Жасыл экономика қашан көшін түзейді?
Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы және экологиялық мәселелердің ушығуы – бүгінгі күннің басты сын-қатері. Әлем елдері экономиканың жаңа моделіне, яғни «жасыл экономикаға» бет бұрып жатқанда бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмақ емес. Алайда «жасыл» бағытқа нақты қашан және қаншалықты тиімді көшеміз деген сұрақ әлі де өзекті.
Бұл мақсатқа орай «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынған. Жобаның төрт негізгі бағыты бар, олардың ішінде атмосфералық ауаны жақсарту мен өнеркәсіптік шығарындыларды 20 пайызға қысқарту басты назарда. Өндіріс ошақтары мен кәсіпорындары тығыз орналасқан өңірлер үшін бұл міндет әсіресе өзекті. Себебі олардан шығатын қалдықтар көлемі әлі де көп.
Экологтар бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет деп есептейді. Мамандардың айтуынша, қалалардың экологиялық ахуалы тек өндіріс ошақтарына ғана емес, тұрғындардың өмір салтына да байланысты. Эколог Әділ Қасымның пікірінше, жобаны қабылдау уақытында жасалды, алайда нақты нәтижеге жету үшін бірқатар шараларды шұғыл іске асыру қажет.
Жасыл экономика – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған ортаға зиянды азайту және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған даму үлгісі. Бұл – көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу, су мен жер ресурстарын тиімді басқару деген сөз.
Қазақстанда бұл бағыттағы алғашқы қадамдар бірнеше жыл бұрын жасалды. Мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданып, жаңартылған энергия көздерін дамытуға басымдық берілді. Соңғы жылдары елде жел және күн электр станциялары көбейіп, олардың жалпы энергетикадағы үлесі біртіндеп артып келеді. Бұл – «жасыл» бағытқа бетбұрыстың нақты көрінісі.
Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Қазақстан экономикасы әлі де көмір мен мұнай-газ секторына тәуелді. Әсіресе жылу электр станцияларының басым бөлігі көмірмен жұмыс істейді. Мұндай жағдайда толыққанды жасыл экономикаға көшу бір күнде жүзеге аспайтыны анық.
Тағы бір маңызды мәселе – қаржыландыру мен технология. Жасыл жобаларды іске асыру қомақты инвестицияны қажет етеді. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу, кадр даярлау және инфрақұрылымды жаңғырту – уақыт пен жүйелі саясатты талап етеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін ең тиімді жол – кезең-кезеңімен көшу. Яғни дәстүрлі энергетиканы бірден тоқтатпай, оны біртіндеп жаңартылатын көздермен алмастыру. Бұл экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халықтың экологиялық мәдениетін арттыру да маңызды. Қоқысты сұрыптау, энергияны үнемдеу, табиғатты қорғау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен өзгеріске бастай алады. Алдағы жылдары Қазақстан үшін басты міндет – «жасыл» саясатты нақты іске айналдыру. Бұл тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмей, бизнес пен қоғамның да белсенді қатысуын талап етеді.
Динар ДҮРМӘН