Жасөспірімдер қылмысқа неге барады?

Қылмыс жасаған жасөспірімдерді «олар не істеп жатқанын білмейді», «жақсы мен жаманды ажырата бермейді» немесе «заңнан бейхабар» деп орынсыз ақтау опа бермесі белгілі.
XXI ғасырдың жас құқық бұзушылары қылмыстық әрекетке көбіне өз-өзін таныту немесе есесін қайтару мақсатында барып жататыны мамандар айтып жүрген пікір. Сондай-ақ кейде қылмысы үшін түрлі себептермен жазаланбай қалу жастарды тым еркінсітіп жіберетіні жасырын емес. Себебімен күреспей, салдар жойылмайтынын ескерсек, алдымен балаларды қылмысқа не итермелейтініне үңілуіміз керек-ақ және бұл бір ғана себеппен түсіндірілетін нәрсе еместігі тағы аян.
Психология ғылымының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың себебі сан түрлі екенін айтады.
«Жалпы, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер мынадай:
- Жасөспірімдердің санасындағы өздері идеал тұтатын психологиялық бейненің болмауы. Өздерінің мінез-құлқының жүйелі ұстанатын қағидалары болмағандықтан, теріс мінездегі кейіпкерлерге (кинодағы ганкстерлер, мафиоздар, түрмедегі беделді адамдарға) еліктейді. Сондай болуды армандайды.
- Отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі. Ата-ананың жұмысбасты болуы, баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау. Жасөспірімдердің кімдермен жолдас болып жүргенін білмеу. Балалардың әлеуметтік желілерге оңай қолжетімділігі. Ондағы ақпараттарды талдай алмағандықтан, дұрыс – теріс нәрселерді ажырата алмауы.
- Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетімсіздігі. Өз бойларында болатын жас ерекшелік өзгерістерді (кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы) білмеуі.
- Өз-өзіне сенімділіктің жоғарылауы, жауапсыздық, өз-өзін толық бақылай алмау, заң күшіне сенімсіздік білдіру.
- Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жеткіліксіздігі.
Осы жоғарыда аталып отырған мәселелер көбінесе жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.
Сөз жоқ, солардың ішінде ғаламтор желісінің әсері «ғаламат» екенін жоққа шығара алмаймыз. Кісі өлтірушілердің немесе қылмыстық топтың беделді мүшесінің ерекше өмірін дәріптейтін көрініске толы фильмдер санасы әлі толық қалыптаспаған баланың психикасын бұзбай тұрмайды. Бітпейтін адам өлтірушілердің өмірін бақылай отырып, балалардың оған еттері үйрене бастайды, тіпті «қылмыстық топтың мүшесі болу бедел әкеледі» деген ойға жетелейді. Қылмысқа барған жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті өмірде болып жатқан нақты жағдайларына тікелей байланысты емес. Жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерді жасауы әлеуметтік тұрғыдан көптеген себептермен түсіндіріледі. Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауынан бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру қылмыстық әрекеттің алғышартын қалыптастырады. Сонымен қатар бос жүрген бала айнала қоршаған ортаның кері ықпалына тез түсетіні тағы бар.
Елімізде ішкі істер органдарында құқық бұзушылық жасауға бейім 5000-нан астам жасөспірім есепте тұр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы жеті жылда елімізде жасөспірімдер қылмысының төмендеуі байқалады. 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 64 пайызға қысқарған. Ал өткен жылы кәмелетке толмағандардың жасаған ұрлық саны 39 пайызға, тонау 54 пайызға, қарақшылық 79 пайызға және бұзақылық 25 пайызға азайған. 2020 жылы 65 мыңнан астам ата-ана балаларының түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қалай дегенде де, жастың жастықпен жаза басуының негізгі себебін отбасыдағы тәрбиеден іздейтініміз қазақы қалып. Ал бүгінде отбасы тәрбиесінің әлсіреуіне қоғамдағы жұмыссыздық, күнкөрiстің төмендеуi әсер етіп отырғанын айта кету керек. Көп жағдайда ата-аналар баланы сөзбен емес, өзінің іс-әрекетімен тәрбиелейтінін ескере бермейді. Мәселен, бір ата-ана екіншісіне әлеуметтік желілердің бірі арқылы баласының үнемі ғаламтордан бас көтермейтінін айтып зар қағамын деп, өзі сол баласының көзінше ғаламтордан шыға алмай жатқанын аңғармайды. Жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен осындай қателіктер, кемшіліктер жинақталып келіп, қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, жасөспірімдердің тәртібін одан әрі шиеленістіре түседі. Отбасы бала тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Ешкім де бала үшін ата-ананың қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Сондықтан баланы ұрсып, керісе отырып емес, оны тыңдай біліп және келісе отырып тәрбиелеу маңызды