«Жасанды бала» бақыт па?
Жақында ғанаелдегі халық саны 19миллион адамды құрады.Бұл – өткен жылмен салыстырғандағы өсім барының айғағы.
Демек, демографияның екпіні жақсы, тұлымдылар мен бұрымдылардың өсімі көз қуантады. Дегенмен бала дегенде, кесе-көлденең кездесетін келеңсіздіктерді де аттап кетуге болмайды. Мәселен, біреу баласынан бас тартып жатса, енді бірі балаға зар. Осыдан 40 жыл бұрын Ұлыбританияда экстракорпоральді әдіс, яғни жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге алғашқы сәби келді. Ал сол әдіс Қазақстанда 1995 жылы қолданылды. Олардың саны әлем бойынша 6 миллионнан, Қазақстан бойынша 30 мыңнан асады. Олар – ата-ананың жылдар бойы сарыла күткен үміті. Ананың құрсағында емес, шыны құтының құрсауында жатқан шараналар. Бүгінгі қаузайтын әңгімеміз де сол болмақ.
Дүниежүзінде осы тәсілмен алғаш рет 1978 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген қыз – Луиз Браун қазір тұрмыста. Ол табиғи жолмен екі балалы болған. Ал Кеңес Одағындағы алғашқы бала 1988 жылы Мәскеуде өмірге келсе, біздің елімізде 1995 жылы «Экомед» медициналық орталығында дүние есігін ашқан. Көршілес Ресей, Украина, Беларусь елдерінде де бұл жүйенің қолданысқа енгізілгеніне біраз уақыт болды. Қазіргі таңда құтыдағы ұрық арқылы әлемде жылына 2 миллионнан астам сәби өмірге келеді екен. Еш нәтиже болмай, өз бетінше сәби сүю мүмкіндігінен айырылған ана жақын-жамағайынынан бала асырап алады не жасанды ұрықтандыру орталықтарының көмегіне жүгінеді. Тіпті шарасыз қалғанның өзінде, «құрсақ ана» жалдап, «бала» сүйеді. Дегенмен «ЭКО әдісіне кімдер жүгіне алады?», «Мұны жасату қаншалықты қолжетімді?», «Шариғат не дейді?», осындай бірқатар маңызды сауал көбінің көкейінде жүргені анық. Бүгінгі жазылар ой да осыған саяды.
Қолдан бала «жасайтын» орталықтардың арқасында бүгінге дейін 30 мыңға жуық «жасанды бала» дүниеге келген екен. Суррогаттық жолмен балалы болғандар тек ерлі-зайыптылар ғана емес, жалғызбасты әйелдер де медицинаның мұндай көмегіне жүгінетіні жасырын емес. Карьерасын жолға қойған нәзікжандылар тұрмысқа шықпай, балалы болуды жөн санайды-мыс. Елдегі еркек атаулының аздығы да осыған итермелеуде. Жары бола тұра, басқа ұрықтан «качествосы» мықты бала тапқысы келетіндер де жетерлік. Бұл жағдайда әйел ұрық иесінің бойына, сымбатына, біліміне, тіпті көзінің түсіне және шыққан тегіне арнайы каталог арқылы қарап, таңдайтын көрінеді. Мұндай жағдайда қызмет құны көпке түсері анық. Балалы болудың қамын жасағандар көп. Солардың бірі – Алтын мен Алматтың отбасы (аты-жөні өзгертілген – авт.). Осыдан бірнеше жыл бұрын олар облыс асып, медициналық орталықтың көмегіне жүгінген екен. Бүгінде егіз қызы бұлардың көз қуанышы. – Тұрмысқа кеш шыққан соң, бала көтеруім де оңай болмады. Жарым екеуміздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Соңғы үміт осы ЭКО-да еді. Бастапқыда қорықтық, әрине. Алланың жазуымен болатын дүние ғой. Бірінші салған ұрықтан жеті айлық болған кезде айырылып қалдық. Бірақ үмітіміз өшпеді. Жұбайыммен ақша жинап, жасанды ұрықтандыру орталығына қайта бардық. Тоғыз жыл бойы сарыла күткен үмітіміз бүгінде ортамызда ойнап жүр. Жақында 1-сыныпқа барады. Денсаулықтары да бірқалыпты, – дейді Алтын. Әрине, жасанды түсік жасап, баласын жол бойында тастағандардан гөрі жасанды баланы тар құрсағына сыйғызған ананың рөлі басым. Егер әкесінің ұрығы мүлдем нәтижесіз болғанда, донордың қажет болатыны белгілі. Бұл жағдайда не істемек керек? Бұған шариғат не дейді?
Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚМДБ ғұламалар кеңесінде аталған мәселенің шариғи үкімі талқыланып, пәтуа шығарылған болатын. Мұнда не делінді? «Іштей және сырттай ұрықтандыру әдісінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта рұқсат етіледі. Ал егер бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан, шариғатта тыйым салынған. Алла адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ» дейді пәтуада. Елде соңғы 10 жылдың ішінде қолдан ұрықтандыру арқылы 3000-ға жуық бала дүниеге келген. Ол үшін мемлекет тарапынан барлығы 9050 квота бөлінген еді. Ал биыл балаға мұқтаж жандар үшін квота саны жеті есеге артып отыр. Мәселен, 2020 жылы 1000 квота ғана болса, биыл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен 7000 квота бөлініп отыр.
– Ол үлкен жаңалық, қуанышты хабар. Бірақ ол үлкен жауапкершілік және де үлкен ауыртпашылық. Осы істі атқару біздің саланың мамандарына қазір оңай болып жатқан жоқ. Бірақ қазір бірталай адамның арманы орындалып, «Аңсаған сәби» бағдарламасын қолданып, соның арқасында аңсаған сәбилеріне жететін күндері бар деп ойлаймын, – дейді «Экомед» адам репродукциясы клиникалары желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.
Түйін
Кеңес дәуірінде жануарға жасалған қолдан ұрықтандырудың салдарынан асылтұқымды малдан сапасыз төл алу секілді қателік кеткен болатын. Десе де, бедеуліктің зардабын тартқан жандар медицинаның күшімен бала көтеріп, «қолдан» бала жасауда. Бұл біз үшін керек пе? Жасанды бала арқылы тегімізді жойып, жасанды қазақты дүниеге әкелмейміз бе? Әрине, бұл да толғандыратын мәселе.