Жасқа толмаған баланың да 130 доллары бар

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасында «мұрагерлік» мақсатына қатысатын қазақстандықтардың саны арта бастаған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері осыны көрсетіп отыр. Соңғы мәлімет – 1 мамырдағы жағдай бойынша мұрагерлердің жалпы саны 52 адамға жетіп отыр. Олар осы бүгінге дейін Ұлттық қордан жалпы көлемі 10 мың доллардан астам қаражат алған.
Айталық, былтыр алғашқы 10 айда «балаларға» арналған төлемдерді мұрагерлікпен тек жалғыз адам алған болса, жыл басындағы мәлімет бойынша олардың саны 3-ке жеткен. Ал наурыздың басында 21 адам, 1 сәуірде – 34 адам мұрагерлік құқығын пайдаланған еді. Сол 52 адамның ішінде Түркістан облысында 4 адам баласынан қалған 800 доллар мұрасын пайдаланған.
Жалпы облыста 907 399 бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысып келеді. Ал былтырдан бері кәмелетке толған 80 мыңдай бала 14 млн доллардан астам қаражатын қажетіне пайдаланған. Бір қызығы, облыста бір жасқа енді толған 38 663 балаға 5 млн доллар аударылған. Сөйтіп, енді ғана жасқа толған бүлдіршіндердің қазірдің өзінде 130 доллары бар.
Айта кетерлігі, бұл қаражатты балалар тек тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім алу мақсаттарына жұмсай алады. Мұнда басымдық негізінен баспанаға берілгенін статистика көрсетіп отыр. Айталық, осы мақсатпен ел бойынша БЖЗҚ-ға 63 871 өтініш түскен. Оның 56 591-і орындалып, 6 млн 648 мың доллар өтініш берушілердің банктік шотына аударылған. Соның ішінде 4 926 өтініші Түркістан облысына тиесілі. Оларға 466 мың долларға жуық қаржы төленген.
Мұның қасында білім ақысын төлеу мақсатындағы көрсеткіштер біршама төмен. Ел бойынша 54 270 өтініш түссе, соның 2 748-і осы облыс еншісінде. Түркістандықтардың 1 897 өтініші мақұлданып, олар жалпы жиынтығы 222 мың долларын алған.
Айта кетейік, бағдарлама Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 2006 жылдан кейін туған Қазақстан азаматтары болып табылатын балалар арасында жыл сайын бөліп отырады. Сол есеппен қарағанда, 2023 жылы әр балаға 100,52 доллардан келді. Ал 2024 жылы әр балаға 129,38 доллардан тиді. Бұған қоса, былтыр дүниеге келіп, алғаш рет қаражат алып отырған кішкентайлардың табысына 3,04 доллар қоса есептелді. Нәтижесінде 2006 жылы туған баланың жинағы 100,52 долларын құраса, 2007 жылдан бері қарайғылардың жинағы 232,94 доллар деген сөз.
Бекбол Амангелді
Түркістан облысы