Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 09 Наурыз 2023

Жасмин Ашимова: «Жастар мәселесі өзекті, сонысымен құнды»

None
None

Соңғы жылдары Қазақстанда еріктілік қызмет қарқын алды. Көктемгі жауын-шашын кезінде, карантин тұсында ерікті жастардың саны артты, қызметтері жолға қойылды.

Волонтер жастар Қазақстан бойынша қаншама игі шаруаларға мұрындық болды десеңізші! Жастарды осындай игі жұмыстарға тарту, баулу – жастар саясатының бір тармағы. Шымкент қаласы волонтерлар корпусының президенті Жасмин Ашимовадан еріктілік туралы, жастар саясаты төңірегінде әңгімелестік.

— Жасмин ханым, Сіздің Шымкент қаласына ғана емес, республикаға белгілі волонтер екеніңізді білеміз. Еріктілік деген қазақтың қанында бар жақсы қасиет. Дегенмен, алғыстан басқа экономикалық қайтарымы жоқ жұмысты не үшін таңдап алдыңыз?

–Мен ойлаймын, бұл өмірде материялдық құндылықтардан да бөлек рухани құндылық бар, адам соны байыту керек. Ең бірінші адам адамгершілікті бойынан дамытып, осындай мейірімділікті үйлестіре білсе, оның энергиясы тазарады. Қаржылық жолы ашылып, бата алып, ақ тілектегі эмоциялардың арқасында адамның жолы ашылады екен. Сөйтіп, игі бастамаларға негіз болып, жақсы өмір сүреді деп ойлаймын.

–Өзіңіз басшылық жасайтын Шымкенттің волонтерлер корпусы соңғы бір-екі жылдың ішінде қандай игі жұмыстарға мұрындық болып, қандай шаруаларды атқарды?

– Өзім басшылық жасайтын корпус карантин кезінде жақсы қызмет атқарды. Карантин кезінде біз өз жұмысымызды бетперде тігуден бастадық. Одан бөлек, қала тұрғындарына вирустан сақтану мақсатында аурудың алдын алу шаралары көрсетілген қауіпсіздік парақшаларын тараттық.

Сонымен бірге, пондемия кезінде қызмет еткен емхана дәрігерлерін күнделікті тамақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырдық. «Қаңтар оқиғасы» кезінде шашылған алаңды жинауға, көшені жинап жатқан тазалықшы ағайлар мен апайларға тамақ үлестіріп көмектестік. Еріктілер корпусы, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесіп, қайырымдылық іс-шараларын жиі өткізіп тұрады. Қайырымдылық деген қазақтың бойында бар жақсы қасиет қой. Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан ақысыз қайырымдылықты қанына, салт-дәстүріне, өмір сүру қағидасына сіңірген халық. Ауылдастарына, ағайын-туысына көмектесу, басқа түскен қиыншылықты бірге көтеру – қазақ өмірінде жазылмаған еріктілік қызмет дер едім.

–Еріктілердің дені – жастар. Демек, Сіз жастар саясатының да жұмысын жасап жатырсыз. Жастар саясаты деген не? Жастар саясаты соншалық маңызды ма, не үшін жастар саясаты деп бөліп-жарып атауымыз керек?

– Қазақстанның болашағы жастарға, оның ішінде жастардың біліміне, күш-жігерлері мен потриоттық сезімдеріне байланысты. Қазіргі жастарымызға қарап Қазақстанның болашағы қандай болатынын елестетуге болады. Жастардың басты мақсаты – өзінің қуатын қазірден бастап елдің игілігіне жұмаса, болашақта елдің мәңгілік тәуелсіздігін сақтап қалады.

Жастардың бойында бәрі бар. Білім алуға деген құштарлық, жұмыс жасауға деген ынта, мемлекетке қызмет қылуға деген жігер бар бастысы. Біздің мақсат – сондай жастарға жол көрсету. Тура жол көрсетіп, жақсы орта қалыптастырып берсеңіз, басқасы жастардың қолында. Жастар саясаты дегеніміз сол, яғни жастармен жұмыс жасау, жастарға жақсы жағдай жасай, білім берумен, жұмысқа орналастырумен айналысу. 

–Шымкент те жастардың қаласына айналып барады. Сондықтан да шаһардағы жастар мәселесі маңызды. Дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласында жастар саясаты қалай шешім табуда? Мысалы, жастардың жұмыспен қамтылуы, студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі, оқуы, қоғамдық жұмыстармен, спортпен айналысуы сияқты түйткілдер қалай реттелуде?

–Қазіргі таңда жастар мәселесі қоғамдағы өте өзекті сауалдардың бірі. Жастар арасында жұмыссыздық, кәсіпкерлікпен айналысу, жатақханамен қамтамасыз ету сияқты мәселелер әлі де болса толық қанды шешімін таба қойған жоқ. Өзектілігі де сонда.

Шымкент қаласында бірнеше бұқаралық спорт кешені бар, тегін үйірмелер де жастарымызға арнап бой көтеруде. Одан бөлек, сол орталықтарға 18 жасқа дейінгі жастарымыз қатысып, өздерін физикалық жағынан толық дамыта алады, білім жинай алады, оқып үйрене алады. Сонымен бірге, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары да тұрақты жүргізіліп тұрады. Білім берумен, спортқа баулумен мәселе шешімін таппайтыны белгілі ғой. Сондықтан жастардың бойына ұлттық тәрбие, білім беріп отыруымыз керек!

–Сіз жергілікті жастар маслихатының депутаты болдыңыз. Тағы да бағыңызды сынап жатыр екенсіз. Сәттілік серік болсын!.. Өз бағдарламаңызда жастарға қатысты қандай тақырыптарды көтеріп отырсыз бұл жолы?

– Қазіргі таңда осы уақытқа дейінгі жинаған тәжірибемнің аясында саяси додаға қатысып жатырмын. Менің бағдарламамның басты бағытында жастар мәселесі қамтылған. Жастар өзекті мәселе болып саналады. Сондықтан қазірден бастап жастарды тұлға ретінде өз өзін қалыптастыруға баулу, өздерінің игілікті мәселелері, басты бағыттары мен өмірлік ұстанымдарын  қалыптастыру, білімділік дәрежелерін жоғарлату мақсатында көптеген іс-шараларды қолға аламын. Жалпы тұлғалық даму барысында көптеген игіліктерді ұштастыра отырып, жастардың рухани күші мен мейірімділіктері отан сүйгіш болып өсуіне бағытталған көптеген жоспар әзірледім. Болашақта осы дүниелердің барлығын ұйымдастырып, Жаңа Қазақстанға өз үлесімізді қосамын деген ойдамын. Бойымыздағы жастығымызды мемлекетке арнаудан, Отанға қызмет етуден артық қандай қызмет болсын!

–Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: