Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 14 Сәуір 2022

Жастар нашақорлығы – мемлекетке қауіп!

None
None

Ресми деректер бойынша, биыл Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 мың азамат тіркелді.

Былтыр 20 мың тіркелген екен. Қорқынышты дерек бұл! Десек те, Қазақстанда есірткіге тәуелділер бойынша ресми де нақты статистика жағынан проблема бар. Әсіресе кәмелетке толмағандар саны бойынша. Сол 18 мың есірткіге тәуелдінің ішінде қанша жасөспірім бар екені белгісіз, оны жария қылмайды. Бірақ олардың үлесі аз емес деп топшылайды мамандар.

Жастарға есірткінің қатерін ескертумен айналысатын «Путь домой» қорының төрағасы Нұржан Жақыповтың сөзінше, нашақорлық вирус сияқты тарайды. Бір нашақор біреуге көрсету, үйрету арқылы, кемінде, 2-3 адамды нашақор етеді. Соның әсерінен, нашақорлар қатарының азаятын түрі жоқ, тек көбейе бареді. Тура бір эпидемия іспетті.

– Егер бір үйде кәмелетке толмаған есірткіге тәуелді бала болса, ол отбасы көмекке жүгіну үшін әлгі баланы наркологиялық диспансерге тіркетіп, есірткіге тәуелді деп танытқызуы тиіс. Бұл дұрыс емес. Өйткені нашақор деген ресми мәртебесі бар жасөспірімді не университет қабылдамайды, не жұмысқа алмайды, мемлекеттік қызметтің, тіпті маңайына да жолатпайды. Өмір бойына таңба бұл. Сондықтан біз бағдарлама әзірлеп, мұндай ақпараттың құпиялығын сақтауды қамтамасыз етуді ұсынып отырмыз. Ата-аналарды да ойлауымыз керек. Сенің балаңның нашақор екенін ел-жұрттың білгені жақсы ма? Жоқ, әрине. Ендеше, ұл-қызы есірткіге ұрынып қалған ата-аналардың тиісті көмекті дер кезінде алмауының басты себебі осы. Сосын, сауықтырудың дәрі-дәрмексіз әдістермен жасалатын мемлекеттік көмегі қолжетімді емес. Гуглдан іздесеңіз, алдыңыздан тек жекеменшік сауықтыру орталықтарының қызметтері шығады. Ал олардың қызметтері тым қымбат. Айына, кемінде, 300-350 мың теңгеден басталады. Бір курсы 2,5 миллион теңге тұрады. Аз ақша емес, қазақстандық отбасылар үшін. Кей ата-аналар баласының есірткіге тәуелдігін ауру деп қабылдамайды, оны жаман әдет деп, таяқтың күшімен тыюға тырысады. Қазір есірткі табу – арақ пен темекі табудан оңай болып қалды. Алкогольді ішімдік пен темекі сатып алу үшін жеткіншек сатушыға жеке куәлігін көрсетуі керек, ал есірткіні сатушының өзі жеткізіп беріп, қолына ұстатады. Ешқандай құжат сұрамайды. Ақысын биткойнмен, qiwi-әмиянмен, қазір, тіпті банк картасымен төлеуге болады. Қазір жастар мефедрон және «скорость» дейтін синтетикалық есірткілер тұтынады, көбіне. Бұл есірткілер қатты тәуелдікке шалдықтырады. Үшінші рет татқаннан кейін болды. Трамадол сияқты тек рецептпен сатылуы тиіс күшті дәріні астыртын сататын дәріханалар да бар. Пайда көздейтін кей фармацевтер мұндай дәрілерді балаларға да сата салады. Біз есірткілік дәрі-дәрмекті балаларға тарататын, тәртіпті бұзатын дәріханаларды жазалауды күшейтуді ұсынамыз. Есірткіге тәуелді бір адамның айына 300 мың теңге табысы бар делік. Оның, кемінде, 250 мыңын ол есірткіге жұмсайды, ол аздай, түрлі қарыздарға кіреді. Ол ақшаның бәрі нақты сектордан кетті, нашақор оған киім алмайды, жиһаз-тауар алмайды, криптовалюта, электрондық әмияндар арқылы елден шығарылады, не көлеңкелі экономикаға түседі. Синтетикалық есірткі, есірткіге тәуелдік туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек. Әсіресе қазақтілді қауымға арналған контент, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жанданғаны жөн. Әйтпесе, ертең есірткі қаланы қойып, ауылдарға жетуі мүмкін. Қазір интернет арқылы жастарды курьер болуға, есірткі тығатын «кладмен» немесе «закладчик» деген жұмыстарға тартып жүргендер бар. Айына екі миллион теңгеге дейін жоғары табыс табасың, деп қызықтырады. Ақыр соңында, полицияға солар ұсталып қалады. 10 жылға дейін сотталып тынады. Бізге «не істейміз?» деп, 16-18 жастағы балалардың шарасыз әке-шешесі жүгініп жатады. Өткенде 18 жастағы бала 15 жылға сотталды. Жекеменшік сауықтыру орталықтарының қызметін денсаулық сақтау министрлігі қадағаламайды, онда не сұмдықтар болып жатқанын ешкім білмейді. Есірткіге тәуелдікпен күреске ғалымдарды тартып, ғылыми жағынан келуіміз керек деп санаймын.

Біздің жобамыздың бастамашысы және идеяның авторы Алматының Алмалы ауданының әкімі Ержан Сейтенов болды. Ол әкім болып тағайындалғаннан кейін қала орталығындағы үйлер мен ғимарат қабырғаларындағы, қоршаулардағы жазуларды көрді. Бұл не екен деп сұрастыра келе, мұның есірткі жарнамасы екенін білді. Сосын «Наркостоп» жобасын құрып, оған мені шақырды. Біз, алдымен, әлгі жазуларды өшірдік. Сосын мектептерде ата-аналар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған лекциялар өткізе бастадық. Өйткені есірткі мәселесі де бәс тігу, құмар ойын сияқты жастар арасында кеңінен тамыр жая бастады. Біздікі, ең алдымен, ескерту, ағарту, түсіндіру, ақпараттандыру. Нашақорлыққа ұшырағандармен бір бөлек, әлі ұшырамаған жастармен бір бөлек жұмыс жүргіземіз. Бірақ біз емдемейміз. Біздікі – аурудың алдын алу. Шынымен де, есірткіні әлі татып көрмеген жасөспірімдермен мықты жұмыс жүргізу қажет, қауіп-қатерлер туралы ескертіп. Волонтерлермен бірге шағын орталықтарда балаларға кино көрсетіп, ойын түрінде болса да, басқа жолмен болса да, ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіріп, дұрыс түсініктерді қалыптастыруға тырысамыз. Қазір біз БҰҰ мен АҚШ елшілігінің есірткіге қарсы күрес бөлімімен бірігіп жұмыс жүргізе бастадық. Өйткені қоғам есірткі проблемасының қандай зор ауқым ала бастағанын көрмей отыр, – дейді ол.

Тегтер: