Жастар әскерге баруға неге құлықсыз?
Әскерге күштеп әкету әдісі тиімді ме?
Сыр елінде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып кетті.
Биылғы алғашқы лекте 750 жасты Қарулы күштер қатарына жіберу жоспарлануда. Бірақ Қызылорда қаласының жастары Отан алдындағы міндетті борышын өтегісі жоқ. Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ?!
Қала әкімдігінде өткен аппарат отырысында, жауаптылар жасы толған жігіттерді көшеден күштеп алып кетіп әскери комиссариаттан тікелей әскери құрылымдарға жіберуді талқылады. Бірақ бұндай методиканы қоғам қалай қабылдайды, халықтың көзқарасы қандай болмақ?
Қала жастары сарбаз болуға асықпайды. Ресми статистикаға назар аударсақ өткен жылы облыс орталығы межелеген жоспардың 79% орындаған. Ал өзге аудандардың көрсеткіші 100% асып жығылады. Осының арқасында ғана межеленген жоспар орындалып отыр. Дегенмен, қала жастары құлықсыздықтан әлі арыла алмай жүр.
Негізінен Қызылорда қаласынан әскер қатарына әр науқанда 200 сарбаз баруы тиіс. Ал биыл олардың саны 272-ге күрт өсті. Талап күшейді, тапсырыс көлемі артты. Осыған орай жауапты мамандар жастарды әскерге ынталандырудың түрлі амалдарын табуға тырысып жатыр.
«Алдымызда тізім бар, іздеуде болғандар, келмей жатқан жастарды көшеде кездестіріп қалсақ, бірден алып кетеміз. Қарсы болса да алып кетеміз. Бұл методиканы біз өткен науқанда қолданғанбыз. Көпшілік жерден, көшеден, алдын ала бірлесіп жоспар бойынша істегенбіз. Одан бөлек түсіндірме жұмыстарында жүргізіп жатырмыз. Тағы да басқа методикаларды қарастырып жатырмыз. Қалайда жастарды әскерге тартудың барлық амалын жасайтын боламыз», – деді қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Шүнкінов.
Өткен жылы дәл осылай желеумен 11 жас әскери комиссариатқа жеткізілген екен. Биыл олардың саны одан да көп болуы әбден мүмкін.
Ақиқатын айтсақ, қазір әскерден қашып жүргендер өте көп. Себебі әлеуметтік желі беттері әскерде опық көрген боздақтарға толып кетті. Алысқа ұзамай-ақ, жуырда ғана шекара бөлімшесінде мерзімді қызметін өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Ұлықбек Айдарбекұлының жоғалып кеткені жайлы ақпарат желіде есіп жүр. Қызылорда тумасын іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мұндай оқиғаның жиі орын алуы әскери саланың сан өзгерісті қажет етіп тұрғанын көрсететіндей. Ашығын айту керек, қоғам жастардың әскерге барғанын қолдайды, сондай-ақ ондағы жағдайдың жайлы болуын қалайды.
«Күштеп әкетпеу керек, олар өз еріктерімен барғаны дұрыс. Ер азаматсың ба, әскерге бар. Сонда ғана Отан алдында арың таза», – дейді Ерғабыл ақсақал.
«Отан алдындағы борышын өтеген дұрыс. Дегенмен, күдік болады енді ата-ана болған соң», – дейді Жадыра есімді тұрғын.
Дәл қазір жастар өз еркімен әскерге бармаса, күштеп алып кетуден басқа тиімді жолы болмай тұрғанын байқаймыз. Әскерден қашқандарды енді полицияда іздейтін болады. «Қалалық полиция басқармасына тапсырма, белгісіз себептермен шақыру комиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдансын», – деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.
Еркінен тыс елін қорғауға сүйреп апару жастарға ұнамайды. Ал олар өз еркімен барғысы жоқ. Қайтпек керек?
Көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасады.