Жасанды интеллект жазған мәтін: алгоритм мен есеп, сезім мен сана

ХХ ғасырдың аяғында Deep Blue суперкомпьютері тәжірибелі гроссмейстерді жеңді. Содан бері компьютер мен технологияның құдіреті күллі адамзатты мойындатып келеді. Бүгінде адам қолынан шыққан жасанды интеллект көмегімен талай композициялар жазылып, кітаптар басылды.
Технология мен компьютерлер мақаланы да, сурет пен дизайнды да қолданатын шебер, бесаспап болып алды. Жасанды интеллект пайда болғалы адамның қолы босап, біршама маманның қызметін жалғыз өзі атқаратын жағдайға бет алып келеді. Автоматтандырылған зауыттар, есеп жүйесін былай қойғанда, өнерге де ауыз салды. Қазір суретшілер, дизайнерлер мен әдебиетшілер, тіпті музыканттардың жұмысын атқаруға дайын жасанды интеллектілер бар. Әрине, әзірге олардың жұмысы мінсіз деуге келмес, алайда технология бір орында тұрмайтынын ұмытпауымыз керек. Әсіресе ІТ саласы үнемі жаңарып отырады. Ал ЖИ ұдайы жетіліп, үйреніп келеді. Бұрындары бірнеше қабатты алатын ІВМ компьютерлерінің қуаты қазіргі смартфондардың жанында түк болмай қалғанын ескерсек, бірнеше жылдан кейін, ары кетсе, он жылдан соң ЖИ дәл қазіргіден әлдеқайда жақсы жұмыс істейтініне сенім мол.
Жасанды интеллект пен роботтардың адамзатқа қаупі туралы тартысқа ешқашан нүкте қойылмас, сірә. Бірі ЖИ адамның орнын толық баса алмайды десе, екіншісі бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырады. Нақты статистиканы көру үшін авторлар құқығын қорғайтын Авторлар мен композиторлар қоғамының халықаралық конфедерациясы PMP Strategy консалтинг компаниясымен бірлесіп, әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің өнердің экономикалық әсеріне қатысты зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, жасанды интеллектінің технологиялық компанияларға жақсы пайда әкеліп, керісінше, шығармашылық жолындағы адамдардың табысының азаюына алып келеді деген қорытындыға бекіпті. Мәселен, ең қарапайым музыканы кәсіп қылған әншілер мен композиторлардың табысы 2028 жылға қарай 21–28 пайыз аралығында төмендемек. Зерттеуде шығынның жалпы көлемі 5 жылда 22 млрд еуроға жақындайды деп жазылған. Ең қызығы, экономикалық зерттеу нәтижесіне назар салсақ, жасанды интеллект қызметін ұсынатын компанияның болашақта жылына 4 млрд еуро табыс тауып отыруға мүмкіндігі бар.
Соған қарамастан, ой мен сезімнен туып, жаны мен жүрегі бар адам баласына эмоция сыйлайтын өнердің «өнер» күйінде жасайтын бөлек қасиеттері болады емес пе? Осы мәселеге келіп тірелгенде өнердің өзіне тән табиғаты мен тазалығын, асқақтығын жасанды зият құрап шыққан туындыдан қалай ажырата аламыз? Жасанды интеллект жазған мәтін мен адамның ой еңбегіне сүйеніп жазған мәтіннің айырмашылығы неде? Артықшылығы мен кемшілігі қандай? «Жас Алаш» қойған сұрақтарға әдебиет сыншысы Айнұр Ахмет, жасанды интеллект маманы Мамырбек Парахат пен өнертанушы Әсемай Аминова жауап берді.

Айнұр АХМЕТ, сыншы: ЖИ бұрыннан бар деректерге анализ жасап, көшіріп, интерпретациялайды
Меніңше, ЖИ мен қаламгерлер қабілеті бірлесіп, өнер әлемінің көкжиегін кеңейту арқылы бұрыннан беймәлім жаңа деңгейлерге жетуі мүмкін. Яғни ЖИ жазушылар мен ақындар қауымына жаңа идеялар ұсынып, (егер дұрыс қолдана алса...) оқырмандарға қызықты жаңа тақырыптарды зерттеуге жол ашатынына сенімдімін. Оның үстіне ЖИ ежелгі әдеби үлгілерден бастап заманауи шығармалардың немесе әлем әдебиетіндегі қаламгерлердің стилі мен жанрының үлгісін ұсына алатындықтан, бұл авторларға әртүрлі тәжірибе жасап көруіне мүмкіндік береді. Оған қоса, автор жазған әдеби нұсқаны ЖИ ары қарай өңдеп, сөйлемдерінің жетілдірілген нұсқасы қалай болатынын көрсете алады немесе керісінше.
Яғни ЖИ жиналған деректердің негізінде әдеби шығарманың алғашқы нобайынан бастап, бұрыннан белгілі әртүрлі әдеби жанр, форма, стильдегі үлгілерді көрсетумен бірге баспадан шыққанға дейінгі аралықта қаламгерлер қауымына тиімді көмекші қызметтерді ұсына алатынын айтуға болады. Мұнда авторлар ЖИ-ді қолдану тәсілдері мен өзінің жазушылық, ақындық шеберлігін технологиямен үйлесімді дамыта алу жолдарын жақсы меңгерсе (технологияға дұрыс нұсқау беру жағын меңзеп отырмын), қызықты әдеби туынды жасауға болады деп ойлаймын. ЖИ қызметін әдебиетке біріктіру жағына келгенде шынайы қаламгердің қатысуынсыз бірегей, жанды, динамикалық сипатқа ие әдеби шығарма тудыруға сенімсіздікпен қараймын. Шетелдік ғалымдардың кейбірі болашақта ЖИ әдебиетке дендеп енсе, оқырман әдебиет оқудан алыстап, ғасырлар бойы адамзаттың құндылықтары мен дәстүрі жинақталған әдеби туындыларға деген қызығушылығы мен сенімін жоғалтуы мүмкін деп қауіптене бастады. Олардың ойынша, оқырмандар шынайы қаламгер қолынан шықпаған шығарманы сатып алып оқуға қарсы шығуы да ықтимал, өйткені онда жаңадан жаратылған эмоциялық, интеллектуалдық тәжірибе көрініс таппайды. ЖИ-ді әдебиетке қолдануға қатысты пікірлер оны енгізудің шекарасын белгілеп алу керек деген идеяны ұсынады.
Жалпы айтқанда жасанды интеллект қаламгердің жеке өмірлік тәжірибесі (жан әлемінде із қалдыратын ауырсыну, қуану, шаттану, терең эмоциялық әсерлер, т.б.) арқылы анализ жасайтын шығармашылық қуатын алмастыра алмайтыны шындық. ЖИ-дің әртүрлі платформалары табиғи мәтіннің әртүрлі қателерін жылдам қарқынмен түзету, қаламгерлерге жаңа идеялар ұсыну мен әдеби шығарманың композицияларының нобайын қалыптастыруда тиімді көмекші құрал қызметін атқара алады. Ал егер автор ЖИ қызметін пайдаланатын болса, ондағы этикалық мәселелер қарастыруды қажет етуі мүмкін.
