Жасөспірімдерге пойызбен өз бетінше жүру үшін енді бір ғана құжат қажет
15 жастан асқан жасөспірімдерге пойызбен өз бетінше жүру үшін енді нотариалды куәландырылған бір ғана құжат қажет, деп хабарлайды Қазақстанның бас көлік прокуратурасы.
Бұған дейін екі құжат қажет болатын: жазбаша келісім және баланың заңды өкілінің нотариус куәландырған сенімхаты. Мұндай ережелер Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы бұйрығымен бекітілген. Бірақ прокуратура қажетті құжаттар тізімінде қайшылықты көріп, наразылық білдірген.
«Анықталғандай, бұл норма Азаматтық кодекске және «Нотариат туралы» Заңға сәйкес келісімді куәландыру жеке нотариаттық іс-әрекет және нысандағы басқа құжатты беруді талап етпейтінін ескермеген. Мұндай талаптың қолданылуын бақылау кондукторлардың ереже нормаларын сақтай отырып, жасөспірімдерді жолға шығаруға тыйым салған жағдайлары болғанын көрсетті», — делінген хабарламада.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі прокурорлардың уәждерімен келісті. Енді балаға өзімен бірге ата-анасының нотариалды куәландырылған келісімі ғана болуы керек.