді. Тек біздің ғалымдар жасқаншақ. Үкіметке ұсыныстарын айтып, сөзін өткізе алатындары сирек. Жас ғалымдарды мүлде тыңдамайды. Ғылымды үкімет қолдап, материалдық база жасақтап, министрлер бөлінген қаражатты ұқсатуға асқан қызығушылық танытқанда ғана бұл сала дамиды», - дейді маман.
Сөйтіп, ЖИ технологиясы термині біздің санамызға, қоғамға дендеп ене бастады. Бұл саланы жетілдіруге қатысты айдай әлемге жар салып форум өткізіп, өзгелермен иық тіресуге тырысып-ақ жатырмыз. Ендігі мақсат – сол жиында айтылған дүниелер қалтарыста қалмай жүзеге асса игі.
Қарлығаш Зарыққанқызы