Жасанды интеллектінің басқа салалармен қатар, адамның қиялы мен елестету қабілеттеріне негізделген көркем әдебиетке де тигізіп жатқан әсері соңғы жылдары тартысты пікірлер тудырып келеді. ЖИ-дің артықшылығынан бастар болсам, оның шығарма тудыруға әртүрлі идеялар ұсына алатыны, қызықты оқиғалар желісін құрастыру, әдеби қолжазбаның композициялық құрылымын жетілдіру (оның ішінде оқиғаларды құрастырумен бірге кейіпкерлер жүйесін дамыту, диалогтарды сәтті құрастыру, т.б.) мен жазудағы/сөз қолданыстағы әртүрлі қателерді түзетудегі қызметін атап өтуге болады әрі мұны мәтін көлеміне қарамастан адамға қарағанда жылдам атқарады. Тіпті ЖИ платформалары қаламгерлерге шығарма нобайын да ұсына алады, ары қарай мәтінді қаламгер өз үні мен көзқарасын, шешімдерін технология өнімімен біріктіру арқылы қалағанынша өңдей алады. Яғни ЖИ әдеби мәтінді де оңай құрастырады. Осыған қатысты пікірлердің басым бөлігінде ЖИ автордың табиғи қабілеті тудыратын поэзия мен прозаның түпнұсқалығы мен бірегейлігіне нұқсан келтіретіні жайлы айтылып келеді. Жоғарыда ЖИ-дің артық тұстары аталғандықтан, мұнда ол жасанды болғандықтан, өнімі де табиғи қалыпта әсер етпейтіні шындық екенін келтіруге болады. Бұған бір ғана мысал, астарлы қабаттар, яғни күрделі метафоралар, теңеулер мен аллегориялар және басқа әдеби троптар әдеби шығарманың құндылығын арттыратын қабат болып саналады. Ал дайын мәтіндерге анализ жасап құрастыратын ЖИ әдеби туындыға тән мұндай күрделіліктерді оқырманға жеткізуі қиын. Мысалы, сатиралық шығарма жазып ұсынсын делік... Бұл қабылдаушы санаға шынайы автор жазған шығармада көрініс табатын адами сезімдерді эмоционалды тереңдікпен жеткізе алмайды. Шығарма контексінен тірі адамның басынан өтетін сезімдерді жанды күйінде сезіне алмаймыз. Автордың қатысуынсыз ЖИ құрастырған поэзия мен әңгімелер әуесқойлық сипатта әсер етпесе, кәдімгі шынайы жазушы мен ақынның кәсібилігін бере алмайтыны шындық.
ЖИ поэзияның тармақтары мен ерекше кейіпкерлер қатысатын прозаның қызықты сюжеттер желісін құрастырып ұсына алғанымен, жоғарыда келтіргенімдей, одан оқырман шынайы қаламгердің қаламынан туған бірегей (түпнұсқа мағынасында) туынды сыйлайтын шынайы сезімдерді сезіне алмауы мүмкін. Өйткені ЖИ бұрыннан бар деректер мен мәліметтерге анализ жасап, яғни көшіріп, интерпретациялайды. Мысалы, әдебиет тарихында дара қолтаңбасымен танылған қаламгерлердің стилі әдебиет сыншылары мен жанкүйер оқырмандарға жақсы таныс болса, оның ізі ЖИ дайындап ұсынған мәтіндерден бірден байқалуы да ғажап емес. Яғни дайын деректер бізге соны, жаңа, тың шығарма ұсынады деу қиын. Әдеби туындыға шынайы қаламгер мен ЖИ коллаборациясы қатысса, бәлкім, алдағы уақыттарда оқырмандарға қызықты әсер ететін жаңа формалар мен идеяларды дүниеге әкелуге болады деп ойлаймын.

