Жасөспірімдер арасындағы жүктілік және ана мен бала өлімі

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жасөспірім қыздардың ерте жүктілігіне алаңдаушылық білдіріп, ерте босану ана мен бала өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отырғанын мәлімдеген еді.
Әлемді алаңдатқан мәселе елімізді де айналып өткен жоқ. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, ерте босану бала мен ана өлімінің негізгі себептерінің бірі. Өйткені медициналық көрсеткіштерге сәйкес 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ал қазір елімізде денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жыл сайын 15–17 жас аралығындағы шамамен 2 755 жасөспірім жүктілігі тіркеледі, бұл үрдіс 2016 жылдан бері өзгермей келе жатыр. Сонымен қатар 2024 жылы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 22 бала туу, 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 1 455 жағдай тіркелген. Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің ең көп саны Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелген екен. Бұл статистикаға сүйенсек, ерте жүктілік осыдан он жыл бұрынғы есепке қарағанда әлдеқайда азайған. Дегенмен бұл мәселенің шешім тапқанын көрсетпесе керек. Бүгін осы тақырып аясында денсаулық сақтау маманы Салтанат Нұрболатқызымен сұхбат құрдық.
– Салтанат ханым, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің туындауына бір ғана себепті алға тарту қиын. Бұны әдетте көпқабатты, күрделі құбылыс ретінде қарастырамыз. Десек те, ерте жүктіліктің ең жиі кездесетін себебі қандай?
– Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің туындауына бір ғана себеппен шектеліп, баға беру бұл құбылыстың әлеуметтік, психологиялық, мәдени, медициналық және экономикалық астарларын ескермеу болар еді. Дегенмен денсаулық сақтау мамандары мен халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, ерте жүктіліктің ең жиі кездесетін себебін – жасөспірімдердің жыныстық және репродуктивтік сауаттылығының төмендігі деп айтуға толық негіз бар. Жыныстық сауаттылықтың жетіспеушілігі дегенде, біз тек анатомия немесе физиологияны білмеуді ғана айтып отырған жоқпыз. Бұл ұғым адамның өзінің денесі мен биологиялық ерекшеліктерін тануы, жыныстық қарым-қатынас саласындағы қауіп-қатерлерді білуі, контрацепция құралдарын дұрыс пайдалана алуы, сондай-ақ өз құқығын қорғап, «жоқ» деп айтуға моральдық дайын болуы секілді кең ауқымды түсінікті қамтиды. Көп жағдайда жасөспірімдер өздерінің жыныстық дамуы мен физиологиялық өзгерістерін дұрыс түсінбей, бұл өзгерістерге қатысты сауатты шешім қабылдай алмайды. Бұған қоса, қоғамдағы жыныстық тақырыптың жабық күйі, отбасында бұл жөнінде ашық сөйлеспеу, мектеп бағдарламасында жүйелі жыныстық тәрбие сабағының болмауы жастардың бұл салада ақпаратсыз қалуына себеп болады. Сонымен қатар жасөспірімдер эмоционалды тұрғыда да әлі тұрақталмаған кезеңде болады. Осы себепті олар өз әрекеттерінің салдарын ұзақ мерзімді көзқараспен бағалай алмайды. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік көбіне кездейсоқтық немесе қысыммен болған жыныстық қатынастың нәтижесінде туындайды. Мұндай жағдайлар әсіресе әлеуметтік әлсіз топтарда жиі кездеседі. Мәселен, ата-ана қарауынсыз қалған балалар, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар, әлеуметтік қолдаудан тыс қалған қыздар қауымы ерте жыныстық қатынасқа баруға бейім келеді. Тағы бір маңызды фактор – контрацепция құралдарына қолжетімділіктің төмендігі немесе олар туралы қате түсінік. Көптеген жасөспірімдер жүктіліктен сақтану жолдарын толық білмейді немесе діни-мәдени тыйымдардың әсерінен оларды қолданудан бас тартады. Кейбіреулері, тіпті жүктіліктің қалай болатынын нақты білмей, қауіпсіздік шараларын мүлде елемейді.
Осының бәрі – медициналық қызметтердің жетімсіздігімен ұштасқанда – ерте жүктілік оқиғаларының артуына әкеліп соғады. Көп жағдайда жасөспірім қыздар өз жүктілігін дер кезінде анықтамайды немесе медициналық көмекке жүгінуге ұялып, оны жасырып жүреді. Бұл жағдай ананың да, болашақ баланың да денсаулығына қатер төндіреді. Жас организм жүктілікке физиологиялық тұрғыда толық дайын емес. Сондықтан ерте босану көбіне асқынуға, тіпті ана мен бала өліміне әкелетін факторлардың бірі болып есептеледі.
– Жасөспірімдердің ағзасы жүктілік пен босануға толық дайын емес деп айтылады. Нақты қандай медициналық қатерлер туындауы мүмкін? Ерте жүктілік салдарынан ана денсаулығы мен бала дамуына қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін?
– Біріншіден, жасөспірім ағзасының негізгі жүйелері, оның ішінде репродуктивтік, жүрек-қан тамырлары, гормоналды және тірек-қимыл жүйелері әлі толық жетілмеген күйде болады. Бұл – жүктілік пен босану кезінде ағзаға түсетін ауыр салмақты көтеруге дайын емес деген сөз. Мәселен, жамбас сүйектері әлі толық қалыптаспаған жағдайда босану барысы күрделеніп, қынап арқылы босану мүмкін болмауы, кесар тілігіне жүгіну қажеттілігі, ұзақ әрі ауыр босану жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай босану ананың өміріне де, сәбидің өміріне де қауіп төндіреді. Екіншіден, жасөспірімдер арасында қаназдық (анемия) жиі кездеседі. Жүктілік кезінде қан айналымы жүйесіне түсетін салмақ артады, ал темір тапшылығы жағдайында бұл ана үшін де, бала үшін де қауіпті. Қаназдық ұрықтың дұрыс дамуына кедергі келтіреді, баланың салмағы төмен болып туылуына немесе тіпті іште өлі тууға әкелуі мүмкін. Сонымен бірге бұл анада әлсіздік, бас айналу, түсік қаупі, босанғаннан кейінгі қан кету сияқты асқынулар тудыруы ықтимал. Жүктілік барысында және одан кейін гормоналды теңгерімсіздік орын алуы мүмкін. Бұл жасөспірім организмінде гормондық жүйе әлі тұрақты жұмыс істемегендіктен туындайды. Гормондық өзгерістер ананың психоэмоциялық күйіне әсер етіп, депрессия, стресс, тұлғалық дағдарыс жағдайларын ушықтыруы мүмкін. Оның үстіне жасөспірімдерде жыныс мүшелерінің инфекциялары мен несеп-жыныс жолдарының аурулары жиі кездесіп жатады, әсіресе жыныстық тәрбие мен медициналық тексерістердің жеткіліксіздігін ескерсек. Бұл инфекциялар жүктілік кезінде ұрыққа еніп, оның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, іштен кемтарлық, туа біткен инфекциялар, алғашқы апталарда түсік немесе мерзімінен бұрын босану секілді салдарлар туындауы ықтимал. Бесіншіден, жас аналар көбіне өз денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмейді, қоректену рационының тепе-теңдігін сақтай алмайды, медициналық бақылауға уақытылы жүгінбейді. Бұл баланың құрсақішілік дамуына әсер етіп, нәрестенің салмағы төмен, иммунитеті әлсіз, жүйке жүйесі немесе ішкі ағзалары жетілмеген күйде дүниеге келуіне себеп болуы мүмкін.
С.Бақберген