Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:16, 12 Наурыз 2021

Жастар газетіне қарап бой түзедік

None
None

«Жас Алаш» – 100 жыл

Ғасырлық  тарихы бар «Жас Алаш» газеті бүгінде қалам ұстап жүрген неше  буын журналистер  қауымының  рухани ұстазы саналады. Әрине, кезінде «Лениншіл жастың» өз құрамында жұмыс істеу бақыты бұйырғандардың жөні  бөлек, олар мұны орынды мақтан етеді де. Әйтсе де еліміздің әр шалғайында жергілікті газеттерде жұмыс істеп  жүргендердің  де көбі «Лениншіл жасқа»  қарап бой түзеді, оның  қаламы ұшқыр тілшілерінің жазғандарынан  үлгі алды,  соларға еліктеді десем, артық айтқаным емес.

           Мен де  жазу өнерімен мектеп қабырғасында жүріп «ауырғандардың» бірімін. Там-тұмдап жазған өлең, әңгімелерім аудандық газетте жарық көрген сайын, оларды енді облыстық, республикалық басылымдарға да жолдайтынмын. Әрине, бәрі бірдей жариялана да бермейтін, көбінше «Балдырған»  журналының, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас»  газеттерінің  атауы қызыл бояумен басылған әдемі конвертпен  келетін тілдей жауап хаттардың өзіне  мәз болатынбыз. Ондағы ескертулер мен ақыл-кеңестерге сүйеніп, қайталап жазудан жалықпайтын едік. Осылай журналистикаға келдім.  

      ҚазМУ-да оқып жүргенде Көк базардың сыртындағы тоғыз қабатты баспа  үйіне жиі баратынбыз. Ол кезде ауылдас ағайымыз Әшірбек Көпішев «ЛЖ»-ның насихат бөлімінің меңгерушісі болатын. Ара-тұра жазғандарымызды апарамыз.  «Лениншіл жаста» мақаласының  жариялануы кім үшін де үлкен қуаныш еді. Газеттің 1982 жылдың 16 ақпандағы нөмірі  бірінші  беттегі  менің «Сүмбіледен  шыққан  соқпақ» деген   очеркіммен ашылғаны    қанат бітіргендей болды. Ол тебінгіге тер қатырған құс ұйқылы жылқышы Сәрсен Төрегелдиев туралы  болатын.   Тіпті   сол сарғайған газет әлі күнге дейін менде  сақтаулы тұр. Сондай-ақ «Жекен  жайсаң  жігіт», «Қордайдан келген  делегат», «Жамырайды қозылар», «Жаңа басталған  өмірбаян» т.б. суреттеме, мақалаларым  жарияланып жатты. «ЛЖ» тілшілерінің тақырыпты ашудағы тың  тәсілдері, баяндау еркіндігі,  шұрайлы тілі  қызықтыратын, соларша көсіле жазуға тырысатынбыз. Бір сөзбен айтқанда, жастар газеті   біз сияқты шалғайдағы тілшілер үшін де шеберлік  мектебі болған-ды.

              Университет бітірдім, аудандық газетке қызметке тұрдым. Айтпақшы,  соңғы  курста қорғаған дипломдық жұмысым да «Лениншіл  жасқа» қатысты болды. Таңдаған тақырыбым: «Жас журналист Жарылқап Бейсенбаевтың «Шоқан ізімен» кітабының публицистік сипаттары хақында» болды. Ол кезде Жақаң «Лениншіл жастың»  жастар және адамгершілік тәрбие бөлімінің меңгерушісі еді. Жас та болса ойлы да құнды  мақалалары үсті-үстіне   жарияланып  жататын, бірнеше  публицистикалық  кітаптарын шығарып  үлгерген. Ж.Бейсенбаев 1979 жылы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықты иеленсе, одан кейінірек жастарға этикалық-эстетикалық тәрбие  беруге арналған «Буырқанған  бояулар», «Әдептілік әлемі» кітаптары үшін Қазақстан Ленин комсомолы  сыйлығын алған-ды. Оның 1977 жылы жарық  көрген   «Шоқан ізімен» кітабы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы хатқа түскен «Ыстықкөл сапарының күнделігі»  саяхатнамасының негізінде жазылған болатын. Жас журналист арада 120  жылдан кейін ғалымның ізімен арнайы  жүріп өтіп, Шоқан  күнделігінде айтылған  жайлар мен бүгінгі күн тынысын өзара салыстырмалы түрде баяндап  шыққан. Жолсапар очерктері алдымен газеттің он шақты  нөмірінде жарияланып, кейіннен жеке кітап болып басылды. Сол кездегі жас тілші Ж.Бейсенбаевтың   сол бір жұп-жұқа кітабынан   диплом қорғаған едім.

           Тағы бір жайт еске түсіп отыр. 1982 жылы күзде біздің аудандық «Қордай  шамшырағы» газетінің 50 жылдығы атап өтілетін болды да, мерекелік қосымша шығару жоспарланды.  Соның алдында ғана аудандық газеттен облыстық  «Еңбек туына»   меншікті  тілші  болып  ауысқан Несіпбек Дәутайұлы ағамыздың (бүгінде көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері) ықпалымен  мерекелік қосымшаға қажетті фотосуреттер  түсіру және достық әзіл суреттер салғызу үшін астанадан мамандар шақыртылды. Көп ұзамай «Лениншіл жастың» фототілшісі Алашыбай  Есмағамбетов арнайы келіп, редакция мен  баспахана қызметкерлерінің жұмысын бейнелейтін  тамаша суреттер топтамасын түсіріп еді. Ал әзіл суреттерді сол фотоларға қарап отырып-ақ Еркін Нұразханов салып   жібергені есімде.

             Ол кезде  қылшылдаған  жас едік. Арада қырық жылға таяу уақыт  өтті.  Аудандық «Қордай  шамшырағы», одан кейін  облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет атқарып,  зейнетке  шықтым. Алайда жазуға төселуімде өзіндік әсері болған «Жас Алаштан» қол үзген емеспін,  тұрақты  жаздырып алудамын. Бір ғасырлық тойың  құтты болсын, жалынды жастар газеті!

Тегтер: