Жасанды клон адамдар немесе шынайы өмірдегі дәлдік
Әлемге дақпырты жайлаған Нобель сыйлығын тағайындайтын Швед Академиясы 2017 жылы аталмыш сыйлықты тегі жапон, ағылшын тілді британиялық постмодернист жазушы Кадзуо Исигуроға берген еді.
«Романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқандығы үшін» сыйлыққа ие болған Кадзуо Исигуроның бүгінгі әдебиеттегі орны ерекше. Шын мәнінде жазушы қаламынан туған романдардың қай-қайсысы да адам мен әлем және ол жасаған орта арасындағы аласапыранға толы ауыр тартысты мейлінше бейбіт, тыныш, бейтарап суреттеуімен ерекшеленетін секілді.
Нагасакиде дүниеге келген жазушы бүгінде 8 роман, бірнеше бағдарламалар мен кинолардың сценарийін жазған. Бала күнінде туған елінен тамыры ажырап кеткеніне қарамастан, Кадзуо Исгуроның жапон жазушыларының мектебінен тағылым алып, оны әлем әдебиетінің озық үрдістерімен ұштастырған қаламгер екені баяндау стилінен, ойлау ерекшелігінен, суреттеу шеберлігінен, жазу мәдениетінен тайға таңба басқандай анық көрініп тұрады. Кадзуоның баяндау мәнері мен идеяны барынша бүркемелеп беретін тәсілі – оның шығыс пен батыс «қақтығысынан», әлде «сәтті үйлесімінен» туған қаламгер екенін оқырманға одан сайын ұқтырып береді. Әсіресе Исигуроның бүгінгі оқырманға етене таныс шығармасы «Жоғалтып алма сен мені» романы болса керек. Аталмыш роман осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тіліне де аударылған екен.
Алдымен әлқиссадан бастайық. Шығарма мазмұны шамамен жиырмасыншы ғасырдың соңында дистопиялық Ұлыбританияда Хейлшем орталығының ашылуымен басталады. Мұнда бір нәрсені ескеру қажет, шығарма кейіпкерлері кәдімгі адамдардан өзгеше. Бір күні ұйқыңнан ояна сап, кешіп жатқан ғұмырыңның мәнсіздігі мен жалғандығын сезсек қандай күй кешер едік? Шығарма кейіпкерлері де – мамандар медициналық құрал ретінде, органикалық донорларды пайдалану үшін өсіріп, тәрбиелейтін жасанды клон адамдар. Олардың бұл дүниеге келгендегі жалғыз міндеті де сол – донор болу, өзінің қаңқасы мен болмысын жасаған адамның ғұмырын ұзарту үшін құрбан болу еді.
«Жоғалтып алма сен мені» ғылыми-фантастикалық сипаты басым шығарма болғандығына қарамастан, шынайы өмірдегі дәлдікті негізгі еткен роман. Шығарманы оқып отырып кейіпкерлердің клон адамдар екенін есіңнен үнемі шығарып аласың. Отыз бір жас шамасындағы Кэти Ш есімді романның басты кейіпкері Хейлшимдегі беймәлім өмірді өткен жылдарын баяу ырғақпен есіне түсіре отырып баяндайды. Хейлшемді түрме дей алмаймыз, десек те, бұл мекен іші тәртіп пен тыйымға тұнып тұрған, қоғамның барлық тарапынан оқшауланған жабық орын еді. Хейлшемде тәрбиеленушілер мен өздерін «қамқоршылар» деп атайтын мұғалімдері ғана өмір сүруші еді. Үш бөлімнен тұратын романның алғашқы тарауында Хейлшем мектебінің тұрмыс-тіршілігі турасында сөз болады. Мектеп тәрбиеленушілеріне күтім мен қамқорлық ерекше, әдетте олар сурет салу, өлең жазу, қолөнер бұйымдарын жасау сынды шығармашылық жұмыстармен айналысады. Ең таңдаулы жұмыстарды Мадам есімді түсі суық, қатал әйел үнемі галереяға жиып алып кетіп отырады. «Ол жұмыстар не үшін қажет?», «балалар неге Хейлшемде оқытылады?», «егер олар түбі донор болу үшін ғана өмір сүрсе, оларға білімнің қажеті не?». Әдетте оқырманның осындай екіұшты сауалына автор жауап беруге асықпайды. Тек сабырлы, салқынқанды қалыппен клон адамдардың сипатын «сыбырлай» отырып әңгімелей береді. Оқып отырып, Хейлшемнің ерекше мектеп әрі ондағы тәрбиеленушілердің жасанды адамдар екеніне, мұғалімдердің бұл оқушыларды не үшін тәрбиелеп, қандай мақсатта оқытып жатқанына аса мән бере қоймайсың. Автор да тәптіштеп