Жасөспірімнің өліміне кім кінәлі?

Қарағанды облысындағы Ақтау цемент зауытында болған төтенше оқиға салдарынан 17 жастағы жасөспірімнің өмірі қиылды.
Бүгінде марқұмның анасы қайғылы оқиғаға кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп отыр.
Ақтау елді мекенінің тұрғыны Илья Асанов осыдан төрт ай бұрын цемент зауытындағы ыстық бункерге құлап, күйік жарақатын алыпты. Көмірқышқыл газынан басы айналған жасөспірім бункерге құлап кеткен. Колледжде оқып жүрген Илья Асанов сабағы қашықтан оқытуға ауыстырылғандықтан, жұмыс істеп, ата-анасына қол ұшын бермекші болған көрінеді. Әкесі цемент зауытының мердігер ұйымында жұмыс жасағандықтан, ұлының жұмысқа тұруына көмектескен сыңайлы. Бункерге құлап, күйіп қалған жасөспірім бір күн бойы ауруханада жатып, ес жимастан көз жұмыпты. Жасөспірімді қауіпті жұмысқа жеккен жұмыс берушіні еңбек инспекторы тексеріп, «кәсіпорын әкімшілігінің кінәсі 100 пайыз» деп мәлімдеме жасады.
«Жұмыс беруші қауіпті жұмыс түрін жасау кезінде жұмыскерлердің қауіпсіздікті сақтауын жеткілікті деңгейде ұйымдастырмаған әрі қадағалау жүргізбеген. Тексеріс нәтижесі жөніндегі құжаттар заңды шара қолдану үшін полиция бөліміне жіберілді», – делінген Еңбек инспекциясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Еңбек инспекциясы жасөспірімді қауіпті жұмысқа заңсыз қабылдаған Ақтау цемент зауытының әкімшілігіне 180 мың теңге айыппұл салды. Марқұмның анасы Татьяна Асанованың пайымдауынша, бүгінгі күні үш лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғаудың орнына құзырлы органдар тек зауыт шеберін ғана жауапкершілікке тартайын деп отыр. Цемент зауытының басшылығы бауыр еті баласынан айырылып, қара жамылған анаға «кәсіпорынға қоятын талабым жоқ» деген қағазға қол қойып бер» деп, қыр соңынан қалмаған көрінеді. Алайда әділдік іздеп ашынған ана бұл қағазға қол қоймапты.
– Тергеушінің өзі әлі күнге дейін маған маза бермей жүр, ол тіпті өзінің тікелей жетекшісі – ішкі істер басқармасының басшысымен бірге келіп, «қағазға қол қой» деп үгіттеді. Олар мені материалдық көмектен бас тартқызу үшін қағазға қол қоюға итермелеп отыр, – дейді Татьяна Асанова.
Полиция қызметі істің сотқа кеткенін айтып, пікір білдіруден бас тартты. Біздің білгеніміз – кісі өліміне алып келген еңбек қауіпсіздігін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл баптың санкциясында бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда прокуратура сотта жазықтыға екі жарым жыл шартты жаза беруін сұрапты. Қазіргі таңда марқұмның анасы жазықтылар тиісті жазасын алмай, әділетсіздік орнай ма деп күмәнданады.