Мамырбек ПАРАХАТ, жасанды интеллект маманы: IT-компаниялар қазақтілді аудиторияға арнайы өнім ұсынғысы келмейді
Жасанды интеллект қазірдің өзінде көркемөнердің әртүрлі саласында белсенді қолданылып жүр. Болашақты былай қойғанда бүгін де жасанды интеллекттің күші мен қуатын күллі өнер саласы мойындап үлгерді. Ең қарапайымы, әдебиеттің өзінде мәтінді генерациялау, жазу, автоматты түрде аудару, одан бөлек статикалық талдау жасау сынды функцияларды күллі әлем халқы, өнер адамдары әуелден қолданып жүр. Әсіресе ағылшын, қытай тілінде осы сынды қызметтерге сұраныс көп. Жазушыға, жалпы қаламгерлерге идея табу, сюжет желісін дамыту немесе тілдік қателерді түзетуге ЖИ-дің айтарлықтай көмегі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол секілді сөз өнерінен бөлек басқа салаларға да жасанды интеллект дендеп кіріп, әбден орнығып алған. Мәселен, бейнелеу өнерінде сурет, дизайн, картина жасауға осы кезде көптеген жасанды интеллект құралдары бар. Осы құралдар бейнелеу өнеріне жаңалық әкелуі, авторлардың жұмысын жеңілдетуі мүмкін екені жиі айтылып жүр. Сол секілді кино мен музыка өнерінде де жасанды интеллекттің пайдасы тиіп тұр. Тіпті қазір сценарийін жасанды интеллектке жазғызып, монтаждау, дыбысты синтездеу процесін жасанды интеллектке тапсырып жүрген режиссерлер бар екенін білеміз. Дегенмен өнерге қарағанда жасанды интеллекттің мүмкіндігі шектеулі. Өнер дегенің таза дерек пен есептен құралмайды ғой, өнер – сезім, жүрек, адамның ішкі күресінен туады. Ал жасанды интеллект алгоритмнен тұратын дүние, ол бәрін адам жасаған дүниеге ұқсатып қана істейді. Сенің берген тапсырмаңды бұрын жасалған формаға салып, икемдеп береді. Ал шынында жаңашылдық пен жасампаздық жасанды интеллектке тіпті жат. Бәлкім, бірнеше онжылдықтан соң қандай да бір салаларда адам еңбегі көлеңкеде қалуы әбден мүмкін, бірақ өнердің тереңіне бойлаған сайын адам болмысының орны бөлек екенін түсінуге болады. Өнердің асқақтығы, жалпы құдіреті оның жасампаздығында, бірегейлігінде, қайталанбас табиғатында жатыр. Сондықтан жасанды интеллект өнерді толық игеріп, оның барлық тетігін өз қолына алады деу асығыстық болар. Ол өнерді жаңа арнаға бұрып, адамның қиялын кеңейтіп, техникалық тұрғыда көмек көрсететіні рас. Бірақ өнер өнер күйінде қалуы үшін, оның жүрек пен жаннан туатын тылсым қуатын сақтау үшін әрқашан адам қажет.
Қазіргі кезде қазақ тілін түсінетін, біліп, қолданатын жасанды интеллект құралдары бар, бірақ шектеулер көп. Көбіне-көп мәтін құрылымы түсініксіз, бірінен-бірі аумайтын сөйлемдер құрап ұсынады, мұнда сөздердің табиғи үйлесімі сақталмайды. Бәрібір қазақша ойланатын адамның, тілдің құнары мен нәрін бойына, санасына әбден сіңірген адамның мәтіні төгіліп түседі. Оқығанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Мұның бәрі қазақ тіліндегі көлемді деректің аз болуынан туындайтын мәселе. Егер қазақ тіліндегі көлемді деректер, көркем әдеби шығармалар мен ғылыми мақалалар, ауыз әдебиеті үлгілері түгелдей дерлік базаға енгізіліп, жасанды интеллектке үйретілсе, оның қазақ тілін толықтай игеріп шығуға қауқары жетеді. ЖИ жүйелерінің басым көпшілігі әлемде кең тараған тілдерде жақсы дамыған, яғни ақпараттың басым көпшілігі ағылшын тілінде екенін білеміз. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту үлгілері үлкен деректер жиынтығымен оқытылады. Қазақ тіліне қатысты сапалы, әртүрлі тақырыптарды қамтитын деректер базасы өте аз, тіпті жоқтың қасы. Мысалы, GPT, BERT сияқты үлгілердің қазақша нұсқалары тек соңғы бесжылдықта ғана пайда бола бастады, бірақ әлі де сапасы ағылшын, қытай, орыс тілдеріндегі аналогтардан әлдеқайда төмен. Оның үстіне, бүгінде қазақ тілінде IT саласына арналған оқулықтар, курстар, техникалық құжаттамалар өте аз. Егер біреу бағдарламалауды немесе басқа да саланы үйренгісі келсе, көп жағдайда орыс немесе ағылшын тіліне жүгінуге мәжбүр. Осыдан «қазақша техникалық терминология қалыптасты ма» деген сұрақ туады. Көптеген терминдер қазақ тіліне аударылғанымен, IT мамандары арасында кеңінен қолданылмайтынын атап айтқан жөн. Себебі олар құлаққа жатық естілмеуі мүмкін немесе көпшілік орысша, ағылшынша нұсқаларына үйреніп кеткен. Байқағаным, көптеген IT-компаниялар мен стартаптар қазақтілді аудиторияға арнайы өнім ұсынғысы келмейді. Өйткені жалпы нарық орыс және ағылшын тілді тұтынушыларға бағытталған. Мысалы, көптеген танымал бағдарламалық өнімдердің, Windows, Microsoft Office, Adobe өнімдері дейік, ешқайсысының таза қазақша нұсқасы жоқ немесе тек бәрі дерлік ресми аудармамен шектелген.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллектті көркемөнермен салыстыра қарау, оған қарсылас не жау ретінде көрсету тіпті ақылға қонбайтын әңгіме. Себебі шығармашылықпен айналысатын адамдарға уақыт үнемдеп, тың идея ұсынып, техникалық көмек бере алады, сол себепті ЖИ-ді көркемөнерге көмекші құрал деп қана қарастырған абзал. Өнердің күллі жан-жүйкесі, қуаты мен күші сезімде, эмоцияда. Оны жасанды интеллекттің толыққанды алмастыруы қиын, оған әлі бірнеше ғасырлар керек шығар. Қайта дәл осы жасанды интеллект тудырған туындылардың көбеюінің арқасында шын талант жасаған, адамның ой мен ақыл еңбегінен туған туындылардың құны әлдеқайда артпақ. Адамдар болашақта адамның таза маңдай терінен туған туындыларды, мәтіндерді арнайы іздеп, қымбатқа, жоғары бағаға сатып алады. Өзіңіз айтпақшы, жасанды интеллект сезімсіз, жүрексіз, бірақ мінсіз мәтін әлде сурет жасап бере алады. Ал адамның қолынан шыққан дүние сол мінсіз еместігімен де бағалы, сол үшін де құнды.

Әсемай Аминова, өнертанушы: Нәтижеден гөрі процеске басымдық беретін қоғамды жи жасап шыққан «өнермен» таңғалдыра алмайсың
Жасанды интеллекттің көркемөнерге байланысы мен әсерін, артықшылығы мен кесірін шын мәнінде адамның өзі шешеді. Әрине, осындай алды-артыңа қаратпай жүйткіп жатқан аумалы-төкпелі заманда технологияның, жасанды зияттың артықшылығын мойындамай, ескілікке салынуға сірә да болмайды. Осыдан бірер күн бұрын жасанды интеллекттің салған суретін толыққанды өнер деп қабылдаймыз ба деген таласты сауалнаманы көріп қалдым. Сауалнамаға француз тілді еуропалықтар қатысқан екен. Басым көпшілігі жасанды интеллекттің мінсіздігінен сескенеді, олар өнердің де құндылығы қарапайымдылық пен мінсіздікте деп есептейді. Жалпы байқасақ, француздар кәдуілгі ас пісіру, ыдыс жуу, кір жаю сынды күнделікті күйкі тірлікті өнер деңгейіне жеткізіп үлгерген, не үшін десек, осындай кішкентай тіршіліктерде үлкен сезім мен адамның жаны бар деп жауап береді. Нәтижеден гөрі процеске басымдық беретін қоғамды жасанды интеллекттің жасап шыққан «өнерімен» таңғалдыра алмайсың. Себебі онда жан жоқ, сезім мен эмоция байқалмайды. Әдетте жасанды интеллект адамның тапсырмасын ғана орындап, айтқанымен жүреді, айдағанына көнеді. Жалпы өнер тарихына көз салсақ, ЖИ жасаған өнер туындыларының тарихы сонау 60-жылдардың соңына барып тіреледі. Бізге белгілі алғашқы жүйе «Аарон» деп аталатын еді. Оны Гарольд Коэн 1973 жылы ойлап тапқан. Ол осы жүйе арқылы алғаш рет ақ-қара түсті картина салып көрді.
Қазір жазған сұранысыңа байланысты қажетті картинаны жасап беретін ЖИ легі көбейіп, сурет сапасы да жақсарып келеді. Әлбетте, әзірге бұл картиналарда анатомиялық, т.б. қателіктер бар. Дегенмен оның көздегені дәлдік емес, образ екенін аңғаруға болады. Фотосурет пайда болғанда қылқаламшының реалистік дәлдікпен салған суреттері құнсызданды. Яғни шығармашылық өзгеріске баруға мәжбүр болды. Бұл суретшінің тылсым әлемге еркін енуіне, образды бейнелеуге мүмкіндік берді. Фотоаппарат – сурет өнерінің ғана емес, модерн поэзияның да пайда болуына әсер еткен зат. Сол сияқты бейнелеу өнері жаңа кезеңге өтетініне күмән жоқ. Әркім бірнеше минут ішінде өзіне қажет визуалды бейнені жасай алады. Фотосуреттің пайда болуы сияқты, бұл жеке шеберлікті құнсыздандырмайды, керісінше, суретшіні жаңа бір деңгейге көтереді. ЖИ – фотоаппарат сияқты көмекші құрал, яғни ол ұлы өнер туындысын жасайтын ұлы суреткер емес. Дегенмен жер бетіндегі адамның бәрі ұлы суретші деуге де келмейді, яғни ЖИ, сол адамдардың белгілі бір деңгейде шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін көмекші деп алсақ, жаман емес. Жасанды интеллектінің өнерде қолданылуы 2016 жылы Gray Area қорының іс-шарасында көрсетілді. Associated Computer Machinery-дің 2018 жылдың көктемінде информатика мен технологияға арналған жыл сайынғы журналы ЖИ-дің сәулет пен өнерге әсері туралы түсінік беру үшін жасанды интеллект моделін қолданды, яғни бұл үрдіс тоқтаған емес, әлі зерттеліп келеді. Өнертанушылар қазір бақылаушы позициясында отырған сияқты. Дәл қазір дөп басып, өнер мына бағытқа кетеді, болмаса, толық хаосқа айналады деп айтуға да келмейді. Себебі бұған баға беру үшін уақыт керек.
Бір қызығы, адам болмаған нәрсені есептей алмайды. Бұның бағасы кейінірек берілері сөзсіз. Алғаш адам тасқа қашап сурет салған кезден ЖИ-дің салған суретіне дейін өнер бірнеше баспалдақты аттап өтті. Келесі қадам не құрдым, не ары қарай даму болмақ.
Суретшілер бұл үрдіс өнерге мүлде қатерлі емес дейді. Брэндон Реймхен сияқты қылқалам шеберлері ЖИ, керісінше, шығармашылық процеске көмектесе алатынын, кедергі келтіруі мүмкін емес екенін алға тартып отыр. Енді, бір қызығы, 2022 жылдың желтоқсанында Цифрлы суретшілердің халықаралық қоғамдастығында наразылық акциясы басталды. Суретшілер нейрожелілер жасаған суреттердің таралып кетуіне қарсы шыққан. Олардың ойынша, ЖИ тікелей мағынасында суретшілердің жұмысын ұрлап, стилін көшіріп, олардың табысы мен мансабына кедергі келтіреді. Жеке стилі қалыптасқан авторлардың шығармашылығына нұқсан келеді деген пікірді ұстанған суретшілер, нейрожелілердің мұндай әрекетіне қарсы екенін білдірген. Қазір көптеген суретшілер платформасында ЖИ жасаған суреттерге тыйым салынған.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