Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:49, 10 Мамыр 2023

Жасанды интеллект адам орнын алмастыруы мүмкін бе?

None
None

XX ғасырдың алғашқы жартысында робот­тар өз бетінше ойлай алатын болады деген пікірге көп адам ғылыми фантастика ретінде қарап келді.

Сонымен қоса «робот­тар ойлауға қабілет­ті болған кез­де адам баласына үлкен қауіп төнетін болады» деген болжам да болған. Бүгінгі күні адамзат­тың ұшқыр қиялы мен ғылым жаңа дәуір ұрпағын ол күнге де куә қылып отыр. Тіпті жасанды интеллектілердің біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны сонша, карталар, навигаторлар, әлеумет­тік желілер, онлайн төлем жасау, автокоррекция, сандық көмекшілер сияқты жаңа заман игілік­терінсіз қазіргі күнімізді елестету мүмкін емес болып барады.

 2022 жылдың қараша айының 30-да Оpen жасанды интеллектісінің жаңа моделі СhatGPT жарық көрді. Бұл – адамзат өміріне үлкен серпіліс алып келген жаңалық. Нейрожелілер арқылы жұмыс жасайтын бұл жасанды интеллект бұрындары мүмкін емес саналып келген шығармашылық қабілетке ие. Ол пошта, мәтін мен код жазып қана қоймай, сұхбат­тасушымен философиялық әңгіме де өрбіте алады. Осындай үлкен ғылыми табыс жарияға шыққалы адамдар өзі шыңдаған қанжар өз тамағына тақалғандай дүрлікті. Бұрындары адами интеллектіні жасанды жолмен жасаудың мүмкін екеніне сенбейтін жұрт бұл күнде сол «саналы робот­тардың» адам орнын толықтай баса алатынына шәк келтірмейтін болған.

 Машиналық интеллект ғылыми-зерт­теу институтының ғалымы Катя Грейстің жасанды интеллект бойынша 356 сарап­шы маманнан алынған 2022 жылғы сауалнамасы бойынша «Жасанды интеллект құралдар қашан өз бетінше әрекет етіп, әрбір істі адам қабілетінен артығырақ, әрі арзанырақ шығынмен орындауға жетеді?» деген сұрағына 50% маман 2061 жылға дейін деп жауап берсе, эксперт­тердің 90%-ы кемінде 100 жыл уақыт керек екенін айтыпты. Солардың ішінде 5 адам ғана одан ұзағырақ уақыт өлшемін көрсеткен болса, 1,1% қатысушы робот­тардың ондай әлеуетке ие болуы мүмкін емес екенін айт­қан.

Жалпы жасанды интеллектіні қолданысы, ауқымы мен күші тұрғысынан 3 топқа бөліп қарастыруға болады. Бағдарламаға негізделген алгоритм бойынша жұмыс істейтін шектеулі жасанды интеллект белгілі бір шеңберде ғана қолданылады. Оның бағдарламасы арнайы міндет­терге ғана негізделген, жаңадан үйрену, шешім қабылдау қабілет­теріне ие емес. Мұндай құралдар біздің өмірімізде көптеп кез­деседі. Алайда сауалнамада көрсетілген «тәуелсіз робот­тар» өзара байланыссыз, әртүрлі тапсырмаларды әрекет қатынасы (интеракция) арқылы орындап шығатын, адам деңгейіндегі қабілет­тердің жиынтығын қамтитын жалпы интеллектіні немесе адамнан да асып түсетін саналы супер­интеллектіні меңзейді. Мәселенің түптамыры да осында жатыр.

Адам санасының деңгейіндегі жасанды интеллект жасалса, бұдан былай өркениеткеадам баласының керегі бола ма? Заманауи озық технологиялармен жұртшылықты таңғалдырып жүрген бірнеше ірі компанияларды негізін құрушы Илон Маск жасанды интеллект Солтүстік Кореяға қарағанда әлемге көбірек қауіп төндіретінін және «осы саладағы үстемдік үшін бәсекелестік» үшінші дүниежүзілік соғысқа әкелуі де мүмкін екенін айтады. Өз кезегінде бұл пікір әйгілі физик Стивен Хокингтің де пікірімен үндеседі. Ол: «Толық жасанды интеллектіні дамыту адамзат­ты құрдымға жіберуі мүмкін. Егер ол өздігінен ұшып, өздігінен тоқтай алатын, аса жылдамдықпен қалпын өзгерте алатын деңгейге жетсе, онда баяу биологиялық эволюциямен шектелген адамдар бәсекеге түсе алмай, еріксіз ығысады» деген еді.

 Ұлт­тық губернаторлар қауымдастығы конференциясында сөйлеген сөзінде Маск: «Жасанды интеллект адамзат өркениетінің өмір сүруіне түбегейлі қауіп төндіреді, – деп кесіп айт­ты және онымен барынша күресіп, бақылауға алу керектігін ескерт­ті. Сөйтіп, 22 наурызда жасанды зияткерліктің дамуын тежей тұруды ұсынған хат жарияланып, оны Илон Масктан өзге Стив Возняк, сонымен қоса мыңнан астам маман ұйғарған еді. Осыдан көп өтпей-ақ 28 наурызда La Libre басылымы дәл осы жасанды интеллект ELIZA боты бельгиялық азамат­тың өліміне себепші болғаны туралы жазды. Бұл жоғарыда айтылған болжамды қуат­тай түсті.

Алайда бұл пікірге қарсы шығу­шылардың да қатары көп. Олар тіпті тәуелсіз робот­тарды да адамдар бағдарламалайтынын және адамдар мен робот­тарды бәсекелес ретінде қарастырудың негізсіз екенін айтып, бұл пікірді жоққа шығарып отыр. Солардың бірі – Google компаниясының бұрынғы бас директоры Ерик Шмит жасанды интеллект туралы уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтады. Ол Fortune журналында жариялаған мақаласында Масктың бұлыңғыр дүниетанымымен келіспейтінін айта келіп, «ол бұл технологияның адамзат­ты дамыту үшін беретін артықшылықтарын түсінбейді. Жасанды интеллектінің адамзат үшін пайдасы телегей-теңіз», – деген пікір айтады.

 Десе де, жасанды интеллектінің адамзатқа төндіруі мүмкін қатері тек бұл емес. Жер бетінде адамзатқа ұлы бәсекелес пайда болса, адами интеллектінің тоқырауы, жұмыссыздық сияқты мәселелер де өзекті бола түспек. Робот­тар қазірдің өзінде қоғамның көптеген салаларында адамдардың орнын басып жатыр. Бұл адами кадрлардың екі қолға бір күрек тап­пай қалуына әсер етуі мүмкін. Оны әлем чемпионы Гарри Каспаровты шахмат матчында жеңген Deep Blue мен Jeopardy чемпиондары Женнингс пен Брэд Рут­терді тізе бүктірген Watson ЖИ-лері әлдеқашан дәлелдеп тастады.

 Осы тұста Хокингтің мына бір сөзі еске түседі: «Жын құмырадан босатылды. Біз жасанды интеллектіні дамытуда алға жылжуымыз керек, бірақ оның нақты қауіптерін де есте сақтағанымыз жөн. Мен жасанды интеллект адамдарды толығымен алмастыруы мүмкін деп қорқамын. Егер адамдар компьютерлік вирустарды дамытса, біреу өзін-өзі көбейтетін жасанды интеллект жасайды. Сөйтіп, адамдардан асып түсетін өмірдің жаңа түрі пайда болады».

Қалай дегенде де, әлімсақтан бері жұмыр жердің жеке дара иесі әрі билеушісі, ақыл-ой иесі болып келген адам баласы өзі ойлап тапқан интеллект иесін өзіне бәсекелес қылып қойып, қарап отыра алмайды. Олар адамға шабуылдаса да оның түпкі тетігі адам баласының қолында қала береді. Иә, әрбір «жасанды» жасаушысыз болмайды. Демек ЖИ де жай ғана құрал. Оны бақылауда ұстау, әрі адамзат игілігі үшін дамыта түсу тікелей адам баласының қолында. Оны дұрыс қолдана алмай, өлім құшқандар саны тіпті бір емес, жүз адам болса да оның өркениетке берген жемісімен салыстыруға келмес еді. «Сайып келгенде, адамдар мен машиналар бір-біріне қарсы емес, бірге жұмыс істейді. Компьютерлер ойындарда жеңіске жетуі мүмкін, бірақ адамдар мен машиналар аурумен, надандықпен және кедейлікпен күресу сияқты қоғамның ең үлкен мәселелерін шешу үшін бірге жұмыс істегенде не болатынын елестетіп көріңіз. Қазір жасанды интеллект саласындағы үйлестіру мен ынтымақтастықтың уақыты келді» деген Мicrosoft компаниясының Бас директоры Сатия Наделланың сөзі ақылға қонымды естіледі.

Тегтер: