Жасанды зият: мүгедектерге берілген мүмкіндік

Қазіргі әлем күн санап өзгеріп, жаңа технологиялар мен идеялардың ықпалында қарқынды дамып келеді.
Мұндай үдерістердің алдыңғы қатарында – шығармашылық пен жаңашылдыққа бейім, батыл ойлайтын жастар тұр. Осы орайда жастардың өнертабысы – бұл тек техникалық жетістіктер десек аясын тарылтқанымыз болар, анығында, бұл өнертабыстар қоғамдық, мәдени және адамгершілік құндылықтарды жаңа қырынан қарастыратын терең интеллектуал талпыныс. Бұл құбылыс қоғамның болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі де, бірегейі ретінде бағалану керек. Өйткені өнертапқыш жастар – өз дәуірінің тынысын сезініп, адамзат алдындағы түйткілдерге тың көзқараспен қарауға қабілетті жасампаз күш. Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі, энергия тапшылығы, халықтың қартаюы, кедейлік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы теңсіздік секілді жаһандық проблемалар өз шешімін күтіп тұр. Мұндай күрделі түйткілдерге тек стандартты шешімдермен емес, батыл, тосын әрі инновациялық идеялармен қарсы тұру қажет. Бұл тұрғыда жастардың еркін ойы, тәуекелге бейімділігі, технологияны жетік меңгеруі, ақпаратты тез әрі кең ауқымда игере алуы – аса маңызды артықшылықтар. Олар тек техникалық шешім ұсынумен шектелмей, қоғамдық құндылықтар мен мәдениеттерді ұштастыра отырып, кешенді көзқарас қалыптастыра алады. Осы орайда тараздық жастар өнертабыстарымен ерекше көзге түсіп жүргені де жасырын емес. Мысалы, осыдан аз ғана уақыт бұрын тараздық оқушылардың стартапы Орталық Азиядағы ең үздік AI жобасы атанған еді. Бұл жасанды зият мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін өзгертпек.
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Қанат Тәжіхан мен Барысхан Қалдыбай ойлап тапқан ерекше құрылғыны халықаралық байқауда таныстырып келген еді. Ақырында оқушылардың ойлап тапқан құрылғысы Орталық Азиядағы ең үздік жасанды интеллект жобасы деп танылды. Аталмыш жоба физикалық мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын өз тілінің немесе ойының көмегімен басқаруға мүмкіндік беретін, жасанды интеллектке негізделген «ақылды протез». Жоба еліміздегі және аймақтағы инклюзивті технологиялар саласындағы үлкен серпіліс саналады. Жастардың өнертабу саласында белсенді болуы ұлттық экономиканың дамуында шешуші рөл атқарары анық. Шағын стартаптар, ғылым мен технологияға негізделген жобалар, әлеуметтік кәсіпкерлік – мұның бәрі жастардың жаңашыл ойлауынан туындап, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық әртараптандыруға және жаһандық нарықта ұлттық бәсекелестікке жол ашары анық.
Жоба авторлары Қанат пен Барысхан бұл құралды жасауға тура екі жылын арнаған. Олар осы кезең ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті өміріндегі кедергілерін, олар тап болатын қиындықтарды терең зерттеген. Әсіресе сал ауруына шалдыққан, қолдарын еркін қозғала алмайтын адамдардың қажеттіліктеріне ерекше мән берген екен. Жоба авторларының бірі Қанат Тәжіханның айтуынша, бұл идеяның шығуына жеке отбасы мүшелерінің жағдайы себеп болған.
«Біздің атамыз бен әжеміз осыдан бірер жыл бұрын инсульт алып, сал болып қалды. Олар тіпті сөренің жоғарғы жағындағы кітапты алып оқи алмайтын. Джойстикпен арбаны басқару да қиынға соғатын. Өйткені қол бұлшық еттері әлсіз. Біз зерттей келе, көп жағдайда адамдардың тілі мен басы қызметін сақтап қалатынын түсіндік. 90%-ға жуық жағдайда осы екі мүше толық жұмыс істей береді», – дейді ол.
Осы орайда жас өнертапқыштар ұсынған шешім – арнайы интерактивті протез. Құрылғы жақ сүйекке бекітіледі де, адамның басы мен тілі арқылы берілген сигналдарды орындайды. Құрылғыда бірнеше датчик пен 6 осьті гироскоп орнатылған. Мысалы, арбаны оңға бұру үшін тек басты оңға еңкейту жеткілікті. Ал тілді қозғалту арқылы смартфон, компьютер, тіпті үйдегі кондиционер сияқты құрылғыларды басқаруға болады. Барысхан Қалдыбай құрылғының қосымша мүмкіндіктерін де атап өтті.
«Біз оған ақылды үй жүйесін басқару функциясын да қостық. Егер үйдегі құрылғылар Wi-Fi желісіне қосылған болса, бұл құрылғы арқылы теледидар, кондиционер сияқты техникаларды да басқаруға болады. Қозғалыс тілі мен бастың бағытын танитын бірнеше сенсор бар. Барлық деректер микрочипке түседі, ол қажетсіз шуды сүзгіден өткізіп, нақты әрекетті жүзеге асырады», – дейді ол.
Бүгінде Жамбыл облысының өзінде ғана 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді. Оның ішінде 600-ге жуық адам арбаға таңылған немесе төсекке байланған. Бұл технология дәл осы адамдар үшін үлкен үміт сыйлауы мүмкін.
Осы орайда Жамбыл облыстық жастар ұйымының төрайымы Айгерім Дәулетбаева бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. «Егер демеушілер табылып, бұл жоба өндіріске жол тартса, онда арбаға таңылған азаматтар қоғамға тәуелді болмай-ақ, өз бетінше қозғалып, жұмыс істеп, табыс таба алатын мүмкіндікке ие болады. Бұл тек өмір сүру сапасын жақсартатын құрылғы емес, өмірге деген мотивация сыйлайтын құрал», – дейді маман.
Қазіргі таңда Қанат пен Барысхан өз өнертабысын өндірістік деңгейге шығару үшін инвесторлар іздестіріп жүр. Құрылғының өзіндік құны – 125 мың теңге. Дайын өнімді нарыққа шамамен 250 мың теңге көлемінде ұсынуды жоспарлап отыр. Мұндай жас өнертапқыштардың арманы – мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік сыйлау. Олар тек арба емес, еркін өмір сүруді басқаруды ұсынып отыр.
С.Бақберген
Жамбыл облысы