жазбайды. Осының бәрі шығарманың табиғи ағысын бойлап, еркін жүріп отырады. Кейіпкерлердің жан дүниесін қаламгерлің мейлінше нәзік әрі бейтарап суреттеуі олардың клон адамдар екенін ұмыттырып та жібереді. Осы тарауда жүректі шымырлатар тағы бір оқиға орын алады. Жасаған жұмыстары мен салған суреттері арқылы жетонға айырбастап, кейін балалар ескі заттар жәрмеңкесінен қажетін алатын, коллекция жинайды. Сондай күндердің бірінде бас кейіпкер Кэтидің олжалы боп, Бриджуотердің кассетасына қол жеткізеді. Жатын бөлмесіне кеп Джуди Бриджуотердің романның атауына арқау болған «Жоғалтып алма сен мені» әнін ерекше әсермен ұзақ тыңдайды. Ән мәтініне үңілсең, ұзақ уақыт бала сүйе алмай жүрген ана ақыры нәрестелі болғаны туралы айтылады екен. Кэти осы әуенге елітіп, қолындағы жастықты кеудесіне кішкентай нәресте құшақтап тұрғандай қысып, көзін жұма: «О, балақаным, балақаным, жоғалтып алма сен мені…» деп таспа әнін қайталай тыңдап, әуенге ырғала билеп жүреді. Бұл көріністі байқап қалған Мадамның не себепті екені белгісіз, көзінен жас ыршып түседі. Автор клон адамның еш уақытта ана атана алмайтынын, клон деген атағы болмаса, кәдуілгі жұмырбасты пендеден сезім-санасында еш айырма жоғын дәл осы оқиғамен ұқтырғысы келген сыңайлы. Бір қызығы, бұл мектептегі тәрбиеленушілер өздерінің кәдімгі адамдардың жасушаларынан жаратылғанын, әрі донор болып, өмірлерінің ұзаққа бармайтынын да біледі. Біле жүріп, өмір сүреді. Кейде, тіпті оларды өздерін кімнің жасушасынан жаратқаны да ойландырады. Іздейді. Оны «ықтимал түпнұсқа» деп атайды. Сөйтіп, өздерінің «ықтимал түпнұсқасын» іздеп, табанынан тозып, таусыла шаршағанда шығарма кейіпкері Руттың: «Бізді қайбір тәуір адамдардың жасушасынан жаратты дейсің?! Біздің түпнұсқамыз жезөкшелер мен маскүнемдер, әлеуметтің төменгі санатындағы адамдар шығар?!..» дейтіні бар. Романның осы жері жүрегіңді еріксіз сыздатып жібергендей-ақ еді.
Кейін қажетті білімді алған соң, Хейлшемді тәмамдап, әр клон өз сүрлеу-соқпағын бастайды. Бірақ ғұмырын да өздері өмірге келгендегі миссиясынан бір елі ажырамай кешеді.
Шығарманың екінші бөлімі де жасөспірімдердің мектептен кейінгі ғұмырын, жолын баяндаумен жалғасады. Оларға бұған дейін жабық әрі құпия болған сыртқы әлемнің есігі ашылып, еркіндіктің сағаты соғады. Тәрбиеленушілер ендігі жерде қалағанын істеуге құқылы. Кэтиде өз достарымен бірге ескі коттеджге орналасқан болатын. Бірін-бірі шын жақсы көрген, араларындағы махаббаттары берік донорларға үш жылға дейін бірге тұруға, донор болмауға рұқсат етіледі екен деген әңгіме де осы уақытта тарай бастайды. Олардың махаббаттарының саудаға құрылмағандығының дәлелі ретінде – өздерінің мектепте салған суреттері кепіл бола алатындығы да айтылады. Өйткені тәрбиеленушілердің мектепте салған суреттері өздерінің болмыстарының, жан дүниесінің айнасы бола алады екен. Ол суреттер сол үшін де кезінде галереяға топтастырылыпты. Алайда роман соңында осыншама үміттің бәрі адыра қалғанын түсіну қиын емес. Сонымен қабат осы бөлімде тәрбиеленуші клондардың өздерінің «ықтимал түпнұсқа» бейнесін іздей бастауы да, олардың адами, кісілік қабілеттерін одан сайын айқындай түседі. Олар тумаған да, туылмаған. Ата-анасыз еді. Бірақ олар өздерінің белгілі бір адамның жасушасынан жаралғандықтарын жақсы білетін. Дүниеде өзіңді өзің іздеуден басқа қандай азап бар екен? Автор олардың «өздерін» іздеуі арқылы, өздерін табуға, тануға деген әлсіз үміттерін оятатындай нысаналы құбылысты бізге емеурін еткендей, әрі адамның қандай түске боялып, қай кейіпке енсе де үнемі түпбастауына тартып тұратынын меңзеген тәрізді.
Ал шығарманың үшінші бөлімінде оқырман донорлық өмірдің атмосферасын әлдеқайда тереңірек сезіне алады. Рут пен Томмидің донор ретінде таңдалуы және Кэтидің оларға көмекші рөлін атқаруы – шығарма басында оқырман санасында туған сұрақтарға бірте-бірте жауап бере түседі. Бірнеше мәрте донор ретінде таңдалған Руттың өмірі аяқталады. Ең қызығы, клон адамдардың ешқайсысы «өлмейді», тек «өмірі аяқталады». Әсіресе Руттың соңғы сәтінде айтқан сөзінде өз қателігін мойындап, Томми мен Кэтидің жақындасуына және олардың донорлықтан құтылуға тырысып, Мадамды іздеп табуына себеп болады. Сонымен Кэти мен Томми өздеріне рұқсат алу үшін Мари-Клод пен Эмили бикешке келіп, бұрынғы қамқоршыларымен ұзақ әңгімелеседі. Эмили бикеш олардың: «Хейлшем не үшін керек болды, біздің туындыларымызды не үшін жинадыңыздар?» деген сауалына: «Ең бастысы, біз әлемге егер клондар адамгершілігі мол, өркениетті жағдайда өссе, кез келген адам сияқты саналы, салауатты болатынын көрсеттік» дегенді айтады. Ал сурет көрмелері арқылы адам мен клон арасындағы титімдей айырмашылық жоқ екенін күллі әлемге үғындырғысы келген еді. Шотландияның қиыр бір шетінде зерттеу жүргізген ғалым Джеймс Морнингдейл өзінің зерттеу нәтижесінде өмір сүруге қабілетті жасанды ұрпақ өсіріп шығарады. Осы оқиғадан соң атақты Хейлшем мектебі жабылады. Бір өкініштісі, заң шекарасынан шығып кеткен бұл зерттеу Хейлшемдегі жасанды балалардың керексіз күйде қалуына әкеліп соғады. Өйткені жасанды балалар қоғам үшін қауіпті саналған еді. Анығында, адамдар өзіне ұқсамайтын «адамдарды» қоғамға қабылдағысы да келмеді. Кэти мен Томми өз өмірлері үшін қанша күрессе де, олардың да алдында бір ғана жол, донорлық күтіп тұр еді. Томми төртінші реткі донорлық операциядан кейін өз өмірін аяқтайды. Осы уақиғалардың бәрі қайраңдап қалған қайықты тамашалап баратын сапарларынан басталып шығармаға өзінше бір символикалық мән жүктейтін тәрізді. Шығармадан үзінді келтірейік:
«Хейлшемді ешқашан іздестіріп көрмесем де, кейде жолда оның әлдебір бөлігін көріп қалғандай боламын. Алыстан спорт павильонын көрсем, ол сол біздің өз павильонымыз сияқты болып кетеді. Ал көкжиектен үлкен емен ағашы, теректер көзіме шалынса, оңтүстік ойын алаңына жақындап келе жатқандай болам. Бірде таңертеңгісін Глостерширге барар ұзын жолдың бойында жол жиегінде тұрған қираған машинаның қасынан өткенім бар. Сол машинаның алдында өтіп жатқан көліктерге қарап тұрған қыз бір сәт Хейлшемдегі Сузана С. сияқты болып көрінді. Бізден екі жас үлкен ол арзандатылған саудада кезекшілік жасайтын. Басымда мүлде басқа ой болса да, мұндай түсінік маған күтпеген жерден келетін. Демек, бәрібір Хейлшемді ойша іздестіріп жүретін сияқтымын…»
Романның жанры турасында тартысты әңгімелер көп. Шығармада антиутопиялық сипат басым болғанымен, Хакслидің не Замятиннің шығармаларындай кейіпкердің тағдырына автор түбегейлі кірісіп, тас-талқан етпейді. Қаламгер, керісінше, мың қатпарлы кейіпкер жанының ішкі иірімдерін дөп басып, оқырманды асықпай ақырын ғана алға бастап отырады. Автордың айтуынша, күллі шығарманың тұла бойы адам өмірінің метафорасы іспетті. Шығармаға бойлай қарасаң, клон адамдардың тағдырынан бөлек, талай жайттың басы қылтиып шыға келеді. Махаббат пен ғадауат, достық, адам ғұмырының жалғандығы мен әділетсіздіктердің бәрі шығарманың өн бойынан оңай байқайсың. Байқайсың да, адам атаулының жанкешті болмысы мен қатыгездігіне іштей күйінесің. Шетел басылымдары роман оқырманға белгілі бір деңгейде үрей мен мазасыздық тудырады деп жазады. Бәлкім, романның ең үрей тудыратын тұсы – адамзаттың өзіне-өзін бетпе-бет қойғаны шығар. Бұл әлемде қатерлі ісік не басқа да аурулардан азат болудың құны адамдық тұрғыдан алғанда сонша қайғылы әрі қасіретті болғаны ма? Әу баста адамдардың клондардан қорқып, қашуы да – өз қатыгездігінен қашуға, мойындамауға деген талпынысы ғана болған сияқты.
Жазушының сабырлы, салқын баяндау тәсілі, романның жасанды адамдар туралы таңғажайып шығарма екендігін айқайлап айтпайды. Қайта клон-балалардың адами сипаттарына барынша назар аудара түскендей еді. Оқып отырып романнан әсіре қызық, күрделі сюжеттік тартыс іздеген оқырманның тағаты таусыла түседі. Шығарма өзінің шығар биігіне, айтар ойына кейіпкерлерімен бірге баяу ғана жылжитын тәрізді. Күмәнді сұрақтардың салмағына терең бойлап, санаңды тескен сауалға жауап табу үшін шығарманың соңғы парақтарына еріксіз ынтыға түсесің. Сосын, романның соңғы тынысы әңгіме ауаны жасанды адамдар жайлы немесе махаббат туралы хикая емесін анық ұқтырады.
Исигуроның шеберлігі де сол – оқырманды адам табиғаты мен ар, жалғыздық пен жауапкершілік жайлы ойлануға шақырады. Жазушының шығармашылық шеберханасынан шыққан бас кейіпкерлерінің бәрі де бүгінін ойлай жүріп те, өткен күндеріне қайтып оралып отырады. Жазушы өз кейіпкерлерін сыртынан ғана бақылап қоймайды, ол үшін адам жанының тереңдігі әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан да ол ХХ ғасырдың басындағы модернист жазушылардай сюжет пен хронологияға аса қатты мән бермейтінін байқауға болады. Исигуроның прозасында адамның ішкі әлеміне қатты үңілу басым болғандықтан, сюжеттік құрылым жанама қызмет қана атқарады. Автор бір сұхбатында: «Біздің балалық шағымызда түйсінген дүниенің бәрі осы әлемді тану үшін екендігін ұсынғым келді» дейді. Шынымен-ақ, біз бала кезімізде айналамыздан алған шағын ақпаратпен дүниетаным, көзқарасымызды жетілдіре бастаймыз. Осындай болмашы ұсақ-түйек адамның «менін» қалыптастырады екен. Ал дүниенің шынайы мәні туралы шындығында нақты ештеңе білмейміз. Ешкім ештеңе ашып айтпайды да.
Ал есейген сайын әлемнің ақиқаты, қалтарыстары адам санасы үшін аздап ашыла бастайды, сол сәттерде мүлде ойламаған дүниелерге тап келіп, мүлде кешпеген сезімдерді бастан өткереміз, бұл бәріміздің басымыздан өтетін жағдай деп түйіндейді қаламгер. Жапон жазушысы Мураками: «Жарты ғасырдан бергі оқыған кітаптарымның ішінде, менің ең жақсы көретін шығармам – Кадзуоның «Жоғалтып алма сен мені» романы» дегені де бекер емес болса керек. Кадзуоның дүние танымы бойынша адам баласы қандай азапты кешірсе де, қандай трагедиялық ахуалды бастан өткерсе де, еркіндіктері мен бостандықтары шектемеге ұшыраса да, тағдырдың дегеніне мойынсұна тұра, олар өмірдің қараңғы қапасынан үміттің саңлауын іздеумен болады деген байлам шығарады.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